Спорт • 05 Мамыр, 2022

Сан қырлы саңлақ

534 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіз еліміздің еркін күрес тарихында жеті жерлесіміз ғана Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілді. Олардың бесеуі қолаға қол созса, екеуі күміс медальды иеленді. Финалға шыққан өрендеріміз жайында айтар болсақ, 2000 жылы Сиднейде Ислам Байрамуков және 2004 жылы Афинада Геннадий Лалиевтің асығы алшысынан түсті. Десек те Лалиевтің Оңтүстік Осетияның тумасы екенін жұрт жақсы біледі. Ал Байрамуков өзіміздің төл түлегіміз. Ол Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов атындағы ауданда дүниеге келді. Ислам қалың қазақтың арасында өсіп, үлкен өмірге жолдама алды.

Сан қырлы саңлақ

Ислам Байрамуковтың халықаралық аренада атой салған кезі күні кешегідей көз алдымызда. Бала кезінен зерек болып өскен ол әуелі спорттың сан алуан түрін серік етті. Бос уақытында ақын-жа­зушылардың кітаптарын көп оқып, ой-өрісін кеңейтті. Жануарларды жақ­сы көрді, ат спортына қызықты. Ал­тын­шы сыныпта балуандық өнерге мық­тап ден қойып, еркін күрестің қыр-сы­рына қанықты. Тырнақалды табыстарына қол жеткізгеннен соң Алматыдағы рес­пуб­ликалық Олимпиадалық резервтер учи­лищесіне ауысты. Қазақ спортының қара шаңырағында шеберлігін шыңдаған Бай­рамуков уақыт оза еліміздің маң­дайалды балуандарының біріне айналды.

Исламның бұл салада жеткен жетіс­тіктері зор. Атап айтсақ, Азия чемпионатында 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медальды олжалады. Азия ойындарында қола медальды иеленді. Орталық Азия және Шығыс Азия ойындарында бас жүлдені қанжығасына байлады. Бақандай 10 жылдан аса уақыт бойы 90 және 97 кило салмақ дәрежелері бойынша елішілік жарыстарда қарсылас шақ келтірмей, көптеген халықаралық турнирлерде атой салды. Қарашай жігітінің спорттық мансабындағы ең зор табысы – Олимпия ойындарының күміс медалі. Ғасырлар тоғысында Сиднейде алауы тұтанған дүбірлі додада небір апай­төс­терді жолынан ығыстырған Бай­ра­муков финалда Ресейдің даңқты балуаны, әлем және Еуропа чемпионы Сағит Мұртазалиевке есе жіберді. Ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланған әйгілі балуан «Парасат» орденімен марапатталды.

Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Байрамуков бапкерліктің қамытын киді. Жастарға бар білгенін үйретіп, бозкілемде жиған мол тәжірибесімен бөлісті. Бірер жыл ұлттық командамыздың бапкер­лер құрамында да болды. Бірақ Ис­лам Ілиясұлы тек спортпен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол Алматы қалалық мәсли­хатының депутаты ретінде қоғамдық жұ­мыстарға белсене араласты. Бір ғана мысал, дәл осы азаматтың тікелей ық­палының арқасында Алматыдағы ипподром ысырылып, қиратылудан аман қалып, күні бүгінге дейін ел игілігі үшін қызмет етуде. Кейіпкеріміз Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Қарашай-Балқарлардың «Бірлік» қо­ғамдық бірлестігі төрағасының орынба­сары қызметін атқарды. Бұл ретте атақты спортшының кең-байтақ қазақ даласын мекен еткен көптеген ұлт пен ұлыстың бірлігі мен берекесі артып, татулығы мен ынтымағының нығаюына қосқан үлесі бар.

Ислам Байрамуковтың ат спортына бір бүйрегі бұрып тұрады. Бозкілеммен қош айтысқаннан соң ол атбегі ретінде де танылды. Олимпиада жүлдегері баптаған сәйгүліктер Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерде өткен дүбірлі додаларда дараланды.

Сүйікті ісінен қол үзгеніне біраз жыл өтсе де, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда Исламды жиі кезіктіріп жүрміз. Өзінің ізбасарларын үнемі қолдап, қолпаштап жүреді. Еркін күрестің жай-күйі жайында әңгіме қозғалса, ойын бүкпесіз айтып, ақтарыла сөйлейді. Шыншылдық пен ақиқатқа жа­ны жақын азамат ел спортындағы ше­шімін таппай жатқан мәселелер жайында биік мінберлерден сан мәрте ашына сөйлегенін де көрдік. БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында осы саланың басы-қасында жүрген дөкейлерді талай рет сын садағына алды. Ешкімнің лауазымы мен шен-шекпеніне қарап жатқан Байрамуков жоқ. Шырылдап шындықты айтып, әр кез әділдікті арқау етуде. Өйткені ол өзінің өмірлік серігіне айналған спорт түрінің құрдымға кеткенін қаламайды. Ислам Қазақ елінің өр мінезді ұлдарын тек биік белестерден ғана көргісі келеді.

Ислам Ілиясұлын «сегіз қырлы, бір сырлы азамат» деп айтсақ, ешкім дау­ласа қоймас. Ол қазақ тілін жетік мең­герген. Сөзге шешен. Тілі өткір, ойы жи­нақы, өресі биік. Мақалдап, мәтел­деп сөйлегенде, тамсанбай тыңдау мүм­­кін емес. Оның осы қасиеттерін біз теле­дидар арқылы Олимпия ойында­ры мен әлем чемпионаттары секілді бай­­рақты бәсекелерден тікелей репор­таж жүргізу барысында анық байқа­дық. Әдетте студияға құрметті қонақ немесе салиқалы сарапшы ретінде шақы­ры­латын Байрамуков бірден өзінің кәсіп­қойлығы мен білімділігі, шешендігі мен тапқырлығы және керемет сөз орамдарымен көрермендерді баурап алады. Міне, осыдан кейін «Талантты адам барлық жағынан талантты» деген сөзге сенбей көріңіз...