Пікір • 27 Қыркүйек, 2022

Қамқор елге айналудың айқын үлгісі

364 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауы реформаларды дәйекті енгізу қағидатын сақтай отырып, күн тәртібінде тұрған кезеңдік жаңғыртудың бағытын жалғастыруда. Өткен жолдауларда мемлекеттік жүйені реформалаудың заңнамалық және саяси-институционалдық аспектілері кеңінен белгіленсе, биылғы реформалар экономикалық және әлеуметтік саланы қамтыды.

Қамқор елге айналудың айқын үлгісі

Ұлт саулығын қамтамасыз ету бо­йынша МӘМС сияқты мәселе көтерілді. Сарапшылар мен қоғам тарапынан түрлі сын-пікірлерге тап болып жүрген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жаңа шешімдерді қажет етеді. Азаматтардың медициналық көмектің нақты қолжетім­ділігі, медициналық көмектің кепілді және сақтандырылған көлемін түсінуі туралы мәселелер күн тәртібінде өткір тұр. Сондықтан оның Жолдауда қозғалуы сақтандырудың әрбір азамат үшін ашық әрі түсінікті тәртіпке бағыттайды.

Ерікті медициналық сақтандыру меха­низмін құру бастамасы да маңызды. Біз білетіндей, ол Еуропа елдерінде белсенді түрде қолданылады. Оны Қазақстанға енгізу кезінде ескеретін реттеудің бірнеше түрі бар. Олардың ішінде халықтың табыс­тарына, жұмыс түріне және т.б. өлшемдерге тәуелді субститутивтік, қосымша немесе параллельді сақтандыру. Кейбір елдерде медициналық сақтандырудың аралас түрлері адамдарға салық жүктемесін азайту мақсатында салық шегерімдері кезінде сақтандыру жарналарын есепке алуға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік блокта денсаулық сақтау мәсе­лелерімен қатар, атқарушы биліктің азаматтар сұранысын анықтай­тын жекелеген мәселелер енгізілді.

Біріншіден, әйелдердің зейнеткерлік жасын алдағы 6 жылда 61 жасқа төмендету халықтың сұранысын қанағаттан­дырады. Бұл ретте, әйелдердің зейнетке ертерек шығу қажеттілігінің негізгі себеп­терінің бірі – әрбір әйелдің жұмыспен қатар үй шаруасының екі есе ауыртпалығы барын ескерген жөн.

Азаматтық қоғам ретінде біздің міндеті­міз – гендерлік қатынастардың және ата-ана институтының жаңа моделін дамыту. Қоғамда ер-азаматтарды саналы әке, үй шаруа­шы­лығына да тең үлес қосатын қамқор отағасы ретінде қабылдайтын сана­лық өзгерістерді ынталандыру керек. Мысалы, ер адамның декреттік дема­лысқа шығу мүмкіндігі заңнамалық тұрғы­дан бекітілген. Өткен жылдың өзінде 3,5 мыңға жуық ер адам декреттік дема­лысқа шығып, осы мүмкіндікті пайдаланды. Осылайша, әлеуметтік стереотип­тердің прогрессивті өзгеруі әйелдердің жеке дамуы мен жеткілікті табысқа ұмты­лысына, моральдық және денсаулық мүмкіндіктеріне оң әсер етеді.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Екіншіден, бастама келер жылдан бастап бала күтімі бойынша төлем мерзімін бір жарым жылға дейін ұзарту көзделген. Қазіргі уақытта бұл төлемдер баланың 1 жасқа толуына дейін төленеді. Аталған төлемдердің ұзартылуы кез келген отбасы үшін жақсы қолдау, ал баланың дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Оның үстіне, бұл әйелді ішінара қаржылық тәуелділіктен қорғайды.

Жолдауда халықты қолдауға бағыттал­ған инновациялық шараларды қолға алу жөніндегі тапсырмалар да лайықты көрініс тапты. Билік пандемия кезінде төлемдер мен халықты қолдаудың барлық қиындығын ескерді. Сол бағытта Мемлекет басшысы 2020 жылы «әлеуметтік әмиян» жүйесін және отбасының цифрлық картасын құруды тапсырған еді.

Осылайша, «әлеуметтік әмиян» жобасы 2023 жылдан бастап бүкіл ел бойынша жүзеге асады. Өткенде ол қанатқақты режім­де жүзеге асырылды. Бұл жүйе азамат­тар­дың шотына электронды ақша түрінде түсетін әлеуметтік төлемдерді тиімді және ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік береді.

Келесі жылы отбасының цифрлық картаның іске қосылуы отбасыларға өтініш бергенге дейін көмектесуге мүмкіндік бере­ді. Бұл мүмкіндік картаның тұрғын үй неме­се экономикалық өмір сүру жағдай­лары сияқты бірқатар параметрді қамтитын­дығына байланысты. Егер олардың на­шарлағаны анықталса, мемлекет көмек ұсына алады. Біздің ойымызша, бұл бағыт­тағы келесі қадам деректердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді реттелу болу керек.

Құжатта қарастырылған әлеуметтік шаралардың барлығын санамалап шығу, әрине, көп уақыт алады. Бірақ бұл Жолдау тәуелсіз Қазақстанның тарихында «бала­ларға жолдау» ретінде қалары сөзсіз. Өйткені балалардың өмірі мен болашағын жақсарту мақсатында Президент бірегей шараларды қолға алды.

Бұл «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағ­дарламасының бастауы. Осы теңдес­сіз бастама Ұлттық қордың жылдық инвести­циялық кірісінен балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін арнайы жинақ шоттарына 50 пайыздық аударымдарды қамтиды. Бұл бағдарламаның нәтижесі балалардың ғана емес, бүкіл Қазақстанның келешегі­не зор кешенді әсер етеді. Яғни ұлттық байлығымыз балалардың дамуына сөзсіз қолдау көрсетеді. Білім беру немесе тұрғын үйге арналған алғашқы капитал әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізудегі әлеуметтік теңсіздікті азайтады. Сондай-ақ өмір сүру қажеттілігін және баламасыз табыстарды есепке алмай, дербес өмірге жақсы бастама береді.

Осылайша, Жолдаудың жалғыз әлеу­мет­тік бөлігі ғана жаңа гендерлік және әлеу­меттік көзқарастардың негізіне айналады. Бұл, түптеп келгенде, биліктің қамқор елге көшу үрдісінің айқын екенін аңғартады.

 

Зарема ШӘУКЕНОВА,

ҰҒА вице-президенті,

әлеуметтану ғылымдарының докторы