Коронавирус • 22 Шілде, 2022

Індет қайта бас көтерді

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда індет қайта күшейіп келе жатқанын жақын адамдардың ауырып жатқанынан-ақ біліп отырмыз. Өкінішке қарай, күн өткен сайын ковид жұқтырғандардың көрсеткіші көтеріліп келеді. Мысалы, апта басында, яғни 18 шілде күні өткен бір тәулікте коронавирус инфекциясына 573 адам шалдықса, 19 шілдеде 597 адамның, 20 шілде күні 650 алматылықтың індет жұқтырғаны анықталды. Індетке қайта шалдығып жатқандар арасында симптомсыз науқастармен бірге үй ішімен ауырып жатқандар да бар.

Індет қайта бас көтерді

Қазір жүріп жатқан коронавирус инфекциясының басты белгілері суық тиген сияқты тамақ жыбырлау, бас ауыру, тершеңдік пен әлсіздік. Егер осы белгілердің біреуі мазаласа, уақыт оздырудың қажеті жоқ. Ал секвенирлеу мәліметі бойынша, айналымдағы ең басым штамм – омикрон және оның БА5 субвариан­­ты болып отыр. Оның жұғуы тез, жылдам болғанымен, аурудың өзі жеңіл өтеді. Ауру ағымы интоксикация синдромының жоғарылауы тұрғысынан өзгерген, бірақ өкпе тарапынан белгілер аз. Яғни вирус жоғарғы тыныс жолдарында шоғырланған және өкпеге аз әсер етеді. Бірақ содан кейін интоксикация синдромы артып, дене қызуы көтеріліп, қатты бас ауруы, әлсіздік, тамақ ауруы сияқты басқа белгілері байқалады.

Соңғы тәуліктегі мәліметтерге сәйкес, Алматыдағы инфекциялық стационарларда 216 сырқат ем­де­ліп жатыр. Жалпы, реанимация және қарқынды терапия бөлім­ше­сінде жағдайы ауыр 1 науқас бар. Мұнан да бөлек БМСК мен Телемедицина орталығы дәрі­гер­лерінің бақылауында 3 297 науқас бақылауда тұр, олардың ішінде жеңіл және жағдайы орташа 3 080, симптомсыз 217 науқас бар.

Эпидемиялық ахуалдың өзге­руіне байланысты Алматы қала­сын­да бір тәулік ішінде I компонентті 450 адам, II компонетті 703 адам вакцина алған. Ревакциналаудан 1 971 адам өтті.

Оңтүстік шаһарда тұрғындарды вакциналау өткен жылдың ақпан айынан бері жүргізіліп жатқаны белгілі. Содан бері Алматыда I компонентті 1 233 401 адам, II компонентті 1 200 358 адам алған.

Бүгінгі таңда мегаполисте Pfizer (Comirnaty) вакцинасын алғандар саны 117 999-ға жетті. Қазір қала­да­ғы медициналық ұйымдарда 85 вакциналау пункті жұмыс істеп жатыр. 99 вакциналау бригадасына 313 медицина қызметкері жұмылдырылды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігі вакциналау – қазіргі уақытта COVID-19 вирусының барлық айна­лы­мдағы нұсқаларынан, ауыр дерт пен өлімнен құтқаратын ең жақсы қорғаныс болып қала беретінін алға тартуда. Сон­дық­тан вирустың таралуын дұрыс қада­ғалайтын, вирус сипаттама­ларын өзгертетін маңызды геномдық өзгерістерді анықтайтын сенімді ин­тегра­цияланған бақылау жүйе­ле­рін жасау керек.

 

АЛМАТЫ