Өнер • 18 Қазан, 2022

Дулат Исабеков әлемі халықаралық театр фестивалінде биіктен көрінді

978 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Көрнекті жазушы, дарабоз драматург, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Дулат Исабековтің 80 жас мерейтойына орайлас өткізілген ІІ халықаралық «Исабеков әлемі» театр фестивалі өз мәресіне жетті. Қарыз бен парыз алдындағы азаматтық ұлы мұ­ратын бір түгендеп, өз-өзінен есеп алып, елге есеп беруді жөн көрген жазушы-драматургтің мерейтойын әдебиетіміздің қуа­нышы десек, жайдақтау сипаттағанымыз, ең бастысы, ұлттық театр өнерінің мерекесіне айналған мұндай фестивальды рухани кеңістігіміздің қазынасы, жетістігі деп бағалағанымыз жөн.

Дулат Исабеков әлемі халықаралық театр фестивалінде биіктен көрінді

Прозада ғана қалам тербеп қоймай, драматургияда да биік белестерді бағындырған Дулат Исабеков – ұлттық әдебиетіміздің ұжданы, мақтанышы, айбары.Ал халықаралық «Исабеков әлемі» фестивалі араға он жыл салып екінші мәрте өткі­зіліп отыр. Дүниенің төрт бұры­шымен байланыс жасап, Алма­тының төріне шетелдің төрт бірдей теат­рын көшіріп әкеліп, ең салтанатты сахналарда дүбір­летіп драматургиялық шығармалардың шеру жасауы, ең алдымен, классиктің талантына тағзымнан туады. Ұлттық әдебиетіміздің «алтын дәуірі» аталатын алпысыншы жылдары жазу өнерінің көсегесін көгертеміз деп келген жиырмаға жуық таланттың ішінде Дулат Исабековтің екпіні ерекше болғанын қаламдастары да, оқырмандары да бірауыздан мойындайды.

Жазушы болуды өмірлік мұраты етіп белгілеген ол, отызға толар-толмасында әдебиеттен ойып тұрып орнын алып, қазақтың қасиетті сөзіне жарты ғасырдан астам уақыт адал қызмет етіп келеді. Не жазса да, әр сөзіне жауапкершілікпен қарап, өмірдің шындығын күйініп те, сүйініп те, опындырып та, ойлантып та жазып келеді. Соңғы жылдары кітаптары көптеген тілге аударылып, спектакльдері де Лондоннан бастап өзге де алыс-жақын шетел сахналарында қойылып жатқан драматургтің шығармалары алдағы жылы да Еуропаның екі-үш театрында сахналанатыны белгілі болып отыр.

Д.Исабеков пьесаларын жазғанда кө­рерменнің қа­был­дауына қызық, режис­сердің сахналауына ыңғайлы етіп икемдеп жаза ма дейміз. Қалам­гер шығар­машылығының бір құпиясы осында жасырулы сияқты. Драматургтің кейіп­кер­лері қол жетпес асқақ қиял­мен жасалған батыр да, қойны-қонышынан қазына төгілген бай да емес, қоғамда қоңыр тіршілік кешіп жүрген қарапайым адамдар. Драматург оқырманына қоғамдағы кішкентай адамдардың да сүйе алатынын, азап шегетінін, сөйте тұра, байлығы, батырлығы асқан жандарға қарағанда ізгі­лікті батыл қадамдарға бара алатын үлкен жүрегін, мөлдір жанын жырлайды.

Оның кейіпкерлері тірі адамдар. Оларға сенесің. Олар тура өмірдегідей: мінсіз емес, бірақ мейірім бар. Егер көрермен осы кейіпкерлерге жатырқап қарап тұрса, онда спектакль де, мынау фестиваль де болмайтын еді. Ал бес күнге созылған театр фестивалінде Грузия елінен келген Мачабели атын­дағы Цхинвали кәсіби мемлекеттік дра­ма театры «Актриса», Түркияның Эрзу­рум театрының «Өкпек жолаушы», Аустралиядан келген Мельбурн театры «Бөрте» қойылымымен және Түркістан музыкалық драма театры «Бөрте», М.Әуе­зов атындағы Ұлттық драма театры «Жүз жылдық махаббат», Құдыс Қожа­мия­ров атындағы Мемлекеттік ұйғыр музы­калық комедия театры «Мұрагерлер» спектакльдерімен қатысып, бақ сынады.

Almaty Theatre алдына төселген Қызыл кілем үстімен Д.Исабеков ұл-қыздары, немере-шөберелерімен, фестивальге келген меймандар мен белгілі әртістер тобы жүріп өткен соң фестиваль шымылдығы Түркістан музыкалық драма театрының «Бөрте» спектаклімен ашылды.

Мәресіне жеткен театр мерекесінде М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрында өткен салтанатты жиында қалам­герді мерейтойымен құттықтап, лебізін білдіргендердің қарасы мол болды. «Сали­қалы ғұмырды сырлы қаламға серік еткен өзіңізді Алаштың аузы дуалы абызы, шындықтың шырақшысы, қазақтың қабырғалы қаламгері деп танимыз» деп сөз бастаған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаламгерге жолдаған құттықтауын оқып берді. «Құрметті Дулат Исабекұлы! Хал­қымыз сізді қазақ әдебиетінің көш ке­руені ілгері басуына сүбелі үлес қосып келе жатқан көрнекті қаламгер ретінде жақсы біледі және қадірлейді. Сіздің қаламыңыздан шыққан тартымды туындылар ұлттық рухани-мәдени қазынамыз­ды байыта түсті. Шынайы өмірді арқау еткен шығармаларыңыз негізінде түсі­рілген көркем фильмдер талғамы биік кө­рермендердің жоғары бағасына ие болды. Қазақ драматургиясының өркендеуі­не сіңірген еңбегіңіз де өте мол. Заман­ның тыныс-тіршілігін айшықтап көрсете білген пьесаларыңыз еліміз бен әлем театрларының сахналарында тұрақты қойы­лып келеді. Әрдайым өнегелі өмір жолыңызбен кейінгі толқынға үлгі көрсе­тіп, қолға алған істеріңіз сәтті жүзеге аса беруіне тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық және отбасыңызға бақ-береке тілеймін» дейді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жолдаған жылы лебізінде.

Халықаралық деңгейдегі маңызы зор мәдени шараны ұйымдастыруда Алматы қаласы әкімдігінің еңбегін атап өту ләзім. Қала әкімі Ерболат Досаев өз құттықтау сөзінде: «басқа пьесаларын айтпағанның өзінде, «Бөрте» спектаклі  –әдебиет әлеміндегі үлкен құбылыс. Даңқ­ты Шыңғыс ханға адал жар, ақылшы, тірек бола білген анамыздың бейнесін сомдау арқылы оқырманға рухани азық, кейінгі буынға үлгі боларлық шығарма жасадыңыз» деп тамашалаған жанды тәнті еткен қойылымға өз бағасын берді.

Мерейтойды ұйымдастыруға атса­лысқан барлық жауапты тұлға мен құ­зыр­лы мекемелерге алғысын айта ке­ліп, қаламгер әдебиет туралы аз-кем тол­­ғанысын оқырманымен бөліспей тұ­ра алмады. «Осыдан бес жыл бұрын ағыл­­шын театрында пьесам сахналанып, Лордтар палатасында мерейлі жасым аталып өткен кезде, кітаптан культ жаса­ған Лондондағы Ұлттық кітапханаға кіта­бымды ресми түрде апарып табыс­та­дым. Қазақ әдебиетінен бірінші болып апа­рып берген мен екенмін. Сіздер мұн­да қол соғып отырсыздар, ал онда мен мұңайып қайттым. М.Әуезов қайда, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов қайда, менің за­мандастарым қайда, басқа да ақын-жазу­шыларымыздың классикалық әңгіме, повестері неге осы уақытқа дейін аударылып берілмеген? Қырғыз, түрікмен қаламгерлері түгел самсап тұр. Біз жоқ­пыз. Біз өзімізді насихаттай алмайтын ел екенбіз. «Жақсы дүние болса, өздері алып кетеді» деп бейғам жата береміз. Бұл заман оны көтермейді. Ұйықтап жата берсең, жұртта қаласың. «Бізде мынадай бар, мынадай бар, оқыңдар, көріңдер, баға беріңдер» деп апар. Жазғаның ел игілігіне, меншігіне айналмаса, ол туралы пікір болмаса, рухани айналымға түспесе, жазған шығармаңның кімге керегі бар? Мынау елде осындай әдебиет бар екенін өзге жұртқа жарнамалап, көздерін жеткізу керек». Апарып өткізген кітабы ағылшын тілді оқырманның сұранысына ие болып, әлемдегі ең ірі Amazon сауда желісі арқылы 29 доллардан сатылымға түскен. Демек марғау кейіпте жата бермей, аударып, насихатын жасай білсе, қазақ әдебиетінің өнімі де өтеді деген сөз. Д.Исабековтің айтуынша, бүгінгі күні 800 беттен тұратын романдарды оқуға ешкімнің құлқы жоқ, «Анна Каренина»
24 бетпен, «Соғыс және бейбітшілік» 30-40 бетпен ғана оқылады.

Қазылар алқасының төрағасы Еркін Жуасбек бастаған театр сыншылары бес күнге созылған фестиваль қорытынды­сын түйіндеп, жүлдегерлер есімін анық­та­ды. Білікті сыншылардың ұйғарымы­мен фестивальдің бас жүлдесін – 1 000 000 теңге жүлдені Түркістан музыкалық драма театрының «Бөрте» тарихи драмасы иеленді. Иванэ Мачабели атында­ғы Цхенвали кәсіби мемлекеттік драма театрының «Актриса» қойылымын сах­налаған Гоча Капанадзе «Үздік режиссер» болып танылып, оған 700 000 теңгенің сертификаты табысталды. «Үз­дік­ актер» болып М.Әуезов атындағы Ұлт­тық драма театрының әртістері Алмас Шаях­метов, «Үздік актриса» – Дәрия Жүсіп танылды. Сондай-ақ «Қазылар алқасының арнайы жүлдесіне» грузин актрисасы Лела Махниашвили, «Үздік актерлік ансамбль» жүлдесіне «Мұра­герлер» қойылымын­дағы ұйғыр театрының әртістері ие болды.

р

«Бөрте»

Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,

театртанушы:

Фестиваль шымылдығын ашқан ­Түр­­­кістан музыкалық-драма театрының «Бөр­те» пьесасы қаламгер Дулат Исабе­ков­­тің драматургиясында шоқтығы биік тұрған шығарма. Әлемнің тіршілік та­­ри­хын өзгерткен хан Шыңғыстың жо­рық­та серігі, шаңырақта ақылшысына айнал­ған қоңырат тайпасынан алған әйелі Бөртенің өмір жолын баяндайтын бұл туынды – өткен тарих пен бүгінгі күн­нің сабақтастығын көрсете білген көр­кем дүние. Бабалардың жүріп өткен жолы, олардың ұлт мүддесі үшін еңбегі, жанкештілігі жан-жақты қамтылған эпика­лық, кең құлашты, монументалды тарихи драма. Пьесадағы сом-сом бейнелер, ар мен ұждан, достық пен махаббат тартысына құрылған сюжет желісі көрушісін, оқырманын баурамай қалмасы анық.

Пьесаның сахналық нұсқасын Ита­лия­дағы Генуя ұлттық театрының дирек­торы әрі режиссері Давиде Ливерморе жаса­ған. Спектакльде негізгі басымдық сахналық эстетикаға, әдемілік пен әсемділікке бе­рілген. Озық технологиялардың бүгінгі үлгіс­імен көмкерілген сценографиялық декорация қазақ театрының жоғары әрі соңғы буын техниканы еркін меңгергенін байқатты. Түрлі галлограммалар, оқиғаның мазмұнын қосымша ақпараттармен байыта түскен. Қойылымда жаңа технология­лар мен актерлік шеберліктік астасып кетер мүмкіндігі де мейілінше жүзеге асқан. Актерлердің ерекше сән-салтанаты жарасқан костюмдері, киім-костюмдері көз тартып, әсемділігімен ерекшеленіп тұрды. Режиссер кең байтақ шексіз даланы мекендеген көшпелі халықтың таным-түсінігін, наным-сенімін айшықтауға барын салғаны көрініп тұр. Тарихи драмада өнер көрсеткен актерлік құрам да осал емес, еліміздің белгілі өнер қайраткерлері қатысқан. Бөрте рөліндегі Ақбота Рахат кейіпкерінің күрделі тағдырын, күрес­керлік қайсар мінезін алдыңғы планға шығарған. Бөрте – А.Рахат байсалды жар, парасатты серік, ақылы мен айласы қатар жүретін әйел заты ретінде танылды. Актриса кейіпкерінің өзіне тән үн сипатын, мінезін, күлкісін, жүріс-тұрысын да жақсы тапқан. Бойжеткен арудан ел анасына айналған Бөртенің психологиялық хал-күйін шынайылығымен жеткізуге тырыс­ты. Актер Еркебұлан Дайыров сомдаған Шыңғыс хан бейнесі қаһармандық сырт-тұрпаты жағынан әдеби негіздегі баһадүр сипатына ұқсас келгені байқалды. Алайда актердің кейіптеуінде Шыңғыс ханның ішкі психологиялық тереңдігін, халық­тың қамын жеп, кішкентай тайпадан мыз­ғымас мемлекет құрған қайраткерлі­гін байқай алмадық. Уәли-мәжін рөліндегі Лейло Бекназар, Жамұқа рөліндегі Нар­тай Саудан­бекұлы, Тұғырыл ханды ойна­ған Әділ Ахметов, Дай шешен – Қоныс­бек Бекайдаров жасаған бейнелер спек­такльдің көркемдік деңгейін көтерген.

Қорыта айтқанда, қазақ театрында ұлт­тың рухын, болмысы мен мінезін жырлайтын «Бөрте» тарихи драмасы идеялық мазмұнымен, көркемдік биік деңгейімен қалатын шығарма дейміз.

«Өкпек жолаушы»

Бақыт НҰРПЕЙІС,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану докторы:

Фестивальде Түркия Республика­сының Ерзурум театры Д.Исабековтің «Өкпек жолаушы» деп аталатын пьесасы бойынша қойылған спектаклін көрсетті.

Спектакль негізінен екі актердің ойы­нына құрылғандықтан да Зейнеп пен Айтөренің мінездерінің ашылуы орын­даушылардан өзара үндестікті талап етеді. Мұны дұрыс түсінген Гонджа Чилгы мен Емрах Чилгы өздеріне жүктелген міндетті орындап шығуға барынша тырысты.

Зейнеп рөліндегі Г.Чилгы саналы ғұ­мы­рын балаларына арнаған қарапайым қазақ әйелінің бейнесін сомдауға талпынды. Алайда оның ойынында терең толғаныс пен психологиялық тебіреністер болған жоқ.

Айтөре – Е.Чилгы да өз кейіпкерін жан-жақты зерттемеген. Айталық, жиырма жыл көрмеген үйін бір көруге зар болып аңсап келген Айтөренің қара шаңы­рақтың киесін сезінуі мүлде байқалмады. Бейтаныс әйелдің босағасынан қобал­жып аттаған Айтөренің үйге кіргеннен кейінгі тебіренісі мен бөлмелерді аралап шыққаннан кейінгі мұңы актерлік ойында ашылмады. Сонымен қоса Зейнептің ақылы мен парасатына біртіндеп тәнті болуын да көрсете алмады. Әйелдің баласы Ертай-Шериф Авджы масайып келген кезде Айтөренің мойынын ішіне тартып, оған мән бермей бір орын­да қозғалмай отыра беруі де көзге оғаш көрінді. Сол сәттегі оның сыртқы түрі нағыз қорқақ адамнан айнымай қалды. Осы сахнада көпті көрген салихалы ер адамның сабырлылығы мен ұстам­дылығы актер­ден ойлы көзқараспен кездейсоқ жағдайда жол тауып кететін ептілікті керек еткен еді.

 Режиссер сахнаның оң жақ бұрышына baglama (баглама) аспабында әсерлі күй ойнап, бірде жанды дауыста ән айтатын орындаушыны (Сайд Гүлебензер) отырғызған. Бұл спектакльге сәл де болса лирикалық бояу беріп отырды.

Жалпы, бұл спектакльде жандары жа­рас­қан қос мұңлықтың жан дүние­сін аша түсетіндей режиссерлік тың тәсіл­дер болған жоқ. Екі кейіпкер көбінесе үстел басында отырып сөйлесе береді. Тіпті өздерінің бастарынан өткен қасі­ретті жағдайларды естеріне алатын сәт­тердегі эмоциялық толқулар кезінде де орындарынан қозғалмайды. Тым құрыса, ішкі жан күйзелістерін ары-бері жүріп көрсеткенде, қойылымның екпін-ырғағы да өзгерер еді. Сол тәрізді Зейнеп оңаша қалған кезде, онымен үнемі жағаласып сөйлесіп жүретін ер адамның бейнесі режиссер тарапынан ойнатылмай қалды. Бұл кейіпкерді Зейнеп қиялындағы елес деп түсінуге тырысқанымызбен де, оның әрекеттері анықталмай қалған. Керісінше, Зейнеппен қабаттасып, сөздерін естірпей жатты.

Бір сөзбен айтқанда, спектакль ре­жис­сері Гонджа Чилгы бұл пьесаны сах­налаудың көркемдік үлгісін таба алмаған. Мұнда қойылым тізгінін тырп еткіз­бей ұстап тұратын кәнігі режиссер­дің кәсіби қолтаңбасы әлсіздік танытты.

Дегенмен де түрік театр сахнасына Д.Исабеков пьесасының енді ғана қойыла бастағанын ескерсек, онда «Ерзурум» театрының бұл спектаклін алғашқы ізде­ніс­тердің қатарына жатқызамыз.

Жаһандық мәселелерді толғайды

Лаша ЧХАРТИШВИЛИ,

театртанушы, PhD, Грузия мемле­кеттік Ш.Руставелли атындағы Театр және кино университетінің профессоры, Заманауи Грузия театрын зерттеу орталығының директоры:

Дулат Исабековтің жазушылық әлемі жаһандық, ауқымды өзекті мәселелер мен тақырыптарға арналған. Бірнеше жыл бұрын М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры қойған оның «Жүз жылдық махаббат» спектаклі де өзін­дік ерекшелігімен есте қалады. Біз оны драматург шығармашылығына арналған ІІ халықаралық театр фестивалі аясын­да көруге мүмкіндік алғанымызға қуа­ныштымыз. Қазақ ақынының өмірі туралы сөз қозғайтын шығарма белгілі бір тарихи тұлғаның өмірі шеңберінен асып, жалпы, сол дәуірдегі суреткерлердің қиын да күрделі тағдырын бейнелейді. Бір ақынның ғұмырын барлық қарама-қай­шылығымен, қалтарысымен көрсетудің арқасында көрермендердің көз алдында қарапайым адамдардың, соның ішінде ­театр қызметкерлері мен актерлердің ­сахна артындағы өмірі өрбиді.

М.Әуезов атындағы шығармашылық ұжым өзінің ұлттық театрлық мектебін сақтай отырып, дәстүр сабақтастығының (актерлік, режиссерлік, суреткерлік) үздік үлгісін көрсете алды. Сондықтан спектакльге қатысқан актерлер басты рөлдерде ғана емес, эпизодтық рөлдерде де ерекше көріне білді. Зылиха (актриса Д.Жүсіп) және жас актриса (А.Бақытжанова) ара­сындағы сахналық серіктестік ерекше назар аудартты. Актер Алмас Шаяхметов орындаған ақын М.Жұмабаев бейнесі өте сәтті шыққанын байқадық. Оның жа­лындаған мінезі, алаулаған сезімдері шынайы. Актерлік ансамбль жоғары деңгейден көріне білді.

Қазақ драматургиясын терең түсінген

Анар ЕРКЕБАЙ,

өнертану кандидаты:

Грузиядан келген И.Мачабели атын­дағы Цхинвали мемлекеттік театры ұсын­ған «Актриса» спектаклі нағыз заманауи тыныста қойылған дүние болды. Қазақ драматургиясын тереңнен түсініп, пьеса кейіпкерлерінің әлеміне бойлаған грузин актерлері сахнада ұлы да құдіретті ТЕАТР атмосферасын нақты жеткізе алды. Әрекет бос кеңістікте өтсе де, режиссер­дің сахнадағы алаңдарды түрлі биіктерде орналастыруынан, төбедегі барлық жа­рық беретін құралды керісінше төмен түсіруінен қойылымның пластикалық суретінің әдемі де заманауи шешімі табылды. Осы әдіс спектакль тынысын кеңей­тіп, режиссерлік ойды жинақтап отыруға мүмкіндік берген.

Режиссер Гоча Капанадзе пьесаның бояу-реңін бұзбай, оқиға өрімінің келісімін сақтай отырып, шығарманы баяндау формасынан (драматургтің әңгімелеуі) драмаға ауыстырып отырады. Актер Лури Попхадзе сахнаға шапан киіп баяу аяң­дап кірген ақсақал драматург бейнесінде Айгүлдің өмірін айта келе, сахнаның ортасында әңгімесін бітіріп жатып шапанын шешіп, бірден режиссердің бейнесіне ауыса кетуі де шеберліктің үлгісі болды. Дәл сондай, Ерден, бизнесмен рөлдерін сомдайтын Шота Метонидзенің ойынында мінез ерекшелігі, трансформация және комедиялық сарынмен қатар драмалық сәттер сырғып өтті.

Әрине, қойылымның үлкен табысы Лела Махниашвили орындауын­дағы Айгүл Асанова болды. Ол бүкіл ғұ­мы­рын театрға арнаған дарынды актри­саның өмірдегі, сахнадағы сәттерін пси­хо­логиялық толғаныспен ашып, түрлі бей­нелерді сомдаудағы ерекшелігіне назар аударған. Бірде Катарина, бірде Медея бейнесіне еніп, сахна өнерінің қызығы мен шыжығын ашып бергендей болды.

Тақырыптың өзектілігі, әр театрда, әр актердің басынан өтетін жағдайлардың суреттелуі де грузин театрының бұл қо­йы­лымды жоғары деңгейде сахналануына мүмкіндік жасады. Дарын иелерінің арасындағы бақталастық, жақсы өмір іздеп ар-ұжданынан аттап, отанынан кетіп жатқан мамандар әр мемлекетте, әр елде кездесетін жағдай. Цхинвали театры­ның ұжымы әр сөзді әрекетті мизансценалармен өрнектеп, көркемдік деңгейі жо­ғары қойылым көрсеткені фестиваль­дің мәртебесін көтерді.

Түрлі мектептер тоғысы

Еркін ЖУАСБЕК,

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының директоры, Қазы­лар алқасының төрағасы:

Қазақ сахна өнеріннің даму процесінде фестиваль қозғалысының алар орны ерекше. Бір ғана Түркия елінде айына кем дегенде екі-үш фестиваль өтеді. Мұны Қазақстанмен салыстырғанда, бізде әлі фестиваль өткізу дәстүрі кенже қалған екен. Осыған орай «Исабеков әлемі» атты фестиваль – қазақ драматургиясының әлем драматургиясы алдында беделді екенін айшықтап көрсетті. Бірақ фестивальге қатысқан спектакльдердің сапасы бірдей жақсы деп айта алмас едім. Дегенменде бір «Бөрте» спектаклінің Алматы қала­сына келіп көрсетілуі театрларға үлкен үдеріс әкелгені даусыз. Заманауи технологиямен спектакль қоюдағы ерек­ше­лікке көңіл бөлуге, оны зерттеуге деген қызығушылығымызды туғызды. Грузия елінен келіп көрсеткен «Актриса» спектаклі, Түркия театры қойған «Өк­пек жолаушы», қасымызда отырған ұйғыр театрының «Мұрагерлерді» сахналауы сахнагерлер үшін мазмұнды әрі қызықты спектакльдердің жиынтығы болды. Дулат Исабековтің қаламынан туған басқа да туындылары бұдан кейін де талай сахналанатынына ешкімнің кү­мәні жоқ. Аустралия елінен, Мельбурн қаласынан келіп Дулат Исабековтің драматургиясына көңіл бөлініп жатуы қазақ өнерінің ең үлкен жетістігі деп білемін. Қазіргі таңдағы спектакльдерден шарықтау шек күтпейсің. Себебі уақыттың тізгініне қарай режиссерлердің талғамы да өзгеріп жатыр. Көрерменді катарсиске жетелейтін, яғни көрерменнің өмірді бір сәтке болса да ұмытып, сахна өнеріне ене алуы актерлердің шыңдалған шеберліктерінің арқасы деп білемін. Мысалы, «Жүз жылдық махаббат» спек­таклінде Зылиханы сомдаған Дәрия Жүсіп­тің актерлік шеберлігін шет елден келген қонақтар мойындап жатыр. Бұл фес­ти­вальде түрлі мектептің жарысы болып жатыр. Сонымен қатар ұйғыр театрының «Мұрагерлеріндегі» ана бейнесі өмірде таза, жақсы адамдардың барына сенетін, бүгінгі заманның қым-қиғаш тағдырларын сипаттай келе, адами проблемаларды ортаға салғаны көрерменді ойландырды. «Исабеков әлемі» фестивалі қазақ сахна үдерісінде өз орнын ойып алған фестиваль болды. Дулат Исабековтің мәңгілік кейіпкерлерінің көкейкесті ойлары­ның таусылмайтыны анық. Фестивальдің нәтижесі шартты нәрсе, ең бастысы, сах­на­лық оқиғалардың артуы қазақ театр өне­рінің қарыштап, дамуына тигізер әсері болмақ.

 

АЛМАТЫ