«Оливер Стуон мырза бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған Орталық Азия мемлекеттерін осыған дейін жан-жақты зерттеген. Әлемге ұсынуға лайық тұлға іздеген. Жаңа заманның жаңа көшбасшысы ретінде таңдауы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа түсіпті», деді Қырымбек Көшербаев өз сөзінде.
Мемлекеттік хатшы Елбасының мұндай туындыға қай жағынан да лайықты саяси тұлға екенін атап өтті.
«Бұған байланысты мен бір-екі дүние айтайын. Бізде Ұлы далада, қазақ елінде қалыптасқан бір жақсы дәстүр бар. Ол – «Еліңде кімің бар?» деп сұрақ қою. Өйткені әр елдің келбетін оның табиғатының ландшафты емес, жерасты байлығы емес, тұлғалары, қабырғалы азаматтары қалыптастырған», деді ол.
Фильм таныстырылымы барысында Оливер Стоун бұл жолы өзінің фильм продюсері, Президентпен сұхбаттасушы болғанын, ал режиссері – украиналық маман Игорь Лопатенок екенін айтып өтті. «Мен Президентпен сұхбат жүргіздім және фильмге продюсер ретінде атсалыстым», деді америкалық режиссер.
Игорь Лопатеноктың айтуынша, «Qazaq. Алтын адам тарихы» фильмін түсіруге 19 ай кеткен.
«Фильм жұмыстары 19 айға созылды, біз бірнеше сұхбат сессияларын өткіздік. Осыдан кейін бүкіл ел көлемінде экспедиция жасауды жоспарладық. Өкінішке қарай, экспедиция пандемияға байланысты үзіліп қалды. Бірақ бұл жайт бізді тоқтата алмады. Инфекциядан қорқу керек, бірақ біз өз міндетімізді де орындауымыз қажет. Менің ойымша, біз бұл фильмді мүмкіндігімізден асырып түсірдік. Мұны өз өмірімдегі ең жақсы жұмыстардың бірі деп санаймын», деді фильм режиссері.
Сонымен қатар Игорь Лопатенок Оливер Стоунды өзінің ұстазы деп санайтынын айтты.
Іс-шара барысында америкалық маманға «Сіз қарапайым америкалықтарға Қазақстанды қалай сипаттар едіңіз?», деген сұрақ қойылған болатын. Ол: «Сізге Қазақстанды түсіну қиын болуы мүмкін, бірақ ол – әлемнің болашағы үшін өте маңызды ел. Қазақстанда талантты адамдар көп. Бұл – өте прогрессивті ел. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап, бүгінгі күнге дейін Қытай сияқты, Қазақстанда да үлкен өзгерістер болып жатқанын көріп отырмыз. Бұл – үлкен үлгі және алып ел», деді кино маманы.
Фильмнің режиcсері Игорь Лопатенок кадрға кірмей қалған сәттер кітап болып шығатынын мәлімдеді. «Фильмге енбеген сәттер бар. Сондықтан біз кітап шығарамыз, оның 700-ге жуық беті өңделмеген материалдардан тұрады. Жуық арада осы істі қолға аламыз», деді ол.
Режиссер туынды бүкіл әлем көрермендеріне арналғанын, сол арқылы Қазақстан мен оның көшбасшысын таныту жоспарланғанын атап өтті.
«Біз Еуропа мен Азиядағы, Америкадағы бірнеше фестивальге қатысамыз. Мен қазір бәрін алдын ала айтқым келмейді. Бірақ байқауларға қатыспаймыз деп шештік. Өйткені кадрда Оливер Стоун мен Нұрсұлтан Назарбаев көрінгенде жетістікке жету оңай. Ал ондай байқауларға фильм бюджетіне ақшаны әрең тауып жүрген тәуелсіз кинематографистер қатысуы мүмкін. Мен олардың еңбегін еш еткім келмейді», деді Игорь Лопатенок.
Одан кейін фильм көрсетілімі болды. Фильмнің алғашқы көрсетілімін авторлармен бірге Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті Ақан Сатаев, Мәжіліс депутаттары және мәдениет пен өнер майталмандары тамашалады.
Ақтоты Райымқұлова: «Осы тамаша фильм үшін Оливер Стоун, Игорь Лопатенок, Игорь Кобзев, композитор Карло мырзаларға, бүкіл түсірілім тобына, осы жобаға атсалысқан әрбір адамға өз атымнан, Мәдениет және спорт министрлігінің атынан айрықша алғыс айтқым келеді», деді. Министрдің айтуынша, бұл – Тұңғыш Президент туралы түсірілетін соңғы фильм емес.
«Елбасының тұлғасы туралы әлі талай фильм түсіріледі, көптеген кітаптар жазылады деп ойлаймын. Оливер Стоун мырза айтқандай, әлем көшбасшысы – бұл біздің Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елбасы тұлғасының ауқымын тану арқылы тәуелсіздігімізге 30 жыл толғанын мақтан тұтамыз», дей келе, ол Елбасының тәуелсіздік жолындағы еңбегіне де тоқталды.
«Біз өте бақытты халықпыз, осындай ғажап елде өмір сүріп жатырмыз. Біз – ұлы тарихтың, ұлы мәдениеттің мұрагерлеріміз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекет басшысы ретінде бізге тәуелсіздік әкелді», деді Мәдениет және спорт министрі.
«Біздің мәдени, рухани өмірімізде тағы бір үлкен жоба іске асты. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында әрқайсымыздың тарихымыз осы бір кішкентай туындыда көз алдымыздан өтті. Сондықтан мұндай туындылар көп болуы керек деп ойлаймын. Өйткені бұл – танымдық, үлкен материал. Туынды Елбасымыздың тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіндегі, қалыптасып нығаюындағы рөлін аса айқын көрсетіп өтті. Сондықтан мұндай туындыларды тек ішкі аудиторияға ғана емес, шетелде насихаттап, көрсету өте маңызды», деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева. Ол тәуелсіз Қазақстанның тағдыршешті оқиғаларға толы ауқымды тарихынан фильм жинақтап шығару оңай болмағанын айтты.
«Шығармашылық топқа осы еңбегі үшін алғыс айтқым келеді. Мен мұның өте ауқымды материал болғанын, оны жинақтау өте қиынға түскенін білемін. Өйткені тәуелсіздік жылдарындағы әрбір сәтті, әрбір оқиғаны өз бойынан өткізіп қабылдаған Тұңғыш Президенттің аузынан шыққан әрбір мәлімет маңызды, қызық болды деп ойлаймын. Осынша ауқымды материалдың арасынан тамаша фильм ықшамдап алып шығу – үлкен еңбек. Фильм өте сәтті шыққан. Сондықтан авторларына алғысымды жеткізе отырып, әрі қарай да шығармашылық табыстарға жете беруін тілеймін!», деді Аида Балаева.