Қазақстан • 30 Мамыр, 2022

Жолдау жолы қиын ба?

510 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әрине, «қиын» деп қысқа қайыруға да болар еді. Оның қиын екенін ешкімге дәлелдеудің де қажеті бола қоймас. Қоғам, халық оны жақсы түсінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауын: «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, маңызы да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге жаңа Қазақстанды құруға кірістік», деген сөздермен бастап, мемлекетімізге түбегейлі өзгерістер мезгілі жеткеніне екпін берді.

Жолдау жолы қиын ба?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жолдау жария етілгеннен кейінгі өткен мерзімде ел арасында, бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқылаулар ұласып, ұсыныс-пікірлер толқыны толассыз жүріп жатқаны да белгілі. Үкі­мет, жергілікті атқарушы билік құ­ры­лым­дары, салалық министрліктер мен кәсіпорындар да өз іс-шараларын бекітіп, іске кірісіп жатқанын айғақтауда. Президенттің жыл сайынғы Жолдауы біздің Конституциямызда бекітілген ең басты құжатымыз. Сондықтан оның бағдарлары мен тапсырмалары орын­далуға міндетті. Онсыз дамуымыз мүмкін емес.

Жалпы, біздің өткен 30 жылдық кезеңі­мізден алатын басты сабағымыз – ай­тылған сөз, қабылданған ше­шім, заң­ның орындалу тәртібін қалып­тас­ты­рып, тұрақтандыруда, олардың халық күт­кендей нәтижелі көрінуінде болса керек.

Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Хал­қы­мыз Тұңғыш Президент Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың басшылы­ғы­мен осы кезеңде ауқымды жұмыс ат­қар­ды, көптеген табыстарға қол жет­­­кізді», деп атап көрсетті. Соны­мен қатар қоғамымызды асқын­ған індет – жем­қорлық пен сыбайлас­тық, дүние­қор­лық, кейбір белгілі топ­тардың, жекеле­ген тұлғалардың өрек­піген мен­мен­діктері жайлағаны, заңсыз­дық­тарға жол берілгені ащы шындық екені айтыл­ды. Қаң­тар оқиғасының себептері мен ұйымдас­тырушыларына, мүдделі топтарға әділ баға берілетініне айрықша тоқталды.

Жоғарыда айтқанымыздай, ел Прези­ден­тінің жыл сайынғы Жолдауын бүкіл халық ерекше сеніммен, бүгінгі тұр­мысымызға деген зор үмітпен күтеті­ні жаңалық емес. Бірақ дәл биылғы Жол­дауды әрбір қазақстандық жай үмітпен емес, алдымен «ел боламыз ба, болмаймыз ба?», «қаңтардағы бүліншіліктің беті, сыры ашыла ма?», деген сияқты, бұ­рын ойымызда болмаған күдік пен қорқыныш, алаң көңіл жағдайында күт­кеніміз де шындық. Қаңтардың басында күн сайын Президенттің Қазақстан халқына арнаған сөздерін тыңдап, шұғыл шешімдерін құптай отырып, «енді не болады?», деген сұраққа Жолдауда жауап берілетініне сенімді болдық.

Жауап берілді.

Жолдау үмітімізді ақтады, сеніміміз­ден шықты. Айтылар сөз айтылды. Сонымен бірге Жолдаудың маңызды ұстанымы – елдің тұрмысын, әлеуметтік әлеуетін жаңа кезең талаптарына сай бейімдеу, ұсынылған реформалар қоғам­ның көңіл күйін жақсартып, елдің тұрмыс сапасын көтеру, азаматтық қо­ғам­ның белсенділігін арттыру игілік­тері­нің жаңа сатысына көтерілу ауадай қа­жет екені де, мезгілі келген мақсаттар биігі екені де айқындала жария етілді.

Яғни реформалар жүргізу – ешқандай оқыс немесе төтенше оқиғаларсыз да жоспарланған. Президент: «Мен бү­гін ұсынып отырған бастамалар қаң­тар оқиғаларынан әлдеқайда бұрын мұ­қият ойластырылып, пысықталған. Мен елі­міз­ге түбегейлі реформалар қажет еке­ніне бек сенімдімін...», деп өзінің ел қамын ертерек ойланып-толғанып жүргенін, халық алдындағы зор жауап­кершілігін де анықтап, жария етті. Жолдауда ұсынылған реформалар негізінен мемлекетімізде саяси қоғам­дық, яғни адамдардың санасы мен дүниетаным мәселелерінің түп-тамырына қатысты екені, олардың мем­ле­кет ісіне, оның құрылымына жауап­кершілігін арттыруға, саяси мәдениет қалыптастыруға маңыз беріледі. Мем­ле­кеттік басқару институттарын заман, уақыт талабына сай бейімдеу арқы­лы азаматтық институттардың белсен­ді­лігін арттыру көзделеді. Осы, тағы бас­қа ізгілікті мақсаттарды жүзеге асы­ру үшін Конституциядан бастап көпте­ген заңдарға түбегейлі өзгерістер енгі­зілетіні де қоғам сұранысына, уақыт талабына нақты жауап болды. Ол жұ­мыстар тиісті құзырлы орындар – Үкімет, Парламент мүшелерінің, сая­си партиялар мен әртүрлі қоғамдық инс­титуттардың қатынасуымен шұғыл түр­де талқыланып, әртүрлі жобалар да жасалып жатқанынан қоғам хабардар. Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында конституциялық өзгерістер бүкілхалықтық референдумда қабылданатыны да айтылып, тиісті Жарлық та жарияланды.

Қасым-Жомарт Кемелұлының жоға­ры­дағы, тағы басқа ұсыныстары қазақ­стандықтардың көңіліндегі сұрақтарға нақты жауап берді, күдіктен сейілтіп, үміт пен сенімді тұрақтандырды.

Өткен өмірімізге немесе еңбегімізге сын көзбен қарап, ертеңімізге, болашағы­мызға жарамды жұмыс істеу талаптары табиғи әрі заңды, сондай-ақ әр ұрпақтың жаңа кезеңге жаңа заңдар мен жаңа қарым-қатынастар қалыптастыруы да табиғи заңдылық. Бірақ мұндай іс-шаралар мемлекетіміздің өткен тарихын, оның айтулы кезеңдерін, қол жеткізе алған жетістіктерді жоққа шығару емес. Керісінше, сол жетістіктерге сүйе­­­не отырып, кемшіліктерден сабақ алу, заңсыздықтар мен парықсыз­дық­тар­ға, шексіз дүниеқорлық пен ақша­құмар­лыққа жол бермеу деп түсінгеніміз абзал болар еді.

Жолдау жариялануының жүз күндігі де тақап келеді.

Жолдаудың алғашқы жағымды әсері­нен кейінгі күнделікті тіршілік кезеңіне бетбұрыс басталды. Ендігі жерде алдымыздан «не өзгерді?», «не өзгереді?», деген сұрақтар шығатыны да белгілі. Әрине, өзгерістің мақсаты да, мұраты да әділдік, адалдық, оңалу, жақсару. Жаңа­рудың мақсаты жақсару болуы керек.

Барлық мәселе халықтың әл-ауқатын, яғни тұрмыс-тіршілігінің сапасын жақсартуда. Оның салалары сан алуан. Ұзақ жылдардан бері елдің тұрған мекенжайына қарап, бүкіл статистиканы үлкен екі топқа бөліп қараймыз. Олар – қала, ауыл тұрғындары болып бөлінеді.

Өкінішке қарай, тәуелсіздігіміздің өткен отыз жылында қаншама бәсеке­лестік нарыққа көштік десек те ауыл ша­руашылығындағы дағдарысты еңсе­ре алмадық. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі жасағысы келген ша­­руа қожалықтар егістік жерге де, жайылымға да қолдары жетпей, жер­гі­лікті құзырлы орындар, нақты ла­уазымды қызметкерлер оларды ынталандырып, көмектесудің орнына толып жатқан ұсақ-түйек кедергілерді желеу етіп, толыққанды жұмыстар ұйымдастырылмады. Кейбір өңірлерде әкімдіктер, әртүрлі салалық мекемелер, құқықтық орындар тарапынан ұсақ шаруашылықтарға бюрократиялық қысым көбейіп, күшейіп кетті. Сондай-ақ жер мәселесі де көп жағдайда әртүрлі қайшылықтардың, қоғамдық дау­дың себебі болып жүр. Сондықтан да ре­ферендумға зор үміт артылуда.

Ел экономикасы мен халықтың тұр­мыс-тіршілігіне, көңіл күйіне Конс­титуцияға, Жер туралы заңға енгізілетін өзгерістер өте маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Біріншіден, жерге қатысты заң бұзушылық көптеген облыстарда, аудандарда орнығып, әділетсіздік, әлімжеттік, зорлық-зомбылық, қарама-қайшылық, шонжарлық өршіп тұр. Латифундистер, монополистер мен кейбір құқық қорғау орындары қызметкерлерінің арасында сыбайластық тамыры терең жайлаған.

Еліміздің көп өңірінде түрлі деңгей­дегі басшы қызметкерлердің пәрме­ні­мен көптеген ықпалды адам кезін­де күрке тауықша бауырларына жүзде­ген, мыңдаған гектар жерді, оның ішін­де, суармалы, табиғи егістік, тіпті жайы­­лымдықтар, пішендіктер, тұтас жай­лау­ларды басып, иемденіп алған. Есе­сіне көптеген ұсақ шаруашылық иесі, қолындағы оншақты мал басымен күн көріп отырған адамдар малын бағатын жері жоқ, жем-шөп жоқтығынан зардап шегіп, малын сатып, қалаға көшіп, тозып жүр.

Референдумға шығарылып отырған өзгерістер жүзеге асса, жер түгел мемлекет меншігіне алынып, игерілген иелік­терге ғана белгілі бір мерзімге жалға (арендаға) берілуі керек. Өзгерістер осы жағдайды заңдастыра алмаса – проблема жойылмайды.

Республика халқының 42 пайызы, яғни 10 млн-ға жуық адам ауыл­да тұрады, бірақ олар болашағына сен­бейді. Үкімет, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі, әкімдіктер «субсидия» төңірегінен шыға алмай, нақты істен сөз­дері көп, «субсидия» нағыз мұқтаж адам­дарға жетпей жүр.

Ауыл, елдің әлеуметтік жағдайы тереңде. Ауылды жерде тұрақты, сенімді жұмыс орнын ашып, жер, мал азығын, егістік, бау-бақшалық, жайылымдық мәселелерін кешенді түрде шешпейінше жастар тұрақтамайды.

Урбандалу – жүз жылдан бері дамылсыз келе жатқан қозғалыс. Бола­шақта да ол тоқтамайды. Қазір бізде мәжбүрлі урбанизация тасқындап тұр. Ол – қалалық жерден күнкөріс көзін іздеу, табу. Күнкөріс көзі ауылда болса – қалаға ағылу азаяды.

«Дипломмен ауылға» деген ұранның әуел бастан ешнәрсеге негізделмегені, бос сөз екені белгілі болса да инерция­мен біраз ұрандадық. Диплом алған екі мұғалім, бір дәрігер бүкіл ауылды ұстай ма? Олар да өз қатары болмаса ұзақ тұрмайды.

Мәселе «дипломда» емес, жұмыс орын­дарында. Мектеп пен аурухана­дан басқа кәдімгі жер жырту, егін себу, жер суғару, шөп шабу, жемшөп дайын­дау, құрылыс жүргізу, жол салу, мал бағу, техника жөндеу сияқты сан-сала­лы ауыл тіршілігінде ел еңбек ету мүм­кіндігіне ие болса урбанизация деңгейі де қазіргіден әлдеқайда тө­мен болар еді. Мемлекеттік статистика ме­кемелері миграция қозғалысын дұрыс бағамдамайды. Олар адамдарды тіркелген адресі бойынша ғана есепке алады. Әсіресе, жастардың көбі ауылында тіркеліп, өздері қалада кәсібі төмен уақытша табыс көзіне ілігіп жүргенін есепке алмайды.

Екінші, іргелі әрі өте маңызды мә­селе – мемлекеттік қызмет сапасы туралы отыз жыл үздіксіз айтып, заң­дар қабылдап жатсақ та көңіл орнық­тыратындай нәтиженің болмауы.

Басты кемшілік – мемлекеттік қыз­мет­керлердің мемлекет қызметіне деген дайындығы, білімінің төмендігінде. Олар көп жағдайда елге, мемлекетке қызмет ету міндетін санасымен түсініп, сезіне алмайды. Қандай да қызметке тек өзінің лауазымда, мансапта болу, үстем тұрғысынан қарайды. Сондықтан да қысқа мерзімде тастүйін кәдімгі бюрократ, жанына жан жуытпайтын қабағын түйген паң «бастық» болып шыға келеді. Мемлекеттік қызметкердің ішкі, сыртқы мәдениеті қалыптаспаған. Халқымыз ежелден адамдардың өзара сөйлесу, түсінісу, амандаса білу мәсе­ле­­­леріне айрықша мән берген. Қазір әр­түрлі себептердің зардабынан адам­дар сыйласа білу мәдениетінен де ажы­­рап барады. Әсіресе, үлкен-кіші билік­тегі лауазымды адамдардың тез арада «аспаннан түскендей» бола қала­ты­ны таңғалдырып қана қоймайды, әри­не ренжітеді. Адам­дармен сөйлескісі келмейді. Сөйлесе өтірік, бетіңе күліп сөйлеп, уәде бере салып, шығарып салады да, ұмытып кетеді. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас», деген ұлтымыздың ғибратты мақалы өзіне өзі мәз болған, өзінен басқа адамдардың пікірі, көзқарасымен санаспайтын менменшіл, паң, тәкаппар мансапқорлар туралы айтылған. Ондай­дың барлығы әрине білімсіздіктен, өмір­дің, қоғам тіршілігінің қыр-сырын түсіне алмағандықтан, мемлекеттік қыз­мет­тің, лауазымның қадір-қасиетін, жауап­кершілігін тек өзінің мансап дәре­жесінен, өз мүддесі тұрғысынан қабыл­дап, қарауынан. Кейде ой тоқта­тып, сараптасаңыз Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы болыс, тағы басқа атқамінерлер мен жай халық арасындағы қатынас екі ғасыр шамасында түбегейлі өзгере алмағанына таңға­лып, қынжылғаннан басқа шара жоқ.

Жігерлі, ақжүрек жастыққа не жетсін. Мемлекеттік қызметтерде неғұрлым жас, білімді, таза өнегелі, адал адамдар қызмет істесе дейміз. Бірақ олар бірден орталықта емес, ел ішінде, аудан, қала, облыс деңгейлерінде қызмет істеп, белгілі өмір мектептерінен өтіп, тәжірибе жинақтаса, елге шын жанашыр бола алса жалпы жағдай да көп жақсарар еді.

Халыққа арналған Президент Жол­дауы­ның тапсырмасы да, мақсаты да жо­ғарыда айтылған көлеңкелі келең­сіздік­терден қоғамымызды арылту болар.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері