Тәуелсіз еліміздің дипломатиясында үш тілдегі сөздік жарыққа шықты
Жалпы, сөздік деген еңбекті әзірлеу аса күрделі, екінің бірінің батылы бара бермейтін қиын жұмыс. Бұл қазағымыз айтқан нағыз «инемен құдық қазғандай» тірлік. Өзі сөздік құрастырып көрмеген адамға ол қажетті сөздерді жинап, құрастырып бере салу сияқты, оп-оңай болып көрінуі мүмкін. Бірақ мүлде олай емес. Бұл – ғылым, бұл аса мол тәжірибе мен білімді әрі үлкен төзімді қажет ететін іс. Мұны біз Нью-Йорк пен Лондонда «Ағылшын және түркі тілдерінің сөздігін» (ағылшын және түрік, түркімен, әзербайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр) шығарған өз тәжірибемізден білеміз.
Құрастырушы-автор сөздіктің әр термин, әр әрпі үшін жауапты болуы керек.
Тәуелсіз еліміздің дипломатиясында үш тілдегі сөздік жарыққа шықты
Жалпы, сөздік деген еңбекті әзірлеу аса күрделі, екінің бірінің батылы бара бермейтін қиын жұмыс. Бұл қазағымыз айтқан нағыз «инемен құдық қазғандай» тірлік. Өзі сөздік құрастырып көрмеген адамға ол қажетті сөздерді жинап, құрастырып бере салу сияқты, оп-оңай болып көрінуі мүмкін. Бірақ мүлде олай емес. Бұл – ғылым, бұл аса мол тәжірибе мен білімді әрі үлкен төзімді қажет ететін іс. Мұны біз Нью-Йорк пен Лондонда «Ағылшын және түркі тілдерінің сөздігін» (ағылшын және түрік, түркімен, әзербайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр) шығарған өз тәжірибемізден білеміз.
Құрастырушы-автор сөздіктің әр термин, әр әрпі үшін жауапты болуы керек.
Сонымен бірге, оның өзіндік құрылымдық ерекшеліктері, қатаң сақтауды талап ететін тіл стилі, салалық сөздік болған жағдайда, кәсіби ерекшеліктері мұқият ескерілуі тиіс. Еліміздегі және әлемдік сөздіктер құрастырудың озық үлгілеріне зерделей үңілмей болмайды. Ал үш тілдегі сөздіктің жұмысы тіптен күрделі екені айтпаса да түсінікті.
Бұл ой таяуда «Атамұра» баспасынан жарыққа шыққан «Қазақша-ағылшынша-орысша» және «Орысша-қазақша-ағылшынша» дипломатиялық екі томдық сөздікті көріп, оқығаннан кейін келіп отыр. Аталмыш еңбекті әзірлеу жұмысына Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай басшылық жасаған. Ал сөздікті құрастырып, әрі жұмыс тобына жетекшілік еткен Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі, Президент сыйлығының лауреаты, белгілі журналист, аудармашы Болат Жәмкенов. Еңбекке жауапты осы азаматтардың әңгіме еткелі отырған сөздікке екі жарым жылға жуық уақыт жұмсап, сын-ескертпелерді мұқият електен өткізуі бұл жұмысқа қаншалықты үлкен жауапкершілікпен қарағандығының айғағы. Мұны сөздікті парақтай отырып байқамау мүмкін емес. Дипломатия саласында біраз жыл қызмет істеп, алдарынан қаншама халықаралық құжаттар өткендіктен осы саланың қыр-сырын жетік білетін білікті маман қолтаңбасын, ізденіс ізін анық аңдайсыз.
Алдымен айтарымыз, бүгінгі қазақ терминологиясындағы елеулі проблема – бірізділіктің сақталмауы. Яғни, кейбір терминдердің қазақша аудармасы әр сөздікте әртүрлі алынуы және қолданылуы. Бұл тілімізді шұбарлап қана қоймай, сонымен қатар іс қағаздарын жүргізуге де үлкен қолбайлау туғызып жүргенін білеміз. Ал мына «Қазақша-ағылшынша-орысша», «Орысша-қазақша-ағылшынша» екі томдық дипломатиялық сөздіктерді әзірлеу барысында осы өзекті мәселе – сыртқы саясат саласындағы қазақ тіліндегі терминдерді және шет мемлекеттер атауларын жазуды бір ізге түсіру, олардың ортақ нормасын қалыптастыру мақсатында үлкен жұмыс атқарылған.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбайдың тікелей басшылығымен шетелдердегі Қазақстан елшіліктері мен консулдық мекемелері арқылы жан-жақты зерттеулер жүргізіліп, тәжірибелі дипломаттарды, ғалымдарды кеңінен қатыстыра отырып, салиқалы талқылау-сараптамалардан соң әр мекемеде әртүрлі жазылып, елеулі проблема тудырып жүрген бірқатар шет мемлекеттердің, олардың басты қалаларының қазақ тіліндегі атаулары қайта қаралып, сөздіктерге арнайы қосымшалар етіп енгізілуі құптарлық іс. Соның бірер тұсына тоқтала кетейік. Венгрия Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет атауы «Мадьярорсаг» болып жазылады. Сол себепті, түркі тілдеріне тән тарихи-лингвистикалық факторларды ескере отырып, қазақ тілінде «Мажарстан» этнополитонимін пайдалану ұсынылды. Бұдан басқа, қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктерін, сондай-ақ әр мемлекеттің тиісті ресми тілдерде айтылуын немесе елдің өз ішінде айтылуын ескере келіп, мамандар қазақ тілінде Австрияны Аустрия, Австралияны Аустралия, Европаны Еуропа түрінде жазуды және бұдан былай Катарды Қатар, Ливияны Либия, Әзірбайжанды Әзербайжан, Стамбулды Ыстанбұл (түрікшесі – Istanbul) үлгісінде қолдануды нормаға сай деп шешкенін атап өтпекпіз. Сондай-ақ, қазақ тілі фонетикасының заңын ескере отырып, кейбір мемлекеттер атауындағы «к» әрпінен кейін «і» әрпін қосып жазу ұсынылады. Мұның мысалы ретінде «Пәкістан» сөзін айтуға болады.
Әрине, халықаралық құжаттар әзірлеу үшін керекті, шет мемлекеттердің өкілдерімен, дипломаттармен, халықаралық ұйымдардың мамандарымен әртүрлі келіссөздер мен сұхбаттар жүргізу кезінде қажет болатын сөздер мен сөз тіркестеріне ерекше назар аударылуы орынды. Еңбекті әзірлеу барысында сөздіктер құрастырудың кейбір ұтымды әлемдік озық үлгілері мен тәжірибесі тиімді пайдаланылған. Айта кетейік, сыртқы саясат саласындағы терминдердің қазақ тілінде дәл баламасын қамтамасыз етуде бұра тартып жататынымыз, көбіне сол сөздердің этимологиялық төркініне жеткілікті назар аударылмағандықтан туындайтынын тәжірибе көрсетіп отыр. Сөздікті құрастырушы осыны ескере отырып, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде бірнеше тілді меңгерген маман-дипломаттардың шоғырланған артықшылығын пайдаланып, бұрын көп ешкім білмейтін, бірақ дипломатиялық қызметте қолданылатын халықаралық терминдерді дұрыс пайдалану үшін оларға ара-тұра этнолингвистикалық және кәсіби ерекшеліктері тұрғысынан қысқа-қысқа түсініктемелер беріп отыруы да сөздіктің құндылығын арттыра түсері анық. Бұл Еуропа елдерінде шығарылған сөздіктерде бұрыннан бар тәсіл.
– Кейбір терминдердің әр сөздікте әртүрлі алынуы, тіпті, Парламенттің Мәжілісінде түзетілген халықаралық құжат Сенатта бір бөлек, Үкіметте тағы басқаша түзетіліп, дипломаттарымызды әуре-сарсаңға салуы қынжылтады, дейді, – сөздікті құрастырушы Болат Жәмкенов. – Өз саласын дипломаттардан артық кім біледі. Сондықтан біздің сыртқы қатынастар қызметіндегі сөздіктеріміз ортақ норма қалыптастыратын көмекші құрал болар деп сенеміз. Менің біраз жылдан бері мемлекеттік тіл саласында еңбек ете жүріп түйгенім, мемлекеттік тілде іс жүргізуді жолға қою үшін, ең алдымен, сөздіктер шығаруды бір ізге түсіру қажет дер едім. Мұны республика Үкіметі жанындағы Мемлекеттік Терминология комиссиясы ескерер деп ойлаймын.
Айта кетейік, өзіндік кәсіби ерекшеліктеріне, қатаң сақтауды талап ететін тіл стиліне тән бірқатар дипломатиялық терминдер мен сөз тіркестері мамандардың мұқият сараптамасынан кейін сөздіктер құрамына алғаш рет енгізіліп отыр. Мысалы: рабочая группа – жұмыс тобы, передовая группа – алдыңғы топ, аккредитация – аккредиттеу, ратификация – ратификациялау, сондай-ақ дипломатический паспорт – дипломатиялық паспорт (дипломаттық емес), дипломатический ранг – дипломатиялық дәреже, визит вежливости – ізеттілік жүздесу, демаркация – демаркация, делимитация границы – шекараны делимитациялау, страна пребывания посольства – елшіліктің болу/орналасқан елі, посланник – уәкіл елші және басқалар.
Жалпы, сөздік әзірлеу аса күрделі, ұжымдық еңбекті, еліміздің жетекші дипломаттары мен филологтарының лингвистикалық сараптамасын, ақыл-кеңестерін, жұртшылықтың күш-жігерін талап ететін іс екені даусыз. Бұл ретте, Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбайдың сөздік материалдарын алдын ала Алматы мен Астанада «дөңгелек үстел» отырыстарында талқылап, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушы-ғалымдарының, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының терминолог-ғалымдарының, Әділет министрлігі жанындағы Заң институты лингвистикалық орталығының мамандарының сараптамаларынан өткізуге ұйытқы болуы да сөздіктердің сапасы мен құндылығын арттыра түскені анық.
Тұжырымдай келе айтарымыз, сыртқы саясат саласында қазақ тіліндегі басылымдар мен ғылыми-әдістемелік құралдардың әлі де тапшы екенін ескерсек, екі кітаптан тұратын үш тілдегі бұл алғашқы көлемді еңбек сол олқылықтардың орнын толтырып, дипломаттар мен халықаралық қатынастар саласы мамандарының күнделікті қызметіне қажетті құнды көмекші құралына айналады деп ойлаймыз.
Жұмағали ӘБУОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
АСТАНА.