Қоғам • 23 Ақпан, 2023

Жеке көмекшінің ақысы еңбегіне жеткілікті ме?

576 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде жүріп-тұруға мүмкіндігі жоқ, бірінші топтағы мүгедек адамдарға мемлекет есебінен жеке көмекші қызметі қарастырылып, оған арнайы ақы төленеді. Алайда бұл төлемнің берілу тәсілінде біршама кемшілік бары байқалады.

Жеке көмекшінің ақысы еңбегіне жеткілікті ме?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Барлыбай Спанов – Астана іргесіндегі Тайтөбе ауылының тумасы. Қазір Қосшы қаласында тұрады. Үш баланың әкесі. Біз барған күні Барлыбай аға 61 жасқа толыпты. Туған күнін төсекте қарсы алып жатыр екен. 2011 жылы жазатайым жол апатына ұшырап, омыртқасы зақымданған. Содан бері табаны күректей 14 жыл бойы төсекке таңылған ол тек кейінгі бірнеше айдың көлемінде басын сәл көтеріп, сөйлеуге икемі келген. Тәулік бойы тапжылмай күтімін жасап, жеке көмекші міндетін атқарып жүрген жұбайы Мәриям апайдың жүзінен шаршаңқылықпен бірге үміт ұшқыны да байқалады.

– 2011 жылы 16 желтоқсан, мереке күні еді, – деп сөзін бастады кейіпкеріміз. – Қосшыдан бір шаруалардың қамымен қалаға шығып келе жатқан едім, посттың тұсынан өте бергенде көлік апатына ұшырадым. Дәлірек айтқанда, көлікті мас күйінде жүргізіп келе жатқан жігіттер менің көлігімді соғып өтті. Бір ай ес-түссіз жатыппын. Дәрігерлер бірден операцияға кіріспей, бір ай өткен соң ғана жасады. Өйткені басында бәрі мені адам болмайды десе керек. Содан бері, міне, төсек тартып жатырмын.

Дертіне шипа іздеп, бармаған жері, баспаған тауы қалмай табанынан тозған ол, тіпті Қытай еліне де барып, қаралып келіпті. Ондағы білікті дәрігерлер апаттан кейінгі операцияның дұрыс жасалмағанын, әсіресе омыртқасына түтікше орнатудың сәтсіз болғанын айтқан көрінеді...

– Қазір сырқат қысқан кезде жедел жәрдем шақырамыз. Қосшыда бір не екі ғана жедел жәрдем көлігі бар. Сарылып күтеміз, тіпті оны күтіп отырып, қай жеріміз ауырғанын ұмытып қаламыз. Сосын алғашқы медициналық көмек көрсетуге келген мамандардың қай жерің сыр беріп тұрғанын тап басып айтуға біліктілігі жетпейді. Төсегімді ары айналып, бері айналып, ақыры түк таппаған соң қағазына аты-жөнімнің түгін қалдырмай қаттап-шоттап кетеді. Не бір грамм дәрі бермейді. Қазір ақша болмаса, арам өліп қалудың аз-ақ алдындамыз. Рас, мемлекеттің мүгедектерге көрсетер қамқорлығы мол, алайда медицина саласы жағынан кемшіліктің барына әбден көзім жетті, – деп базынасын жеткізді науқас.

Басына мұндай ауыр іс түскен азаматының күндіз-түні күтімін жасап, балаша бағып-қағып, пәруана болып жүрген асыл жары – Мәриям апайдың төзімі мен сабырына еріксіз таңдай қақтық. «Тас түскен жеріне ауыр», көнбеске шара бар ма?!

– Сол жолы операциядан шыққан кезде өз көзіммен көрдім, мен секілді мүгедек болып қалған жолдасын «мұндай адамды баға алмаймын» деп тастап кетіп жатқандар болды. Сай-сүйегіміз сырқырады. Аңырап бір мүгедек азамат қалды... Ал өз жағдайыма шүкір деймін, жолдасым қиын сәтте қасымнан табылды. «Аш адам – ұрысқақ, ауру адам – тырысқақ» қой. Менің небір қиналған сәтімде Мәриям қамқор болып, бар күйіме төзімділікпен қарап келеді. Дәл қазір басымның қарайып өстіп жатқаным – әуелі Алла, екінші осы жұбайымның арқасы, – деген Барлыбай аға булығып, көз жасына ерік берді...

Рас, қамкөңілге қамқорлық керек. Ерекше күтімге мұқтаж адамдарға жеке көмекшінің қаншалық қажеттігін, көзбен көріп, көңілмен түйсіндік. Түсіндік те, әуелгі зерттеудегі нысанамыз – жеке көмекшілер алатын жалақысының жәй-күйінен сыр тартсақ, бұл жақта да буы бұрқырап, бүлк-бүлк қайнаған бюрократия! Жеке көмекшілердің айтуына қарағанда, бұл қорғансыз қамқоршыларға қорлардың өткізген қорлығы мол екен.

– Жолдасым көлік апатына түскеннен кейін, бір жылдан бастап, жеке көмекшісі ретінде әлеуметтік жәрдемақы алып келемін. Алғашқы жылдарда 11-12 мың теңге көлемінде алатын едік, сол кезде ол ақшаның құны бар еді. Ал 2015 жылдан бастап Целиноград ауданына қарасты «Болашақ» корпоративтік қоры арқылы алатын болдық. Содан бастап мемлекеттен берілетін азын-аулақ ақшаны алудың машақаты жыр болды. Табель толтыртады. Күніне 2 сағатқа ғана айлық төлейміз дейді, ал біз 24 сағат ұйқы-күлкісіз науқас адамның қас-қабағына қарап отырмыз. Сондағы алатынымыз – 30 мыңның айналасы. Бұл қорлыққа шыдамаған жеке көмекшілер жиылып, әкімдікті жағаладық. Сөйтіп, былтыр қараша айынан бастап, жеке көмекшіге берілетін жәрдемақыны қайтадан мемлекеттік төлем жүйесі арқылы алатын болдық. Содан көзіміз бір ашылды. Қазір табель толтырмаймыз. Былтыр 52 мың теңге алсақ, жыл шыққаннан бері 56 794 теңге алып отырмыз, – дейді науқастың жеке көмекшісі Мәриям Спанова.

Қосшы қаласы әкімінің мүгедектер ісі жөніндегі кеңесшісі, Элмира Мұқанованың, айтуынша, кей жерлерде корпоративтік қорлар тендерге қатысып, ұтып алды. Сондықтан жеке көмекшінің ақшасын сол қор төлейді. Жеке көмекшілердің сағатын себепсіз қысқартқандықтан, олардың ақшасы азайып қалады. Өйткені онда табель толтырылады.

14 жылдан бері еш жерде жұмыс істемеген, тек жеке көмекші болып жүрген Мариям Спанованың ендігі бір уайымы, «алда бұл жұмыспен зейнетке шыға алам ба, жоқ па?» деген сауал мазалап отырғанын айтты. Біз мұны да байыптап көрдік.

– Бірінші топтағы мүгедекке күтім жасаған жылдар күтуші зейнетке шыққанда оның еңбек өтілі ретінде есептеледі, – деп нақты жауап қайтарды мамандар. Сол үшін жеке көмекшілер зейнетке шығу мәселесінде алаңдамаса да болады-мыс.

Қазір елімізде бірінші топтағы мүгедектігі бар жандардың саны 59 мыңға жетті. Оның 13 мыңы – ерекше күтімді қажет ететін адамдар. 2018 жылдан бастап олардың ата-аналарына, яғни күтушілеріне өмірлік жалақы тағайындалды. Оның көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,05 мөлшеріне тең. Бұған қоса мемлекеттен бөлінетін әлеуметтік қызметкерлер де бар. Олар қамқорлығындағы адамның үй шаруасына көмектесіп қана қоймай, мерекеде мәдени орындарға баруына мүмкіндік жасайды.

– Мүгедектігі бар адамдардың күтімі бойынша келісімшарт жасасқан жеке көмекші ғана еңбекақы ала алады. Егер үйде екі не одан да көп мүгедек жан болса, жалақыны тағайындау үшін өтініш әрқайсысы бойынша жеке-жеке жазылады. Еңбекақы өтініш жазған адамға, яғни бір тұлғаға ғана беріледі. Осылайша, оны тағайындауға өтініш білдірген күннен бастап мүгедектіктің бүкіл кезеңіне дейін күтуші қосымша ақы ала алады. Егер құжатта мүгедектік кезеңі «мерзімсіз» деп көрсетілсе, төлемақы өмір бойына тағайындалады. Еңбек етіп, табыс табатын азаматтарға (бұл тізімге үйде отырып жұмыс істейтіндер кірмейді), кәмелет жасына толмағандар, әрекетке қабілетсіз немесе психиатриялық және наркологиялық диспансерде тіркеуде тұрғандар да жалақы ала алады, – дейді мамандар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы №26 бұйрығында «жұмыспен қамту бөлімі жеке көмекшінің қызметіне ақыны сағат бойынша төлейтіні, оның жұмысы тәулігіне сегіз сағаттан аспауы тиіс» екені жазылған.

Алайда біз хабарласқан жеке көмекшілер бұл талапқа наразы. Мәселен, өте ауыр халдегі науқасқа күніне 8 сағат қарап, қалған уақытта тастап кете алмайтыны түсінікті. Яғни 24 сағат науқас адамның күтіміне қарайды. Тіпті онда демалыс деген түсініктің өзі жоқ. Сондықтан мамандар мұны категорияға бөліп, мемлекеттен берілетін жәрдемақының берілу механизімін жетілдіру қажет дейді.

– Жеке көмекшінің бір сағатта көрсететін қызметтеріне ақы төлеуді есептеу тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 12% есебі негізге алына отырып жүргізіледі. 2023 жылы жеке көмекшінің 1 сағатта көрсететін қызметінің құны 414 теңге болды, дейді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының өкілі.