Қазақстан • 29 Сәуір, 2021

Бақылаусыз құрылыс кімге тиімді?

424 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазір құрылыс саласына бақылау жоқ. Соның салдарынан осы салаға қолында лицензиясы бар, бірақ жұмыс жүргізудің жаңа технологияларын меңгермеген, дайындықтары аз компаниялар келе бастады, деп налиды сарапшылар. Одан зардап шегетін, бұйырған баспанасына қол жеткізе алмай қиналатын – қарапайым халық.

Бақылаусыз құрылыс кімге тиімді?

«Kazakhstan Project» ЖШС өкілі Мұрат Әлжановтың айтуынша, мемлекеттік сатып алуларға қатысатын компанияларға ерекше талаптар қажет. Өйткені лицензиясы бар компаниялардың барлығы бірдей мемлекеттік сатып алуларға қатысады. Компанияларға құрылыс саласындағы біліктілік талаптары, құрылыс мамандарының жеткілікті болуы қажет деген талап керек. Бірақ құрылыс компаниялары бұл талаптардан гөрі табыстың көп бөлігін салық ретінде өтегендерін тиімді санайды. Сондықтан кейбіреулер мемлекеттік конкурста жеңіске жету үшін қосымша салық төлеуге дейін барады.

Мысалы, облыс әкімдігі 2020 жылы «Павлодар» әлеуметтік корпорациясының қаржысы есебінен 216 пәтерлі екі үй салынып, оның 174-і «Отбасы банк» АҚ салымшыларына сатылады, 10 пәтер үй кезегінде тұрған тұрғындарға берілді» деп хабарлаған-ды. Бірақ бұл үйлердің салымшылары әлі күнге жаңа пәтерлеріне қоныстанған жоқ.

Тапсырыс беруші тарапынан «егер құрылыс компаниясы инженерлік желілерді бірден жүргізсе, пәтерлердің шаршы метрінің бағасы қымбаттай түседі. Жергілікті әкімдік желілерді 2020 жылдың соңына дейін тартуға тиіс болатын. Мемлекеттік конкурс арқылы мердігерді анықтау кезінде қиындықтар кездесті. Сондықтан тұрғын үйлер орталықтандырылған инженерлік желілерге қосылмаған» деген себептер де айтылды.

Бұған қалалық әкімдіктің «тұрғын үйлер құрылысының кешеуілдеуіне үйдің құрылысы мен коммуналдық желілерді тарту жүйесіне екі түрлі конкурс өткізілген» деген мәліметін қосыңыз. Корпорацияның басқарма төрағасы Мейрам Өтешов болса, «Біз ешқайда қашып кетпейміз, барлығына жауап береміз» деп енді ғана жауапкершілікті мойнына алды.

Мәселенің мәнісіне келсек, облыс орталығындағы «Достық» шағын ауданы Ладожская көшесіндегі қос тұрғын үй құрылысы былтыр аяқталған еді. Бірақ тұрғындардың қоныстануына үйдің өзі де, аумағы да дайын емес-тін. Сөйтіп, тұрғындардың арыз-шағымы құқық қорғау органдарынан бұрын облыс әкімдігіне жетті. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов бастаған комиссия өкілдері кеш те болса, пәтерлері қыс бойы жылусыз қалған, аулалары қоршалмаған, жарықтандыруы жоқ, есік-терезелері дұрыс орнатылмаған, едендері тегіс емес, төбеден су ағатын, қысқасы, «пайдалануға берілді» деген аты ғана бар жаңа үйлерді өз көздерімен көріп қайтты. Инженерлік-коммуникациялық желілерді өткізбей құрылыс салған корпорацияның әрекеті облыстық әкімдікті бірнеше жедел жиын өткізуге мәжбүр етті. Облыстық қала құрылысы және жерді бақылау басқармасының басшысы Арман Бекбосыновтың айтуынша, өңірдің құрылыс саласындағы міндеттерді орындауға бірқатар мәселе кедергі келтіруде. Біріншіден, облыстағы 958 құрылыс компаниясының 163-і ғана жұмыс істейді. Жобамен айналысатын 283 компанияның 6-ын ғана жобалау компаниясы деп атауға болады. Екіншіден, құрылыс саласында да мамандар тапшы, кірпіш қалаушылар аз. «Облыс орталығындағы Торайғыров университетінің инженер факультеті құрылыс саласына қажетті мамандарды даярлайды. Бірақ жүргізіліп жатқан құрылыс барысымен танысып, тәжірибе алмаспағаннан кейін студенттер білікті құрылысшы бола алмайды. Сондықтан қазір олардың өндірістік-тәжірибелік практикаларын құрылыс алаңдарында еңбек қауіпсіздігін сақтай отырып өткізу мүмкіндіктері қарастырылуда», дейді ол.

Ал факультет басшылығы егер билік пен бизнес тарапынан қолдау болса, құрылыс индустриясына керекті кадрларды даярлауға әзір екенін айтады. Мысалы, былтыр ғана облыс орталығындағы Ж.Аймауытов атындағы театр ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген «Аттик-Строй» ЖШС-да бірде-бір аттестацияланған құрылысшы болмаған. Ғимаратты жөндеуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 302 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары уақытында аяқталған жоқ. Мердігер компанияның сапасыз жұмысын көрген театр басшылығы оларды сотқа берді.

– Қазір құрылыс саласындағы жағдай осы. Жауапсыз мердігерлерді сотқа беру үйреншікті әдетке айналды. Бақылаудың жоқтығы – жауапсыз мердігерлерге тиімді. Неге құрылыс саласында жауапкершілік пен бақылау жоқ? Себебі құрылыс компанияларының барлығы жекеменшікте. Олардың әрекеті «өзім білемге» саяды, адам, қоғам деген ұғымдарды ұмыт қалдырған, – дейді құрылыс ардагері Ә.Қабылбеков.

Сонымен бірге құрылыстағы қарқынға кейбір мемлекеттік қызметшілер біліктілігінің төмендігі мен кадр тапшылығы да кедергі. А.Бекбосыновтың айтуынша, өңірдегі кейбір сала басшылары егер бөлінген бюджеттің қаржысы жетпесе, жобадан кез келген тұсты алып тастауы мүмкін. Бұдан соң, жобалық-сметалық құжаттамаларды қайтадан жасап, мемлекеттік сараптамадан өтуге тура келеді.

Ал енді бақылаусыз құрылыстың мәнісіне келсек, қазір қай құрылыс болсын, бірнеше мердігерге беріледі. Бас мердігер жұмысқа қосалқы мердігерлерді тартып, соның салдарынан талап пен тәртіп әлсіреген. Бұл жайдың мысалын «Достық» шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысын жүргізген мердігерлердің жұмысынан-ақ көруге болар. Бұл жердегі бас мердігер «Портал ПВ» ЖШС сырттан компания тартатын болса, бұл жайында тапсырыс беруші корпорацияны, техникалық бақылау компанияларын хабардар етіп барып, келісімдерін алуы қажет. Тіпті техникалық бақылаушы ұйымдардың бір емес, бірнеше құрылыс нысандарында жұмыс істейтіні анықталыпты.

– Осы бірлі-екілі техникалық бақылау компаниялары тапсырысты мөлшерден тыс көп алады да, соңынан құрылыс барысын мүлде уысынан шығарып алады. Бұдан кейін құрылыстан қандай сапа күтуге болады? – дейді құрылыс маманы Әлкен Досов. Оның айтуынша, егер бас мердігер тарапынан қосалқы мердігерлерді тарту ережелері орындалатын болса, онда құрылыс барысы мердігерлер арасында біркелкі бөлінеді. Олар аттестациялаудан өткен құрылыс мамандары болуы керек. Бұл құрылыс сапасының жақсаруына, белгіленген мерзімде аяқталуына жол ашады, – дейді А.Бекбосынов. Сондықтан техникалық бақылауды қадағалау ұйымдары қосалқы мердігерлерге берілетін жұмыс көлемдері талапқа сай болуын қадағалау керек. Олай болмаса, келісімшарттарда бас мердігердің қосалқы мердігерлерге жұмыс көлемін беру кезінде ереже талаптарын бұзушылықтарға жол бергені үшін жауапкершілікке тарту мәселесін құзырлы орындарға ұсынуға болады.

Біраз жыл өңірдегі құрылыс саласын басқарған, қазір «ГСУ Құрылыс» ЖШС-ның өкілі Дәулет Мұстафиннің айтуынша, кейде мемлекеттік конкурс негізінде ресімделген және құрылыс компанияларына берілген жобаларда айтарлықтай өзгерістер де кездеседі. Бұрын жобаның электронды және қағаз жүзіндегі нұсқалары берілсе, бүгінде мөрі жоқ көшірмелер ғана қолға тиіп жүр. «Мысалы, тұрғын үйдің жобасын қағазға сызбай-ақ, компьютерде жасауға болады. Мониторға қарап, инфрақұрылым ішіндегі барлық кем-кетікті тінтуірді әрі-бері жылжытып-ақ көруге болады. Қазір қалай? Егер инспектор құрылыс нысанындағы ақауды байқаса, оны дәлелдеу үшін барлық органға баруы керек. Бірақ ол бармайды. Ал кейін пәтер алған тұрғындар зардап шегіп, «су ақты, қабырға жарылып тұр» деп шағымдана бастайды. Сондықтан еліміздегі құрылыс саласына қатысты заңдарды түгелімен қайта қарау керек», дейді Ә.Досов.

Жалпы, облыс орталығында жаңа үйлерге инженерлік-коммуникациялық желілер тарту мәселесі бұрыннан бар. Оған қаладағы жылу, су құбырларында жиі болатын апаттарды қосыңыз. Қыс бойы тұрғындар жылуы жоқ пәтерлерінде бүрсеңдеп, тоңып шығады. Алдағы қыста қалай жылынатынымызды ойлаудың өзі қорқынышты, өйткені жылу, су желілері түгел тозған. Бұл жағдайды облыс әкімі Ә.Сқақовқа БАҚ өкілдерімен болған бейресми кездесуде жеткізгенбіз.

Жылу, су желілері мамандарының айтуынша, облыс орталығындағы жер асты коммуникация жүйелерінің картасы да жоқ. Тозған желілерді жаңарту үшін 5 млрд теңге қаражат керек көрінеді. Қазір қосымша станса салынуда. Алдағы жылыту маусымына дейін ЖМ-42 жаңа жылу магистралінің құрылысы аяқталса, Достық, Саяжай, Усолка шағын аудандарына да жылу жетеді.

Экономист-маман Нұрлан Жылқыбайдың айтуынша, әкімдіктер стратегиялық серіктес тауып, мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істегені дұрыс. Мысалы, тұрғын үй салуға қажетті аумақты құрылыс компаниялары сатып алады, тозған үйлердің орнына жаңасы салынады. Компаниялар ресурстарды басқарудың автоматтандырылған жүйелеріне көшуі керек. Өйткені әлі күнге дейін қағаз бланкілері, электронды кестелер немесе тіпті ауызша байланыс сияқты ескірген деректерді жинау әдістері бар.

Мәліметтер көрсеткендей, соңғы екі жылда өңірде Тұрғын үй құрылысында 12 пайыз өсім тіркеліп, 2 280 пәтерлі 35 тұрғын үй салынған. Оның үштен бірі кезекте тұрған тұрғындарға берілген. Облыс орталығында «Сарыарқа» және «Достық» шағын аудандарында бірнеше тұрғын үйлер кешенінің құрылысы жалғасуда. Құрылысқа қолданылатын материалдардың 40 пайызы − жергілікті өндірушілердің өнімі. Былтыр тұрғын үй құрылысына 38,7 млрд теңге салынған. Қаржыландырудың 38 пайызы − меншікті қаражат болса, 61,9 пайызы бюджеттің ақшасы.

Сонымен бірге «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Павлодар, Екібастұз қалаларында 4 үй, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы барысында 2020-2021 жылдары облыстың аудандары мен қалаларында бірнеше тұрғын үй, жеке құрылыс салушылары 242,1 мың шаршы метр үйді пайдалануға берген. Қолданысқа берілген тұрғын үйлердің 57,3 пайызы − Павлодар қаласының үлесінде. Ал биыл бірінші тоқсанда тұрғын үй құрылысының қарқыны бәсеңдеген. Жоспарланған 48 мың шаршы метр баспананың 24,5 мың шаршы метрі салыныпты.

Иә, өңірдегі құрылыс саласының нарығы заманауи технологиялардан артта қалды. Панельдік плиталарды қолдану, монолитті-каркастық және құрамалы құрылыс тәсілдері сияқты баламалы жаңа технологияларға көшу арқылы ғана құрылыс саласын дұрыстауға болады. Сондықтан осы мәселеге облыс әкімдігі ден қойып, оны жоспарлы түрде жүзеге асырмақшы. Құрылыс саласындағы мәселелерге арналған жедел өткізілген жиын қорытындысы осындай.

Жиын барысында өңірдегі құрылыс саласында серіктес компаниялардың аздығы, жергілікті құрылыс индустриясының дайын еместігі, өңір құрылысына инвесторлар тарапынан қызығушылықтың жоқтығы жалпы құрылыс көлемінің төмендеуіне әсер еткені талқыланды. Ал жаңа стратегиялық бағдарлама мамандарды оқытудан бастап, жобалау, нысандарды салуға дейінгі барлық жұмыстар, қадағалау, бақылау талаптарына сай кең ауқымды бағыттар бойынша жасалады. Облыс әкімі Ә.Сқақов өңірлік Құрылыс индустриясын дамытудың жол картасын әзірлеуді, оған қоғамды, құрылыс саласына қатысты тәжірибесі мол, ой-пікірі қалыптасқан қауымдастық өкілдерін тартуды тапсырды.