Пікір • 23 Қыркүйек, 2022

Халық пен билік арасындағы сенім институты

366 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет дамуының тарихына назар салсақ, әлемдік тәжірибеде жоғарғы билікті ұйымдастыруды, яғни мемлекеттік басқаруды іске асыру үшін сайлау маңызды рөл атқарған. Ежелгі Грекия мен Римде еркін азаматтар халықтық жиналыстарға қатысып, қолдарына бюллетень алып, жеребе арқылы саяси өмірге белсене атсалысқан.

Халық пен билік арасындағы сенім институты

2020 жылдың мамыр айында Мем­лекет басшысының ұсынысымен аза­мат­тардың бейбіт жиналыстарды өткізуі туралы заң қабылданды. Бұл елімізде азаматтық демократияны да­мы­туға жа­салған маңызды қадам еді. Заңда ми­тин­гілер мен халықтық жиналыстар өткізу үшін арнайы рұқсат алудың қа­жет еместігі көрсетілген. Тек митинг өтетін жерді билік органдарына ескерту керек екені заңда жазылған. Бейбіт шерулерді еліміздің кез келген қаласында өткізуге болады. Бірақ өзін тым еркін санаған кей азаматтар бос­тандықтың мағынасын басқаша түсі­не­тіні қынжылтады.

2020 жылдың күзінде еліміздің саяси өміріне жаңа серпін әкелген жаңалықтың бірі – праймериз. Қазақстанда алғаш рет болған партияішілік праймериз шынайы және мықты көшбасшыларды партия қатарына тарту арқылы белсенді және бастамашыл азаматтар үшін «әлеу­меттік лифт» құруға сеп болды. Пар­тияішілік іріктеу ережесіне сай дауыс беру барысының ашықтығын қам­та­ма­сыз ету тетіктері қарастырылды. Прай­мериздің негізгі мақсаты – барлық дең­гей­дегі мәслихаттар мен Парламент Мә­жілісіндегі тиімді депутаттық кор­пус­ты одан әрі қалыптастыру үшін бә­се­ке­лестік негізде жаңа көшбас­шы­ларды ай­қындау.

Көп уақыт өтпей тағы да сая­­си­ ба­­­­тыл қадамдар жасала бас­та­ды. Ха­­лы­­қ­­­тық рефе­рендум өт­кіз­дік. Ре­­­фе­­рен­­­­думдағы бас­ты мақсат– супер­пре­зи­денттік басқарудан арылу бол­ды. Бұл демократияға бетбұрыстың нағыз алғышарты еді. Мемлекетіміздегі пре­зи­денттікке үміт­кер азамат, сайлау та­лап­тарына сай болып жатса, өзінің конс­титуциялық құқығын пайдалануға мүм­кін­дігі бар. Соңғы болып жатқан саяси өзгерістер президенттік және парламентаризм инс­титутының дамуын арттырып, ле­ги­тимді демократиялық жолмен сая­си азаматтық қоғамның қарыштап да­муы­ның нақты дәлелі. Референдум арқылы қабылданған Ата Заңымыздағы өзгерістер мемлекетіміздің саяси дамуы­на жаңа серпін беріп отыр.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзі­нің ке­зекті Жолдауында президент өкі­лет­тіктерінің ұзақтығы мен сайлану ретін қайта қарауды, Президент мандатының ұзақтығын 7 жыл­дық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Бұл суперпрезиденттік басқарудан арылу идеясының жалғасы деп түсінемін. Түзетулер қабылданып, әр жеті жыл сайын елімізде қайта сайлану құқығынсыз жаңа адам сайлауға түсе алады. Бұл билікті монополиялауға қарсы күрестің бір түрі. Мысал ретінде, Оңтүстік Кореяны келтіруге болады. Онда президентті 1 рет қана сайлау тәжірибесі сәтті жүзеге асқан. Олардың қа­зіргі таңдағы экономикасының қалай қарыштап дамығандығы дәлелдеуді қажет етпейді.

Жеті жылдың ішінде мемлекет үшін көп нәрсені істеуге болады: сая­си мәселелерді шешу, кейбір терең про­­цестерді іске қосу, соның ішінде қазақ­стан­дық қоғамды демократияландыру мәселелері. Яғни, билік тетіктерін іске қоса отырып, стратегиялық нық қадамдар жасауға болады. Жетіжылдық сайлау тәжірибелері бар елдер қатарына Италия, Армения мен Израильді алуға болады. Бұл елдер дамуы жағынан ал­дың­ғы шепте.

Мемлекеттік бағдарламаны немесе стратегиялық реформаны жүзеге асы­ру үшін жарияланған жетіжылдық мер­зім жеткілікті. Ал бұл билікке іс­кер адамдардың келуі керек дегенді біл­ді­ре­ді. Сайлаушылар тарапынан сенім ман­датын алған Мәжіліс депутаты ретінде айтарым, мұндай мерзімдік уақытша шектеулер бізді жігерлендіріп, «Аманат» партиясының сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыруда белсенді жұмыс істеуге септігін ти­гі­зеді.

Қайта сайлау құқығынсыз жетіжыл­дық президенттік мерзім – бұл жаңа Қазақстанның шындығы. Президенттік сайлау – бұл халық пен билік арасындағы сенім институты қызметін атқаруы керек. Бір сөзбен айтқанда, сайлау халық пен билік арасындағы сенім көпірі болып, азаматтардың құқықтық тілектерін не­гіз­ге ала отырып, демократиялық қо­ғам­ды қалыптастыратын сенімді құрал деу­ге болады. Бұл жерде сенім басты рөл атқарады.

Әл-Фараби мемлекеттік билік мәсе­ле­сіне «Қайырымды қала тұрғын­да­ры» трактатын арнады. Ұлы ұстаздың еңбегінде қайырымды қала, яғни мемлекет болу үшін дұрыс жүйеленген әділетті заңдар негізінде ел басқару ісі құрылу керек дей келе, «басқару жолында кезекпен ауыса басқарып, кейінгі келгендер алдыңғы басшының істерін жалғастырады» деген. Мыңдаған жыл бұрын жазылған еңбек бүгін де маңыздылығын жойған жоқ. Алдағы президенттік сайлау ұлтымызды ұйыс­ты­рып, демократиялық дамуды жаңа кезеңге көтеретініне сенімдімін.

 

Самат АҚЫШЕВ,

Мәжіліс депутаты