Аймақтар • 06 Мамыр, 2021

«Қызыл аймаққа» қайта оралды

211 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Павлодар облысы 26 сәуірден бастап «қызыл аймақ» қатарына қосылды. Сондықтан облыс аумағында індет таралуының өсуіне байланысты бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы 3 мамырдан бастап күшіне енді.

«Қызыл аймаққа» қайта оралды

 

Санитарлық-эпидемиология­лық бақылау департаментінің мәліме­тінше, індет жұқтырушылар кө­бей­ген. Сәуірдің соңында 308 жағ­дай тіркелсе, соңғы аптада 394 жағ­дай анықталды. Өңірде осы уа­қытқа дейін 20 225 адамның індет жұқ­тырғаны анық­талған.

Қазір облысаралық, об­лыс­ішілік, қалааралық жолаушылар тасы­малы тоқтатылды. Ойын-сауық ор­талықтары, сауда үй­лері сенбі және жексенбі күндері жұ­мыс істе­мейді. Сонымен қатар қо­ғам­дық тамақтану орындары, моншалар, спорттық-сауықтыру орталықтары, базарлар қызметіне тыйым салынды.

Ал қалалық және ауылдық мектептер сыныптағы балалар санын 25 оқушыдан асырмай дәстүрлі фор­матта оқытады. Кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейін­гі мекемелердің қызметіне тыйым салынды. Жыл басынан бері 1 573 оқушы дерт жұқтырған. Қарт­тар мен мүмкіндігі шектеулі тұл­ғаларға ар­нал­ған медициналық-әлеуметтік мекемелер, балалар, сәбилер үйлері жабық форматта қамқоршылықтағы адамдар мен қызметкерлердің сырт­қы байланысын шектеу арқылы жұ­мыс істеуде.

Облыс әкімдігі қалалар мен аудандарда екпе егілетін жерлердің тізімін тұрғындарға хабарлап, ақ­­параттық жұмыстарды жал­ғастыруда. Қазір 135 егу орны да­йын­далған. Арнайы орындарға барып екпе жасайтын 37 топ та бар.

Облыс орталығында мобильді вакциналау пункттері іске қо­сыл­ды. Енді қала тұрғындары мо­бильді, шатырлы немесе стацио­нарлы пунктте, көшеде сауда үйлерінде, мәдениет үйлерінде екпе алуларына болады.

Алдағы күндері өңірдегі ұжымдарда қыз­меткерлердің тұ­рақты им­мунитетін қалып­тастыру үшін 450 мың адамға вак­цина салынады. Ұжым қыз­меткерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшірілді.

– Бүгінде облыста ресейлік Спут­ник-V вакцинасының бірін­ші компонентін 53 956 адам, екінші компонентін 16 723 адам қабылдады. Ал отандық QazVac вакцинасы 908 адамға егілді. Жалпы, күніне 5 мың, ең аз дегенде 1 мың адам вакцина қабылдауда. Соңғы тәулікте
3 600 адам екпе алды. Ал QazVac вакцинасының 2 мың данасы жеткізілді. Оны қабылдағандар инфо­жүйеге енгізіледі, – дейді облы­с­тық денсаулық сақтау бас­қар­масының басшысы Айдар Сейітқазинов.

Өңірге Денсаулық сақтау ми­нистрлігі арқылы мамыр айында 45 мың мөлшерінде Спутник-V, QazVac вакцинасының 2 мың данасы жеткізіледі. Қазақстандық вак­цинаның екінші компоненті 21 күндік аралықпен салынады. Сон­дай-ақ Sinopharm вакцинасының 14 мың данасы жеткізілген.

Облыс тұрғындары отандық QazVac вакцинасының бірінші ком­понентін қабылдай бастады. Екінші компоненті 21 күннен соң салынады. Шалғайдағы ауыл тұр­ғындарының да екпе алуына жағдай жасалды. Тұрғындар отандық және қытайлық вак­цинаның айырмашылықтары жайлы жиі сұрақ беретіні белгілі. Мамандар вакциналардың құрамы да, белсенді заттарының болуы да, тиімділігі де бірдей деген пікірде. Айырмашылығына келсек, отандық вакцинаның сақтау мерзімі 6 айға жетсе, қытай вакцинасын 12 ай сақтауға болады екен.

Сондықтан тұрғындар арасында дүрбелең туындамас үшін олар екпені қайдан алатыны туралы ақпараттан хабардар болуы тиіс. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне барлық егу пункттерін аралап, олардың жұ­мысын үздік­сіз бақылайтын тұ­рақты топтар құру тапсырылды. Ал Айдар Сейіт­қазиновтың айтуынша, қа­зір­гі уақытта инфекциялық ста­­цио­нарлардың жүктемесі 30 па­йыз немесе 630 төсектік орынды құрайды. Жан­сақтау бөлімінде 29 науқас бар, оның 11-і өкпені жасанды желдету ап­паратына қосылған. Жыл басынан бері өңірде індеттен 72 науқас қайтыс болған. Олардың көбі – егде жас­тағы, бұрынғы аурулары бар адам­­дар. Сондай-ақ жыл басынан бері пневмониядан 13 адам көз жұм­ды.

Басқарманың мәліметінше, қа­зіргі кезде емханалар жанында 175 мобильді бригада жұмыс істейді. Ста­ционарларда 45 күнге жететін дәрілік заттар қоры бар, ПТР тестілеу жүргізетін 6 зертхана жұмыс істеуде.

Облыс орталығындағы 35, Екі­бас­­тұздағы 5 және Ақсу қа­ласындағы 1 қызмет көрсету орны Ashyq жүйесіне қосылды.

Мақала жазу барысында өңірі­міз­дегі «Қосақ» бақылау-өткізу пунк­­­тіндегі авто-өт­келден індет жұқ­тырудың үш рас­талған жағдайы анық­тал­ғаны жайлы хабар келіп түсті. Эпидемиялық бақылау департаментінің мә­ліметінше, олар­дың бірі тасымалдау жасайтын Ақ­төбе қа­ласының, екеуі Павлодар қала­сының тұрғындары екен.

– Өткен тәулікте 726 азамат шекарадан өтті, оның 266-сы жаяу өткен және 460-і жүк көлігінің жүргізушісі, 9 адам карантиндік ауруханаға орналастырылды. Облыс аумағындағы мемлекеттік шекараның төрт бақылау бе­кетінде жолаушылардың жү­руін бақылау жалғасуда, – дейді департаменттегілер.

 

Павлодар облысы