Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өткен жиынның ашылу рәсімінде өңір басшысы Оңдасын Оразалин ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі «Әдебиет. Рух. Қоғам» форумына жиналғандарды құттықтады. «Алаш қозғалысының көшбасшысы Ахмет Байтұрсыновтың «өз тілінде сөйлейтін және өз әдебиеті бар халық қана дербес өмірге үміткер бола алатынын ешқашан ұмытпауымыз керек» деген сөзін есте ұстасақ, форумның басты мақсаты –қазақ әдебиетінде елеулі із қалдырған Ақтөбе өңірінің көрнекті тұлғаларының есімдерін танымал ету және жаңа таланттарды анықтау», дей отырып, өңір басшысы соңғы жылдары Ақтөбе облысында қазақ мәдениеті мен әдебиетін насихаттау және дәріптеу бойынша жүзеге асырылған жобаларға қысқаша тоқталды. Соңғы жылдары Ақтөбеде Алтын Орда дәуірінің қолбасшысы және мемлекет қайраткері Ер Едігенің, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың ескерткіштері ашылды. Киелі нысандарды жаңғырту мақсатында да ірі жобалар іске асырылып жатыр. Мәселен, Алтын Орда дәуірінің ескерткіші – Абат Байтақ кесенесі мен Хан моласы мемориалдық кешеніне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ХІХ ғасырдың көрнекті діни қайраткері, ағартушысы Досжан Қашақұлы хазірет кесенесі мен мешіті қайта қалпына келтірілді. Екі жыл бұрын Темір ауданындағы Тасқопа қорымынан табылған сармат дәуірінің ескерткіші – Алтын адамның киімдері қалпына келтірілді. Тасқопа жәдігеріне арналып, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Сондай-ақ Ақтөбе облысынан шыққан белгілі ақын-жазушылардың үздік шығармаларының жинағы шығарылды.
Айта кетейік, екі күндік форум аясында «Едіге деген ер екен» атты республикалық жыршылар байқауы, Табылды Досымов атындағы бард әндерін орындаушылардың республикалық конкурсы да ұйымдастырылды.
Форум аясында бір жыл бұрын жарияланған әдеби байқаудың 10 номинациясы бойынша жеңімпаздар марапатталды. Әдеби шығармалар бәйгесінде жүйрік шыққан қаламгерлерге Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Тахауи Ахтанов, Бәкір Тәжібаев, Үмбетбай Уайдин, Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов атындағы сыйлықтар тағайындалып, жас қаламгерлерге стипендиялар табыс етілді.
Осы күні Ақтөбе қаласының ағайынды Жұбановтар көшесінде композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергеновке қос бірдей ескерткіш ашылды. Бұл рәсімге Шәмші Қалдаяқовтың әпкесі Райхан Домбаева және ақын Төлеген Айбергеновтің қызы Махаббат Айбергенова де қатысты. Шәмші Қалдаяқовтың аталары Хромтау ауданындағы Қарабаз деген жерде тұрған. Төлеген Айбергеновтің аталары 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде қазіргі Байғанин (бұрынғы Табын) ауданынан қарақалпақ жеріне көшіп кеткен. Айта кету керек, бұл – елімізде Төлеген Айбергенов өмірден өткеннен кейін жарты ғасырдан соң қойылған тұңғыш ескерткіш.
Форум соңында әдебиетсүйер оқырмандардың басын қосып, жастар шығармашылығын дамытуда осындай басқосуларды жыл сайын өткізуді қалыпты үрдіске айналдыру жөнінде айтылды.