Пікір • 23 Қыркүйек, 2022

Демократиялық соны үрдіс

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда айналамызда болып жатқан геосаяси оқиғалар мен өзгерістер ешкімді бейжай қалдырмайды. Отыз жылда кеткен олқылықтардың орнын толтырып, барлық саладағы кемшілікті түзетуге бәріміз мүдделіміз. Мынау аласапыран әлем қазір айтысып-тартысып отыратын уақыт емес екенін көрсетіп отыр.

Демократиялық соны үрдіс

Біз демократияландыру жолында жаңа қадамдар жасадық, қайта сайлану құқығынсыз бір реттік пре­зидент­тік мерзім енгіздік. Прези­дент­тік өкілеттіктің бір реттік мерзімі Конс­­титуцияның жаңа нормаларының өзгермейтіндігін белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мүм­кін­діктер тең­дігі және баршаға әді­лет­тілік» деген үндеулері тек ұран емес, іс-әре­кеттің бағдары. Озық елдердің даму негізінде әлеуметтік әділеттілік жатыр. Бұл барлық адам үшін әлеу­меттік әділеттілік пен теңдік бір­дей дегенді аңғартады. Да­мы­ған мемлекеттердің негізгі драй­вер­лері де осы қағидаттар. Дамыған елдерде демократиялық қоғам да өркендеп келеді. Осы парадигмада Президенттің тәсілдерді жаңарту және халыққа мемлекетті басқаруда толыққанды мүмкіндік беру қажеттігі туралы баяндамасын көріп отырмын. Мұны ауылдық, қоғамдық ке­ңес­тер, мәслихаттар және Мәжіліс дең­гейінде іске асыруға болады. Бұл органдарда халықтан шыққан адамдар, елін қолдайтын, ұлтжанды азаматтар болуы тиіс. Яғни еліміздің өркендеуіне күш-жігерін аямайтын адамдар жұмылдырылуы керек. Экономист ретінде әлеуметтік инклюзия мен ашықтық әл-ауқаттың өсуін қамтамасыз ететінін көріп отырмын.

Қазақстан нағыз демократиялық мемлекеттің эталоны ғана емес, біз Орталық Азия елдері үшін жаңа тренд қалыптастырып жатырмыз. Қайта сайлауға тыйым салуды ен­гізу – үлкен саяси жаңалық. Бұл тек Қазақстан үшін емес, бүкіл пост­ке­ңес­тік аймақ үшін маңызды саяси өзгеріс.

Қыркүйектегі Жолдау Қазақстан экономикасы өз дамуында өтетін негізгі трендтерді белгілеп берді. Мә­се­лен, мені маман ретінде шағын биз­­несті тексеруге мораторий енгі­зіл­ге­ні қуантады. Себебі бұл шағын бизнеске салықтық жеңілдік енгізді. Бұл шаралар өте маңызды, өйткені пандемия кезінде ШОБ қатты зардап шекті. Салықтық жеңілдіктер, тексерулерге мораторий, гранттар – мұның бәрі бизнесті дамыту үшін жақсы көмек. Шағын бизнестің экономикалық қана емес, әлеуметтік те маңызы бар. Экономиканың осы секторы бү­гін­де жеңілдетілген салық салуды, қар­жыландыруды қажет етеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы елдің жаңа эко­номикалық саясатын жариялау ке­зін­де нақты айтты.

 

Бекнұр ҚИСЫҚОВ,

Қазақстандық франчайзинг қауымдастығының президенті,

саясаттанушы