Футбол • 26 Қаңтар, 2022

Қазақстан құрамасы топ бастады

312 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нидерландтың Амстердам және Гронинген қалаларында өтіп жатқан футзалдан Еуропа чемпионатының екінші тур ойындары бел ортасынан асты. Бұл турда жерлестеріміз Финляндия футзалшыларымен жолығып, ірі есеппен жеңіске жетті.

Қазақстан құрамасы топ бастады

Қазақстан құрамасы бірінші турда Словениямен болған тартысты ойында 4:4 есебімен тең ойнаған болатын. Сондай-ақ бұл матчқа негізгі құрамның бірнеше ойыншысы мен құраманың бас бапкері Кака коронавирусқа байланысты қатыса алмаған еді. Соның салдарынан біздің жігіттер бұған дейін бір рет басым түсіп, бір мәрте тең ойнаған Словениямен тағы да ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Бір ұпайдан кейін жанкүйерлер де, футзалшылар да плей-оффқа шығудың қиындап кеткенін жақсы түсінді. Алайда топтағы екінші матчта Италия мен Финляндия командалары да жеңімпазды анықтай алмай, тең тарқасты. Нәтижесінде бірінші турдан соң топтағы жағдай өзгеріссіз қалды.

Екінші тур ойындары алдында да Қазақстан құрамасы толық құрамда өнер көрсете алмайтыны белгілі болған еді. Себебі Шыңғыс Есенамановтан матч алдында коронавирус анықталса, алғашқы турда «қызыл қағаз» алған Альберт Ақбалықов ойынды алаңның жиегінен тамашалады.

Десе де біздің жігіттер бірін­ші матчтағыдай бұл жолы бас бапкерсіз ойнаған жоқ. Корона­вирустан айығып, дереу Нидер­ландқа жеткен Кака құрама ойын­шыларына қосымша күш сыйлады. Сөйтті де екінші турда Ита­лия құрамасынан ұпай алған фин­лян­диялықтарды ірі есеппен жеңді.

Негізі біздің құраманың ірі есеппен жеңіске жетуіне топтағы алғашқы ойынның нәтижесі айтарлықтай әсер еткені белгілі. Өйткені Италия мен Словения құрамалары тағы да тең ойнап, Қазақстан құрамасына топта көш бастауға зор мүмкіндік сыйлады. Екінші турда да бір-бір ұпайға қол жеткізген Италия мен Словения 2 ұпаймен уақытша бірінші және екінші орынды бөлісіп тұрды. Бұл өз кезегінде сәл кешігіп матч өткізетін Қазақстан мен Фин­ляндия үшін өте тамаша мүм­кін­дік еді. Себебі жеңген команда турнир кестесінде бірінші орынға шығатын.

Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне тұңғыш рет қатысып отырған Финляндия матчтың бірінші таймында өте ширақ қимылдады. Тіпті, матчтың есебін де бірінші болып ашты. Кездесудің 13-минутында Миика Хосио мергендік танытса, бірінші таймның аяқталуына екі минут қалғанда Біржан Оразов таразы басын теңестіріп үлгерді.

Скандинавиялықтар екінші таймды да өте белсенді бастап, тағы да есепте алға шығып алды. Бұл жолы Яни Корпела Игита қорғаған қақпаны дәл көздеді. Бірақ арада бір минут өткенде қақпашымыз Игита алаңның дәл ортасынан соққы жасап, таразы басын қайта теңестірді. Айта кетейік, Игита қатарынан үш Еуропа біріншілігінде гол соққан алғашқы қақпашы атанды.

Таблодағы көрсеткіш 2:2-ге жеткен соң, Қазақстан құрамасы қатарынан төрт гол соғып, Финляндия құрамасына еш мүм­кіндік қалдырмады. Алдымен Арнольд Кнауб Қазақстанды алға шығарса, екі минуттан соң Біржан Оразов дубльдің авторы атанды. Содан соң Арнольд Кнауб тағы да дәлдік танытып, есепті 5:2-ге жеткізді. Ал кездесудің нүктесін Азат Валиуллин қойды. Қорытынды есеп – 6:2. Осы­лайша, Қазақстан құрамасы Фин­лян­диядан үлкен футболда кеткен есесін шағын футболда қайтарды. Бұл жеңістен кейін жерлестеріміз 4 ұпаймен В тобында көш бастады.

Қазақстан келесі кездесуін 28 қаңтар күні Италия құра­ма­сымен өткізеді. Бүгінге дейін екі ел ойыншылары паркетте бір мәрте кездескен. 2016 жыл­ғы Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңінде жолдары түйі­сіп, Қазақстан құрамасы 5:2 нәти­жесімен басым түскен еді.