Қазақстан • 29 Мамыр, 2022

Тоныкөк және біз

1006 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Біз бе?

Біз қараңғыдан қорқып отыр­ған бала сияқты едік. Баба­лары­­ның мұраларын көрсетіп, бай баласындай шалқаятындардың әлемдік ортасында, «сондай бабамыз бар ма еді?» деп біз тарихтың қараңғысына үңілдік-ай келіп. Әйтеуір бұта қуалаған бұратана еместігімізді сезетінбіз. Сондай кезде күңгірт тартқан тарих-табалдырығымызды қақ жара Орхон ескерткіштерінің сәулесі кіріп келгенде, алшаң басып әке-шешеміз кіріп келгендей жылап жібердік. Әрине, іш­тей! Қуанғанымызды көрсетуге қорықтық!

Тоныкөк және біз

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Өн бойында ЭВМ-ның цифр­ларындай тас жазулары жыпырлаған мына тас-дәптердің нақ біздің бабамыздан екенін естігенде, әлем ғалымдарының естері кетті. Бізге қимады. Қалай қияды? Бұл сол көне заманның нағыз цифр­лы дәуірі еді. Ал дәл соның мына «бала-бажырдың» еншісі екені ақылға сыймастай еді. Сөйтіп, біздің халық даналықтың тегінен екені дәлелденген еді. Күллі цивилизация дүр сілкінген-ді. Тастағы жазу да, жазудағы тас та таңғалдырды. Тарих бізге қанша жерден шөлбеттеніп қарағанымен, рух қалай да іздеп табады екен.

Аспанда бос орын жоқ дейді ғой қазір. Тіпті жақында аспанда кептеліс болып, Илон Масктің кораблі қытайдың кораблімен соқтығысып қала жаздап, оңға ма, солға ма, әйтеуір бұрылып үлгеріпті дейді. Сол сияқты рухани әлемде де қараусыз жатқан бос кеңістік жоқ. Бірақ мәселе, соның кімдікі екенінде және оның энергетикасының өз ұрпағына қалай ықпал етіп, оған қандай рухани мәртебе беретінінде.

Түрк қағанатының үш бір­дей қағанына уәзір болып, ақылгер­лігімен күллі көне түрк және көне табғаш-қытай жұртына әйгілі болған, ежелгі Асадыр тайпасынан шыққан Тоныкөк баба бүгінгі түрк тілдес халықтарға да ешкімнің мысы баспастай мәртебе берді. Мәртебенің мәні – Тоныкөк баба сөздерінің саяси-әлеуметтік-философиялық әрі поэтикалық трактат мәртебесінде екенінде. Тіпті бүгінгі «Жаңа Қазақстан» идеясына да тас-табан боларлық трактаттар.  Оның мазмұны мен ырғағы жай айта салайыншы дегендікпен емес, уақыт тұяғының астында қал­майтындай екпінмен айтыл­ғаны әр әрпінен сезіліп тұр. Тіпті дауысы естілетіндей. 

«Жауымыз айнала жырт­қыш құстай еді» дейді. Осы сөз айна­ламыздағы бүгінгі жағдайға келе ме? Әрине, келеді. Тек оны біз сыпайылап, «бәсекелестеріміз» десек пе екен?! Енді сол «жыртқыш құстар» түрктердің «Қағаны алып еді, ақылгері білгір еді» деп қауіп еткенін де келтіріпті тас жазуда. Сол жаулардың арасында «Ол екі кісі тұрса, сені – табғашты қырады, Шығыста құтанды, мені – оғузды қырады» деген сөз тарағанын да жазыпты. Былай қарағанда екі жақтың арасындағы алып-қашпа әңгімені мәңгі тасқа қашатып не қылады?! Бірақ Тоныкөк данышпан ғой. Қарсы жақтың жоғарыдағы­дай сөз таратуы сол кездегі ақпа­рат­тық-манипуляциялық әдіс еді. Турасын айтқанда – туыстас тайпаларды жауластыру. Ергізде бірікпестей етіп, құмдай шашып жіберу. Сөйтіп, тыныш жатқан халықты соғысуға дайын­дау. Бұл да бүгінгі біздің қоғамға тым таныс. Бұл әдістің аса қауіпті екенін Тоныкөк баба болашаққа ескертіп, әдейі жазғызғандай.

Жау жағының «екі кісі» дегені – Білге қаған және ақылгері Тоныкөк еді. Олар қандай да бір соғысты ойлап отырмаса да, «қағаны алып, ақылгері білгір» елден сескеніп, «қорыққан бұрын жұдырықтардың» ісін жасап, бұларға қарсы соғыс ашып­ты. Тоныкөк олардың мұн­дай қылығына тарихи-фило­со­фия­лық баға беріп, «Қандай қаған­дық болса да, оның ішінде  бүл­діру­шісі бар болса, оның соры да қалың болады» деп жазып қо­йыпты көк тасқа. Тап осы жол­дар да дәл бүгінгі бізге тым та­ныс. «Ішінде  бүлдірушісі бар» ел екенімізді Қаңтар оқиға­сында ғана біліп қалдық. Ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқына Жол­дауында айтылғандай, «ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келгені» шошытты елді. «Біз  жардың шетінде тұрдық», деді Президент. Сол күндері біздің елде бірнәрсе өзгеріп емес, төңкеріліп бара жатқандай болған жоқ па еді. Осы оқиғаға бір қарап, Тоныкөк жазуына бір қарап, бұл ақылгер бабамыздың қоғамдық сананың трансформациялануын қалай дәл жеткізгеніне тамсанасың. Соны оқып отырып, «біздің бүгінгі қоғамдағы жағдайды сонау заманда отырып қалай болжаған?» дегің келеді екен біртүрлі. 

Тоныкөкті әрі қарай оқи­мыз. Әлгі манипуляциялық ақпа­раттың ықпалымен ел ішін­дегі кейбір тайпалардың «Ханын тастап, табғашқа қайта бағын­ғанын» терең күрсініспен жазған екен. Дәл солай өкінетін жағдай қазір біздің қоғамда бар ма? Бар сияқты. Бұл да бізге тым таныс. Дамыған елдерді көбірек дәріптегендігімізден бе екен, біздің жастардың кейбіреулерінің санасында әлгі өзіміз мақтай беретін елдердің «ханы алып, ақылгері білгір» көрініп, Тоныкөк айтқандай «ханын тастап», басқа елге бағынуға кетіп жатыр. Әрине, әркімнің өз еркі ғой. Бірақ қазіргі жастарға халқы көп­тің нарты да көп сияқты бо­лып тұрған басқа ел артық сияқ­ты. Біздің кейбір жастар оларды одан  сайын көбейтуге бара жатқанын, өз халқын одан сайын азайтуда екенін сезіне ме екен? 

Біз, Тоныкөк айтқандай, әлі де аз халықпыз. Бірақ тағы да сол Тоныкөк айтқандай, «азбыз деп неге қорқа­мыз»? Шетелге кетіп жатқандар­дың түпсанасында сол қорқу бар сияқты. Бұл – өз елін әлсіз сезінудің көрінісі. Тоныкөктің «Азбыз деп неге қорқамыз? Неге басындырамыз? Шабамыз!» дегені дәл бүгінгіге де қарата айтылған сөз сияқты. Бірақ бүгінгінің «шабамызы» - білімділікте және отаншылдықта. Бізге сырттан және іштен жасалып жатқан ақпараттық-мани­пуляциялық шабуылдар – сырттағылардың білімділерінің, манипуляторларының, діни экс­тре­мистерінің шабуылы. Олар­дың шабуыл­дарының ішінде өте ықпалды болып тұрғанының бірі – «тегін оқытамыз» деген мо­ти­вациялық шақырулары.  Былай қарағанда «тегін оқы­тамыз» дегеннің несі шабуыл? Тереңірек ойлап қарасақ, бұл – өте ықпалды шабуыл! Тоныкөк баба сілтеген манипуляциялық жаңа тренд. Тағы бір «шақырулары» – олардың бренд-дүниелері, яғни жоқтан барды құрастыра алуы және аспани ғимараттары. Яғни көзді арбау! Келесі шабуылы – діни экстремистік идеология арқылы ұлттық ділге тұзақ салу. Осындай шақырулар арқылы санамызға көзге көрінбейтін скальпельдермен хирургиялық «операциялар» жасалып жатқандығына да жастарымыздың көпшілігі мән беріп жүрген жоқ. Ал мұндай операциялар қандай да бір психологиялық «антисептиктердің» көмегінсіз жасалатындықтан, одан ұшып шыққан манипуляциялық «вирустар» жан-жағының бәріне жұғады. Сөйтіп, «жатқан қоянды, қашқан қоян алып кетеді».

Рас, Тоныкөк те қытай патшасының сарайында тегін әрі терең білім алған. Бірақ сол білімін өзінің түрк еліне жұмсау үшін, қытайдан өз еліне қашып келген емес пе еді?! Қашып! Сөйтіп, өз түрк елінің ғұлама кеңесшісі, соғыс ісінің білгірі болып қызмет етті. Жеңіс алып берді. Тіпті оның білгірлігі жау жағын сескентті. Енді осы призмадан бүгінгімізге қарап көрелік. Біздегі жастардың білгірлік, алғырлық қабілетін байқағандар, дамудың қырғын майданында жеңіс алып беруге қабілетті жастарымызды өздерінде тегін оқы­тып, өздерінде өте жоғары еңбекақы төлеп, тағы да қазақ елінің қаймағын білдіртпей сылып алып жатыр. Қатты ойланатын жағдай! Жастар және ата-аналар өз елімізде дәл қазіргі кезеңде болып жатқан үлкен өзгерістерді, жаңа бағдарламаларды білсе және ұғынса екен дейміз.

Тоныкөк заманының сыртқы жаулары «Қағаны алып еді, ақылгері білгір еді» деп сескенген еді ғой. Ал қазір алыппыз ба? Әрине, алыппыз! Осыншама жері бар, жерінің асты толған байлығы бар елді алып емес деуге ешкімнің батылы жетпес. Тек ол ойларын айтпай, құм астына көміп отырады.

Шуда жіптей шатасқан тарихтың ішінен әркім өзін іздеп әлек. Біз өзімізді іздеп тапқанбыз. Былай қарағанда соны табудың не керегі бар еді? Өтті-кетті дегендей. Керегі бар екен. Бабалар ерлігін үнемі сезініп жүру – ұрпақтың өзін сергек те, сенімді ұстауына мүмкіндік береді. Яғни өзінің тас-табанының мықты екенін білген бала батыл ұмтылады. Қайтпайтын отаншыл болады. Ежелгі сөз энергиясы да дәуірден дәуірге эмиграция жасай өмір сүреді ғой. Әйтпесе, ол энергия болудан қалар еді. Өз тарихыңды білу – сол энергияны бойға сіңіру. Тоныкөк-Күлтегін жазулары сондай энергияға толып тұр. Болашақтың алгоритмдері сол жазулардың арғы мәніне жасырылғанын байқай алдық па? Бұл – сол дәуірден бүгінгі бізге жолданған өзіндік энергетикалық модель. Осыны білсек екен және жастар түсінсе екен.

«Түнде ұйқым келмеді, күндіз отырғым келмеді», деп жазыпты Тоныкөк баба. Дәл қазір де әлем түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, тәуекел деген «Тайбурылдың» тұяғында ұшып бара жатыр. Ал біз – қазақ – кешегі күнге дейін Сизифтің қара тасын домалатып жүріппіз. Не кедергі болды десек, ел басқарғандардың ішінде сатқындар отырған екен. Тоныкөк сөзіне тағы да үңілейікші: «Иірчі йір йаңылып, боғузланты» (Жершіл ер жаңылып, бауыздалды). Ұрыс даласына баратын төте жолды біледі деп таңдап алған жершіл адамы сатқындық ниетпен Білге қаған-Тоныкөк әскерін әдейі адастырыпты. Қазіргі бізді де даму жолымыздан сатқындар дәл солай әдейі адастырды. Қаңтар оқиғасының мән-жайын тексеріп жатқандар осындай масқараның бетін ашып жатыр. Адасып жүргенімізді іштей сезетінбіз. Бірақ жай халықтың қолынан келгені – әлеуметтік желіні ала шаң қылу болды.

Ал енді?

Ал енді жаңа кезеңге аяқ баспақпыз. Осы кезеңде ежелгі болса да, өз дәуірінің ақпараттық модернизмі болған Тоныкөк-Күлтегін жазуларынан қуат ала алсақ дейміз. Бұл жазулар –  мотивациялық трактаттар және оттан көркем отаншылдық идеясы. Қорықпау идеясы. Аз деген ұғымның жоқ екенін, отаншылдықта аз деген ұғымның болмайтынын мең­зейтін идея. Құмырсқада шаршау деген ұғым болмайтыны, арыстанда әлім келмейді деген ұғым болмайтыны анық. Құмырсқаның  санасында еңбекқорлық, арыстанның санасында күштілік формуласы басым тұратыны да анық. Олардың күшінде де, ісінде де солай. Тоныкөк сондай арыстан-рухты тұлға. Интуициясы мықты адам. Мықты коммуникатор. Сөз эффектісін түбірден түлете алатын шешен-психолог. Визуалдылық форматын да жақсы сезінетін талғамы күшті стратег. Сондықтан да жазу жазылатын тастың биік болуын және түрегеліп тұруын, алыстан көрінетіндей көлемді болуы қажеттігін дәл білді. Содан да болар біздің визуалды қоғам Орхон ескерткіштерін ерекше ықыласпен жақсы қабылдады. Шынында да, бұл ескерткіштердің көзді арбайтын визуалдылық құдіреті бар екенін осы тастарды көргенде швед офицері Ф.И.Страленберг «Бұл не ғажап? Табиғаттың өзі жасаған құдірет пе, әлде адамның сиқырлы қолынан туған керемет пе?», деп таңғалыпты. Оның әрбір әріпі сол заманның компьютерінде терілгендей тартымды. Әрбір әріптен шапқының дауысы естілетіндей, соны сызып жатқан адамның әр сызыққа қадалған көзін, кірпік қағысын байқайтындаймыз. Сіз бен біз сол жазуларды қалай оқыр екен деп, олардың бізге жұмбақ әлемге қарағандай қарап тұрғанын көрер едік. Біз оларға абстрактылы әлем сияқты көрінген шығармыз. Біз оларға тас қашауды білмейтін, құдық қазбайтын, ат мінбейтін, соғыс пен ковид дегенді білмейтін адамдардай көріндік пе екен? Қалай болғанда да, олар бүгінгі бізге –  сон-о-оу ХХІ ғасыр ұрпағына деген зор сенімдерін сөндірмей өтті. Текке өткен жоқ, ел болудың ежелгі  теориясының бұларға да бір қажеті болар деп тасқа қашады. «Жұқаны бүктеу оңай, жіңішкені үзу оңай», дейді тастан қарап тұрған Тоныкөк данышпан. Бүктей салуға болатындай жұқалық ұлттық тілдің жұқаруынан басталады. Үзіп-үзіп тастауға болатындай жіңішкелік отаншылдықтың жіңішкеруінен бас­талды. Дәл солай жұқарып, дәл солай жіңішкеріп, жетекте кеткен тайлақтай болғандар аз ба! «Жұқа қалыңдаса, оны тек алып бүктейді, жіңішке жуандаса, оны тек алып үзеді», депті тағы да. «Алып бүктейді», «алып үзеді» деген тіркестердің арғы мағынасы бүктей де алмайды, үзе де алмайды концепциясына сілтеп тұр. Өз алыптарымыздың сілтеген жағына қарай жүрсек, адаспайтынымыз ақиқат!     

Осы тұрғыдан алып қарасақ, «Жаңа Қазақстан» дегеніміз – тек шетел­діктерден үйренушілік емес. Біз қашанғы үйренушінің образына кіріп алып отыра береміз? Үйретуші де елге айналсақ дейміз. Жаһандық ғылымның 95 пайызы әлемдік 4 тілдің еншісінде екен. Демек тіл үйрену парыз. Бірақ ол өз тіліңді қиратып өте шығу деген сөз емес екені түсінікті. Өз тілін тақтан түсіргендерге кім құрметпен қарайды дейсің. Балет жұлдызы Мая Плисецкая баяғыда Алматыға келгенде берген сұхбатында «Қазақтар орысша тап-таза сөйлейді екен ғой. Ойй, қандай жиіркенішті» дегені есімде.

«Қызыл қанын төккен, қара терін ағызған» көне дәуір данышпандарының идеясы ұлттық идеяға өзек болуға тиіс деп ойлаймыз. «Тәңір жарылқаған­дық­тан («Теңрі йарүлқадық үчүн») біз қорықпадық» деп Тоныкөк баба мәселені «қорықпағандық» концепциясына тірейді. Қазақша сөйлеуге намыстанатындардың «Путинге арыз жазу»  ниеттерінің арғы түбінде үрейлері бар екені анық. Демек біздің көне тілімізді жүрегінің қаны­мен, көзінің нұрымен тасқа қашаған бабалардың өткірлік, қорықпайтындық «вакцинасын» баланың бойына егудің жаңа тұжырымдарын жасақтаудың маңызы артты. Бірақ оның бәріне жылдамдық керек. Асыққан әлем тілін безеп, ділін кезеп, қағып-соғып өте шығады. Үрей билегендер сол құйынның түйіршігіне айналып, жоғалары анық. «Жаңа Қазақстанның» бір белгісі – қорықпайтындығы мен шапшаңдығында екені сезіле бастады. Дұрыс! Сорпа суы­ған­дай ғана аз уақытымызға құйған шай­­ды ішіп үлгертпейтіндей асығыстық керек. Бірақ сорпамыз бен шайымызды тө­гіп алмайтындай ептілік одан да керегірек.

«Түнде ұйқым келмеді, күндіз отырғым келмеді» деген Тоныкөк-Күлтегіндердің аруағы ана дүнияда әлі де солай жүрген сияқты. Өйткені сатқындар қиын жолға салып жіберген Тоныкөк әскері сияқты қазақтың интеллектуалдық «әскері» де өз заманының «Ақтермелінен» өту сапарында ең қиын жолға түсіп кеткенін енді біліп жатыр. Біздің қиын жол –  коррупция мен сатқындықтың шырғалаңы. Тәуелсіздік жолының тау-тасы қайдан бірден алдырта қойсын. «Ұнамаса, көшіп кет!» дегенге, көше жөнелетін емес, Тоныкөк-Күлтегін бабалардың «Атамыз, бабамыз ұстаған жер-су иесіз болмайды» дегеніндей табанды, ел Президенті Қ.Тоқаев айтқандай «...Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға» ықыласты, қабырғалы жұрт екенімізді жастар дәлелдей түсуге тиіс.

Орхон ескерткішінің бірі – Күлтегін тасының көшірмесі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың атриумында текке тұрған жоқ. Жақсы тұр. Мән-мағы­насымен тұр. Енді дәл соның көшірмесін елордамыздың қақ ортасына ескерткіш етіп қойсақ ше?! Бұл Мәңгілік тас елорданың еңсесін тағы бір көтеріп қояр еді. Ұлт рухының және азаттығының символындай тұрар еді.

Олар бұл жазуларды өздерінде не болып жатқандығын айту үшін ғана емес, болашақтың қандай болуы керегін меңзеу үшін жазғаны анық. Тас сол кездегі ақпарат тасымалдаушы ретіндегі ең сенімді, ең озық технология еді. Енді тарихтың беті қанша қабыршақтанып, адам танымастай болып өзгерсе де, Мәңгілік тас мәңгілік ұлт идеясымен сапарын жалғастыра береді. Тек соған мүмкіндік жасау – біздің міндет. Сол үшін «Жаңа Қазақстанға» жол ашу үдерісінде Ата Заңға өзгеріс енгізілетін болып жатыр. Оның тура жолдан тайдырмайтын құжатқа айналатынына сенімді болып отырмыз.

 

Оңайгүл ТҰРЖАН