Кино • 14 Қыркүйек, 2022

Қазақ киносы көрерменге неге жетпейді?

1437 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шетелдің кино шеберлері жоғары бағалаған отандық фильмді қазақ аудиториясы қадір тұтуы тиіс еді. Алайда жат жарылқап, қос-қостан бәйгесін беріп, халықаралық үздіктердің қатарына қосқанымен, Қазақстан режиссерлерінің фильмдері туған топырағында танымал емес. Шетелде мақталған туындылар өз елінде мойындалмайды.

Қазақ киносы көрерменге неге жетпейді?

Қазынадан миллиондаған қаржы бөлініп жарыққа шыққан көркем туындылар көрерменге жетпейді, сол фильмді түсіруге қатысқан ондаған, жүздеген адамның еңбегі еш болып, студияның сөрелері мен суырмаларында шаң басып жататынын кино билігіндегі басшылар да жақсы біле­ді. Кинопрокат жүйесіндегі күрделі ахуалдың шешілетініне үміт артып келе жатқанымен, бәрі бекер, бұл кереғарлықты бізге ешкім түсіндіріп бере алмайды. Күн өткен сайын кері кетіп бара жатқан мәселенің күрмеуін шешуге келгенде іс басына келген қай басшы да қауқарсыз болып шығады.

Басқа топырақтағы бәйгеде бағы озып, өз елінде сорлап отырған Қазақ­стан киносының басындағы осы жайтты ашына баяндаған продюсер, режиссер Азизжан Заиров Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың атына ашық хат жолдап, өз көркем туындысының тағдырына араласқанын күтіп отыр. Себебі он жылдан аса уақыт әлеуметтік фильм түсірумен айналысып келе жатқан Азизжан Ханзатұлы «Болу әлде бордай тозу», «Қыз бен теңіз» атты фильмдерімен шартарапты аты шарлап, халықаралық кинофестивальдердің 20 шақты жүлдесі мен марапатын жеңіп алғанымен, «Шексіз мүмкіндіктер» трилогиясының соңғы тарауын таныстыратын алаң таба алмай, тосқауылға тап болған. Бұған дейін «Шексіз мүмкіндіктер» атты ортақ атаумен Сан-Франциско, Лондон көрермендеріне Қазақ елінің әлеуметтік фильмдерін таныстырып қайтқан Азизжанның соңғы түсірген фильмі «Анашым, мен тірімін!» деп аталады. Еріктілер мен әлеуметтік жауапкершілігі жетілген азаматтардың арқасында Алматы мен елордада қоғамдық пікірдің сер­келері, шығармашылық саласының өкілдері қатысып, нақты айтқанда, екі қалада сегіз рет жабық көрсеті­лім ұйымдастырылып, олар фильмнің ізігілікке толы мазмұнын жоғары ба­ға­лаған болатын.

Алайда ірі кинотеатрлар желісі­нің дистрибьюторлары «Анашым, мен тірімін!» фильмін прокатқа қабыл­даудан бас тартып отыр. Себебі белгілі – фильм коммерциялық мүддеден тыс­қары тұр, яғни көрермен тартпайды, табыс әкелмейді. Түсірілімі аяқталып, өндірістік сараптамадан өткен дайын фильмді прокатқа қабылдамас үшін бүкіл дәлелін алға тартып отырған дистрибьюторлармен айтысып-тар­тысқаннан бұл күнде продюсердің өзі де шаршаған. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау орталығы түсірген фильмдерді кинотеатрларда көрсету жүйесінде кемшіліктің бар екені бүгін белгілі болып отырған жаңалық емес, алайда Азизжан Заиров кинодағы бұл кілтипанды өз мысалымен тарқатып айтып берді.

Азизжан Заиров фильмнің про­дю­сері ретінде Ұлттық кино орталығы­ның дистрибьютор бөлімшесіне хабарласып көмек сұрайды. Алайда олар Орталықтың коммерциялық емес киноны қолдайтын мемлекеттік бағдарлама әзірлеп жатқанын, бірақ көмек тек «ұлттық» мәртебесі бар фильмдерге ғана көрсетілетінін айтады. Ал ұлттық киноның мәртебесін алу үшін белгілі бір талаптар орындалып, прокатшылармен келісімшарт жасалуы керек. Тек «ұлттық» мәртебесі бар фильм ғана мемлекет қолдауына ие бола алады. Осылайша, өз елінің заңын сый­лайтын азамат ретінде Азизжан тәртіпке томпақ келетін әрекет жасай алмағандықтан фильмінің тұсаукесерін де жасай алмай, прокатқа да шығара алмай қиналып отырған жайы бар. Халықтың ақшасына түсірілген ауқым­ды жұмыс аяқасты болып, аумалы-төкпелі шақта көрерменнің бір рухани сұранысын өтеуге пайдасы болады деп үміттенген дүниесі өзінен басқа ешкімге керек болмай қала ма деп қауіптенеді.

А.Заировтың мемлекет қаржысына түсіріп, зар қағып жарыққа шығара алмай отырған «Анашым, мен тірімін!» фильмі халықаралық Канн фестивалі­нің іріктеу сынынан өтіп, әйгілі қалада қазанның 13-інде әлемдік премьерасы жоспарланып та қойған. Франциядан орала сала, Қазақстанның бірқатар ірі қалаларында да фильмді таныстыру көзделген. Қиын балалармен жұ­мыс істейтін ювенальды полиция «Бұл фильмді міндетті түрде барлық балалар үйі мен біздің орталықта тіркелген тәртібі қиын балаларға әкеліп көрсету керек» деп кеңес те беріп кеткен көрі­неді. Режиссердің өз идеясын іске асыру жолындағы күресі, жарыққа алып шығудағы жанталасы, еңбегі, бәрі де бағалауға тұрарлық, бірақ басты мақсат – туындының көрерменге жеткені. Алайда тек Заиров қана емес, Қазақстан режиссерлерінің дені жаңа туындыларын көрерменге жеткізе алмайды. Себеп – біреу, прокаттың алдында қай-қайсысы да дәрменсіз.

Ал прокат дейтін қылкөпірден өте алмай, пұшайман хал кешіп отырған «Анашым, мен тірімін!» фильмі қандай тақырыпты толғайды? Көркем фильм түнімен шала ұйықтап, таң бозынан тұратын, кеселге ұшыраған баласының қас-қабағын бағып, көңіл күйіне демеу болатын, өзі қалжырап-қажыса да, қабақ шытуды білмейтін барлық жанкешті анаға, әсіресе жастайынан қатерлі дерттің қақпанына түскен, сал ауруына душар болып мүмкіндігі шектеліп, арбаға таңылған ерекше балалардың үлкен жүректі қайсар ана­ларына арналған. Ендеше, жаны күйзеліп тұрса да, жан баласына мұңын шақпай, психологиялық ауыр жүкті қайыспай көтеріп жүрген жалғызбасты ананың ерлігін жырлаған фильмге Қазақстан кинопрокаты неге жауыға қарайды? «Иә, туа салып онкологиялық дертке шалдығып, буын-сүйегі қатып үлгермеген балғын денесі химиялық дәріге уланып, балалық шағын аурухана төсегіне айырбастаған балаларды бағып отырған ана ерлігі туралы фильм жыртаң-жыртаң күлкіге құрылған ком­мерциялық фильмдер сияқты орып, қырып, орасан табыс табуды көзде­мей­ді, алайда мыңда­ған анаға жігер беріп, үміт сыйлайтын күші бар еді, осыны ойласа нетті?» дейді А.Заиров. «Анашым, мен тірімін!» филь­мі бар­лық анаға арнал­ған кине­матография үндеуі және бала­­лар онко­логиясы мен бала­лар үйі тәр­бие­ле­ну­шілерінің әлеуметтік бейімделуі мәсе­лесін өткір көтерген мазмұны терең туынды.

А.Заировтың өзі мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне сырттай қанық адамдардың қатарынан емес. Себебі өзі де балалар үйінде тәрбиеленген, тағдырдың ауыр сынағына ұшырап, Іекінші топ мүгедектігін алған адам. Өз басына түскен қатал сынақтардан сынып кетпей, үздіксіз ізденіп, шығар­машылықпен шұғылдануды өз өмірінің мәніне айналдырған ол, бір адамға болса да ой салып, жар шетінде дағдарып тұрған әлемдегі ең бақытсыз адамның дұрыс таңдау жасауына септігі тисе деген мақсатпен осы жобасын іске асырған-ды.

Продюсерге қолдау білдіріп баспа­сөз жиынына келген жақтастары жоба прокат жағынан тиімсіз болып табылса, онда Үкімет қазақ киносының жанды жері болып соқтасы жарылғалы тұр­ған бұл мәселенің басқа да қырларын қарастырып, қалай да көрерменге жеткізу жолдарын табуы керек деп отыр. Егер мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмаса, А.Заиров еріктілер­дің көмегіне жүгініп, тығырықтан шығу­дың жолын өзі тауып көрмек.

Фильм режиссері ретінде тілші­лерге арманын айта келген режис­сер Мұхамед Мамырбеков те коммер­циялық фильмдерді, әсіресе комедия­лық жанрдағы фильмдерді өнер емес, бір күндік фаст-фуд дүние деп есептейді. «Адамды күн сайын фаст-фудпен қоректендіре берсе, нәтижесі не болатыны белгілі. Авторлық, әлеу­меттік, коммерциялық емес кино – ұлт байлығы. «Шетелдерде авторлық, әлеуметтік фильмдерді көрсететін арнайы кинотеатрлар бар. Ал Алматы­дағы жартылай мемлекеттік, жартылай жекеменшік «Кино үйі» мүлде жұмыс істемейді. Ол сонда кімге қызмет көрсетіп отыр? Ол үйде шетел­дің салмақты сыйлықтарын шеті­нен тізіп тұрып әкелген Дәрежан Өмір­баевтың, Фархад Шариповтың фильм­дері неге көрсетілмейді? Өз кон­тенті қалыптасқан, өз тұтынушысы бар қарапайым интеллектуал режиссер­лердің құқығы мен сұранысы неге тапталады? Көрерменнің мәдени интеллектуалды деңгейін көтеру үшін неге әрекет жасамасқа? Францияда кө­рерменге француз киносын көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Солар секілді көрерменнің деңгейін тәрбиелеу үшін нақты қадамдар неге жасалмайды?» дейді Мұхамед Мамырбеков.

Сайып келгенде, «Анашым, мен тірімін!» фильмінің авторлары көмек пен қолдауға зәру. Әділетті Қазақстан құру мақсатына жұмылдырған Жолда­уында Президенттің қоғамдағы әр азаматтың әділеттілік жолында ашық бәсеке мен бірдей мүмкіндікті пайдалану туралы баса айтқанын фильм авторлары өз талабында орынды ескертіп отыр. Сондықтан болар, ересен еңбектің арқасында дүниеге келген ерекше фильм мүгедек жандарды әлеуметтендіру ісінде кәдеге жарап, бірдей мүмкіндікке ие инклюзив ел құруға жәрдемі тиетініне сенімі мол.

 

АЛМАТЫ