Үкімет • 13 Мамыр, 2021

Биыл жол картасын жүзеге асыруға 325 млрд теңге бөлінеді

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz  Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл жол картасын жүзеге асыруға 325 млрд теңге бөлінеді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен бейнеконференция байланысы режимінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасының тиімділігі және басшылардың бағынысындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа тартылғаны үшін тәртіптік жауаптылығы мен отставка институтын құқықтық қолданудың өзекті мәселелері қаралды.

Аталған мәселелер бойынша атқаралып жатқан жұмыстар туралы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, Мемлекеттік қызмет істері агенттіктері, Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері басшылығының, бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Бірінші мәселені қарау барысында халықты қосымша табыс көздерімен қамтамасыз ету мақсатында әзірленген, дағдарысқа қарсы басты шаралардың бірі болып табылатын Жол картасын іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Жол картасының негізінде маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру басталды. Оған өткен жылы 1 трлн теңге бөлінді. Ал биыл шамамен 325 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Бұл ретте осы бағдарламалық құжаттың маңыздылығын және қаржыландыру көлемін ескере отырып, Мемлекет басшысы бюджет қаражатының мақсатты және тиімді жұмсалуын бақылауды тапсырған болатын.

Құқық қорғау және бақылаушы мемлекеттік органдар жүргізген тексерулер ұйымдастырушылық сипаттағы және қаржылық тәртіптің сақталмайтынын анықтады. Сондай-ақ азаматтардың тұрақты жұмыс орындарын ашу кезіндегі іс-әрекетін, әсіресе, адамдарды жұмысқа жалған орналастыру мәселесін қатаң бақылау қажеттігін айқындады.

Мәселен, өткен жылдың өзінде ғана Есеп комитеті құқық қорғау органдарына 72 факт бойынша материал берген. Ал 339 факті бойынша кінәлі тұлғалардың әкімшілік жауаптылығы туралы мәселе көтерілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік 28 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеген. Ол бойынша 23 адам жауапкершілікке тартылған. Прокуратура органдары болса, 331 қадағалау актісін енгізді, 493 адам тәртіптік жауапкершілікке, 540 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осыған байланысты, тиісті мемлекеттік органдарға бөлінген қаржының жұмсалу заңдылығы мен тиімділігіне мониторингті жалғастыру, Жол картасын іске асыру жұмысын тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету, қаржы тәртібін сақтау және мердігер ұйымдардың жаңа жұмыс орындарын ашу кезіндегі міндеттемелерін орындауын бақылауда ұстау ұсынылды.

Екінші мәселе аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу шараларын қабылдамағаны және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігін арттыру институтының тиімділігі қаралды.

Бұл институтты енгізу қажеттілігін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірнеше рет атап өткен еді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 108 мемлекеттік қызметші мен қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның 15-і отставкаға кеткен, ал 93 тұлғаға түрлі тәртіптік жауапкершілік жүктелген.

Тұтастай алғанда, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі іс-шараларға байланысты басшылардың тікелей тартылуын талқылау нәтижелері жаңа заңнамалардың нәтижелі іске асырылып жатқанын және алға ілгерілеу бар екенін көрсетті.

Сонымен қатар аталған жаңа өзгерістерді жүзеге асыру кезеңінде аталған бағыттағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттілігі айқындалды.

Осы мәселелерді ескере отырып, уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстарды одан әрі пысықтауды және іске асыруды жүзеге асыру ұсынылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді, олардың орындалуы бақылауға алынды.