Бұл қай конкурс?
Негізі педагогтерді конкурс арқылы іріктеп қабылдау салаға білікті кадрларды тартудың таптырмас жолы ғана емес, білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс екені түсінікті. Десе де бұл конкурс заңды айналып өтуге шебер, бір орынға бірнеше адамды ала беретін директорлардың алдында қаншалықты қауқарлы?
Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Шолпан Каринова жақында өткен ведомствоның аппарат жиналысында мұғалімдерді жұмысқа қабылдау конкурсының негізгі талаптарымен таныстырды.
«Былтырғы 19 қарашада Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен бұйрығы қабылданды. Биылғы оқу жылына мұғалімдерді қабылдау осы жаңартылған бұйрықтың негізінде жүзеге асырылады. Педагогтерді жұмысқа бұлай қабылдау ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, оқу жүктемесін бөлу барысында бос сағаттарды ұсақтап бөлуді болдырмау және педагогикалық бекітілген жүктемемен бекіту мәселелерін шешуді көздейді», деді Ш.Каринова.
Әрі қарай ол жұмыс орны босаған жағдайда әрбір жұмыс беруші (біздің жағдайда бұл – директор) бос жұмыс орындары туралы ақпаратты бес күн ішінде еңбек жағдайларын, еңбекақысы мен төлемақысын көрсете отырып, халықты жұмыспен қамту орталығына ұсынатынын көлденең тартты. Ш.Каринованың айтуынша, мәліметті жазбаша немесе электронды мемлекеттік ақпараттық порталы арқылы тапсырады. Бұл ретте «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік те қарастырылған. Сондықтан мектептердің, басқа мекемелердің басшылары барлық босаған орын бойынша тиісті ақпаратты уақытында ұсынуға тиіс.
Вице-министр айтқандай, рас, осыған дейін педагогтерді жұмысқа орналастырудың реттелген тәртібі болған жоқ. Мектепке кімді қабылдайтынын директор өзі шешетін. Енді жаңа ережеге сай жаңаша жүргізілмек. Жұмысқа орналасу үшін еріктілер конкурсқа қатысу үшін өтінім береді. Өтініш иесі өзінің жетістіктерін, нәтижесін, еңбек өтінімін, әкімшілік немесе әдістемелік қызметінің тәжірибесін, курстық дайындықтан өтуін көрсете отырып бағалау парағын толтырады (биыл бітіретін түлектерге де көрсетілген өлшемшарттар бар). Әрбір бағыт бойынша белгілеудің өлшемшарттарына және өлшемшарттардың бағалары шкаласына сәйкес үміткер өз құжаттарында балдарын өзі қояды. Конкурстық комиссия растайтын құжаттарын, үміткер мұғалімнің қойған бағаларының сәйкестігін тексеріп, қорытынды балдарды шығарады. Нәтижесінде, бос орынға балы ең жоғары педагог қабылданады.
«Үміткердің міндетті түрде біліктілік санаты болуы қажет. ЖОО-ның және колледждердің түлектері міндетті түрде біліктілік тестілеуден өтуге тиіс және мектепке келіп «педагог» деген біліктілік санатын алады. Сонымен қатар конкурстың шеңберінде сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны туралы мәліметтердің болуы, не болмауы туралы статистика және арнайы есепке алу жөніндегі өкілетті органға немесе аумақтық бөлімшелерге, сондай-ақ педагогикалық әдептің бұзылуы туралы Оқу-ағарту министрлігінің сапаны қамтамасыз ету бойынша жергілікті департаменттеріне жүгінуіне болады. Бір пән бойынша оқу жүктемесі сегіз сағаттан артық болған жағдайда қос атқарушы педагог жұмысқа қабылданады. Сегіз сағаттан кем болған жағдайда бос орын жүктемесі бір бөлімнің педагогтеріне бөлініп беріледі. Алайда бір пән бойынша 9 немесе одан да көп бос сағаттар болса, бос сағаттарды бөліп беруге болмайды», дейді министрдің бірінші орынбасары.
Білім беру деректер қорының былтырғы оқу жылы бойынша дерегіне қарасақ, сағаттардың әркелкі бөлінгені туралы фактілерді кездестіруге болады. Оның ішінде сағаттарды бөлу, педагогтердің оқу жүктемесін екі жүктемеге дейін жеткізу жағдайлары да кездеседі. Мысалы, 16 сағаттан кем оқу жүктемесі бар педагогтер үлесі Қызылорда облысында 31%-ды, Солтүстік Қазақстан облысында 27%-ды, Қостанай облысында 25%-ды көрсетеді. Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында педагогтердің жетіспеушілігі байқалады. Соның әсерінен бір, бір жарымнан артық жүктемемен жұмыс істеп жүрген педагогтер саны артып отыр. Бұл Алматыда 75% және Нұр-Сұлтан қаласында 54%-ды құрайды.
Заң бұйрыққа қарсы
Жаңадан енгізілген ереже бойынша бір мұғалімге 16 сағаттан артық берілмейді. Бірақ белсенді мұғалім Айман Сағидулла 16 сағатқа берілетін жалақы отбасын асырауға жетпейтінін айтады.
«Директорлардың мұғалімдерден сағат қызғанатыны рас. «Сүйкімді», «сүйікті», сыйлық берген мұғалімдерге отыз сағаттан беретін директорлар бар. «Сүйкімсіз», «сыйлықсыз» мұғалімдердің 10 сағатпен жүргендері кездеседі. Сағаты 1 жүктемеге жетпейтін көптеген мұғалім бізден көмек сұрайды. Бұған дәлелдер бар. 16 сағаттан артық сағат алмауы керек екен. Сапа мәселесіне келсек, бұл – дұрыс. Алайда айлығы шайлығына жетпейтін мұғалімнен қандай сапа күтуге болады? 16 сағаттың жалақысы өте аз. Мұғалімдер артық сағатты еріккеннен алмайды. Жалақысы жетпегеннен алады. Жоғары жалақы барлық мұғалімде жоқ. Сағаты көп «шебер» санатын алғандар ғана жоғары жалақыға қол жеткізеді. Мұғалімнің бәрі шебер бола алмайтынын түсіну керек. Айтпақшы, өткен жылы мен сағат мәселесін көтердім. Бір мұғалімде – 20 сағат, екіншісінде – 35 сағат. Бақылау департаментінен келген тексеру 35 сағатты заңды деп кетті. Еңбек кодексінде 40 сағат алуға болады екен, сондықтан заңды болып шықты. Бір заң екінші бұйрыққа қарсы. Мектеп директоры мен олардың орынбасарлары бір жарым жүктемемен жұмыс істейді. Мұғалімнің бір жарым жүктемемен жұмыс істеуіне неге болмайды?», дейді А.Сағидулла.
Мұғалімнің пікірінше, жүйеге жаңа кадрларды, жас мұғалімдерді тартқан дұрыс. Бірақ бұл мәселені шешу үшін мұғалімдердің сағатына тиісудің керегі жоқ. Зейнеткерлерді жұмыстан шығару қажет. Сағат бөлінісіндегі әділдік сонда орнайды. Зейнетақысын алатын, балалары өскен зейнеткерлер жұмыс істеп, 16 сағатпен жалақы алады. Тура солай балаларын әрең бағып жүрген, үйі жоқ жас маман да 16 сағатпен жалақы алады.
«Бұл – әділдік емес. Зейнеткерлерді иығына орамал жауып, шығарып салған жөн. Жастардан, жұмысқа жарамды мұғалімдерден сағат аямаған дұрыс. Әрине, 30 сағат сұрап отырған ешкім жоқ. Директорлар мен олардың орынбасарлары алып отырған бір жарым жүктемені мұғалімге де беріп, жастарды зейнеткерлердің орынына жұмысқа алу қажет. Мектептерде сыныптар ашылып, сағаттар көбейіп жатады. Жастарды сондай орындарға қабылдау керек. Тағы бір мәселе бар. Біраз өңірде мұғалімді жұмысқа көп қабылдайды. Сондықтан мұғалімдердің сағаттары 1 жүктемеге жетпейді. Мұғалімнің жалақысын жақсылап көтергенде ғана 16 сағатпен жұмыс істеуге болады. Мысалы, «педагог-сарапшы» категориясы бар мұғалім 200 мың теңгенің шамасында жалақы алады. Қазір мұндай жалақымен бір отбасын асырау қиын. Шиеттей бала-шағасы бар асыраушыларға 200 мың теңгені жеткізу тіпті мүмкін емес. Азық-түлік бағасы шарықтап барады. Тапқанымыз тамағымыздан аспайды», дейді А.Сағидулла.
Адамнан қулық аспаған
Арнайы конкурспен жұмысқа қабылдау жоба ретінде ең алдымен, Шымкент қаласында жүзеге асырыла бастады. Қалалық әкімдік қолға алған конкурс білікті мұғалімдерді іріктеуге септігін тигізген де болар. Сол жоба негізінде конкурспен жұмысқа тұрған шымкенттік мұғалім Нұрбол Исмаилов көп ұзамай қызметтен шеттеп қалғанын жеткізді.
T-hunter деген арнайы сайт болған, қазір оның орнын hr-process басты. Сол t-hunter сайтына осыдан бірнеше жыл бұрын алдымен түйіндемемді жібердім. Содан соң мені әңгімелесуге шақырды. Сол кезде (конкурспен қабылдау қанатқақты жоба ретінде аппробациядан өтіп жатқанда) мұғалімге балды сұхбат өткізетін комиссия мүшелері қояды. Әр үміткерге жеке балл қойып, ішіндегі ең жоғары жинағанын жұмысқа қабылдайды. Комиссия құрамында қоғам белсенділері, мектеп директоры болды. Енді мәселе мынада, комиссия мүшелерінің шешімімен жұмысқа тұрасыз, бірақ құжатыңызды алып мектепке барасыз, сол кезде «тағдырыңызды» бәрібір мектеп директоры шешеді. Түптің түбінде, айналып келгенде солай. Өйткені комиссия шешімінің ешқандай заңды күші болмады. Комиссия ұсынған кандидатты директор қаламаса, жұмысқа алмай қояды. Немесе ретін тауып, менің басымдағы жағдай секілді жұмыстан көп ұзамай шығарады. Мен Шымкент қаласындағы №127 мектепке үш ай сынақ мерзімімен, декреттік демалыстағы адамның орнына қабылдандым. Оған дейін университетте істеп, шетелде докторантурада оқып келген, мектептің жүйесіне енді ғана дендеген жаңа маман едім. Мектептегі мәселелерді әлеуметтік желіде көтергенімді директор ұнатпады», дейді Н.Исмаилов.
Педагогтің айтуынша, оны мектеп директоры мұғалімдердің олимпиадасына жібермепті. Бір күні басшысы мұғалімге: «Сен бізге келмейді екенсің, өз еркіңмен жұмыстан шық», депті. Кейіпкеріміз өз еркімен жұмыстан шығуға келіспеген. Содан соң директор декреттегі адамды 3 айға жеткізбестен мәжбүрлі түрде шақырып алып, оның орнына алған Н.Исмаиловты «заңды» жағдайда жұмыстан шығарыпты.
«2 айдың жобасында жұмыс істесем де ұжыммен тез тіл табысып кеттім. Өйткені шыны керек, онда білікті мамандар өте аз еді. Мені жұмыстан шығарғанда әріптестерім біраз араша түскісі келді, қалуымды сұрап арыз да жазды. Бірақ бізде бәрін мектеп директоры шешеді ғой. Қазіргі өзгерістер жақсы шығар. Десе де бір нәрсені айтқым келеді. Қазір мемлекеттік мектептен кеттім, қағаз, есептен, қатып қалған жоспардан құтылып, нәтижеге жұмыс істеуді ғана сұрайтын жеке секторда жүрмін. Не де болса, орта білім беру жүйесінің ішіндемін. 3-4 жылда көзімнің жеткені – жаңа заң, не өзгеріс барлық адамға бірдей тиімді бола бермейді. Сондықтан оған біржақты қарау орынсыз. Мысалы, мен бір керемет білімді, сабақты сөзсіз ғажап түсіндіретін, небір мықтыларды, жеңімпаздарды олимпиадаларға дайындаған, нағыз кәсіби математик-мұғалімді білемін. Ал сол маманның категориясы жоқ, өйткені ол қағаздарға өте салғырт қарайды, жетістіктерін жинап, өткізу дегенді құнттамайды. Мен танитын майталман математик қазір енгізіліп жатқан бұйрықтың шарттарымен конкурсқа түссе, өтпейді. Себебі санаты жоқ. Оның жанында кішкентай жетістігін жүз рет жырлайтын жан өтіп кетуі мүмкін. Сонда біз шынымен мықтыны таңдап тұрмыз ба? Әрине, жоқ. Сондықтан барлық істі, таңдауды түбегейлі автоматтандырып тастаудың қажеті жоқ», дейді кейіпкеріміз.
Н.Исмаиловтың пікірінше, бір директорға қарап, еліміздегі барлық мектеп басшысы жемқор деуге болмайды. Ішінде небір жақсылары, әділ жолмен жүретіндері де бар. Сол себепті мектеп басшысының да адами фактор ретінде мұғалімді жұмысқа алуда қандай да бір құзыреті, 100 пайыз болмаса да іріктеуге ықпал ете алатын заңдық күші болғаны, қалғаны жөн. Танысын алғысы келетін, бірдеңе тіленіп тұратын, бос жұмыс орнын өз пайдасына жасыратын директор қаншалықты қатаң заң болса да өз ойын іске асыратын жолды табады. Өйткені адамнан қулық аспаған.
Түйін
Түнеугүні оңтүстік жақтағы танысымыз «Бізде мектепке кірудің «ставкасы» тағы өсетін болды. Бұрынғыдай бір директорды емес, комиссия мүшелерін де разы қылуың керек екен ғой» дейді. Сол сәтте былтырғы ҰБТ кезінде бақылаушының өзі бір талапкердің телефонды емін-еркін қолдануына жағдай жасап, камераны көлегейлеген видеосы көз алдымызға келді. Мұндайда министрлік ведомство басшысы А.Аймағамбетовтің «Комиссия маманды жұмысқа қабылдау туралы шешімді шығармайды, тек үміткердің құжаттарын, ондағы қойылған балдардың дұрыстығын тексереді» деген уәжін келтірер. Бірақ жұмсаған уақытына, кеткен энергиясына ақы төленбейтін қоғамдық жұмысты жауапкершілікпен орындайтындардың көп болмасы анық. Иә, сол тиісті министрліктен сұрап білгеніміздей, комиссия мүшелері еңбегіне ақы алмайды екен. Еңбегінің ақысын басқаша алудың жолын табатындардың табылмасына кім кепіл? Сонда конкурс қайда қалады?..