«Шөлі бар халық – зор халық», дейді Ж.Руми. Рухы биік, қайсар мінезді әрі шыдамды халық қана шөлді аймақтың қатаң табиғатына төтеп береді. Сондықтан да пайғамбарлар шөлді аймақты мекендеген халықтардың ішінен шыққанын талай даналар жазып кетті. Мереке де шөлді аймақ – Атырау атырабындағы Қарабау ауылында дүниеге келді.
Бозғылт жусан, тікенекті баялыш басқан, сарышұнақ жортқан, аспанында қыран қалықтаған, құрғаған тұзды тақырлар айнадай жарқыраған, ұшы-қиыры жоқ жапан дала...
Бұл өлкенің көлдерінің өзі жай жатпайды, түбінен газы шығып, бұрқ-сарқ етіп, зығырданы қайнап жатады. Әндерінің өзі қоңырлата салатын әуен емес, әлемет айқай, кіл мәтөк мақамдар... Жолды кесіп өткен киіктер мүйіздерін арқаға қайқайта салып, орғып-орғып құлдырай жөнеледі. Бейнебір қызғылт жібек батпырауықтар желмен бірге желпілдеп, жер бетімен қалқып бара жатқандай...
Осы араның топырағы сор, шөбі де ашқылтым, құм шағылдарының туырылған тортадай шымқай қоңыр болуы – сан ғасырлар бойы төгілген көз жасы мен тердің, қызыл ала қанның салдары болса керек. Бір кезде арқалы ақын Хамит Ерғалиев: «Мен туған аймақта бірде-бір басқыншының, кеудемсоқ келімсектің моласы жоқ та, шашылып жатқан бас сүйектер баршылық» деп жазып еді. Қалай дегенмен де, Хамаңның бұл сөзі ақақи шындық.
Қарабау өңірі Асанқайғы бастаған арғыларды айтпағанда, әйгілі Бөкен бидің, қазақтың бағына туған энциклопедист-ғалым, аса көрнекті мемлекет қайраткері Халел Досмұхамедұлының, ғылым мен әдебиет, өнеркәсіп тарландары Сафи Өтебаев, Рахмет Өтесінов, Салық Зиманов, Зейнолла Қабдолов, Ғабдол Сланов, Жәрдем Кейкин, Мереке Құлкеновтердің шыр етіп жерге түсіп, алғаш рет арқасы тиген алтын топырағы, ата күлдігі.
Жақсылық пен ізгілік пірі Қызырғалайссалам Атырау, Ақтөбе арасымен желе жортып өтіп бара жатқанында, қоржынының түбі сөгіліп, өнер дәні осы төңірекке көбірек себіліп қалған сияқты. Бұл өңірдің бала-шағасы шетінен өнерпаз, алғыр болатыны сондықтан шығар, бәлкім?
Иә, ауаны ысқырта жарып зулаған, адам алатын бурадай, уақыт шіркін де еңсеріле түсті. Қашан да, адам ғұмырының кәусар бастауы – балалық, жастық шақ тез өтеді ғой. Сөйтіп, арманшыл, әр нәрсеге байыппен қарайтын ойшыл жас, көрікті, науша жігіт Мереке де ел қатарлы орта мектепті бітірді. Негізінен, Атырау облысының Қызылқоға ауданы мал шаруашылығымен айналысатын өңір. Сол кездерде пенде жүретін жерлердің бәрінде «Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткіземіз» деген коммунистік партияның жел-көбік ұрандары ілініп тұратын.
Қырық күн шілдеде қайыстай ысқаяқтанып қарайған, қыстың сүйектен өтер аяздарында көздерінен сорасы, құлағынан ірің аққан, қой соңында жүріп кәртамышқа айналған, қор болған есіл жандардың талайын бала Мереке жастайынан көріп өсті. Осы бір өмірден есесі кеткендердің армандарын, аманаттарын арқалап Алматыға да жетті. Қазақстандағы жоғары оқу орындарының қара шаңырағы – Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдады. Мереке ағамыздың өзі айтқандай: «Ұлан-ғайыр еліміздің әр түкпірінде дүниеге келіп, ес біліп, ат жалын тартқан әрбір таланттың өз бағын сынап, тағдырымен бетпе-бет келер мекені – қасиетіңнен айналайын Алматы ғой. Біз жеңу мен жеңілудің, өсу мен өшудің, тану мен танытудың не екенін Алматыда түсіндік...» деуінде үлкен мән жатыр.
Иә, осы бір қазақтың күллі рухани байлығы шоғырланған қазыналы кентінде Құлкеновтің шығармашылық һәм басшылық, баспагерлік, қайраткерлік ғұмыры басталды. Әр жылдары «Жібек жел», «Таңғы самал», «Үрей», «Халел Досмұхамедовтің өмірі мен қызметі», «Қазақстан», т.б. прозалық және публицистикалық кітаптары жарық көрді. Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жалын», «Ана тілі», «Таңшолпан» басылымдарының бас редакторы болды. Бірнеше газет-журналдың басын біріктірген «Қазақ газеттері» АҚ-ның бас директоры қызметін атқарды.
Қаламгер әңгімелері мен хикаяттарын бүге-шігесіне дейін сөгіп, әдейі ілік іздеп оқысаң да, оғаш ештеңе таппайсың. Өйткені бұл дүниелерде ойдан шығарылып, қиялмен көмкерілген ештеңе жоқ. Бәрі де өзің көрген етене таныс тіршілік, бәріміз бастан кешкен белгілі тауқымет, мехнатты өрбітіп әкеліп, жалқының емес, жалпының ортақ қуанышы һәм трагедиясы ретінде өрге шығарады.
Автордың суреткерлік сабаты, шабыт қуаты, ойшылдық құлашына іштей риза боласың. Ол инемен емдейтін тәуіпше, қаламын ең жанды жеріңе қадайды.
Мереке Әбдешұлы сонау бала кезінен бастап, қайда жүрсе де даңқты жерлесі, жоғары білімді юрист, небір аламан дауларға араласқан арлы адвокат, дүйім елді айрандай ұйытқан көсем әрі шешен, Петербург әскери академиясын алтын алқамен үздік бітірген талантты дәрігер, кемел аудармашы, айтулы журналист, басылымдардың бас редакторы, баспагер, энциклопедист-ғалым, аса көрнекті мемлекет қайраткері, өзінің жолбасшы жұлдызы – Халел Досмұхамедұлының ғұмырнамасынан көз жазған жоқ.
Ол әсіресе, титан тұлғаның: «Әдебиет тілінің қаруы – баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген – адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қоймайды», деген өсиетін басшылыққа алып, 1980 жылдардың аяғында «Өлке» атты жекеменшік баспа ашты. Міне, аттай отыз екі жылдан бері «Өлке» баспасынан Мәкең шығарған, миллиондаған данамен таралған мыңдаған кітап, ол істеген игі істер, әр жылдары жазылған прозалық, публицистикалық еңбектері бүгінгі һәм келешек қауымның да қажетіне жарайтын көркемдік мүлік болып қала береді. Сондай-ақ бұл дүниеде көзі жоқ, артында іздеушісі қалмаған талай қаламгердің кітабын баспадан тегін шығару озифасын да өзі атқарды.
Осы орайда, эпик ақын Хамит Ерғалиев: «Жақында жасым сексенге толса да жинақталған он бес баспатабақ эссе – естеліктер кітабын, «Жақсыдан шарапат» деген атпен баспаға тапсырдым. Бұл кітапта талай ұлтқа қызмет еткен жақсылардың есімдері аталады. Осылардай, қабырғалы да, қайырымды азаматтар жәрдемі әсіресе, бүгіндері ауадай қажет. Бар ма сондай тұлғалар? Аллаға шүкір, әлгілердей жайсаң жаратылған ізбасарлары бар екен. Жалғанда жалпақтауды сүймейтін басым, осы жолы «Жалын» журналының бас редакторы, «Өлке» баспасының директоры Мереке Құлкеновті біздің алдымызда өткен ел үшін, мұқтаж жандарға көрсеткен көмегі үшін көк тиын дәметпейтін табанды тарландардың табиғи жалғасы дер едім», деп айрықша тебіреніп, ақсақалдық алғысын айтады.
Ал академик-жазушы Зейнолла Қабдолов өзінің жетпіс жылдығына орай Доссорда сөйлеген сөзінде өкшелес келе жатқан інісі Мереке Құлкенов туралы былай дейді: «Азаматтық әрі сыршыл поэзияның ақша бұлты Әбу Сәрсенбаев пен қазақтың қара өлең аспанын тіреп тұрған күміс баған, ғажайып ақын Хамит Ерғалиевтің мерейтойларында баяндамаларды өзім жасаушы едім, Атырауға бет алса, екеуі де жандарынан мені тастамайтын. Енді, міне, жетпіске келгенімде, екі ағамның екеуі де бақилық болды. Шынымды айтсам, аздап жалғызсырағандай болып тұрмын. Алайда мұңая беруге болмас, қасыма кешегі арыстардың көзіндей, әдебиетіміз бен
мәдениетіміздің бүгінгі бірегей тіректерінің бірі, мықты жазушы, үлкен талант, осы топырақта туған, «Жалын» журналы аз дегендей, ұлт апталығы «Ана тілі» газетін де басқарып отырған, оның үстіне бұл азамат та мен секілді үндемей жазып, нәтижесін ғана көрсететін біртоға дарын Мереке Құлкеновті ертіп келіп отырмын...».
Кілкіген қара сөзден тек қаймақ сүзетін ділмәр Қабдоловтың нағыз шаршысына толып, асып-төгілген бұл лебізіне қалайша риза болмассың!
Иә, інілерінің алдын аршып, артын қымтап жүретін сол Зәкеңнің өзі де бүгін арамызда жоқ...
Міне, осылардай ондаған аяулы ағаларының берген фатиқасы қабыл болған шығар, кім білсін, әйтеуір Мереке Әбдешұлының асығы қай кезде де бүк түскен емес, қалай иірсең де дік етіп алшысынан жазбайды.
Әлі есімде, сонау тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары ақшаның құнсыздануы, мемлекеттің шатқаяқтаған жағдайы, елдің арып-ашуы – күшіктеген сыздауықтай жанымызға бататын. «Орыстың шөптен арзан сорлы сомы-ай!», деп ақын айтқандай, топан қаудырлақтардан құтылдық, 1993 жылдың қара күзінде тұңғыш рет төл теңгеміз айналысқа енді. Мен ол кезде «Жалын» журналында қызметте едім, бас редактор Мереке Құлкенов болатын. Жұмыстың соңына қарай аяқастынан дастарқан жайыла қалды. «Бұл ненің құрметі» деп аң-таң болып тұрғанымызда, Мәкеңнің жүзі гүл-гүл жайнап: «Жігіттер, қыздар, өз ақшамыз дүниеге келді, енді ұшақпен азар-алла деп Мәскеуден келетін орыстың сабан ақшасына тәуелді болмаймыз. Бұл – ұлы мейрам. Құдай енді көш-көлігімізді түзете көрсін, бәріңді осы бір салтанатты да, тарихи күнмен құттықтаймын», деді. Біз төл теңгеміздің шығуына онша мән бермеген екенбіз, басшымыздың аста-төк қуанышынан кейін ойланып қалдық. Осы орайда, Қалтай Мұхамеджановтың: «Біз тәуелсіздік алдық деп, бөркімізді аспанға атып жатқанда, Халифа Алтайдың солқылдап жылап тұрғанын көріп едім...», деген сөзі еске түседі.
1993 жылы Ата Заңымыз қабылданар тұста да Мереке ағамыздың ой елегінен өткен ондаған өзекті мақала журналда жарияланды, бұл да оның осы бір аса маңызды құжатты талқылауға бейжай қарамағандығының айғағы еді.
Қазір біз орыс тілінен қайда қашып құтыларымызды білмей пұшайман болудамыз. Құдайтағаланың қазақ халқына төккен мейірімі шексіз ғой, бақ жұлдызы талай рет мөлтеңдеп жерге түсіп, қасымызға келді. Әттең, сол бір алтынға бергісіз мезеттерді түк істемей, тәрк еткенімізді ойласақ, шытыр жеген түйедей теңселеміз.
Кешегі еркіндіктің елең-алаң шағында еліміздегі орыстардың өзі қазақ тілін үйренуге жанталаса кірісіп еді. Амал не, өзіміздің бойкүйездігімізден бәрі адыра қалды, өзге ұлттар да қолын бір сілтеді. «Орыстанған бұратана орыстық патриотизмді шектен шығара жүзеге асырады» деген Ленин сөзі айна-қатесіз шындыққа айналды. Мереке Құлкенов «Ана тілі» ұлттық апталығын басқарған жылдары тілді бұра тартатындарға батыл тосқауыл қойды. «Іңірде шапқан жау жаман, іргеден шыққан су жаман» дегендей, тіл мәселесінде өз арамыздан шыққан керауыздарға, диаспора ортасынан аттандаған дүмбілездерге талай рет баспасөз арқылы майдан ашқанын көзіміз көрді. Ол әсіресе, тіл мәселесіне келгенде алабөтен ымырасыз еді. Тіпті, жай сұхбаттасудың өзінде «жанымыздың рахаты халқымыздың сияпаты, рухы болған тілімізге тиіссе, аянатын ештеңе жоқ» деп қаралай шамырқанып отыратын.
Міне, қуанса, шын қуанатын, жауласса, кіндіктен қан кеше жүріп жауласатын, тартысса, таралғы үзілгенше тартысатын осындай тарландардан айналып кетпейсің бе? Мен Мереке Әбдешұлының осы қасиетіне, қайсар мінезіне тәнті боламын. Әсілі, біз айтып жүрген қайраткерлік, мемлекетшілдік осы болар, бәлкім? Кешегі Алаш алыптарының, ел қамқорларының өмірбаяндарына қарап отырсақ, әуелі олардың жуандарға деген жастық желікпен бастаған кикілжің, қысастығы барған сайын тереңдеп, ақыры ел, халық, туған жер тағдырына алаңдау, отаршылдарға деген бітіспес күреске ауысады. Бауырында ешбір жота, белесі жоқ, тақыр жерден аспанға оқтай атылған Климанджаро шыңы сияқты, олар қарындас халқы, қасиетті байтағы жолында мехнаттың неше атасын шеге жүріп, өздері де бірте-бірте дау-дамайсыз халықтық тұлғаға айнала бастайды.
Иә, күллі тағдырымыз жазмышта бұлтартпастай бекітілген, мөрленген. Алайда бәрі осылай екен деп есекше бүлкілдеп, бір уыс жалғаннан қам-қарекетсіз өте шығуға дәтің бармайды.
Тірі оралмайтындарын біле тұра, қайтпас жігер, қажымас рухпен талай мәрте жорыққа аттанған кешегі ұлт-азаттық көтерілісінің батырларындай, өлара шақта Мереке де ұлт мүддесінің ұлы майданына сескенбей еніп кетті.
Біз қайдан өсіп-өндік, біз кімбіз және қайда барамыз? Осы үш мәңгілік сауал әлі күнге қазақ аспанында иманшарттай ілулі тұр. Әрбір зерделі адам осыған жауап іздеп жанталасады. Бір кезде Ғабит Мүсірепов: «Сендер Хемингуэй дейсіңдер, сөз жоқ, шырқаудағы жазушы, бірақ жазушы табиғаты бір болғанымен оның дауысы да, уайымы да бөлек қой... Олар барды аман алып қалсақ деп жүрген, біз жоғымызды түгендеп, жоғалтқанымызды тауып алсақ деп жүрген жандармыз», деп олардан мақсат-мүддеміз басқа екенін, тіпті, қазақ жазушыларының иініне түсер зілбатпан жүкті абыздай безбендеп, айқындап берген еді.
«Қайратты ерге бақ тұрар, қатты жерге қақ тұрар» деп қазақ тегіннен-тегін айтты дейсің бе? «Өнерпаз болсаң – өр бол!» деген нақыл және бар.
Қалай дегенмен де, Отанды, Ұлтты, күллі рухани мүкәмалыңды аман алып қалу жолындағы жойқын күреске ынжық, жуас, босбелбеу, сәмсүгірлер араласа алмайды. Мұндай жон арқаңды дірілдетер алапат іске азулы да айбарлы, тез күйреп кетпейтін берен жүректі, қара жерге кеме жүргізетін қажырлы, қолынан да, тілінен де келетін қайсар жандар керек.
Міне, осындай алмағайып кезде рухани жоқшының, ұлттық күрес майдангерлерінің бірегейі – Мереке Құлкенов екенін атап өтпеске болмайды. Әдебиет, мәдениет, руханият саласындағы ұзақ жылғы еңбегіне орай ол «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, бірнеше медальдың иегері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Президент сыйлығының лауреаты.
Отыз жыл бойы сары аурудай созылып келе жатқан тіл мәселесі, экономика, экология түйткілдері, мұнайшылар мұңы, жаны сірі жемқорлық, кердеңдеген келімсектер, айдың-күннің аманында қазақ ұлтының дені кедейшілікке ұрынуы, шетелге бала сату сорақылығы, жер сатуға байланысты сақаға құйған қорғасындай салмақты ой-тұжырымдары «Біздің қоғам» атты публицистикалық кітабында айрықша көрініс тапты. Кеше ғана дүние салған қазақтың әйгілі ақыны Есенғалиды аза тұтқан, сай-сүйегіңді сырқыратқан, жоқтауға бергісіз эссесі қандай!
Жалпы, Мереке қаламының сұлтандығын танытатын осындай сұлу да салиқалы дүниелері ғой!
Көгеннің бұршағындай тізіліп, күндер, жылдар сыбдырсыз сырғуда. Кейде жол үстінде немесе жастық туралы әсем әннің құйқылжыған қайырмасында яки ұйқысыз түндерде байқатпай жылжып бара жатқан өмірдің бұралаң соқпағы еске түсіп, жүректі шымшылайды. Алыс жолға атыңды дайындап, «Ылдиға қарай шапсаң, ер аттың мойнына кетер» деп артына құйысқан, «өрге шапсаң жаясына кетер» деп алдына өмілдірік байлаған, садағаң болуға дайын марқұм әке-шешең, бауырларың ойға оралады. Сонау көз ұшындағы ақ Ойылдың айдынында сауырлары жылт-жылт етіп, сағымға батып-шығып, жүзіп-ойнап, сайран салған сахара сұлуларындай, самала жастықтың салқар көші енді сенімен де қол бұлғап қоштасқандай болады...
Иә, жасың қаншаға келсе де, «бес күндік дүние шіркіннің он күндік арпалысы бар» дегендей, тіршіліктің қыбыр-жыбыры қайран уақытыңды жона түседі.
«Конечно, век экспериментов,
Над нами – интересный век...
Но от щекочущих моментов
Устал культурный человек»,
деп, ақын Игорь Северянин өнер адамының күрделі де, мазасыз мезеттерін дәл байқап, жіті аңғарғандай-ау! Қалай дегенмен де, біздің өлкенің ең биік құзы – Иманқара – Қойғараның басынан бұлт арылмайтыны сияқты, Мерекенің де ойсыз жүрген күні жоқ деуге болады. Оның басы бейне бір тосын ойлардың, идеялардың мартен пешіндей, ылғи шоқ шашумен жатады...
Ой шылбырын шумақтай келе айтарымыз – Мереке Құлкеновтің мігір көрмейтін ғұмыр күймесі шаршамай-шалдықпай, өнердің керуен жолында артында будақ-будақ шаңы шүйкелене созылып, шығандап барады...
Жұмабай Құлиев