Экология • 13 Мамыр, 2021

Егілген тал-теректің обалына қалмайық

744 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Павлодар облысының орталығында жыл сайын егілетін ағаштар қурап барады. Өткен 5 жылда өңірде 65 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылса, олардың көбі суарылмай, сол күйі қурап қалған. Бұл жайында дабыл қаққан облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері өңір тұрғындарын экологияны қорғауға шақырды.

Егілген тал-теректің обалына қалмайық

Облыс әкімінің орынбасары Асайын Байхановтың айтуынша, биыл өңірде ағаш көшеттері 25 есе көп егіліп, қоршаған ортаны қорғау және көгалдандыру бағытында қыруар іс атқарылмақ.

– Өңірде қоршаған ортаны қорғау бойынша жұмыстар өнеркәсіптік тастандылар көлемін азайту, көгалдандыру, қал­дықтарды басқару, су ресурстарын рет­теу және халық арасында экологиялық мәде­ниетті арттыру бағытында жүргі­зіледі. Былтыр шамамен 800 ағаш отыр­ғы­зылса, биыл облыс орталығындағы жаңа көшеттердің саны 20 мың данаға же­теді. Алдағы 5 жылда өңір аумағында ша­мамен 95 млн ағаш отырғызылады деп жос­парланған. Оның ішінде 32 млн ағаш отыр­ғызу жергілікті атқарушы орган­дар­дың есебінен жүргізілмек, – дейді А.Байханов.

Әрине, экологтер «экологиялық ахуалға орай миллиондап ағаш отырғызудың өзіндік тәртібі бар, жүйесіз жүргізілмеуі керек» деген пікірде. Біздің әкімдік 65 мың көшеттің қурап қалғанын біле тұра, 95 млн ағашты қалай екпекші? Тағы да сол мәселе, әкімдіктердің, басқармалардың мәліметтері әр жерде әртүрлі беріледі. Сан көп, сапа жоқ. Ал «Еккен соң жасыл же­лекті қалай күтіп-баптаймыз, қалай суа­рамыз, обалына қалмаймыз ба?» деген ойландыратын сұрақ бар.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, сәуір айында облыста бір күнде 20 мың түп тал егіліпті. Қалалық саябақта ардагерлер, Jas Otan жастар қанаты, «Рухани жаң­ғыру» кеңсесінің өкілдері де 60 кө­шет отырғызды. Ал ағаштардың жай-күйін, күтіп-баптауын, суаруын саябақ қыз­меткерлері атқарады-мыс.

Ертіс өзені жағалауындағы «Қаз қо­нақ» ескерткішінің аумағында 50-ден астам қарағай мен шырша көшеттері отырғызылды. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы бастамашы болған бұл жоба Business Ertis бағдарламасының «ЭКО» бағыты бойын­ша жүргізілді. Осы жердегі аллеяның ашылу күнінде 25 отбасы, облыстық мәслихаттың 32 депутаты, қала әкімі Ержан Иманслям өздерінің атаулы көшеттерін екті. Енді көшеттер суарылмай, күтіп бапталмай қалса, жауапкершілік жасыл желекке аттары жазылған әкімдер мен депутаттардан сұралады. Өйткені 2019 жылы облыс орталығында қыруар қаржыға егілген 14 мың түп ағаш көшеттері егіліп, қазір қурап қалған. Бұл көлемнен ауқым­ды бір бақ жасауға болар еді. Яғни еккен де кеткен, суарылмаған күйі қатып қалған. Мердігер компания көшеттерді Алматыдан әкелген. Бірақ көшеттер қа­зан айында отырғызылған, солтүстіктің суығына шыдамай үсіп қалса керек. Енді қайта отырғызу керек екен деп жүргенде көшеттерге кеткен қыруар қаржының ізін іздеп Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жергілікті департамент тексеру де бастаған еді.

Жалпы, облыс орталығында, өңірде қанша ағаш қалды, жылда қаншасы егіледі, қаншасы кесіледі деген есеп қажет-ақ. Жергілікті экологтер болса, об­лыс орталығында құрылыс қарқын алған­нан бері ағаштар саны азайып жатқанын айтады. Өсіп тұрған ағаштарды кесіп тастайды. Оның орнына еккен ағаштар қурап қалады. Саябақтардан да сән кетті.

– Өйткені қазір саябақтарда ескі ағаштар көп. Оны жаңартатын уақыт келді. Бұл іске барлық тұрғын қатысуы керек, – дейді қоғам белсендісі, ардагер Нұрлан Нәбиев.

Ал биыл облыс орталығындағы қура­ған бұтақтарды кесуге облыстық бюджет­тен 60 млн теңге бөлінеді. Қураған бұ­тақ­тарды кесу бойынша тұрғындардан жиі шағым түседі. Жоспар бойынша

7 мың ағаш өңделеді. «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде бір ай бойы «Мекенім – жасыл орман», «Су көздерін ашу, бұлақтарды тазарту», «Бірге таза Қазақстан», «Таза су айдындары» жобалары басталады.

Соның бірі Taza Qazaqstan республи­калық экологиялық шарасы аясында Павлодар педагогикалық университеті Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 түп ағаш екті. Бұл шараға студенттер мен про­фессор-оқытушылар құрамы қатыс­ты. Студенттер егілген ағаштарды күтіп-баптайды, суарады.

Облыс орталығынан 40 шақырым жерде жеке «Тәлімбақ» жасаған экокешен иесі Юрий Гашек көшеттерді тегін беруге дайын екен.

– Бірақ бір шартымыз бар – ағаштардың суарылуы қамтамасыз етілуі тиіс. Бізде 2,7 мыңға жуық ағаш бар. Біз әртүрлі ұйым­дармен жұмыс істейміз. Өткен жылы, мысалы, 150-ге жуық ағаш көшеттерін отыр­ғыздық, – деді Ю.Гашек.

Өңірде жыл сайын көше бойына, мекемелер мен ұйымдардың, балабақ­шалар мен мектептердің, жоғары оқу орын­дарының аулаларына көшеттер егіл­генімен, желкілдеп өсіп келе жатқан жасыл желек көрмейсің. Өткен жылы облыс орталығында «Қалаға ағаш сыйла» деген шақыру басталып, 4 мыңға жуық ағаш пен 1 мыңға жуық бұталы қоршау отырғызу жоспарланған-ды. Биыл егілген ағаштардың тағдыры не боларын алдағы уақытта жазамыз.

 

Павлодар облысы