Білім • 01 Қыркүйек, 2022

Алғашқы қоңырау сыңғыры

3218 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін – мереке. Бүгін – Білім күні. Қолындағы бір тал гүлін дүрсілдеген жүрегіне жақын ұстап мектепке аяңдаған бүгінгі әм бұрынғы оқушы бәріміздің көз алдымызда. Емін-еркін, бетпердесіз, карантиндік шектеусіз басталған биылғы жаңа оқу жылының тағы бір ерекшелігі бар.

Алғашқы қоңырау сыңғыры

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, өскелең ұрпақ мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі екенін айтқан болатын. Және осы бір атаулы жылды жалаң ұран, мерекелік шаралар емес, бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты істер қолға алынуы керек екенін атап өткен-ді.

Жаңа оқу жылына – 80 жаңа мектеп

Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылының басталуына қарай 80-ге жуық жаңа мектеп ашылғанын хабарлады. Жыл соңына дейін барлығы 230-дан аса мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін елімізде 1 мың мектеп салынады. Былтыр 277 мектеп пай­далануға берілді. Биыл тағы 230 мектепті ашу жоспарланған. 1 қыр­күйекке дейін 80 мектеп ашылды. Қа­зір жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қалған мектептердің құрылысын мерзімінде аяқтау үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Мектептерді қаржыландыру және оның құрылысы заңды түрде әкімдік­тердің құзырында екенін еске сала кетейік. Мемлекеттік сатып алулар, жо­ба­лық-сметалық құжаттарды дайындау, жер телімдерін бөлу, инженер­лік инфрақұрылым, құрылыс және іске қосу – жергілікті әкімдіктерге жүктел­ген осы үрдістің барлығын қарап, оңтай­ландыру қажет. Қазір онымен арнайы жұмыс тобы айналысып жатыр. Әкім­діктердің мектеп емес, үй салуға рұқсат беруі – бөлек мәселе. Соның салдарынан қазіргі мектептер бірден үш ауысымға айналады. Біз заң жүзінде мұндай мүмкіндікті толығымен жоюды талап етеміз», деді.

Елімізде ашылған жаңа мектептің көпшілігі демографиялық өсім белсенді және оқушылар орны жеткіліксіз өңір­лерде салынып жатыр. Бұл Алматы, Аты­рау облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қала­лары. Тағы 200-ден аса мек­теп­те күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Қазақ сыныбын таңдағандар көп

Биылғы оқу жылында 400 мың ба­лаға алғашқы қоңырау соғылып, 1-сы­ныпқа барады. Оқу-ағарту минис­тр­лігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, өті­ніш берушілердің 70%-дан көбі қазақ сы­ныбын, яғни мемлекеттік тілде оқу­ды таңдады. Бұл туралы атал­ған ведом­ствоға қарасты Мектепке де­йінгі және орта білім комитетінің төр­ағасы Гүлмира Кәрімова: «Бірінші сынып оқушыларының басым бөлігі Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақ­стан, Қостанай және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында байқалады. Балаларды қазақ тілінде оқытатын сыныптармен қамтудың жо­ғары көрсеткіші Қызылорда (89,6%), Ұлытау (86,6%), Маңғыстау (86,2%), Жамбыл (80,4%) облыстарында болып отыр», деді.

Министрліктің мәлімдеуінше, ата-аналарға ыңғайлы болу үшін өтініштерді қабылдау тәртібі автоматтандырылған. Сондағы нәтиже бойынша өтініштердің 80%-ы электронды форматта берілді. Десе де ата-аналар құжаттарды дәстүрлі форматта да тапсыра алды.

1-сынып оқушыларына арнал­ған оқу бағдарламасындағы өзгеріс­терге келсек, осыған дейін де хабарла­ғанымыздай, қазақ тілінде білім алатын сыныптардағы балалар тек қазақ тілін пән ретінде оқиды, орыс тілі 2-сыныптан, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап қосылады. Ал орыс тілінде білім алатын оқушылар 1-сыныпта қазақ тілі мен орыс тілін оқиды, ағылшын тілі 3-сыныптан қосылады. Сондай-ақ 1-сыныптарда «Көркем еңбек» пәнінің орнына «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» жүргізіледі. Айтпақшы, министрлік Қазақстандағы барлық оқу ошағына шахмат пәнін факультатив ретінде бас­тауыш сыныптарға енгізуді ұсынды, алайда әзірге міндетті пән емес.

Мектеп формасында өзгеріс жоқ

Оқу бағдарламасында өзгерістер болғанымен, мектеп формасына қо­йы­латын талаптар өзгеріссіз қалды. Был­­­тырғыдай заңнамалық нормалар қолданылады. Яғни оқушылар бұрын сатып алған немесе дайындаған формамен мектепке еркін келе алады. Жауапты министрлікке ата-аналардан кейбір мектептерде мектеп формасына қойылатын талаптар, яғни түс, киім дизайны бойынша талаптар нақты жеткізушілерге немесе өндірушілерге сәйкес жасалғаны туралы шағымдар түскен. Осыған байланысты кейбір өңірлерде білім басқармалары ата-аналар қауымдастығымен, қамқоршылық кеңестерімен келісіп, әр мектеп өз талап­тарын қоймауы үшін өңірде бір­ың­ғай түсті енгізді.

Бірақ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, бірыңғай түсті енгізу балаларды бұрынғы мектеп формасын киюден шектемейді.

«Ата-аналардың назарын талап­тар­дың өзгермегеніне аударғымыз келе­ді. Мысалы, егер оқушы мектепке сатып алынған немесе бұрын сол мек­тептің қамқоршылық кеңесі бекіт­кен аға-әпкелерінен қалған форманы киіп келе алады. Ата-аналардың өтінішінен кейін бірнеше білім басқар­масы қамқоршылық кеңестермен бірле­сіп, облыс бойынша мектеп фор­ма­сының біркелкі түсін белгілеуге шешім қабылдады. Барлығы қою көк түсті таңдады. Бірақ бұл балаларды шектемейді, яғни олар бұрыннан бар мектеп формасымен келе алады. Облыс бойынша мектеп формасының бірыңғай түсін белгілеу қолжетімді форманы (нарықта немесе дүкенде) сатып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқу жылына дейін атаулы әлеуметтік көмек алатын немесе жан басына шақ­қандағы орташа табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен төмен, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайға тап болған отбасылардан шыққан 418 мың балаға көмек берілгенін атап өтемін. Оларға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан қолдау көрсетілді», деді Г.Кәрімова.