Қазақстан • 19 Сәуір, 2023

Ұлттық жазудың тынысын ашатын реформа

419 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде қоғамның жіті назарында тұрған мәселенің бірі – латын әліпбиіне көшу. Республикада латын қарпіне көшуге байланысты нақты шешім қабылданбағанымен, маңдайшалар, билбордтар, басқа да жарнамалық мәтіндерді латын қарпімен жазу белең алып отыр. Салдарынан мәтіндерде өрескел қателер кетіп жатыр.

Ұлттық жазудың тынысын ашатын реформа

ФОТО: tilalemi.kz

Жақында халықаралық «Қа­зақ тілі» академиясы Әл-Фа­раби атын­дағы Қазақ ұлттық университетімен бір­лесіп, «Қа­зақстан Республикасы мем­ле­кет­тік тілінің зерттелуі, оқыту жəне қолданудағы ғылыми-əдістемелік негіз­дері» тақырыбында кеңей­тілген жиын өткізді. Жиында халықара­лық «Қа­зақ тілі» акаде­миясының президенті, Ерден Қа­жыбек ғалымдар алдында келелі міндет­терді талқылап, жоспарлап, зерттеу мәселесі тұрғанын атап өтті.

– Тіл – ел үшін маңызды құ­рал. Тіліміздің оқытылуы мен қол­данылуын жетілдіруіміз қа­жет. Қазіргі қазақ грамматикасы орыс тілінің грамматикасымен жасал­ған. Алдағы уақытта латын әліп­биіне көшкен кезде әр әріпке же­ке таңба беру керек. Қағазға түсір­генде әріп көрініп жазылуы шарт. Қоғамда қазақ тілінің өз тұғырына қонуы, кең қолданыс табуы тілді оқыту, үйрету, жетілдіру тетіктерімен байланысты екені бел­гілі. Осы­ған байланысты әлі де жүйелі жұ­мыстар жүргізілуі қажет, – деді Е.Қажыбек.

Жиынға қатысқан отандық және шетел­дік ғалымдар рефор­маға қатысты ойла­рын орта салды. Ғалым­дар Президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың «бұл мəселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал», «кириллицадан латын əліп­биіне жасанды түрде, тек сəй­кес əріптерді өзгер­ту арқылы көшуге болмайды. Əйт­песе, бұл үлкен қателікке апарып соғады», «тілімізге арналған орфог­рафия­лық қағидаларды қайта қара­ған жөн», «қазақ ті­лінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті» деген ұстаным­дарын бас­шылыққа алды.

Талқыланған мәселелерге орай қа­рар қабылданып, онда төрт бағыт қамтыл­ды. Бірінші ба­ғыт бірнеше талаптан тұрады. Нақ­тырақ айтсақ, орыс тілін оқы­туды мемлекеттік тілмен қатар қой­май, таңдау пəні ретінде оқытып, қазақ тілін оқыту талаптарын күшейту керек. Қазақ тілін ғылым мен қазіргі озық технологияның тіліне айналдыру үшін жоғары оқу орындарындағы қазақ бөлімі­нің білім бағдарламаларына бакалавриатта «Кəсіби қазақ тілі», магистратура мен докторантураға «Академиялық бағыт­тағы қазақ тілі» пəнін енгізу маңызды. Мем­ле­к­еттік тілді оқытуға қатыс­ты ең өзекті мəселелерді сарап­тап, қоғам сұра­ны­сына сай жетіл­дірілген біртұтас жүйе­сін ұсыну қажет. Сондай-ақ Оқу-ағарту ми­нистрлігі бағдарлама түзбес бұрын, алдымен орта мек­теп­те қазақ тілін оқыту бағдар­ламасының өзегі мə­тінге негіз­делгені тиімді ме, əлде дəстүрлі грамматика деңгейлеріне негіз­делгені тиімді ме деген мəсе­лені ғалымдармен ақылдаса отырып, шешіп алуға тиіс.

Екінші бағыт та бірнеше талаптан тұрады. Ғалымдар бір ауыздан Алаш қайраткерлері ұстанған ұлт­тық бағыттағы ғы­лым­ды, тер­мин­жасамды, оқу жүйесін, əліп­би жəне емле ереже­лерін қай­та жан­дандыруға күш салу керек­тігін алға тартты. Қазақ тілін зерт­теу еуроөзектік ұста­ным­дары­нан ұлт­тық арналарға қарай бұры­­луы керек. Ғылым жəне жоға­ры білім министрлігі іргелі жəне қол­данбалы зерттеулерді бағдар­лама­лық-нысаналы жəне гранттық қар­жы­ландыру кезінде осындай бағыттағы жобаларға басымдық беруі қажет.

Үшінші бағытта да біршама мәселе қамтылған. Қазақ жазуын жетілдіру мəселесін қарас­тыратын бұл ұсыныста әліпби түзу барысында Ахмет Байтұрсын­ұлы сынды үш ғұ­лама ғалымның клас­си­калық еңбектеріне сүйенген абзал. Ондай жазу түркі жұртының басын бірік­тіруге септігін тигізетін, ортақ мүдде­сін анықтайтын, ел мен елдің мəдени-экономикалық алмасымын жеңілдететін, алыстан хабар алып-беріп, өзара түсі­ніс­тігін арттыратын тиімді құрал болмақ. Кеңес кезіндегі қабылданған кирилл жазуы мен емле ережелеріндегі қателіктер тілдің ұлттық тұрғыдан дамуына аса зор зарарын тигізген «саяси ақтаңдақтар» қатарында қаралып, жат дыбыс пен əріп, жат сөздердің тілімізде қолданылуы мəселесіне байланысты да түпкілікті байлам мен шешімге келу аса маңызды. Кешенді əрі жүйелі түрде жазу реформасы арқылы тілімізді Ах­мет Байтұрсынұлы салған ұлт­тық арнаға қайтарып, кеңес дəуі­рінде тынысын тарылтып келген жат тілдік ықпалдан арылуымыз қажет. Ұлттық жазуымызда: Ақаң дəйекші теориясына сəйкес жуан «ы» дыбысы дəйекшесіз «ı» түрінше, жіңішке əуезді «і» дыбысы дəйекшелі «і» түрінде жазылу қажет. Ахмет Байтұрсынұлының «қазақ тілінде дауысты ұзын у мен и жоқ», «у мен и дауысты дыбыс­тарының қатарына кіре алмайды», «дыбыс жүйесінше у мен и-дың дауыссыз р-дан еш басқалығы жоқ» деген қағидатына сай қазақ ұлттық жазуында аталмыш екі төл дауыссыз дыбыс жеке əріптермен таңбаланғаны дұрыс: y [й] жəне w – дауыссыз [у]. Тіл саясатын жүргізуге қатысты.

Төртінші бағыт үш мəселені қам­тиды. Өңірлердегі Тіл бас­­қар­­малары мен Ғылым жəне жо­ғары білім министрлігіне қарасты Тіл сая­саты комитеті мемлекеттік тілді насихаттауға, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге қатысты шараларды жүргізуде əлеуметтік лингвистика зерттеулерінің нə­ти­желерін басшылыққа алуы керек. Тілге қатысты шара­лар тіл саясатына жауапты ұйым басшыларының немесе сол ұйым мүшелерінің біл­гені­мен емес, ғылыми-əдіс­те­мелік көп­шіліктен түскен ұсы­ныс­­тарды арнайы құрылған қо­ғам­дық кеңес­тің мақұлдауынан кейін ғана қар­жыландыру қажет. Мем­ле­кет­тік тілді оқытуға, зерттеу­ге, қол­дануға жауап беретін ұйым­­­дардың барлығына тең қол жет­кізу құқығымен қысқа жə­не ұзақ мерзімді ортақ бағдар­лама­ла­ры, тапсырыстары, гранттары, «п­ионерлік» зерттеулер, экспе­ри­менттік тапсырмалар жоспарланып, ашық түрде іске асуы қажет.

Зиялы қауым жиында айтыл­ған ұсы­ныс­тарды жаңадан та­ғайын­далған үкі­мет мүшелері жəне мем­ле­кеттік орган­дар жауапсыз қал­дырмайды деген сенімде. Сон­дай-ақ олар Мемлекет басшысы айт­қандай, «қазақтың жаны» – қазақ тілі екенін іс жүзінде жүйелі əрі кешенді түрде өркенитетті елдер­де­гідей жəне халықаралық стан­дарттарға сай толыққанды көрсе­тетін заман келді» деген пікірге тоқтады.

 

АЛМАТЫ