Ол – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты. Бүгінде Ресейдің Омбы қаласында тұратын, көршілес екі елге ортақ саяси тұлғамен Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында сұхбаттасудың сәті түсті.
– Құрметті Леонид Константинович, Сіздің мектеп бітірген соң өз еңбек жолыңызды Қазақстанда бастағаныңызды білеміз. Өміріңіздің осы кезеңін есіңізге алып жүресіз бе?
– Менің еңбек қызметім 1958 жылы Петропавлда басталғандығы рас. Кәсіптік училищені бітірген соң сол кезде Валериан Куйбышев есімімен аталған зауытқа жолдама алдым. Ол кезде бұл менің Қазақстандағы ұзақ кәсіби қызметімнің басы деп ойлаған да жоқпын. Ал Омбы ауыл шаруашылығы институтын аяқтағаннан кейін менің алдымда ендігі жұмысымды қайда бастау мәселесі тұрған жоқ. Себебі жаңадан алған инженер-гидротехниктік мамандығыма күш-жігерімді жұмсау үшін Қазақстаннан артық жер жоқ еді.
Менің Павлодар қаласындағы жаңа жұмысым құрылыс-монтаж басқармасында су шаруашылығы объектілеріндегі прораб лауазымынан басталды. Бұл үлкен энтузиазм мен экономикалық өрлеу уақыты еді. Павлодарда трактор зауыты, химия және алюминий комбинаттары, Екібастұздың көмір разрездері салынып жатты. Ертіс – Қарағанды каналының құрылысы басталып, тың жерлер игерілді. Енді менің Қазақстандағы өмірім ұзаққа созылатындығы анық болды. Мұның өзі тұрғылықты халықтың тарихы мен мәдениетін, тілі мен салт-дәстүрін тереңірек білуге, сондай-ақ қоғамдық және мәдени өмірдің әртүрлі салаларында таныстар мен достар табуға деген құштарлығымды оятты. Жинақтай айтқанда, Павлодар 11 жыл бойы менің басты қазақ университетім болды.
Бір таңғалдыратыны, осы қаламен қоштасқаныма 30 жылдан асса да, көп адам менің жұмыс істеген жылдарымды естерінде сақтаған екен. Маған Павлодар облысының Құрметті азаматы атағы берілгендігі көңілімді ерекше толқытқан жайт болды.
Павлодардағы қызметімді «Павлодарводстрой» тресінің басқарушысы болып тәмамдадым. Одан кейін Қарағанды болды – Ертіс-Қарағанды каналының құрылысына басшылық және облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, төрағасы лауазымдарын атқарған кеңестік жұмыс кезеңі. Егер Павлодар мен үшін университет болса, Қарағанды нағыз академия болып шықты. Мұнда нені және кімнен үйренуге болатын еді. Қазақстанның басты өнеркәсіптік-индустриялық орталығы аса жоғары технологиялық басқарушылық әлеуетке ие еді. Осында тағдыр айдап өз өмірін Қазақстанмен байланыстырған көптеген халықтың тіршілігімен және мәдениетімен табиғи байланысым бұрынғыдан да нығая түсті.
Сол жылдарды есіме алғанда, ең алдымен, ұлты әртүрлі адамдардың өмір сүру ортасын айқындап берген риясыз да тең адами қатынас жайлы ойланамын. Интернационалдық ортадағы өмір мен қызмет көрегендікті күшейтіп, дамыта түсетіндігін айтуға тиіспін. Мен өзім болған жерде қазақтардың өз ана тілінде сөйлеуден ұялмай, менің қазақ тілін кәдімгідей білетіндігіме сенгендіктерін мақтан тұттым. Өзінің қаны бір отандастарына сенгендей сену үшін тұрғылықты халықтың ұлттық қатынастарының нәзік материясына бойлай білу Қазақстанда тұратын орыс немесе басқа ұлт адамдарының бәрінің бірдей қолдарынан келген жоқ.
1986 жылы жастардың наразылық толқуының эпицентрінде болуыма тура келді. Бәлкім, Қарағанды көшелерінде қан төгілмеуіне жоғарыда айтқандарымның көмегі тиген болар. Желтоқсан деген атаумен әйгілі осы оқиға ұлттық республикаларда кеңестік және партиялық құрылымдардың күні бітіп келе жатқандығын ұқтырғандай еді. Бұл менің келесі қадамдарым мен саяси таңдауымды айқындап берді.
– Сіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қалай таныстыңыз?
– Ірі құрылысты басқарудың күрделілігіне қарамастан, мен қашанда буырқанып жататын Қарағандының мәдени және қоғамдық өміріне араласуға уақыт тауып жүрдім. Қала өмірі қыз-қыз қайнап жатты. Оған баспасөздің, орталық газеттердің қызығушылығы зор болды. Мәселен, «Правданың» Қарағандыдағы меншікті тілшісі Михаил Полторанин – Борис Ельцин Үкіметінің болашақ вице-премьері болды. Ол кезде жас та өткір журналист еді. Екеуміз дос болдық. Ол мені «Қарметкомбинат» парткомының хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен таныстырды. Біз құрдастар едік. Барша жас адамдар сияқты, бізде де қоғамның жай-күйіне, елдің экономикалық жағдайына, жергілікті басшылықтың жұмысына белгілікті дәрежеде сыншылдық болды. Бұл, шамасы, көп нәрсе жайлы жеке пікірін қалыптастыруға қабілетті тұлғалық қасиеттерге ие жастардың қай-қайсысына болсын тән шығар. Біз өзімізше табысты едік әрі кәсіби мүдделерміз түйіскен жоқ. Сондықтан да бір-бірімізге көп нәрсе жайлы айта алдық. Кейін Нұрсұлтан Назарбаев обкомның өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болды. Ол менің құрылысыма бірнеше рет келді. Оның білімі, аналитикалық ақыл-ойы, ұйымдастырушылық қабілеті Қарағанды ауқымына сыймайтыны айқын көрініп тұратын. Көп ұзамай ол Қазақстан компартиясы орталық комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болып сайланды. Осылайша оның республикалық және одақтық саясаткер ретіндегі қызметі басталды.
Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі заманның халықаралық деңгейдегі саяси қайраткері екендігі туралы пікірімді айта кетейін. Егемен қазақ мемлекетін құрудың бастауында осындай кең ауқымдағы адамның тұрғандығы – халықтың үлкен бағы. Оның лидер және көреген басшы ретіндегі беделі қазіргі заманғы халықаралық лидерлердің ортасында бірден мойындалды. Ресей халықтары арасындағы беделі де жоғары. Әсіресе, Ресеймен қарым-қатынаста саяси түзу ұстанымды айқындаудағы жетекші рөлін айрықша атап айтқан жөн. Ресейдің Тұңғыш Президенті Борис Ельцин менің қазақстандық өткенімді жақсы білген соң, менімен Ресей – Қазақстан қатынастары туралы жиі сөйлесіп тұрды. Ол осы қатынастардың Ресейдің оңтүстік баурайындағы мән-маңызын түсіне білді. Мен оған орыс адамның тілі мен ойындағысын ешкімнен кем білмейтін өз халқының адал ұлы Нұрсұлтан Назарбаевқа арқа сүйеуге болатынын талай рет айттым.
Ресей-Қазақстан қатынастары Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларына көп қарыздар деуге болады. Бұл ретте Омбыда Президент Владимир Путинмен бірге қол қойған шекаралық ынтымақтастық туралы шарт туралы да айтуға болады. Сондай-ақ ЕАЭО-ның Кеден Одағы, шекаралас территориялардың қауымдастығы да бар. Оның бүкіл кеңестен кейінгі кеңістікті экономикалық дамытудағы рөліне баға жетпейді.
Біздің Қарағандыда басталған қарым-қатынасымыз жалғасын тапты. Біздің буынның Қазақстанда қалған байланыстарының ынтымақтастықтың барлық саласындағы көмегі күшті болды. Ізгі ниетті қарым-қатынастар ахуалы біз бұрынғыша бір елде тұрып жатқандай әсер қалдыратын. Омбыда қазақ консулдығы ашылып, Шоқан Уәлихановқа ескерткіш орнатылды. Мәдени алмасу кеңінен жүріп жатты. Барлық мәселеде Қазақстаннан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан болған түсінушілік пен қолдау сезіліп тұрды.
Менің Қазақстанда ұзақ жылдар жұмыс істеген тәжірибем өз Отанымда өте пайдалы болғандығына сүйінетінмін. Маған Қазақстанда да кішіпейілдікпен қарады. Тіпті алғашқы президенттік сайлауда мен Нұрсұлтан Назарбаевтың Павлодардағы сенген өкілі болдым. Қазір ресейлік губернатордың басқа мемлекет лидерінің сенген өкілі болуы миға қона ма? Басқа уақыт, басқа менталитет дегендей. Дегенмен, ізгі ниетті көршілерде әлі де осылай болып жатса, артық емес-ау.
– Бізде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаттары көп емес. Сіз өзіңізге осы марапаттың берілгендігі туралы хабарды қалай қабыл алдыңыз?
– 1996 жылғы желтоқсанның басында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңсесінен Қазақстан тәуелсіздігі күні құрметіне өткізілетін салтанат пен маған Мемлекеттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысуға шақырған хабарлама келді. Шынымды айтсам, бұған қайран қалдым. Өйткені ол кезде марапат деген сирек болатын. Оның үстіне, мен Қазақстанда көптен бері болмаған едім. Сондықтан «Қазақстан менімен қоштасайын деген шығар...» деп ойлап қалдым. Салтанатты рәсімге зайыбыммен бірге бардым. Көңілімде толқу бар еді, бірақ көптеген таныс тұлғаларды көргенімде тез сабама түстім. Сыйлықты Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тапсырды. Сол сәттен түсірілген фотосуретті әлі сақтап жүрмін. Сонда бұл менімен қоштасу емес, керісінше, екі халықтың тату көршілік қатынастарын сақтау жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыруға шақыру екен ғой деген ойға келдім. Бұрынғы қазақстандық деген болмайды...
– Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін қалай бағалайсыз?
– Мен бұрынғы КСРО республикаларының барлығының, соның ішінде Қазақстанның да экономикалық дамуын қадағалап отырамын. Әрине, цифрлар бүгінгі болмысқа әрдайым объективті баға бере қоймайды. Ал цифрлар мен шынайы жағдайды салыстырудың жөні бөлек. Кейінгі жылдары мен Қазақстанға барып жүріп, республиканың ірі инфрақұрылымдық объектілерді салуда қаншалықты ілгері басқанын көрдім. Қалалар қайтадан салынған іспетті. Менің сексенінші жылдардағы Қарағандым да танымастай өзгерген: жолдар таңғаларлықтай. Тәжірибелі көзге елдің көтерілгені де, келешегі де көрініп тұр. Әрине, кез келген жердегідей, адамдар бұдан да жақсырақ болғанын қалайды. Әсіресе, әлеуметтік сала мен тұтыну саласында. Бірақ қазірдің өзінде мен үшін салыстыруға болатын жағдайлар бар. Тек осыны, елдің қаншалықты алға басқанын қазақстандықтардың бәрі бірдей әділ бағалай алмайтындығы қынжылтады. Тәуелсіздіктің 30 жылы текке кеткен жоқ. Бұл жылдар жай ғана мемлекет құруға емес, өз халқымен қатар, өзге халықтардың да ұлт пен оның лидерінің жасампаздық қабілетіне құрметін туғызатын, ғылыми-техникалық прогрестің шыңында тұрған мемлекет құруға деген ынта мен мақсаткерлік ұмтылысқа толы болды.
– Сіз Омбы облысының губернаторы ретінде Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің ынтымақтастығы мәселелерімен көп айналысқаныңыз белгілі. Осы саланың жетістіктері мен келешегі қандай? Сондай-ақ Омбы қаласы мен облысында тұратын этностық қазақтарға өз ұлттық құндылықтарын сақтауда көмек көрсете алдыңыз ба?
– 1993 жылы Омбы қаласында шекаралық ынтымақтастық туралы алғашқы шартқа қол қойылды Шекаралас территориялар қауымдастығы құрылып, оның екі жақтан да тең төрағалары болды. Ресей тарапынан төрағалық ету құқығы маған берілді. Осы келісім өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында кооперациялық байланыстарды сақтай отырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Айтып кеткенімдей, 2001 жылы осындай келісімге екі Президент тағы да Омбыда қол қойды.
Омбы облысы осы келісімдердің әлеуетін толық пайдалануға тырысты. Байланыстарымыз үдеп, нығайды. Қазақстан мен Омбы облысының арасындағы тауар айналымы тез өсіп шыға келді және сол уақытта кеңес кезеңіндегі көлемнен асып түсті. Қазақстан Республикасы облысымыздың басты да сенімді серіктесіне айналды.
Одан әрі ынтымақтастықтың экономиканың барлық саласындағы келешегі зор.
Территориялардың байланыстары тек экономикалық мүдделермен шектеліп қалған жоқ, мәдени алмасу да кеңінен жүргізілді. Омбы облысындағы қазақтар – саны жағынан үшінші этностық топ. Біз қазақ мектептерін материалдық-техникалық жабдықтауға, кадрлармен, оқулықтармен қамтамасыз етуге үлкен көмек көрсеттік. Өкілетті билік органдарындағы қазақтардың саны көбейтілді. Бұл ретте маған бәрі де түсінікті еді. Осылай көңіл бөлуді облыстың қазақ тұрғындарының барлығы жоғары бағалады. Мұның өзі сол бір қиын кезеңде маған көрсетілген саяси қолдаудан да көрініс тапты.
Әрбір этностық топтың жалпы мәдениетінің бір бөлігі ретінде облысқа діни конфессияларды оралтуға да айрықша назар аударылды. Бүгінде өңіріміздегі ірілі-ұсақты қазақ ауылдарының бәрінде мектеп пен мешіт бар. Мен мұны біздің ортақ үйіміздегі барлық халықтардың үйлесімді өмір сүруі мен дамуының маңызды бөлігі деп санаймын. 90-жылдарда негізі қаланған берік байланыстарды қазіргі басшылар жалғастырады деп үміттенемін. Бері салғанда мұны, әсіресе, Омбы облысы үшін тілер едім. Территорияларды дамыту келешегінің кілті, міне, осындай іс-қимылда. Бәрі де шекараның екі жағындағы қарапайым адамдардың мүдделері үшін тату көршілік қарым-қатынастарды дамыту туралы ойлауға қабілетті азаматтардың ізгі ниеті мен күш-жігеріне байланысты.
– Қазір Сіз жетекшілік жасап жүрген «Духовное наследие» Омбы өңірлік қоғамдық қоры немен айналысады?
– Бұл қор Сібір жерлерін игерген адамдардың көптеген ұрпағы жасаған мәдени мұраны зерттеп, танымалдандырумен шұғылданады. Бір ғана халықтың емес, осы жерде өмір сүріп жатқан барлық халықтың жалпыресейлік мәдениет аясында жасаған Сібір субмәдениетін зерттейді.
Қор тарихи ескерткіштерді, құлшылық ету ғимараттарын қалпына келтіреді, қалалар тарихы мен аса көрнекті тұлғалар жайлы кітаптар шығарады. Қазіргі уақытта төрт томдық «Омбы мәдениетінің үш ғасыры» антологиясы аяқталуға жақын. Айтпақшы, бұл кітаптардан тағдыр жазуымен Омбы облысымен байланысы болған қазақ ақындары мен жазушыларының, қоғам қайраткерлерінің есімдерін табуға болады.
Бұл жұмыс мен үшін өте қызықты. Өйткені сол арқылы тарихтың елеулі оқиғаларын, өлкеміздің мәдениетін дамытуға айтарлықтай үлес қосқандарына қарамастан, кейін ескерусіз қалған адамдардың тағдырлары мен есімдерін жадымызға оралтуға мүмкіндігім бар.
– Кейінгі кезде кейбір саясаткерсымақтардың тарапынан екі мемлекет пен екі халықтың ғасырлар бойғы достық қарым-қатынастарына сына қағуға тырысушылық әрекеттер жиілеп кетті. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастарды дамытуды мұқият қадағалап отырамын. Мен ширек ғасырға жуық Қазақстанда өмір сүріп, жасампаздық қызметпен айналыстым. Бұл менің ақ жүрек қазақ ортасында өткен ең тамаша жылдарым десем болар. Мен Сіздерді білемін, тілдеріңізге, мәдениеттеріңізге, салт-дәстүрлеріңізге және діндеріңізге құрметпен қараймын.
Қайдағы бір тарихи талаптар туралы теріс ниетті сөздерге мән беруге болмайды деп санаймын. Дұрыс ойлайтын адамдарға біздің білек біріктірген еңбегімізбен жасалған мәдени және экономикалық өрлеу үшін бір-бірімізге қаншалықты риза екендігімізді айтып түсіндірудің қажеті жоқ. Іріткі салуға немесе бауырлас екі мемлекеттің ғасырлар бойғы достық қатынастарына күдік келтіруге тырысушылар қазақ халқын да, орыс халқын да білмейді, бір сәттік саяси мүдделерін көздейді. Және халықтың атынан емес, өздерінің тарихтан хабарсыздығының, жалпыадамзаттық мәдениеттен мақұрым қалғандығының және саяси коньюнктураның атынан сөйлейді. Оларға қазақтардың, орыстардың, украиндардың, беларусьтардың ұрпақтары өз еңбегімен және қанымен бекіткен достық тағдырын шешу құқығы берілген жоқ. Ресей өзінің үйлесімді дамуының кепілі – бұрынғы одақтас республикалармен тату көршілік және сыйластық қарым-қатынастар екендігін түсінеді.
Осы ежелгі достықтың осал тұстарын мүлдем түсініксіз іздеу ұзаққа бармайды, халықтар парасаты айқайшыл саясаткерлерден әлдеқайда күштірек.
Сөзімнің соңында ұлттық лидер, мемлекет құрушы Нұрсұлтан Назарбаевқа денсаулық тілегім келеді. Қазақстан халқына табыс пен өркендеу тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет.