Оқиға • 23 Қараша, 2020

Ұлы даланың мәдени жауһарлары

310 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бағзыдан аян, түркі даласының қойнауы құтқа толы. Қаншама ғасырды басынан өткізсе де өркениеті дамып, түрленіп отырған. Бұған Ұлттық музейдегі «Ұлы даланың ежелгі өнері және технологиялары» залының ашылуында тағы бір мәрте көзіміз жетті.

Ұлы даланың мәдени жауһарлары

Бұл маңызды іс-шараны Ұлттық музей Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесімен бірлесіп, Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қала­сы және Шығыс Қазақстан облысы әкім­діктерінің қолдауымен ұйымдастырды.

Салтанатты шарада беташар сөзді Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы сөйледі.

«Ұлттық музейіміз «Ұлы даланың ежелгі өнері мен технологиялары» залын жасақтау мақсатында кешенді ғылы­ми-зерттеу жұмыстарын жүргіз­ген болатын. Атап айтқанда, «Алтын адам», «Тақсай ханшайымы», «Үржар ханшайымы» сияқты әйгілі тарихи ескерткіштер зерттеліп, Есік, Берел, Талды, Тақсай, Елеке сазы және тағы басқа қорғандардан табылған жәдігерлер қайтадан қал­пына келтірілді. Мұның барлығы ұлт­тық тарихымыз бен мәде­ниетімізді жаңғырту үшін жасалып отыр», деді А.Мұхамедиұлы.

Жиын барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Руха­ни жаңғыру» бағытын үйлестіру депар­таментінің жетекшісі Нұрлан Күн­туов, тарих ғылымдарының докторы, про­фессор Зайнолла Самашев, Нұр-Сұл­тан қаласы бойынша «Рухани жаң­ғыру» жобалық кеңсесінің директоры Ақерке Жұманбаева құттықтау сөз сөйлеп, Ұлы дала өркениетінің мәдени және рухани мұраларын саралап, олар­дың бүгінгі ұрпақ үшін маңызын атап өтті.

Зал экспозициясында көпшілікке Есік, Берел, Талды, Тақсай және та­ғы бас­қа қорған­дардан табылған, «аң стилін­де» орындалған скиф-сақ кезеңінің бірегей алтын бұйымдары ұсынылды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлке­тану музейі қо­рындағы алтын бұйым­дар көрмесі қоса экспозицияланды. Бұл 2019-2020 жылдары Шығыс Қазақ­стан облысы Тарбағатай ауданының Елеке-Сазы қорымынан белгілі қазақстандық археологтер З.Са­машев пен А.Төлеу­баев тап­қан, IV-V ғасырларға жататын біре­гей архео­логиялық олжалар болып табылады.

Залдың ашылу салтанатына мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, тарихшылар мен археологтер қатысты.