Ауыл • 09 Қараша, 2020

Ахуалың қалай, ауыл кітапханасы?

1597 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Идеологиясыз мемлекет – мүгедек десек, оның түп бастауында кітапхана тұрғанын байқамау мүм­кін емес. Жасырып-жа­бары жоқ, сол рухани ша­ңырағымыздың бүгінгі халі аса мәз емес. «Оңалып келеді» деп өндіршек созға­нымызбен, әлі орақпен егін орып жүргендейміз. Әуелі экономикасының әуеніне төңкеріліп, руханиятты босағадан телміртіп қойған еуропалықтар сырт көзге мықты көрінгенімен, іштей мүжілуде. Мәдени дағдарыс мұқым елдің мұңына айналды. Сіз ойлап қараңыз, былтырдың өзінде елімізде 66 ауылдық кітапхана жабылыпты. Кезекте тұр­ғаны қаншама?

Ахуалың қалай, ауыл кітапханасы?

Жергілікті әкімшілік жөнді көңіл бөлмейді

Дана Абай: «Артық ғылым кітап­та, ерінбей оқып көруге»,  деп білімсіз адамның күні қараң, жолы тұйық екенін айтып кетті. Алайда рухани қаталап, білімге шөліркеп тұрған қоғамда оқылып жатқан кітап, қолдан-қолға өтіп тозған журнал бірен-саран. Баба жолынан үлгі алып, рухани уызға жарымаққа ниетті жан да азын-аулақ. Оны айтасыз, сол дана­лықтың сарайы саналған кітап­ханалар­дың күйі көңіл қынжыл­тады. Оқырман тарту процесі қолға алынбаса, шыбындай құжына­ған шағын ақпараттар адамның санасын улап бітірері хақ. Әрине, біз көпке топырақ шашудан аулақпыз. Қолдағы деректерге сүйене отырып, солай ойлау­ға мәжбүрміз.

Мәселен, бүгінде елімізде әр сала­ға арнал­ған 11 130 кітап­хана бар. Мәдениет және спорт ми­нистр­­лігіне қарасты 3 940 көп­ші­­лік кі­тапхана болса, соның 3 137-сі ауыл­­­да орналасқан. Ауыл­дағы кітап­ха­на­­лардың 581-і ғана – жетіл­діріл­ген «мо­дель­­ді кітап­хана­лар» қата­рында. Яки аз болса да заманына сай бөркін киген мәде­­ни мекемелер деп түстеп көрсетсек бола­­ды. Ал қалғаны баяғы жартас­тың үстін­­де отыр.

Осыдан-ақ жағ­дайды болжап, білуге болатын­дай. Есеп бойынша көп­­ші­лік кітап­ха­налардың 4 682 561 тұ­рақ­­ты оқыр­маны бар десек, со­ның жар­ты­сы­­нан көбі – ауылдағы ағайын. Демек қал­аға қарағанда, ауыл тұрғын­дары­­ның кітап оқуға құмар келетінін аңғаруға болады.

Жалпы, қала мен ауылды қоса есептегенде Қазақстанда 90 кітапхана жабы­лып, 18 жаңа кітапхана ашылған. Бұл – был­тырдың өзінде 72 кітап­хананың есігіне құлып салын­ды деген сөз. Жоға­рыда айтқа­ны­мыздай, оның 80 пайы­зын ауыл кітапханалары құрайды. Енді қызықты қараңыз, бюджеттік салада ірі кітапханалар Мәдениет және спорт министрлігіне қараса, ауыл кітап­ха­на­ларының тағдыры жергілікті әкім­дікке байлаулы. О, баста мемлекет тарапынан солай бекітілген. Өзі жары­май отырған жергілікті атқа­рушы ор­гандар оңайлықпен кітап­ханаға кө­мек бере қойсын ба? Оған қаржы бө­луге құлықсыз, бөлген күннің өзінде де ке­регіне жетпейді. Әкімшілік өз кезегінде мер­зімді басылымдар және журналдар­мен қамтамасыз етіп отыруы қажет. Оның үстіне, қо­ғамға қажет әртүрлі кітап­тарды жеткізіп беруі шарт. Оның бәрі ақшаға келіп тіреледі. Сондықтан жоғары жақтан жұмыстан қыс­қарту туралы міндеттеме келсе, алды­мен кітап­хана­шыларға шүй­лі­гетіні сол. Мұны бір деп түртіп қойыңыз.

Екіншіден, тәуелсіздікке қол жеткіз­гелі урбанизация мық­тап етек жая бас­тады. Қазір Қазақ­стан халқының жар­ты­сынан көбі қалада тұрады. Биыл қала хал­қының саны 1,8 пайызға, ал ауыл­дікі небәрі 0,5 пайызға өскен. Шы­райлы шаһарлардан қызмет іздеп, шаң-тозаңы көп ауылдан ауа көшкен халық­тың қарасы көп. Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой? Заң бойынша тұр­ғын саны мыңға жетпесе, ауылдық кітап­хана жабылуы тиіс. Жыл сайын ірі елді мекендердің ір­гесін кеңітіп, туған жерінен теріс айналған жұрттың мөл­шері артып келеді. Бұл деген – ауыл­дың рухани өмірінің де астан-кестеңі шыққанын аңғар­татындай. Өкініштің ең үлкені осы болып отыр.

Біз осы орайда Ұлттық акаде­миялық кітапхана Ғылым, менеджмент және маркетинг қызме­тінің жетекшісі Оңай Мырза­ғалиевамен хабарласып, ауылдық кітапханалардың хал-ахуалын сұраған болатынбыз.

«14 өңірде 16 кітапхана бар. Семейдегі және Арқалықтағы кітапханалар – облыс деңгейіндегі мекемелер. Иерархиялық жүйе бойынша аудан облысқа, облыс бізге сараптамаларын жіберіп оты­рады. Біз соған сәйкес анализ жасап, олардың болашағын болжаймыз. Бұрын­ғыға қарағанда, қазіргі ауыл кітап­ха­наларының жағдайы жаман емес. Ин­тернет желісіне қосылған, заманауи техникалармен жаб­дықталған. Жыл сайын «әдебиеттің әлеу­меттік маңызды түрлерін басып шығару» республикалық бюд­жеттік бағ­дарлама желісінде жарық көрген кітап­тармен қор­ларын толықтырады. Дәс­түрлі түрде облыс көлеміндегі білікті мамандар ауылдық кітапха­на­­шыларға кәсіби біліктілігін шың­­дауға көмек көрсетеді», деді О.Мыр­зағалиева.

Кітапханашылардың жағдайы жаман емес дегеннен шығады, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші оты­рысында: «Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітапхана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет», деген болатын. Мұны естігенде кітапхана өлмейді екен деп разы болғанбыз. Одан кейін Жол­дауында мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырғанымызды тілге тиек еткен еді. «Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатыс­ты мәселе. Олардың еңбек­ақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұр­ғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуа­л осы кәсіптің беделін түсіріп, ла­йықты кадрлардың тап­шылығы айқын сезілуде. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызмет­керлерінің еңбек­ақысын көбейтуі тиіс», деді Президент. Осы ретте қала­лық жердегі мәдениет сала­сының қызмет­керлерінің жала­қысын 50 пайызға, ал ауыл­дағы мамандардікін 30 пайызға кө­бейтті. Бірақ бұл бұрынғымен са­лыс­тыр­­ғанда көп көрінгенімен, бүгінгі заман шеңберінде басқа салаларға қара­ғанда едәуір төмен.

 

Кітапхана қорлары моральдық тұрғыда ескірген

Бұрындары шопанның қоны­шында жүріп тозған рухани қа­зына бүгінде экран бетінде сөй­лейді. Смартфонға телмірткен онлайн оқулықтар сұранысқа ие. Әйтсе де оған бәрінің қолы жете бермейді. Әсіресе ауылдағы ағайынның кітапхананың маңын маңайлап, жаңалық іздейтін әде­ті. Осыдан кейін, кітап жайлы сөз қозғаудың өзі шабымызға шоқ басқанмен бірдей. Кезінде мемлекеттік тапсырыспен бас­па бетінен 100 мың дана болып таралатын кітаптар бүгін­де екі мың данадан ары аспайды. Қалам­герлердің зар қақсайтыны да сол. Енді ойлап қараңызшы, еліміздегі 3 940 кітап­ханаға 2 мың данамен шыққан кітаптың жетпейтіні анық. Бұл есепке шор­қақтық па, әлде «заманына қарай адамы» демекші, оқырманына қарай оқулықтар да азая бастағаны ма? Негі­зінен халықаралық формат бойынша 1000 адамға 250 жаңа басылым тиесілі. Биыл мына ауыл­ды жарыл­қайық, ке­лесі жылы арғы ауылға береміз дей­тіндей емес. Ауыл жұртының бүгінгі ақын-жазу­­шыларды танымайтыны да сол. Баяғыдай ауылы­на қонақ болып бара қалса, алып ұшпайды. Бұл да өз алдына бөгенайы бөлек әңгіме.

Бәрі жақсы дегенімізбен, әлі де шешімін таба алмай келе жат­қан түйін­ді мәселелер жетер­лік. Біз өңір-өңір­дегі кітапха­нашылардан жағдай сұрап ха­бар­ласқанымызда, көптеген проб­лемаға қанықтық. Кейбірі ақиқатын айтуға қорқып, басын алып қашса, кейбірі руханияттың кісендеулі екеніне кіжінді.

Ауыл кітапханаларының қазіргі ахуа­лына нақты тоқта­ла кетсек. Мәселен, қызметкерлер­дің жалақысы аз болуы себепті, штат­қа жоғары білікті тех­ни­­калық кадр­ларды (программис­тер, жүйе әкімшісі, веб-дизай­нерлер, т.б.), сондай-ақ шет тілі ма­мандарын алу мүм­кіндігі жоқ. Аудандық кітап­ханаларда мерзімді басы­лымдарды жаздырып алуға қар­жыландыру жет­­кіліксіз. Ағыл­шын тілін оқып-үйренуге кө­мекші басылым­дар некен-саяқ. Соның ішінде жас шамасы әртүрлі балалар мен жастарға арналған сөздік­тер, энциклопедиялар, бейінді көркем әдебиеттер тым аз. Оқыр­­­ман балаларға арнал­ған кітап нарығына зерттеу жүр­гізетін респуб­ликалық талдау әдістемелік орта­лы­ғы жоқ. Қыз­меткерлердің білі­мін кө­теруге қаржы бөлін­бейді. Кітап­хана қорлары мо­ральдық тұрғыда ескірген. Кітап­хана оқырмандары мен пайдаланушыларға компьютерлер жетіспейді, көбі талапқа сай емес. Мұның бәрін жеке-жеке та­қы­рыпқа бөліп, жіктеп жазуымызға болатын дүниелер. Руханият босағадан қашанғы телміреді, төрге шығар уақыты жетті емес пе?

– Шығыс Қазақстан облысында 304 кітапхана жұмыс істейді, оның ішінде ауылдық жердегі кітапханалар – 259 немесе жалпы кітапханалар жүйе­сінің 85,2%-ын құрайды. Оңтай­ландыру жұмысы­ның барысында 6 кітапхана қысқар­тылды: 2 қалалық және 4 ауылдық кітап­­хана. Интернетке қосылған облыс кітап­­ханаларының саны 170 (56%), оның ішінде ауылдық жерде – 127 (49%) кі­тап­хана. Облыс кітапханалары не­гізін­де заманауи білім орталықтары – 30 ко­воркинг-орталықтары, оның 18-і ауыл­дық жерде жұмыс істейді. Жалпы, облыс кітапханалары жылдың негізгі көрсеткіштерін орындайды және өз қызметін атқаруға шығармашылықпен қарайды. Дегенмен халықтың түрлі сана­тының ақпараттық, білім алу және демалу мүдделерін барынша жоға­ры деңгейде қа­нағаттандыру үшін кітап­хана қызметін дамытуға мүмкіндік бер­мейтін мәселелер баршылық. Кітап­хана қорларын толықтыру және оқырман санына қарай компьютермен жабдықтау бойынша нормативтер жоқ, ал ол қазір «Рухани жаңғыру» мем­лекеттік бағдар­ламасын іске асыру ке­зе­­ңінде өте маңызды. Оған қоса жаңа Типтік білік­тілік сипат­тамалары заман талабына сай емес және жоғары білікті мамандар тартуға мүмкіндік бер­мейді. Мысалы, облыстық кітап­­ханаларда шет тіліндегі әде­биеттер бөлімі қарасты­рыл­­маған, халыққа арналған онлайн қызмет түрлерін енгізу және жас ұрпақ талап еткен бағдарламалау үйірмелерін ұйым­дастыру үшін қажет техникалық мамандар кір­меген. Бұл дағдылар – бо­ла­шақ маман­дық таңдауда талап етілетін өзек­ті дүние, – дейді А.С.Пушкин атын­дағы Шығыс Қазақстан облыстық кітап­­ханасы­ ди­ректорының орынбасары Меруерт Емелбаева.

1

 

Өз шаңырағы жоқ

Шыны керек, елімізде жеке ғима­раты жоқ кітапханалар қаншама. Бар болғанның өзінде көбінде көпшілік және топтық жұмыстарға арналған бөл­мелер жетіспейді. Әкімшілікте немесе әртүрлі білім шаңырағындағы шағын бөлмелерде күнелтіп отыр. Кітап­хана­шылардың дені осы мә­селеге келгенде бір барма­ғын бүгіп қалды.

Мәселен, Алматы облысында 50 мың кітап қорымен Қаратал аудандық кітап­ханасы Үштөбе қаласының А.Пуш­кин атындағы орта мектебінің бір бөлмесін паналап отыр. Мұны жыл басында өңірлік басылымдар жазып, елді елең еткізген еді.

Мыңдаған мұрағатпен аядай жерге сыйысып, барға қанағат еткен кітап­­ханашылардың ер­лігіне қайран қаласыз. Бір ғима­раттың зары өткен қыз­меткерлер өздеріне емес, кітапқа алаң­даулы. Тар жердегі кітап ертең құр­дымға кетіп, білімнің көзіне баланған байлы­ғымыздан айырылып қалмаймыз ба? Рухани кәусар бұлағымызды басынан тұншықтырып жатқандаймыз. Ертең қаншама құндылығымыз жарамсыз болып қалмасына кім кепіл. Аядай бөлмеде еркін орналастырылмаған кітаптар ылғал тартып, бір қалыпты температура сақтал­маған соң көгеріп кетуі бек мүмкін.

Бүгінде 10 қызметкері бар аталған кітапхана 280 шаршы метрде отыр. Бұл дегеніміз небәрі үш бөлмені құрай­ды. Оның бір бөлмесін есеп-қисап жүргі­зетін бухгалтерия алса, қалған екі бөлме кітап­ханашыларға тиесілі. Ал оқырман залы қайда?

 Қазір заман талабына сай барлық кітапханада интернет желісі, өз-өзіне қызмет көрсету орталығы немесе түрлі мәдени шараны өткізетін арнайы залдар бар. Бұл кітапханада ондай жаңа технологияны былай қойғанда, оқырманмен жүздесу, кітапты сақтайтын арнайы мұ­рағат бөлмесінің өзі жоқ. Мұндай мәсе­лелер екі ауылдың бірінде бар. Бірақ бар екен деп жергілікті әкім­шіліктердің қарекет етіп жатқан­дары шамалы.

Әлқисса, Отырар кітапханасы өртеніп кеткенде тауанды тарихымыз күлге айналғанына күйінгеніміз бар. Әлемдік кітап­ханамен теңе­сетін құндылық бар еді деп зар иле­генде етегіміз жасқа тола­ды. Ал айдың, күн­нің аманында қол­­да­ғы бар бай­лықты өз қолымызбен жойып жіберуге жақын тұрғанымызды аңғармаймыз. Сондықтан да әр ауданға бір жөні түзу кітапхана керек екенін айтқымыз келеді. Елдің есігін сығалаған аудандық кітапхана қызметкерлерінің өз ша­ңырағында отыруға толық құқығы бар емес пе?!

Ол ол ма, биыл сол ауданға қарасты Көпбірлік ауылдық Мәде­ниет үйі толық­тай жанып кетті. Сонау Кеңес заманынан бері ауыл тұрғындарына қызмет етіп келе жатқан мәдениет ошағы әп-сәтте күлге айналды. Оның ішінде алты мың­нан аса кітап қоры бар кітапхана да отқа оранды. Ауыл тұрғындары қанша әрекет ет­кенімен, Мәдениет үйін аман алып қала ал­мады. Кітаптың азғантай бөлігін алып шық­­қанымен, қал­ғаны отқа ораныпты. Бұл да кө­ңіл­ге кірбің түсірер жағдайдың бірі.

Тағы бір айта кетер жайт, еліміз­­дегі арнаулы балалар кітап­ха­насының аз­дығы. Биылдың өзінде 7-і жабылыпты. Ал елор­дамыздың сол жағалауында балалар кітапханасы атымен жоқ. Бұл да өз алдына жеке тақырып. Алдағы уақытта оның себебіне үңіліп, толықтырып-таразылап жазармыз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүр­леріміз, тілі­міз бен музы­камыз, әде­бие­ті­міз, жорал­ғыларымыз, бір сөзбен айт­қанда ұлттық рухымыз бойы­мызда мәңгі қалуға тиіс. Абай­дың даналығы, Әуезовтің ғұла­малығы, Жамбылдың жыр­лары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы» деп сананың ашықтығы ауадай қажет екенін меңзеп, білімнің салтанат құрар дәуірі келе жатқанын айтқан еді.

Иә, экономикамыз еңсе кө­терді. Әлем мойындаған елге айналдық. Енді руха­нияттың түті­нін түтетер сәт келгендей. Адамзат том-том кітапты тауыс­паса да, білім атты бұлақтың бір тамшысын таңдайына татырса да жанына демеу, ойына сүйек. Руханияттың дамуы­на жас жалын білек сыбана кіріссе, рухы мықты халық болып, келешегіміз одан әрі кемелдене түсер еді. Осындайда жазушы Оралхан Бөкейдің «Адасам деген жан тал түсте қолына шырақ ұстап жүріп адасады», деген есті сөзі еске түседі. Ал­дымызда талай асу бар, адасып кетпейік. Қазір әрбір белесті біліммен ғана бағындырар замандамыз. Ендеше, жас болып, жасамыс болып шаң басып жатқан кітаптарды ашып алып, парақтап оқып, рухани байлығымызға мән берсек, біз алмайтын қамал, аспайтын асу жоғына кәміл сенеміз.