Әлем • 03 Маусым, 2021

Түркия мен Грекия келісе алар емес

764 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркия мен Грекия арасында Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі шекараға қатысты бірнеше жылға созылған дау былтыр тағы өршіген болатын. Ливиядағы операцияны сәтті аяқтаған Анкара даулы аймаққа кеме жіберді. Грекия тарапы Түркияны қайтару үшін Мысыр, Франция, БАӘ-ге көмек сұрап жүгінген еді.

Түркия мен Грекия келісе алар емес

Жерорта теңізіндегі шиеленіс артқан сайын әскердің араласуы да үдеді. Грекия тарапы түрік кемелерін бақылау үшін фрегат жіберді. Бірақ былтыр тамызда бірін-бірі бақылап жүрген екі кеме соқтығысып, дау өрши түскен болатын.

Сәуір айында екі жақтың сыртқы істер министрлері кездесті. Дегенмен, кездесудің өзі шешімге келудің орнына, таласқа толы болды. Анкарада өткен жиында министрлер бірқатар мәселенің басын ашты. Одан кейін Түркия Сыртқы істер министрі Афиныға сапарлап барды. Мұны Грекия тарапы кішігірім жеңіс санады.

Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлыны қарсы алған грекиялық министр Никос Дендиас  «Бұл кездесудің негізгі мақсаты – ортақ жерді анықтап, егер мүмкіндік болса жағдайды ретке келтіру, ең болмағанда ұзақ уақытқа тыныштық орнату», деді.

Нәтижесінде екі ел өкілдері келісіп, ортақ қарар алды. Бұл жердегі негізгі мақсат – Кипр мысалындағыдай теңіз шекарасына қатысты жағдайды болдырмау. Екі мемлекет те шиеленісті болдырмауға ниетті екенін білдірді.

Грекия былтыр бұл мәселеге қатысты Еуроодаққа шағым айтқан-ды. Жағдайды назарға алып, Түркияға қатысты санкция қарас­тыруды да ұсынды. Анкарамен талқыға түскен барлық мәселе Еуропа одағына толық қатыс­ты деген уәж айтты. Дегенмен, кездесу соңын­да Грекия Сыртқы істер министрі «Мевлют Чаву­шоғлы досыммен екіжақты қарым-қатынас мәселелерінде келісімге келе алдық. Сонымен бірге Түркия мен Еуроодақ байланысы да талқыланды», деді.

Грекияның талабын Еуропа одағы орын­дағысы келмеді. Әсіресе Германия санкция салуға қарағанда, келешекте шиеленіс бәсеңдеп, жағдай түзелгенде серіктестікті арттыруды көздеп отырғанын жасырмады.

Грекия Еуропаның көмегіне жүгінуіне жауап ретінде Еуропа Кеңесінің президенті Шарль Мишель «Еуропа одағы мен Түркияның серіктестігі барлық мәселе өз шешімін тапқанда ғана алға жылжиды. Әсіресе Грекия – Түркия мәселесіне назар аудару керек», деді.

Түркия бұл талаппен келісуге мәжбүр сияқты. Өйткені Анкара Еуропа одағымен кеден келісіміне қол қоюды көздеп жүр. Бұған дейін Түркия Одақтан өз азаматтары үшін виза саясатын жеңілдетуді сұраған болатын.

Оған қоса, Түркия – Еуроодақтың сауда серіктесі. 2020 жылы екі тарап арасындағы тауар айналымы 132,4 млрд еуроға жетіп, Түркия Одақтың сауда серіктестері тізімінде алтыншы орынға жайғасты.

Оның үстіне Түркия Еуроодаққа кіруге мүдделі екенін естен шығармаған жөн. Дегенмен, бұл мәселенің шешімі әзір табыла қоймасы анық. Өйткені арадағы жағдайларға байланысты бұл мәселе кейінге қалдырыла беруде. Мәселен, мамыр айының басында Еуропа Парламенті Түркиядағы адам құқықтары мен демократия жағдайына қанағаттанбайтынын білдіріп, Түркияның өтінішінен бас тартуды ұсынды. Бұған Сыртқы істер министрлігі Грекияны кінәлап, мұндай шешімде олардың үлесі бар деп айыптады.

Ал Грекия түрік министрінің сапарын Еуропа одағымен жағдайдың нашар екенін мойындау және оны түзетуге қадам деп қабылдайды. Сондықтан мұны кішігірім жеңіс ретінде қабылдап отыр. Афины «бұл іссапар Еуропамен байланысқа ниет» деген пікір білдірді.

Алайда келіссөз жақсы нәтиже бере қоймады. Қайта екі тарап бір-біріне деген сенімін жоғалт­қандай көрінді. Жақында Грекия үкіметі­нің басшысы Константинос Мицотакис Түр­кия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кезде­суі керек. Алайда сарапшылар күн тәрті­бін­де шиеленіске нүкте қою жоспары көрінбейді деген пікірде.