Таным • 10 Қараша, 2021

Ғибрат тұтар ғұмырлар

879 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

XIX ғасырда өмір сүрген америкалық философ Джон Мильдан «Мемлекеттің қадір-қасиеті оны құрайтын тұлғалардың қадір-қасиетіне байланысты» деген сөз қалыпты. Ал Франческо Петрарка «Нағыз асыл адам дүниеге келмейді, ол ұлы істері арқылы қалыптасады» деген екен. Ертеде айтылған есті сөздер әлі күнге маңыздылығын жойған жоқ. Жоймайды да. Бұл ретте ағайынды Әшімбаевтардың өмір жолы жоғарыда айтылған даналықтармен үндесіп жатқандай көрінеді.

Ғибрат тұтар ғұмырлар

Тұтқабай Әшімбаев – майдан даласында

Аты алысқа тараған Тұтқабай Әшім­баев туралы осы күнге дейін аз сөз ай­тылған жоқ. Оның кесек тұлғасын, ұлы істерін айшықтайтын биік сөз, жылы естеліктер әлі де айтылары күмәнсіз. Оның 100 жылдығы биыл Ақтау, Алматы және Өскемен қалаларында аталып өтілді. Өзі туып-өскен Шу шаһарында да жүз жылдықты түйіндеген тамаша шара ұйымдастырылды. Соның бәрінде Тұтқабай Әшімбаевтың есімі мен еңбегі халық жадында сақталғанын көріп, сүйсіндік. Ұлы адамдардың соңында осындай ұмытылмас естеліктер мен еңбектердің қалуы да заңдылық шығар.

Оның есімі аталған жерде еліміздің Шығысы еріксіз ойға оралады. Өйт­кені Тұтқабай Әшімбаев Қазақстан Ком­партиясы Шығыс Қазақстан облыстық комитетінің екінші хатшысы ретінде бұл өлкеде өшпес із, өлмес мұра қалдырды. Ол өңірдің өнеркәсібін өрге сүйреді. Кадрдың да қадірін жақсы білді. Ел мен жерге деген сүйіспеншілігі әрдайым оны ерекшелеп тұрды. Ел игілігіне бағытталған істерінің әлі күнге дейін халық жадынан ұмытылмауының сыры да осында.

Ағаның еңбегі еленбей қалған жоқ. 1973 жылы жаңадан құрылған Маңғы­шлақ облыстық комитетінің бірінші хат­шы­лығына тағайындалуы сол еңбектің еленгені һәм үлкен жауапкершіліктің жүк­телгені емес пе?! Ол бұл өңірде де өмір­шең жобаларды жүзеге асырып, мұнайлы өлкенің әлеуетін дұрыс жолға бағыттай білді.

Тұтқабай Әшімбаевтың әулетіне деген қамқорлығы да бір бөлек әңгіме. Айналасына үнемі шуақ шашып жүретін ол, Өскеменге қызмет бабымен ауысқанда өзімен бірге жиені – мені де ерте келді. Сол кездегі Ленин атындағы Қазақ поли­те­хникалық институтын бітірген мен қаладағы зауыттардың бірінде цехқа же­тек­шілік еттім. Тұтқабай аға жиенінің шаңырақ көтеріп, бас құрауына да ықпал етті. Зайсан ауданының тумасы Гүлмира есімді бойжеткенмен таныстырып, табыс­тырды. Ағаның алқауымен құрылған Әлімбетовтер шаңырағы бүгінде үлгілі, өнегелі отбасыға айналды. Бір шаңырақтан екі ғылым докторы шықты.

Тұтқабай Әшімбаев 1940 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылды. Ол кезде Үлкен Шу каналында техник-құры­лысшы болып жұмыс істейтін. Әскери міндетін Ростовтағы Дон қаласының батысындағы жаяу әскер полкінде бас­тады. Аға өз естеліктерінде әскери өмір­ге енді араласқан жастардың қандай қиын­дықтардан өтіп, шыңдалғанын, ко­ма­ндирлердің қатаң талабы жігіттерді шынықтыра һәм ширықтыра түскенін жақсы баяндайды. Соғыс басталғанға дейін тыңғылықты әскери дайындықтан өткен Тұтқабай аға ату, жақыннан ұрыс салу мәнерін жетік меңгерген. Күзет қызметіне де ыждаһатты. Оның саяси дайындығы да өзгелерден дараланып тұратын. Жаяу әскер қызметінің қиындығы көп, әлбетте. Бірақ мұндай ауыртпалықтарды сергектігі мен ұтқырлығының арқасында оңай еңсеріп шықты. Ол қабілеті мен сауаттылығының арқасында батальондағы замандастарының алды болды.

Сол кезде жағдай тым шиеленісіп, неміс авиациясы елдің қорғанысын қирата түскені тарихтан белгілі. Кейін жаудың ауыр артиллериясы іске кірісті. Бұларға қарсы тұру біздің тарапты біршама титық­тата түскені де жасырын емес. Жау әскері Ростовтағы Дон қаласын басып алуды көздеді. Қатардағы жауынгер Тұтқабай Әшімбаев әскери қызметін өтеп жүрген батальон қарсы тараптың шабуылдарына тосқауыл қойып, өз позициясынан шегінген жоқ. Бірақ екі тараптың күші тең емес еді. Біздің әскер немістің ауыр артиллериясына зеңбірек, граната, автомат, винтовка секілді жеңіл-желпі қарумен ғана қарсы тұрды. Соған қарамастан қарсы тараптың шабуылдары нәтижесіз аяқталып жатты. Біздің жігіттерді рух пен намыс, бірлік пен тұтастық алға жетеле­гені даусыз. Тұтқабай Әшімбаевтың есте­лік­терінен білетініміз – жаяу әскердің негізгі бөлігі Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен шақырылған жас жауынгерлерден құралған. Тұтқабай аға әуелде олардың шабуыл кезінде қорқынышқа бой алдырып, кейіннен иектеген үрейді үлкендердің көмегімен жеңіп шыққанын айтып отыратын.

Ростовтағы Дон қаласы жаудан азат етіліп, 1941 жылғы желтоқсанның соңы мен 1942 жылғы қаңтардың басында кейбір әскери бөлімдер қалаға қайтарылып, қайта жасақтала бастады. Сапында Тұтқабай аға бар батальон да қайта жасақталуға жібе­рілді. Взводтардың, роталар мен ба­тальондардың жеке құрамы НКВД тарапынан мұқият тексерілді. Қатардағы жауынгер Тұтқабайға ешқандай ескерту жасалған жоқ. Білімділігімен, әскери тәртіпке беріктігімен көзге түскен ол басшылықтың сенімін ақтады. Әскери бөлімдерді қайта жасақтау кезінде кіші командирлердің жетіспеушілігі анық бай­қа­лады. Лайықты жауынгерлерді кіші командирлерді даярлау курстарына жіберу туралы шешім қабылданады. Бұл қатарға Т.Әшімбаев та алынады. Оны Таш­кенттегі жаяу әскер училищесіне жібереді.

Тұтқабай Әшімбаевтың жеке қорында оның майдандағы жолдастары жазған газет мақалалары мен хаттар сақталған. Онда Тұтқабай ағаның жауынгерлік іс-қимылдарға қатысудағы ерекше қабілеті толық қамтылған. Жылы естеліктер де жетерлік. Мәселен, «Казахстанская правда» газетіне 1986 жылы Ростов облысынан хат келіпті. Автор Б.Федоренко былай деп жазады: «Лейтенант Т.Әшімбаевпен 1942 жылы Ташкент түбінде таныстық. Оқу орнындағы партия ұйымының хатшысы ретінде Тұтқабай жауынгерлер, сержанттар мен офицерлер арасында ауқымды тәрбие жұмыстарын жүргізді. Пікірталасты жақсы көретін. Саяси та­ны­мы­ның кеңдігі, ойлау қабілетінің жоғарылығы, дәлдікпен сөйлеуі бәрімізді таңғалдыратын. С.Тұтқабаевпен өткен күндер қызықты еді.

1944 жылдың мамырында бізді май­данға жіберді. 1-ші Балтық майданына кірісімен Тұтқабайды 31-ші шека­ра пол­кінің маневрлық тобы саяси бө­лім коман­дирінің орынбасары етіп т­а­ғайындады.

Бешенковичи қаласының аумағындағы орманда маневрлық топ қиян-кескі ұрысқа араласты. Шекарашылар көп шығынға ұшырады. Пулеметті иеленген жауынгер қаза тапқанда, Тұтқабай ерлік жасап, пулеметшінің міндетін өз мойнына алды. Сөйтіп, жауды қоғадай жапырды. Осы ерлігі үшін Т.Әшімбаев «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Бұдан да ауыр ұрыстар өтті. Соның бәрінде жас лейтенант жауынгерлерді жігерлендіріп, алға бастады. Ол Кенигсберг қаласы Шығыс Пруссия бекінісіндегі төрт күндік шабуылға қатысып, соғыстағы міндетін аяқтады. Соғыстан кейін Тұтқабай шекара­лық отрядтардың біріне аға насихатшы болып тағайындалды».

Аталған мақаладағы басты кейіпкер­лердің бірі Мәулен Ғазалиев та қанды ұрыс­тардың дәл ортасында болған. Тіпті, 1943 жылдың ортасындағы Курск түбіндегі тағдыршешті шайқасқа да қа­тыс­қан. Белоруссияны азат ету кезінде Маневичи стансасында неміс бомбасы снарядтар тиелген құрамның күл-талқанын шығарады. Жарылыстың салдарынан жауынгер Ғазалиев 15 метр жерге ұшып түскен. Салдарынан ауыр контузия алады. Өкінішке қарай, оның зардабын бейбіт өмірде көп тартты. Жыл өткен сайын қос білегі көп қалтылдайтынды шығар­ды. Соғыстың салған жарасы осындай еді ғой. Дегенмен Мәулен Ғазалиев талантты, энергиясы мол, жан-жақты басшы, оп­тимист адам ретінде көпшілік есінде сақталды.

Осы орайда Мәулен Ғазалиевтің балалары жайлы аз-кем айтып өткен жөн болар. Өйткені бұл әулеттің тарихы таңдай қақтырмай қоймайды. Бір отбасыдан төрт ғылым докторы шыққан. Ұлы Арыстан Ғазалиев Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық Ғылым академиясының академигі атанды. Ол бірнеше жылдар бойы Қарағанды мемлекеттік тенхикалық университетін, Қарағанды мемлекеттік университетін, Шығыс Қазақстан мемле­кеттік университетін басқарды. Олардың жан-жақты дамуына жол ашты. Ал Мәулен ағаның немересі Меруерт 27 жасында докторлық диссертация қорғап, былтыр Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды.

Мәулен Ғазалиев соғыс басталған сәттен бастап Тұтқабай ағамен бірге болған. Майдандас достардың соғыс аяқталар сәтте Берлинге саяхаттап барғаны бар. Сірә, жеңісті Берлинде қарсы алуды қаласа керек. Шынымен де, табандатқан төрт жыл бойы қанды майданның ортасында жүріп, жеңісті Берлинде қарсы алмау ақылға қонбайды ғой?! Олар Германияның орталық бөлігіне жетеді. Рейхстагтың қабырғасына жауынгерлік сүңгі-пышақпен есімдерін ойып жазады. Олардың соғыстағы жолы да осындай қаһармандықпен тәмамдалған.

Т.Әшімбаевтың шәкірттері көп. Олар­дың қатарында Т.Шарманов, Г.Күлкібаев, Б.Рақышев, Қайыпов және басқаларды атап өтуге болады. Олар ұлы ұстазды үнемі ерекше ықыласпен еске алады. Тұтқабай аға нағыз халықтық мұғалім бола білді. Қарағандылықтардың жүрегінде ол дәл осылай сақталған.

Түймебай Әшімбаев – зиялы зердесі

Тұтқабай Әшімбаевтың туған ағасы, елдің біршама зиялысын «жалмаған» ГУЛАГ-та алты жылын өткізген Түймебай Әшімбайұлы бертінде өткен күндерді ерекше тебіреніспен еске алатын. Ол да соғыс ардагері. Ленинградты қорғауға қатысқан. Майдан шебінде жүріп қазақ газетін шығарған.

Ол лагерьде бірге отырған адамдар туралы тек жақсы сөздер айтатын. Түймебай аға лагерьде Байронның «Дон-Жуанын» аударған Татьяна Григорьевна Гнедичпен танысады. Бұл туындының көп бөлігі дәл осы ГУЛАГ-та жатқанда аударылған (лагерьде кітап болмағандықтан, аударма есте сақталған нұсқасы бойынша аударылған). Түймебай аға онымен ұзақ жылдар бойы тығыз байланыста болған.

Курстасы, кейіннен Кеңес Одағының Батыры атанған, КСРО Мемлекеттік банкінің Басқарма төрағасы болған В.С.Алхимов та Түймебай ағамен достық байланыста болғанын мақтан тұтатын.

Ресейдің белгілі ақыны Михаил Дудин соғыс жылдары «Отанды қорғауда» майдан газетімен тығыз байланыста болған. Ол 1982 жылы Түймебай Әшімбайұлына өлеңдер жинағын қолтаңба жазып сыйла­ған. Онда «Ленинград қоршауынан есте­лік. Ізгі ниетпен М.Дудин» деп жазылған.

Жетпісінші жылдары «Отанды қор­ғауда» газетінің орыс нұсқасының редакторы Максим Гордон Түймебай Әшім­байұлына хат жазған. Онда «Ленинград ісі» бойынша Қарлагта 10 жыл отырғанын, репрессияға іліккенін айтады. М.И.Гордон бірнеше кітап жазды. Соңғыларының бірі «Невский 2. Майдан газеті редакторының жазбалары» деп аталады. Осы кітаптың бір тарауы Түймебай Әшімбаевқа арналған. Сондай-ақ мұнда қазақ басылымының журналистері А.Сыздықбеков, Т.Әшім­баев, Б.Жұмағалиевтің түскен суреті де бар. Автор қолтаңба жазып сыйлапты: «Майдандас досым, жауынгер, журналист, Ленинградты қорғаушы, осы кітаптың басты кейіпкерлерінің бірі Түймебай Әшімбаевқа шын жүректен ұсынамын. М.Гордон. Ленинград, мамыр, 1978 жыл».

Кейде Түймебай Әшімбайұлы жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтағанда 40-50 жыл­дары-ақ елдің алдыңғы қатарлы эко­но­мистерінің біріне айналар еді ғой деп ойланамын. Өйткені ол Әли­хан Бө­кей­хан, Смағұл Сәдуақасов еңбек­терін­дегі экономикалық ғылымды үш онжыл­дықтан кейін абыроймен жалғас­тырды. Қазақстан экономикасын құруда Түймебай Әшімбайұлының сіңірген еңбегі зор.

Түймебай Әшімбайұлы қазақ халқы­ның талантты ұлы. Ал талант – Тәңірден. Бұған ата-ананың да сіңіргені мол. Ол осы талантты тынымсыз еңбекпен, ерекше қабілетпен ұштастыра білді. Түймебай Әшімбайұлы ғылымда ғана емес, өзі ара­ласқан істердің бәрінде ерекше көзге түсті.

Ол кісінің отбасы туралы да көп ай­ту­ға болады. Түймебай ағаның жары Ра­шида Оспанқызы көрікті, сымбатты жан еді. Қайырымдылығы, қонақжайлығы тіпті бөлек-тін. Үлкен қызы Наталья Түй­ме­байқызы Санкт-Петербургте тұра­ды. Достоевский музейінің директоры болып жұмыс істейді. Семейге жиі келіп тұрады. Мұндағы Достоевский музейімен тығыз байланыста. Өз ісінің хас шебері. Орыстың ұлы жазушысының мұрасын ұзақ жылдар бойы ұлықтап келеді. Екінші қызы Алида Түймебайқызы – экономика ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстанның экономика ғылымына зор еңбек сіңірген жандардың бірі. Өкінішке қарай, аз ғана ғұмыр кешті. Дегенмен, есімін тарихта қалдырды. Жұ­байы Рахман Алшановпен бірге үш бала тәрбиелеп өсірді. Олардың үл­ке­ні белгілі саясаттанушы Данияр Әшім­баев екенін атап өткен жөн. Осы орайда Әшімбаевтар әулетінің күйеу баласы Рахман Алшанұлы туралы әңгіме қозғаудың реті келіп тұр. Оның бастамасымен бір кезде Түймебай Әшімбайұлы шығарған «Отанды қорғауда» газеті кітап болып жарыққа шықты. Сон­дай-ақ Рахман Алшанов Тұтқабай Әшімбайұлының 100 жылдығына орай «Естеліктер» кітабының басылып шығуына ерекше үлес қосты. Игі істі бастан-аяқ қадағалап, абыроймен аяқтады.

Біздің ғасырдың күрделі кезеңдерінің көбі Түймебай мен Тұтқабай Әшімбай­ұлдарының өміріне көлеңкесін түсір­мей қойған жоқ. Бірақ олар кесе-көлде­неңдеген қиындықтардың бәрін еңсеріп, табандылық танытты. Діттеген мақсатқа қол жеткізді. Баянды болашаққа ұмтылды.

Түймебай мен Тұтқабай Ленинградта оқып жүргенде үлкен ағасы Өмірбай елден сәлем-сауқат жолдап тұрады екен. Олар бұл кісінің қамқорлығына өмір бойы риза болып өтті. Егер сол кезде Өмір­бай аға болмағанда, олардың Ле­нинградта күн көруінің өзі екіталай еді. Бұл туралы Түймебай Әшімбайұлы талай айтқан болатын.

Ленинградты қорғау операциясына қатысқан қатардағы жауынгер Зайролла Нығматуллин сол кездегі ауыр күндер ту­ра­лы «Отанды қорғауда» газетінің 1943 жылғы 3 қыркүйегіндегі нөміріне мақала жазған.

Ленинградты қорғауға қатысқандардың қатарында Зияда Молдахметов те бар. Ол ауыр жарақат алып, туған жері Солтүс­тік Қазақстанға жаралы күйде оралған. Кейін бейбіт өмірге араласып, бес ба­ла тәрбиелеп өсірді. Олардың екеуі әулет­тің атын алысқа таратты. Академик Ерен­ғайып Шайхутдинов Мәскеудегі жоғары оқу орнын аяқтап, кандидаттық және док­­тор­лық диссертацияларын қор­ға­ды. 20 жылдан астам уақыт бойы Ленин атын­­дағы Қазақ политехникалық институ­тын басқарды (қазіргі Қ.Сәтбаев атын­дағы ҚазҰТУ). Екінші ұлы Зейнолла Мол­дахметов академик атанып, алдымен Шым­кент техникалық университетіне, кейін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мем­лекеттік университетіне жетекшілік етті.

900 күнге жалғасқан Ленинград қор­шауын­да Түймебай Әшімбаев жолдаста­рымен бірге жау қоршауындағы қалада қалады. Олар майдан даласына өздері қа­тынаған. Майдан желісіне дейін трам­вайға отырып барады екен. Қазақ жауын­герлерінің ерлігі туралы материалдар жазды. Олардың көбі орыс тілін білмейтін. Сондықтан қазақ тілінде мұндай газет шығарудың маңызы зор болды. Бұл идеологиялық, әскери һәм саяси тұрғы­дан маңызды еді. Мамандардың 26 май­дан газетінің ішінен қазақ тілінде шыққан «Отанды қорғауда» басылымын үздіктердің қатарына қоюы да тегін емес.

Түймебай Әшімбаевты және газеттің өзге де қызметкерлеріне ұлтшыл деп кінә тақты. Тағылған кінә «олар қазақ тілінде көп жазған». Алайда тағылған айыппен келісу мүмкін емес. Себебі газет әу бас­та майдандағы қазақтар туралы жазу үшін ашылған болатын. Бұл газетке өзге ұлт өкілдері туралы да біршама мақала жазылғанын атап өткен жөн.

Түймебай Әшімбаевты әскери трибунал 58-ші баппен «Халық жауы» ретінде 6 жылға бас бостандығынан айырды. Редколлегия толықтай таратылып, газеттің жұмысы біржола тоқтады. Аталған қылмыстық іс әлі күнге дейін КГБ-ның архивінде «құпия» деген белгі­мен сақтаулы. Бұлардың үстінен арым-шағымды кімнің жазғаны әлі құпия.

Түймебай Әшімбаевтың қызы Наталья анасы – Түймебай ағаның алғашқы жары Александра Голубева айтқан мына бір естелікпен бөлісіп еді. Оның айтуынша, үйді тінтуге келгенде, Александра Голубева диванда отырған күйі орнынан тұрмапты. Ал газеттің тігіндісі әлгі диванда жасырылған. Тінтуге келгендер газет тігіндісін таба алмай кеткен. Ал газеттің қалған даналары сол сәтте-ақ жойылған.

Мен газет шығарылымының барлығын мұқият қарап шықтым. Мыңдаған адам­ның аты кездесті. Бұл деген осыншама тағ­­дыр деген сөз! Бәлкім, осынау құнды құ­­жат­тар арқылы соғыс кезінде қаза тап­қан жақындарын тауып алуға болатын шы­ғар...

Сондай-ақ газет тігінділерінен сол кез­де қазақ тіліндегі әскери терминоло­гия­ның, ұлттық офицерліктің қалай қалып­тас­қа­нын көруге болады. Ел тарихының ерлік­ке толы парақтары әлі де зерттеуді қажет етеді.

Жауынгер қазақтар Ленинградты жау­дан азат етуде жаппай ерлік көрсеткені тарихтан мәлім. Бұл туралы «Отанды қорғауда» газетінің беттеріне талай жазылды. Қилы-қилы кезеңдерден бүгінге жеткен газеттің тігіндісі бөлек кітап болып жарыққа шыққанын жоғарыда айттық. Оның авторлары – Тұран университетінің ректоры, профессор Р.Алшанов және Ұлттық инженерлік академияның корреспондент мүшесі, профессор Ү.Әлімбетов.

Тұтқабай Әшімбаевтың 100 жылдығы­на орай С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студенттерге арналған акт залы ашылды. Қазақстандық экономика мектебінің негізін қалаушы Түймебай Әшімбаевтың есімі Тараздағы орталық көшелердің біріне және орта мектепке берілген. Түймебай Әшімбайұлы АҚШ, Канада, Үндістан, Жапония мемле­кеттеріне барған Қазақстан делегациясына жетекшілік еткен. Оның жұмысын Леонид Канторович, Тигран Хачатуров, Леонид Абалкин, Павел Бунич секілді Нобель сыйлығының лауреаттары жоға­ры бағалаған. Алматыдағы Ғылым ака­де­миясының орталық ғимаратында Т.Әшім­баевқа мемориалды тақта орнатылған.

Осы орайда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры, жас әріптесіміз Мұхтар Төлегенге айтар алғысымыз шексіз. Ол Тұтқабай Әшімбаевтың 100 жылдығына арналған іс-шараларды жоғары деңгейде ұйым­дастырды және Т.Әшімбаев туралы «Есте­ліктер» кітабының шығуына үлес қосты. Бұдан бөлек Мұхтар Әділбекұлы «Отанды қорғауда» газетінің 500 данасын шығарғанын да атап өткен жөн.

Ағайынды Тұтқабай мен Түймебай Әшімбаевтардың ғибратқа толы ғұмыры көпшілікке үлгі-өнеге.

 

Үсен ӘЛІМБЕТОВ,

экономика ғылымдарының докторы, профессор

 

ӨСКЕМЕН