Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы шоғырдың тарих ғылымындағы ашқан жаңалықтары мен артында қалған мұрасын зерделей келе, мынадай пайым-тұжырымға еріксіз келеді екенсің: 30-шы жылдар – қазақ қырылған жылдар. Орнында барлар оңалсын деген шығар, түпжаратушымыз тап сол қасіретті жылдарда әрқайсысы 100, 1000 қазаққа татитын перзенттер берген екен. Бәрі адам төзгісіз қиыншылықтарды жеңе жүріп, университет бітірді. Қуғын-сүргін көрді, «Бекмаханов ісіне» күйінді. Тума таланттарын жазбай таныған әріптес ағалары қамқорлыққа алып, сол жылдарғы ғылым мен білімнің қара шаңырақтарына жұмысқа орналастырды. М.Қозыбаев та 1958 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жанындағы партия тарихы институтына ауысты. Кейініректе абзал ағалары туралы: «Біз ағаларымызға қарап бой түзедік, өстік, өндік. Қатар жүрген ағаларға әрқашан қарыздар болатынымыз осыдан», деп жазғаны бар.
Екі мүшелге жуық кейініректе дүниеге келген біздер топжарған шоғырдың шарапатын көріп есейдік. 1971 жылы Қазақ университетінің тарих факультетіне абитуриент күннен Манаш Қозыбаев есімін естідім десем, еш артықтығы жоқ. Екінші курста кеңестік Қазақстан тарихын оқуға кірістік. Семинар, коллоквиум сабақтарына даярлық барысында қаламынан туған «Казахстан – арсенал фронта» монографиясымен таныстым. Сарыауыз балапан шағымыз. Соның өзінде кітаптың бай дерегі мен кереқарыс көлемі қайран қалдырды. Арада 40 жылға жуық уақыт өткенде Сара Пішенбайқызының және Ілияс Манашұлының рұқсатымен сол кітапты Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғылыми кеңесінің шешімімен қайта шығару мүмкіндігі туды.
Университетті аяқтайтын жылымызда Қазақстан коммунистерінің кезекті съезі шақырылып, есепті баяндамада М.Қозыбаевтың З.А.Голиковамен теңавторлықта жазған «Золотой фонд партии» кітабы сынға ұшырады. Партияның ұлттық кадр саясаты қате зерттелген деген айып тақты. Бүгінгі күн биігінен қарасақ, сын деп айтуға тұрмайтын «жаптым – жаланың» нағыз өзі. Жау алыстан келмеді, іштен шықты. КОКП атына қылаудай кір жұқтыруға болмайтын заман ғой. Қырағы идеологтар түймедейді түйедей айналдырып, Мәскеу билігінің жанына жағатын жаппарқұлдық танытады. Өздеріне өздері қандай үкім кескенін 2001 жылы шыққан «Жұлдызым менің» кітабында былайша сипаттаған екен: «партияның кадр саясатын зерттеу оның барша құпиясын ақтарады, партияның ұлы державалық сырын ашады, ұлтқа деген сенімсіздігін көрсетеді екен. Бұл тақырып, шын мәнінде, жабық проблема. Біз оның жанды жеріне пышақ салғандай болдық. Кадр мәселесі Қазақстан партия ұйымында құпиясы көп өмір саласы еді». Әсіре қызылдар Манаш ағамызды партия тарихы институтынан кетуге мәжбүрледі. Тоталитаризм туындатқан идеологиялық орта еркін ойлы ғалымдарды қабылдамайтыны қайта құруда партия тарихы институтында жұмыс істеген М.Қойгелдиев пен Т.Омарбеков тағдырынан да көрінді. Бұл, әрине, басқа әңгіме.
Қарап тұрсақ, ағамыз ақиқатты айтуды партиялық тәртіптен жоғары қойған екен. Әйтпесе, ақсақты тыңдай, өтірікті шындай соға беруге болар еді. КОКП-ның кез келген съезін марксизмнің салтанатты шеруі ретінде дәріптеумен мыңдаған ізденуші ғылым докторы немесе ғылым кандидаты аталып жатқаны өтірік емес-тін.
Турасына келгенде, менің ойымша, билік әділ сөзді жазалаймын деп ғалымға жарнама жасады. Соның алдында ғана О.Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабымен күрестен осындай нәтиже шыққан еді.
Уақыт өтіп жатты. Билік оңбай қателескенін, алмас қылыш қап түбінде жатпайтынын түсінсе керек, 70-жылдардың аяғына қарай М.Қозыбаевты шетқақпайлау тоқтады. Мәселенің мәнісі билікте емес, Кеңестер Одағы тарихшылар көрсеткен қолдауда дейді Манекең. «Мүмкін, депті естелігінде, мен сол бір тұста осындай ғажайып қолдау таппасам, майысып, қайысып, мүжіліп, нәзік жүрегім жарылып, өліп кетер ме едім...». Тоқырау асқынып тұрған тұста Қазақ энциклопедиясына бас редакторлыққа тағайындалды, Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденттігіне сайланды.
Энциклопедия шығару – интеллектуалды ұлттың қолынан келетін шаруа. Француздар оны XVIII ғасырда бастап кеткен болатын. Қазақ энциклопедиясының негізін М.Қаратаев пен М.Қозыбаев қалады. Кейінде осынау өркенді істі Р.Нұрғали мен Ә.Нысанбаев жалғастырды. Өкініштісі, кейінде білім-ғылымның інжу-маржаны топтастырылатын энциклопедиямыз Қазақстан Президенті жарлықтарының жинағына айналды. Бүгінгі ахуалын айтуға болмайды. Жалпыұлттық идеяларды жүзеге асырып жатқан 70-80-жылдар межесіндегі Манекеңнің оттай жанып тұрған бейнесі әлі көз алдымда.
М.Қозыбаев 80-жылдар ортасына қарай Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына қызметке келіп, бөлім меңгерушісі міндетін мойнына алды. Институттағы жас ғалымдар кеңесін басқарушы едім. Бір жолы институт жастарының ғылыми конференциясына қатысуға шақырдым. «Бізді қайтсін» деп ойлағаным рас. Жоқ, бірден келісімін берді. Аядай бөлмеде өткен конференциямызда басынан аяғына дейін отырды. Баяндамалар бойынша сұрақтар қойды, пікірін білдірді. Шеберлік сыныбынан өткен біздер біліміне, ғылымына, қарапайым мінезіне дән риза болдық.
80-жылдар аяғынан өмірінің жұлдызды дәуірі басталды. 1988 жылғы 30 маусымда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының ғылыми кеңесі, партбюросы, кәсіподақ комитеті мен комсомол бюросы бірлескен отырысында М.Қозыбаевтың кандидатурасын институт директоры қызметіне ұсынса, 19 шілдеде ұжымның жалпы жиналысы жасырын дауыс берумен директорлыққа сайлады. 1989 жылы ҰҒА академигі, 1990 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты биіктеріне көтерілді. Тарихшылар қауымының мақтанышына, қамал-қорғанына айналды. Өткеніміз жайлы мәселе көтеріле қалса, республика жұртшылығы Манекеңнің аузына қарады. Тарих білімі мен ғылымы саласындағы бірде-бір өзгеріс назарынан тыс қалмады. ЖОО-ларда «Қазақстан тарихынан» мемлекеттік емтихан қабылдаудан мектеп оқулығын жазуға дейін өзі тікелей араласты. Ә.Марғұлан атындағы Археология институты шаңырақ көтерді. Тархи-ағарту «Әділет» қоғамын басқарды, «Отан тарихы» журналы шыға бастады. Әйгілі хандарымыздың, батырларымыздың, айтулы оқиғалардың ұлықталуына бастамашы да өзі еді. Мәскеудің өктемдігімен есімі мен ісі әділ бағаланбай келген тұлғаларымыз, қуғын-сүргін құрбандары қайта тірілді.
Әлдекімді жамандайық деген ойымыз жоқ. Дегенмен, айтпауға болмайтын ақиқат бар: Қазақстандағы тарихшы ғалымдардың сол заманда жартысынан астамы КОКП тарихынан ғылыми атақ-дәрежені иеленгені рас. Солардың ішінен социалистік идея күйреген соң жалғыз Манаш ағамыз топ жарып алға шықты. Бұл кешегі партия тарихын зерттеушілердің қатарынан озып шықты деген сөз емес. Бейнелеп айтар болсақ, 1988 жылдан дүниеден озған 2002 жылға дейінгі аралықта жазылған еңбектері мен сөйлеген сөздері отандық тарих ғылымын теориялық, методологиялық, деректанулық, тарихнамалық, цифрландыру, құрылымдық, мазмұндық, кадрлық тұрғыдан қайта түлетті. Солардың бәрі дерлік күні бүгінге дейін жадыны, сананы, танымды тереңдетуге қызмет етуде. Ұлттық тарихқа қойылатын талап табиғатын тәуелсіздіктің елең-алаңында-ақ жүйелей алды. Оған 1993 жылы айтқан мына сөздері айғақ-дәлел: «...асығыс-үсігіс, аттың жалы, түйенің қомында жазылған шалағай да дүрегей, шикілі-пісілі тарих емес, өткен-кеткен, бүгінді салыстыра отырып, архив – архивтегі әр құжатты көзден таса қалдырмай, Абай атам айтқандай, зеректік тезінен өткізіп барып, бас тарихты жазып, оқырманға: «Бұл кітаптың ішінде бірде-бір жалған жол, өтірік сөз жоқ» деп ұсыну керек. Ол үшін уақыт, маңдай терді сыпырған еңбек, ең бастысы, үкіметтің қамқор көзі керек».
Ақтаңдақтар ақиқатын ашуға жегілумен төл тарихымыздың тамыршысына айналғанын дос та, дұшпан да көрді.
Нағыз топжарған М.Қозыбаевтың жанынан заңгер С.Зиманов, экономист К.Сағадиев, математик Ө.Сұлтанғазин, әскери генерал А.Тасболатов, жас саясаткер М.Құл-Мұхамед озық ойлы тарихшылар табылды.
Мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланғанда Манекең 60 жасқа толған еді. Осыншама уақыт тас қамалда бұлқынған таланты бостандыққа шықты. Қазтуған жыраудың «Мадақ жырындағы»:
Бұлыт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын өтіп бұзып дінді ашқан, –
деген жолдар да қоғамдағы жойқын әлеуметтік-рухани сілкіністен туындаған шығар.
Тәуелсіздік тұсындағы ғұмыры 10 жылдан 1 ай асқанда үзілді. Өмір бойы жинаған энциклопедиялық білімін осынау қысқа ғана мерзім ішінде халқымыздың игілігіне, интеллектуалды әлеуетіне, дұрыс тарихи сананы қалыптастыруға қалтқысыз жұмсады. Мына тамашаны қараңыз: 1991 жылға дейін қанша еңбек жазса, азаттықтың 10 жылы ішінде сонша дүние жазыпты. Өзі өмірден озғаннан кейінгі 20 жыл ішінде қайта басылған кітаптарының саны мен таралымы көзі тірісіндегісінен де асып кетті. Мұндай құбылыс ұлыларға ғана тән. Ғалымның хаты өлмейді деген қағида – осы.
Жазған кітаптарынан, жариялаған мақалаларынан, сөйлеген сөздерінен кемеңгерлік пен кемелдікті, тұтастық пен толағай толғанысты, сенім мен көрегендікті танимыз. Зерттеу нысанына айналдырған мәселенің мәні мен қырларын анықтауға ерекше басымдық бергені бір ғана интеллигенция туралы анықтамаларынан айқын көрініп тұр. 1999 жылы жариялаған «Қазақ зиялылары хақында» мақаласында ойын былайша дәйектепті:
«Интеллигенция – ұлттың ұйтқысы, қамқоршы қорғаны.
Интеллигенция – ұлттың тірегі, рухани білегі.
Интеллигенция – ұлттың шам-шырағы, қайнар бұлағы.
Интеллигенция – ұлттың ой-арманының биігі, асылар иығы.
Интеллигенция – ұлттың жасампаз батыры, қиын-қыстаудағы жанашыр жақыны.
Интеллигенция – ұлттың сарқылмас қоры.
Интеллигенция – ұлттың бір қанаты, әлем таныр санаты.
Интеллигенция – ұлттың айбыны, әлемдік кеңістікке жүзер айдыны.
Ұлттың интеллигенциясы құрыса, ол құрдымға кетеді. Ұлт интеллигенциясынан айырылса, қанатынан қайырылады. Ұлттың мысы құриды, жасиды, майысқақ келеді. 1937-1938 жылдардағы қанды террор, ұзақ жылдарға созылған отаршылық, геноцид саясаты зиялы қауымның жүрегін шайылдырды, оның әсері бүгін де байқалады».
Ұлттық элита, батыр, азамат дегеніміз кімдер төңірегіндегі сұрақтарға жауабынан да терең таным сәулесі төгіліп тұр.
Бұдан да маңыздысы – Манаш Қабашұлының екі дәуірді қамтыған өмір жолын көктей шола қараумен Қазақстанның кеңестік және азаттық тарихын шынайы зерттеуге шылбыр ұстататын методологиялық ұстанымды байқауға болады. Өйткені барша тағдыры екі үрдістің ықпалдасуы аясында өрбіді: бірі – әлеуметтік-кәсіби қалыптасуының өркениеттік-ұлттық бекем тұғырларынан ажырамай, қайта соны жаңашыл ізденіспен байыта алғанына қоса ұлттық тарих ғылымының әлеуетін ел мен жердің, ұрпақтың болашағына бағыштағаны, екіншісі – сол әлеуетті кеңестік тоталитаризмге қарсылық көрсетуге қолданғаны.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен бүгінде Отан тарихының көптомдығы даярлануда. 1731-1991 жылдар шегіндегі үш ғасырға жуық шежіремізді түзетін авторлар академик ағамыздың мол мұрасын барынша тиімді пайдалана алатынына сенгім келеді. Социалистік дәуірдің ақиқатын, құпиясы мен жұмбағын ашуда Қазақстандағы кеңестік тоталитаризмге қарсылық және жасампаздық деген методологиялық пайымдарға басымдық берсе, оның мазмұны мен ерекшеліктерін анықтаушы фактор ретінде бағаласа, толымды нәтиже алар еді. Меніңше, тап осы ұстаным көптомдық зерттеудің өресі мен кеңістігін жаңаша қалыптастыруға, тарихи қозғалыстың ұлттық болмысын тереңінен ұғынуға мүмкіндікті молайтады. Қарсылықты ғылыми дәйектеумен тәуелсіздіктің аспаннан түсе қалмағанын, объективті заңдылығын ұғынамыз, жасампаздық методологиясы арқылы «Мәңгілік ел» ұлттық идеямыздың бастау-бұлағын, бүгінмен сабақтастығын көреміз.
Қысқасы, манаштану саласы енді қалыптасып келеді. Жалған ғылым құмға сіңген судай жоғалады, уақыт пен ұрпақтар сабақтастығын ақиқат қана нығайтады.
Біртуар тұлға Манаш Қозыбаев, өзі жазғандай, аласұрған ХХ ғасырда дүние есігін ашып, ХХІ ғасырдың басында өмірден озды. Уақыт мойнына артқан білім мен ғылымның, билік пен саясаттың, ел мен ердің жүгін діттеген межесіне жеткізіп, елі мен халқының алдындағы борышын қалтқысыз атқаруымен ұлт тарихынан мәңгілік орнын тапты.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
ҰҒА академигі