Сұхбат • 16 Қараша, 2021

Жақып Асанов: Әрқайсымыз заңды сыйлауға және оны мүлтіксіз орындауға тиіспіз

1845 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Жақып Асанов: Әрқайсымыз заңды сыйлауға және оны мүлтіксіз орындауға тиіспіз

– Жақып Қажыманұлы, Тәуел­сіздігіміздің 30 жылы ішінде елімізде әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи сот жүйесі қалыптасты. Сот саласында Елбасының игі бастамасымен әрі жіті бақылауымен іргелі реформалар жүргізілді. Мызғымас мемлекет болып қалыптасуымыздың маңызды кезеңінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың сот жүйесіне сіңірген ең үлкен еңбегін тарқатып айтып берсеңіз?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіз Қазақстанның жылнамасы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық тарихы» деп әділ атап өтті. Шын мәнінде, сот жүйесін реформалауда Елбасының алар орны ерекше. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан үлкен серпіліс жасап, терең проблемалары, инфляциясы, жұмыс істемейтін кәсіпорындары, жаппай тауар тапшылығы бар елден Еуразиядағы экономикасы серпінді дамып келе жатқан қуатты мемлекеттер қатарына енді. Саяси, әлеуметтік және экономикалық салалардағы қайта құрулармен қатар Елбасының саяси ерік-жігерінің және ерекше көшбасшылық қасиеттерінің арқасында үздік әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи сот жүйесі қалыптасты.

– 1995 жылғы 30 тамызда қа­был­данған Конституция сот билігін мем­лекеттік биліктің дербес тармағы ретінде бекітіп берді емес пе?

– Иә, 1995 жылғы Конституция сот билігін мемлекеттік биліктің дербес тармағы ретінде жүзеге асырудың негіз­дерін регламенттеді. Ата Заңымыз азамат­тар мен ұйымдардың құқықтарын, бос­тан­дықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Конституция мен заңдардың орындалуын қамтамасыз етуді, судьялардың құқықтық мәр­­тебесін, сот төрелігі қағидаттарын жә­не басқа да маңызды ережелерді ай­қын­дады.

Сот билігін ұйымдастыру мәселе­лерін айқындаған тағы бір маңызды құжат Президенттің 1995 жылғы 20 жел­тоқсандағы «Қазақстан Республи­ка­сындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлығы болды. Ол сот билігі және оны жүзеге асырудың кепілдіктері туралы конституциялық ережені бекітті әрі дамытты.

– Мамандандырылған соттардың сот жүйесіндегі рөлі қандай?

– Осы уақыт ішінде мамандандырыл­ған экономикалық және әкімшілік соттар (2002 ж.), кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар (2007 жылдан бас­тап), аса ауыр қылмыстар туралы істер қаралатын әскери және қылмыстық соттар (2010 ж.) құрылды. Сот жүйесіне қан жүгірді, біртұтас организм сияқты кешенді түрдегі жұмыс жолға қойылды. Судьялардың тәуелсіздігін арттыру үшін «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға 2012 жылғы 16 ақпандағы түзетулермен тәр­тіптік-біліктілік алқалары таратылып, судьяларға қатысты тәртіптік іс қоз­ғау және тәртіптік істерді қарау өкілет­тіктері Сот жюриіне беріле отырып, Ж­оғары сот Кеңесінің рөлі, судьялар тә­уелсіздігінің материалдық және әлеуметтік кепілдіктері және т.б. күшейтілді.

– 1 шілдеден елімізде әкімшілік соттар құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сот жүйесіндегі осы жаңа құрылым жайлы айтсаңыз.

– Әділет министрлігімен бірлесіп әзірлеген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс өткен жылы қабылданып, 2021 жылғы 1 шілдеден күшіне енді. Әкімшілік әділет «мемлекеттік органның кінәлілік презумпциясы» қағидаты бойынша азаматтардың мемлекеттік органдармен дауларын қараудың жаңа ережелерін белгілейді. Жаңа ережелер бойынша жауапкер өз шешімінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдейді. Адамдар немесе ұйымдар оның шешімімен келіспейтіні туралы өтініш берсе жеткілікті. Бұл олардың құқықтарын қорғауды жеңілдетеді. Сонымен қатар сот талап арыздың тұжырымдауына тәуелді болмайды. Талап қоюшы талап арызын тұжырымдауда және өзгертуде, формальды қателерді жоюда және т.б. соттың көмегіне сенім артуға құқылы болады. Сондай-ақ судья өз шешімінің орындалуын бақылайды. Сот шешімін орындауға мәжбүрлеу шарасы ретінде ақшалай өндіріп алу көзделеді. Кодексте басқа да көптеген прогрессивті жаңашылдық бар.

Қазіргі уақытта біз әкімшілік әділет деп атап жүрген бұл кодекстің заң жүзінде орындалуына барлық жағдай жасалған.

Жоғарғы сотта бұған дейін жұмыс істеп келген Мамандандырылған сот алқасы таратылып, оның орнына Әкім­шілік істер жөніндегі сот алқасы құрылды және мұндай сот алқасы облыстық соттардан да құрылды. Сондай-ақ еліміз бойынша қазіргі кезде 21 әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (1 сатыда) жұмыс істеп жатыр. Әкімшілік соттардың жұмысына келсек, 1 шілдеден бері соттарға 9 мыңнан астам іс келіп түсті. Орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар сотқа бұл істердің 49 пайызы бойынша ұтылған. Басқаша айтсақ, сотқа жүгінген барлық адамдар мен кәсіпкерлердің жартысынан астамы өз талаптарының дұрыстығын дәлелдеп, мемлекеттік органдардың актілерінің заңсыз шығарылғанына соттың көзін жеткізе білген. Бұл, әрине, ойлантарлық жағдай. 

– Сот жүйесінің одан әрі дамуына жаңаша серпін беретін, сот төрелігінің сапасын арттыруға негіз болатын мықты кадрлар екені белгілі. Білікті заңгерлерді іріктеу қалай жүзеге асырылып отыр?

– Біз «соттың беделі – мемлекеттің беделі» екенін әсте естен шығарған емеспіз. Ол үшін сот жүйесі уақыттың сын-қатерлеріне сәйкес үздіксіз жетіліп отыруы тиіс. Заңды сақтау – әрбір судья үшін бұлжытпас талап. Судьялардың міндеті – кәсіби заң маманы болу, ұйымшылдықтың, мәдениеттің және жауапкершіліктің үлгісін көрсете білу.

Бұл мақсатқа қол жеткізуде Елбасы мен Мемлекет басшысының алдымызға қой­ған үш міндеті бар. Біріншіден, судья­лық кадрларды жақсарту. Екіншіден, сот­тардың тәуелсіздігін күшейту. Үшін­шіден, сот қызметінің сапасын арттыру.

Осы тапсырмаларды орындау үшін 2018 жылы Жоғарғы сот «Сот төрелігінің же­ті түйіні» жаңа бағдарламасын қабыл­дады.

Сот реформасы жоғарыдан емес, тө­меннен бастау алды. Жобалық менедж­менттің негізінде оған тек судьялар ғана емес, сот процесіне қатысушылардың барлығы – адвокаттар, прокурорлар, медиаторлар, заңгерлік қауымдастықтың өкілдері белсене атсалысты.

2013 жылы судьялардың VI съезінде Елбасы өзге де маңызды міндеттермен қатар соттарда жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл көптеген бағдарламалық құжатта, оның ішінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапты. Осы тапсырманы орындау үшін барлық сот процестеріне аудиобейнетіркеу енгізілді, электронды азаматтық және қылмыстық істерге көшу, сот отырысының электронды залдарын құру жөніндегі және тағы басқа шаралар іске асырылды.

Елбасы ұсынған сот төрелігін цифр­ландыру жөніндегі жұмыс осы күнге дейін табысты жалғасын тауып келеді. Сол арқылы біздің соттар әлемдік пандемия басталған кезде елімізде жарияланған төтенше жағдайдың алғашқы күнінен онлайн форматта сот отырыстарын өткізуге заңнамалық және техникалық тұрғыдан дайын болды. Бізге тек серверлік қуатты және электронды сақтау көлемін ұлғайтуға, бірқатар IT-сервисті жетілдіруге тура келді. Егер 2020 жылдың басында күніне онлайн түрінде 150 процесс өтсе, қазір бұл күн сайын 4,5 мыңға жуықтады. Бүгінде республикадағы сот процестерінің 95-97 пайызы онлайн режімінде өтеді.

– Заңдар бүгінгі күн талабына сай жаңартылып жатыр емес пе?

– Заңнама уақыт талабына сай жаңар­тылып отыратыны заңдылық. Соңғы он жылда процестік заңдар жаңар­тыл­ды. 2015 жылғы 1 қаңтардан жаңа Қыл­мыстық, Қылмыстық процестік кодекс­тер және Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы кодекс, 2016 жылғы 1 қаң­тардан жаңа редакциядағы Азаматтық про­цестік кодекс күшіне енді. Қолға алған бастамаларды іске асыру үшін 2018-2021 жылдары 31 заң жобасы әзір­леніп, оның 23-і қабылданды, бесеуі Парламенттің қарауында, қалған үшеуі қазір мемлекеттік органдарда зерделену үстінде.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесінің жұмысын және заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселесін бақылауына алғанын айтты. Жалпы, соңғы жылдары судья кадрларын жақсарту, судьялардың тәуелсіздігін күшейту, сот қызметінің сапасын арттыру бағытында нақты қандай жұмыстар атқарылды?

– Соңғы үш жылда азаматтардың соттарға деген реніші едәуір азайды. Неге? Себебі, Жоғарғы сот 2018 жылдан бастап жаңа жобалық менеджментті іске қосты. Ол «Сот төрелігінің 7 түйіні» деп аталғанын жаңа айттым. Бүгінде «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Сапалы нәтиже», «Smart-сот», «Коммуникациялық стратегия» және «Сотқа дейін, сотта татуласу» сияқты ірі жобалар нәтижесін беруде.

Жаңа судьяларды іріктеу тәртібі түбегейлі өзгерді. Жұмыс істеп жүрген судьяларды бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Олардың тәуелсіздігін арттыру үшін судьялардың өзін өзі басқару органдары қайта құрылып, барлық судьяларға сот жүйесінің маңызды мәселелерін шешуге қатысуға мүмкіндік берілді. Облыстық соттардың сот алқаларының төрағаларын конкурстық іріктеу енгізілді. Сот төрағаларының өкілеттіктері екі мерзіммен шектелді. Азаматтық процесте соттың рөлі күшейе түсті. Егер бұрын процесте судья талап арыздар мазмұнымен шектелген болса, қазір оған істің барлық мән-жайын анықтау үшін бастама көтеру өкілеттігі берілген. Ол тараптар ұсынбаған дәлелдемелерді талап етуге, тараптармен істің мән-жайын талқылауға, процесс барысында тараптардың дәлелдері туралы өз пікірін айтуға құқылы. Сондай-ақ тараптардың татуласуы үшін қосымша жағдайлар жасалады. Соттар бірқатар артық сот рәсімдерінен құтылды, бұл істерді неғұрлым жедел және тиімді шешуге мүмкіндік береді. Тараптар келіскен жағдайда дауды АХҚО соты­ның қарауына беруге болады. Элек­тронды сот төрелігі бөлігінде және сот ісін жүргізуді оңайлатуға және процес­ке тартылған барлық адамдардың мүдделеріне бағытталған басқа да жа­ңалықтар енгізілді. Қылмыстық процесте алқабилер сотының соттылығы кеңейтілді.

– Жұртшылықтың сотқа сенімін арттыру үшін не істеу қажет?

– Қоғамның сеніміне ие болу – оңай іс емес. Себебі халықтың судьяларға деген талаптары күн санап артып келеді. Сол себепті де уақыт сұранысына сай судья кадрларын іріктеу күшейтілді. Бұл шындап келгенде халық сеніміне ие болудың бірден-бір кепілі. Қазіргі кезде судьялыққа үміткер алдымен кешенді психологиялық тестілеуден өтеді. Содан кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде заңдардан тест тапсырады, кейстерді шешеді, эссе жазады, әңгімелесуден өтеді. Конкурстан сәтті өте ме, өтпей ме, ол толығымен үміткердің жеке басының қасиетіне байланысты.

2019 жылға дейін үміткерлердің 25 пайызы судьялыққа өтсе, 2019 жылдан бері конкурстан үміткерлердің тек 6 па­йызы ғана өткен. Елбасы тапсырғандай, кездейсоқ заңгерлерге судьялыққа жол жабылды деген сөз. Деректерге жүгінсек, судьялық конкурсқа 2016 жылы – 55, 2017 жылы – 70, 2018 жылы 71 кандидат құжат тапсырса, ал енді 2019 жылы – 130, 2020 жылы – 170, биылғы 6 айда 90 кандидат судьялық лауазымына құжат тапсырды. Ел басшылығы алға міндет етіп қойғандай, судьялық қызметке білікті, жас әрі тәжірибелі, озық ойлы, ой-ниеті таза кадрларды таңдап алуымызға заңдық тетіктер жасалынғанын осыдан көруге болады. Ал қызметтегі судьяларды бағалауды Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жүзеге асырады. Оның жұмыс әдістемесін бекіттік. Шетелдік сарапшылар бұл құжатты судьяларды бағалаудың тиімді құралы деп атады.

– Кейінгі екі жыл көлемінде рес­пуб­лика Жоғарғы сот органы бірқа­тар ірі халықаралық іс-шараны өт­кізді. Олардың мақсаты не? Соған тоқ­тал­саңыз.

– 2019 жылы қыркүйек айында 97 елдің 300-ден астам судья мүше болып саналатын Судьялардың халықаралық қауымдастығының (МАС) 62-конференциясы және 60 елден 200 делегат қатысқан Соттарды әкімшілендіру жөніндегі халықаралық қауымдастықтың (МАСА) 14-конференциясы алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласында сәтті өтті. Халықаралық форумда пандемия жағдайындағы сот жүйесінің дамуы, келешегі, жаңа технологияларды игеру туралы келелі мәселелер талқыланды.

Өткен жылы қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Жоғарғы сотта Қазақстан Судьяларының VIII съезі онлайн режімде өтіп, оған республикамыздан 400 делегат пен қонақтар қатысты. 2020 жылы Шан­хай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мем­лекеттердің (Үндістан, Қытай, Пәкістан, Ресей, Өзбекстан және бақылаушы мем­лекеттер: Ауғанстан, Беларусь, Иран, Моңғолия) Жоғарғы соттары төра­ға­ларының XV кеңесі елордамызда өтті.

Биыл маусымда Жоғарғы сот жа­нын­дағы Халықаралық кеңестің кеңейтілген отырысы аясында дипломатиялық корпус­пен брифинг өткізілді. Алқалы басқосуға 200-дей адам қатысты.

Халықаралық деңгейде өткен осы шаралар барысында ел басшылығы бас­тамаларымен Тәуелсіздігіміздің отыз жыл бедерінде және соңғы кез­дері қазақстандық сот жүйесінде қол жет­кізілген жетістіктер мен жаңашылдықтар, келешек жобаларымыз шетелдік заң­герлік қауымдастыққа және дипломатия өкілдеріне кеңінен таныстырылды.

– Енді Жоғарғы соттың алдағы уақытта атқарылатын бастамалары туралы айтып өтсеңіз.

– Алдымен, қылмыстық іс жүргізуге байланысты бастамаларымызға тоқ­талайын. Мұндағы басты мәселе – сот өндірісіндегі шынайы бәсекелестіктің жоқтығы дер едім. Меніңше, судьяның істі қарауға дейін толық білуі зиянды. Ол айыптау парадигмасының ықпалына түседі. Сондықтан біз сотқа қазіргідей істі түгелдей емес, тек айыптау актісі мен қорғау актісін беруді ұсынып отырмыз. Бұл Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан сот төрелігінің үш сатылы моделін жүзеге асыруды аяқтайды.

Азаматтық процесс бойынша да бірқатар бастамамыз бар. Бірін­шісі – «Сотқа дейінгі хаттама». Ол қол­данылатын елдерде көптеген дау сотқа дейін бармайды. Өйткені тараптар сотқа дейін бір-біріне барлық дәлелдемелерді ашуы керек. Нәтижесінде, сотқа беру керек пе, соны өздері түсінеді. Екіншісі – «Экстерриториялық юрисдикция». Қазір сотқа келіп түскен істі IT жүйе автоматты түрде сол соттың нақты бір судьясына бөледі. Енді осы тәртіпті бір соттың емес, республикадағы барлық соттардың арасында бөлінсе деп ұсынып отырмыз. Әрине мамандануына сәйкес және жұмыс көлемін ескере отырып. Айталық талапкер мен жауапкер Алматыдан, ал талап арыз басқа өңірде, мысалы Петропавлда немесе Оралда қаралуы мүмкін. Сонда тамыр-таныс, туыс-жекжат қатынасы жүрмейді. Ондай мүмкіндік әлдеқайда азаяды. Бұл біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралымыз. Үшінші. Біз сот актілерінің жобаларын дайындайтын роботты енгіземіз. Бұл даусыз істер және олар судьяның пікірін талап етпейді. Робот шешім жобасын дайындайды. Судья оны тексеріп, қол қояды. Төртінші жаңалық – «Үлгі шешім». Соттарда осыған ұқсас көптеген талап бар. Мұндай жағдайларда жоғары тұрған сот осындай бір істі талап етіп, ол бойынша шешім шығарады. Ол жергілікті соттар үшін тірек, бағыт болады. Бесінші. Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге бірыңғай сот тәжірибесін түзеу үшін біз Digital Analytics IT бағдарламасын жасап жатырмыз. Оны қаңтар айынан бастап ресми түрде іске қосамыз.  Бұл IT-өнім сот ісін болжауға мүмкіндік береді. Бұл қарапайым халыққа да, кәсіпкерлерге де, инвесторларға да пайдалы болары сөзсіз.

– Жақып Қажыманұлы, Тәуел­сіз­дігіміздің 30 жылдық мерейтойы қар­саңында Елбасымыз іргесін қалаған сот жүйесіндегі іргелі істерді атап өттік. Сөз соңында оқырмандарға айтар тілегіңіз қандай?

– Еліміздің кез келген азаматы өз құқығын қорғау үшін заңгер болуға міндетті емес. Ол міндетті атқаратын адвокат, заңдылықты қадағалайтын прокуратура органдары бар. Бірақ әрқайсымыз заңды сыйлауға және оны мүлтіксіз орындауға тиіспіз. Сонда ғана елімізде тәртіп, ынтымақ, өсіп-өркендеу болады. Заңға бағынған, соты беделді мемлекетке инвестиция келеді, бизнес дамиды, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарады. Ел басшылығының сот реформасын жүргізуінің түпкі мақсаты – осы.

Әңгіме үстінде оқырмандарды, барша қауымды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Осы биік белеске қол жеткізуде еліміз басшылығының игі бастамаларын жауапкершілікпен орындап жатқан рес­публика соттары қызметкерлері мен ардагерлеріміздің ерен еңбегін айта кеткім келеді.

Еліміз одан әрі өркендеп, халқы­мыздың ырыс-ынтымағы мен береке-бірлігі артып, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз ғұмырлы бола берсін деп тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет!