Руханият • 19 Желтоқсан, 2021

Фирдауси

8057 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Күн артынан күн туар,

Бір күн дамыл еткізбес.

Ой артынан ой қуар,

Желге мінсең, жеткізбес.

Абай

Фирдауси

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алтын ғасырын басынан өткізіп, адамзаттың дүниетанымын жаңа белес­ке көтерген араб өркениетінің соны саласы сопылық поэзиясын Абай шығармашылығымен бірге қарауға тиіспіз. Бұл ретте Абайды сопы атандыратын ретіміз жоқ. Алайда өзінің «Сөзіне қарай кісіні ал» дегенін қаперге алғымыз келеді.

Исламның алтын ғасырында тек математика, алгебра, медицина, астрономия тағы басқа нақты ғылымдармен қатар әдебиет те биік шыңына жетті. Нақты ғылымдар араб тілінде жазылса, әдебиеттің патшасы – поэзия парсы тілінде әлемге тарап жатты. Парсы тілі дегенде қазіргі Иран есімізге түседі. Алайда бұл Иранның ежелгі жазба тілі емес еді. Ислам діні арабтардың жау­лап алған барлық елдеріндей Иран өркениетіне де өзгерістер енгізді. Оның да мәдениеті исламға дейінгі және кейінгі болып екіге бөлінетін болды. Жазбасы да арабтанады.

VIII-IX ғасырларда қалыптасқан жаңа парсы тіліндегі поэзия ІХ-ХV ғасырларда Орта Азия мен Иранда пайда болып, атағымен әлемді баурады. Жаңа иран тілімен өрілген жырлар, егер түрін түстеп айтатын болсақ, ғазалдар, бәйіттер, қасида, мәснауи, рубаи тағы басқа өлең түрлері ақынның жүрегін әлемге ашты. Жаратушының дидарын көруге асық болып дүниеден баз кешкен сопы-шайырлардың есімдерін асқақтатып әлемге сопылық поэзиясын алып келді. Сағымдай елес берген іңкәрлік үшін Шығыстың небір шайырлары тәнін азапқа салып, дүниенің рахатынан безіп, құлшылықпен ұйқысыз түндер өткізе жүріп көкірек көзі ашылып жүрегіне құйылған жыр нұрын жер бетіндегі пенделерге жеткізе білді. Шайырлар жырлап өткен ғашықтықтың шырағына ұмтылғандар аз болған жоқ. Оның тәлімі мен үлгісін, үрдісін алып өз жүрегімен ақылынан өткізгендер жас шынардай қаулап өсіп, әрқайсысы өз жолымен көкке шаншыла өсіп жапырағын жайды. Шығыстың жыр мұрасының ірі өкілдерінің шығармашылығымен, шығыстық классикалық әдебиетімен жасынан оқып, жолын анықтаған шәкірт Абайдың:

«Физули, Шамси, Сәйхали,

Науаи, Сағди, Фирдауси,

Қожа Хафиз бу хаммаси,

Мәдет бер, иә, шағири фарияд» деп бар жанымен осы шайырлардың жолына жанын тігіп, медет сұрауы заңды нәрсе. Осы төрт шумақ арқылы ұлылардың рухымен мәңгілікке жалғанды.

Ендігі жерде Шығыстың шоқ жұлды­зындай жарқыраған шайырларды танып болдық па, олардың мұрасын парсы тілінде оқи алмасақ та ана тілімізге аударып шәкірт Абай танығандай жүрегімізге жеткізе алдық па деген сұрақтардың жауабын іздеу ләзім. Шайырлардың есімі ел құлағында жүрсе де, күні бүгінге дейін аталған ақындардың шығармалары толықтай қазақ оқырмандарына жеткен жоқ. Аударылған еңбектердің көбісі түп нұсқадан емес, орыс тіліндегі аудар­малардан тәржімаланды. Ал орыс тәржімандарының алдыңғы толқыны ағылшын нұсқасын негізге алғаны белгілі. Орта ғасыр тарихымен қоса, сол шайырлар өмір сүрген ортаны түсін­бей, олардың дүниетанымы мен ұстаны­мынан хабары болмай сыртқы пішінін ғана алған дүниелер әрине, ұлылардың бүккен ойынан алшақ жатыр. Сондықтан да бірлі-жарым ғазалдары, дастандарынан үзінділері көзімізге түскенде түбіне жетіп түсіне алмай, тамсанып оқып тұшына алмай жүрген жайымыз бар. Кеңес заманы кездері қолға түскен шайырлардың өлеңдеріне қарап оларды шарапханадан шықпайтын, ішкен-жегеніне мәз сауыққойлардың жыры деп түсініп жүрміз. Әлі де ақ-қарасын ажырата алмай аңтарылып отырған жа­йымызды жасыратын түгі жоқ.

Ертеде өткен бұл ақындардың мұра­сын түгендемек түгіл, өткен ғасырдағы атеизм мен космополитизм одан қалды еуроцентризм Шығысқа апарар жолды бөгеп, қазақ жеріндегі Шығыстың шынарындай болған Абайды толық түсінуге кедергі болғанын қайтпекпіз. Расында, «измдер» көзімізге шел болып қаптады. Шығыстық дәстүрді мансұқтап, ақыл-ой үстемдігі Еуропада деп танытты. Рухани тамырымыздың құнарынан безініп, көне тарихымызға, әдебиетімізге еуропалық көзілдірікпен қарауға үйретті.

Шайырлық жыр үлгісі ретінде де көңілге тоқи алмауымыздың себебі, ақын­дар өткен дәуірге бойламай, сол кезеңнің тарихи-діни философиясын қабылдай алмайтын біздердің бейнеті зор пешенемізден болса керек.

Аталған жеті шайырдың мұрасын оқымағаннан кенжелеп қалғанымыз жоқ дейтіндер де табылар. Ол да рас. Мұндайда тұманың тұнығынан сіміріп ішіп сусыны қанбағандарға не деп түсіндірерсің.

Шығыстың шырайындай ілгеріде өткен шайырлардың бақыты бізден артық болды. Топырақтан жаралған пенде болса да жаны биік рухпен ұштасып, шын ғашықтықтың халін кешті. Олар заманындағы қаһарлы билеушілеріне қарсы тұрып, қайырлы қоғам құрудың негіздерін іздеді, ізгілікті басшылардың сипаты қандай деп саралауға құқықты болды. Бай мен пақырдың, данышпан мен тоғышардың айырмасын көрсетті, алдамшы өмірдің мәңгілік еместігін айтып, ізгілік ілімінің негізін жыр жол­да­рымен қалады. Шайырлардың әрбір ғазалы, қасидасы мен бәйіттері, ру­баят­тары мен мәснауиі дүниені тану­ға шақырды. Жақсы мен жаманды, тексіз­дік пен бекзаттықты айыруға баулыды.

Міне, алдымен алтын бұлақтан сусындатпай тұрып, біздің бүгінгі ұрпақтан не сұрауға болады? Сол бұлақтың шәрбатын қанып ішкен Абайды түсінбейсің деп қалай жазғыруға болады? Айналып кел­ген­де сопылық әдебиетті меңгермей орта ғасырлық шайырлар әлемінің төрі­не енбек түгіл есігін аша алмаймыз. Шы­ғыс­тың классикалық әдебиетінің негізін қалаған шайырлардың мұрасын танымай, сопылықты түсінбейміз. Екеуі біртұтас әлем. Бұл шайырлардың ықпа­­лы күні кешеге дейін білінді. Батыс­тың ақындарымен бірге орыстың Пушкині де шығыстық жыр кенішіне қарыздар екенін айтып кетті. Ал Абай жөнінде айтсақ, қазақы өлеңнің арқауын Шығыстан ширатты. Сол себепті де осы кезеңнің жыр мұрасына қайта-қайта оралып, Шығыстың ірі ақындарын оқи алатын, түсіне алатын жағдайға жету үшін алдымен сопылық әлемінің есігін ашқанымыз жөн.

«Ақылға сыймас ол Алла,

Тағрипқа тілім қысқа Аһ!

Барлығына шүбәсіз,

Неге мәужүт ол қуа.

Ақыл мен хауас барлығын

Білмейдүр, жүрек сезедүр.

Мүтәкәллимин, мантикин

Бекер босқа езедүр», – деп айқара ашылған есіктің ар жағынан хакім Абай шығатынына сеніңіз.

Соңғы кездері Абайдың Шығы­сын тануға деген талпыныс көңілге қона­тын­дай. Алдыңғы толқын Мұхтар Әуезов, Құдайберген Жұбанов, Сәбит Мұқа­нов­тың ізін ала Мекемтас Мыр­зах­метұлы бастаған абайтанушылар легі көшті біраз жерге жеткізді. Жоға­ры­да мысалдар келтірілген шы­ғыс­­танушы-ғалым Ислам Жеме­ней­дің «Абай Құнанбайұлының шығар­масын­дағы түркі-парсы ақындары (шығыстық дүниетаным) кітабы жаңа деңгейге көтеруге сеп болды. Осыған дейін әрқалай әртүрлі авторлардың мақала­лары оқырмандарға жетіп жатса да шәкірт Абай медет сұраған шайыр­лардың ғұмырбаяндары­ның бір кітапта жинақталуын өз уақытында дер кезінде жарық көрген үлкен еңбек деуге болады.

«Тарихтың түрлі кезеңінде Әбілқа­сым Фирдауси, Әлішер Науаи, Абай Құнанбайұлы елдіктің биік шыңына қол созып, жаңа бастамаларға жол ашты. Абайдың ендігі қырын Физули, Шәмси, Сәйхали, Хафиз, Сағди шығар­ма­ла­рының қазынасынан іздеп табу аса қиынға соқпайды. Абай аталған ақын­дар­дың шығармасынан ой түйіп, тәлім алып, өз туындыларына арқау етті», деп түйіндейді автор. Біздер де бұл еңбектегі Шығыс шайырларының дерегіне қанып, құмарланып оқыдық.

 Бұл еңбектің «Әбілқасым Фирдауси» деп аталатын тарауында жалпы иран әдебиетіне оған исламның әсері мен Фирдауси сияқты ақынның пайда болып, « Шах-наме» секілді өлмес шығарма жазуына түрткі болған алғышарттарына тоқтайды. Қысқаша мақалада автор ислам дінімен бірге басталған тарихтың жаңа кезеңінің екі тарау арнасына шолу жасайды. Біріншісі Ислам дінінің таза қағидасына негізделген мәдени-рухани кеңістік болса, екіншісі Ислам атымен бірге пайда болған саяси жүйе. Шағын шолу болса да біздер ауызға алып отыр­ған Шығысқа жеткізетін жолда мұның маңызы зор.

Әбу әл-Қасым Фирдауси – Иранның эпикалық ұлы ақыны. Оның өмірі туралы ең ертеде жазылған дерек көзінің өзі ақын өмірден өткеннен 150 жылдан кейін жазылған екен. Сол дерек бо­йын­ша Фирдауси Тус облысы Табаран өңірін­дегі Баж елді мекенінде дүниеге келген. Ақынның өлеңдеріне қарап, жас шағында алаңсыз өмір сүргенін, кәрілік жеңгенде кедейлік тауқыметін тартқанын білеміз. Бір жырында оның 71 жасында атақты « Шах-намесін» аяқта­ғаны айтылған.

Зерттеушілердің сөзіне қарағанда, Фирдауси өз кітабын ешқашан « Шах-наме» деп атамаған. Эпикалық поэманың бірде-бір жерінде мұндай сөз айтылмайды да екен. Алайда одан кейінгі өткен ақындар мен сол кезеңдегі әдебиетшілер ұлық еңбектің атын « Шах-наме» деп атау­ды жөн көреді. Тустан шыққан Асади деген ақын Фирдаусиден кейін елу жыл өткенде мынадай бәйіт шығарады.

«Туста Фирдаусидей әулие өткен,

Әлемді  Шах-намесімен көркейтіп.

Ұлы жырын мәңгілікке

жазып кеткен,

Сол себепті ұлық атын

бергім келген».

Ал Фирдауси өз жырларында кітабын әртүрлі атаған. «Нама-йи бастан» (Өткен заман аңыздары), «Намварнама-йи бас­тан» (Ілгеріде өткен атақты адамдар туралы аңыз), «Нама-йи намвар-и шахрийар» (Атақты патшалар туралы аңыз) және «Нама-йи шахрийаран» (Патшалар туралы аңыз). Сөздің асыл маржаны 60 мың бәйіттен тұрады. Өзінің айтуы бойынша 6 «бивар» болған (1 бивар = 10 000 бәйіт):

«Естелікке осы кітапты қалдырды,

Бәйіттің саны, алты биварға жеткен» деген жолдан бүгінгі күнде қолда бары 48-52 мың бәйіттің шамасы. Кей­бір тізімде 55 бәйітке дейін жетеді, бірақ онда басқа көшіріп жазған басқа автор­лардың өз жанынан қосқандары бар.

Осы ретте мына бір деректі айта кетсек, парсы-түркі әлемі бір кеңістікте өркендегенін, алдыңғы ізашарлардың заңды жалғасы болғанын аңғарамыз. Өткен ғасырлардағы зерттеушілердің қолына жеткен Фирдаусидің «Шах-наме­сінің» сақталуына Әмір Темірдің неме­ресі Байсұңқардың ерен еңбегі бар. Ол туралы Науаи туралы әңгімемізде кеңірек айтамыз. Әзірге қосарымыз, ХV ғасырда Байсұңқар Ғиратта керемет кітапхана ашады. Онда кітапты көшіріп жазушы құсни хатшылар, суретшілер, алтынмен аптаушылар мен түптеушілер болған. Осыншама адамдарды әдебиет пен тілдің кемеңгерлері, ілімді ғалымдар басқарды. Солардың басқаруымен көркемсөз өнерінің жауһарларын жинап алып, алтынмен әдіптеп таңғажайып көшірмелерін жасады. Оның бірінші бетінде әдетте Шахрухтың таңбасы басылды. Кейде жазбаға түсініктеме де беріліп отырған. Міне, осындай жан-жақты жұмыстың бір нәтижесіндей болып, атақты Фирдаусидің «Шах-намесі» көшіріліп жазылады. Негізгі мәтін ретінде күні бүгінге дейін қолданылып жүрген еңбектің жасампаздығына себеп болып ғибраттық кітапхананың ізденісі тұр. Шығыстанушы Бертельс оның маңыз­дылығына баға беріп, үш жайтты ашып салады: «1) дәл осы мәтін біздің осы поэмамен танысудың негізгі көзі бо­лып қала береді; 2) Байсұңқардың кіріспесінде (1425-1426 жж.) көптеген құнды материал бар; 3) еуропалық ғылым бір жарым ғасыр бойында әлі күнге дейін « Шах-наменің» сыни басылымын шығара алмады. Осылайша, Байсұңқардың қызметінің маңызы артты және оны ұмытпау керек» дейді.

Бұл қазына Гомердің бізге қалдырған мұрасын екі орайды екен. Еуропа әде­бие­тіндегі Гомердің «Одиссей» мен «Илиа­дасы» қандай болса, Шығыс тарихында « Шах-наменің» артықшылы­ғын осылайша сипаттауға болар еді. Батыс зерттеушілерінде мұндай талпыныс та болды. Алайда халықтың көне тарихы мен адамдардың мінез-құлқы, шығыстық дүниетанымы еуропалық пішімге келмейтіні белгілі. Дегенмен, осы екі бірдей теңдесі жоқ туындыға ортақ нәрсе де жоқ емес. Осы күнге дейін оқылымды болып, құпиясы талай ғалымдардың ізденуіне негіз болып, бұлар­дан асқан тарихнама­ның жоқ­­тығы талғампаз әдебиетшілерді мойын­­датты.

« Шах-намеде» қазақтың көне эпоста­ры­ның көріністерін тануымыз түсінікті. Олайы Фирдауси барша түркіге ортақ эпос­тық негізін қалаушы деуге болады. Эпостық үлгінің әдемі үлгісі қазақтың батырлар жырына арқау болып, өлмес туындының кейіпкерлері де аңыз-әпсана болып ауыздан-ауызға ауысып бүгінге жетті.

Әдетте, жаңа дастанның шымылды­ғын түрерде Фирдауси оқырмандарына оқиғаның қысқаша мазмұнын, ақын өзінің көзқарасы мен бағасын бәйіттеп береді. Тіпті Рүстем мен Сухраб, Рүстем мен Исфандияр дастанындағы осы өлшемді Софокл, Еврипид және кейінгі авторлар өз шығармаларында қолданды деп те айтады.

Әбілқасым Фирдаусидің ұлы шығар­масынан басқа, жеке өміріне байланысты деректер жетпеген. Бірақ мына аңыз, қашанда асылын бағаламайтынын, дүниенің тұрақсыздығын, патшалардың әділетсіздігін, тағдырдың құдіретінің шексіздігін тағы да дәлелдейтіндей.

Біраз жас жасап, кемеліне келген Фирдауси өзінің баға жетпес дара туындысын тәмамдап, өзі лайықты деп тапқан Шах сарайына апарып, ықыластарына ұсынады.

Ол кездегі ел билеушісі сұлтан Мах­муд Газнауи болғаны белгілі. Бұл кездерде Фирдауси 65 немесе 66 жаста болған деп шамалайды, яғни 1003-1004 жылдары. Ғұмырын дүние қуумен өткізбеген Фирдаусидің кедейлік қыспағына түсіп, қалжыраған шағы екен. Дерек көздерде ақын сарай уәзірлерінің бірі Әбу әл-Аббас Фазл б. Ахмад Исфарайни араласуымен Газнауилер сарайына келіп, еңбегін ұсынады. Осы аңызды баяндаған Низами Арузи бұл кездесуді былайша суреттеп жазады: «Фирдауси кітабын Газна билеушісіне алып барып, сарайдың жоғары лауазымында жүрген Ахмад Хасан Катиб оны қабылдап алады». Алайда сарайда бұл адамның беделі мен билігін әлсіретуге әрекеттеніп, аңдысқан жаулары аз емес екен. Оны қаралау үшін Фирдаусиді, оның « Шах-намесін» да жамандап, жымысқы әрекеттерін іске қосады. Сұлтан ақынның еңбегін 20 мың дирхамға бағалайды. Моншада жуынып отырғанда жеткізіп берген, маңдай теріне де татымайтын сыйға ақынның жаны жараланып, еңбегіне арзымайтын ақшаны саудагерлер мен моншадағыларға үлестіріпті. Солай етсе де қаһарлы патшаның жазасынан ығып бір түнде Газнадан Ғиратқа кетіп қалады да, ол жақтан Тусқа оралады. « Шах-намесін» алып Мазандаранға барып, жергілікті шах Шахрийару б. Ширвинге барады. Сол жерде Махмуд Газнауи сұлтанға арналған ренішін жырлаған 100 бәйіт шығарған-ды. Оны Шах 100 мың дирхамға сатып алады.

Соның бірі:

«Өзінің адамдарының ұлысы жоқ,

Сол себепті ұлылықтан хабары жоқ».

Ақынның «Махмуд құлдан тумай, патшаның ұрқы болса, патша тәжімен басымды көмкерер ед» деген жырын естіген Махмуд бабаларын ұлықтаған ақынның көп жылғы еңбегінің шын бағасын бермегеніне өкініпті. Ұлы шығарманың лайықты ақысын артқан елшілері қалаға жеткенде, сол қаланың екінші қақпасынан қаралы топ ақынның мәйітін алып бара жатқан екен деседі. Бұл шамамен хижра бойынша 411, біздің жыл санауымызша – 1020 жылы болған еді.

Ақын моласының басына, дүниеден өткеніне мыңжылдық өткенінде, бер­тінде 1934 жылы кесене орнатылыпты. Атағы мен мәңгі өлмес жауһары қалған Фирдаусидей заманынан озып туған асылдың мұңлы тағдырының да тәлімі бар. Тіршілігінде тарықпаса да тең түсер үзеңгілесі болмаған Абайға замандастары не көрсетпеді. Абайдың бауыры әрі шәкірті Шәкәрімнің:

«Жолама қулар маңайға,

Не қылмадық талайға.

Кім жағады сендерге

Тартқызған азап Абайға?

Оның тілін алмадың,

Сабадың, сөктің, қарғадың.

Көріне қашан кіргенше,

Арсылдап иттей қалмадың», – деген жолдарында ащы запыран жатқан жоқ па?!

Фирдаусидің мұрасын зерттеушілер онтологиялық және гносеологиялық аспектілеріне негізделген адам таби­ғатын болмысын ашудағы идеясын бір ауыздан, мойындайды. Ақын адам табиғаты әлсіз деген шешімге келеді.

Бір жақсысы, Ислам Жеменей осы шығарманың қазақша сөйлеуіне, оның толық басылып шығуына аса мән беруі өте құптарлық жайт. Ұлы дастан Тұрмағанбет Ізтілеуовтің назирасындай кейін де толық күйінде қайта жаңғырса, Шығысымыз оның ішінде Иран тарихы қазақ оқырмандарына бір табан жақындай түсері анық. Өйткені оның бір саласы төл тарихымыз, өзіміздің өткеніміз. Тұран-Иран тарихының бір ұштығын баяндайтын дүниесі деп жақын тартқан, поэзияның аса құнды жауһары ретінде де Абайдың да назарын аударған болар деп ойлаймыз.

 

Амангелді Мырзабек