Финалда тағы 3 отандасымыз – Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай жұдырықтасып, бәрі жеңіске жетті.
Алдыңғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан (54 кг) бұл финалда сол кездегі қателіктеріне жол берген жоқ. Отандасымыз ринг қожайыны Ойбек Джураевпен жекпе-жекте бар шеберлігімен таңғалдырды. Мұны қапталдағы төрешілер де мойындады. Тіпті, 21 жастағы боксшымыз 3-раундта қырғыз төрешісіне 2 мәрте нокдаун тіркетті. Қазақ боксшысы осыған дейін шаршы алаңда Куба, Гана, Үндістан мен Мажарстан спортшысын тізе бүктірген.
Естеріңізге сала кетейік, Махмұд 2 жыл бұрынғы Белградтағы әлем чемпионатында да күміс жүлдеге ие болған.
Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов өзі қатысқан 2-ші әлем чемпионатында топ жарды. Отандасымыз финалда (71 кг) тағы бір өзбекстандық Саиджамшид Джафаровты тізе бүктірді. Алдыңғы жекпе-жектерде Асланбек Үндістан, Франция, Израиль, Тринидад және Тобаго боксшысынан басым түскен.
Нұрбек Оралбай Ташкентте өз салмағында (80 кг) қарсылас шақ келтірмей тағы бір мәрте әнұранымызды шырқатты. Отандасымыз шешуші, көптің қызығушылығын тудырған жекпе-жекте Қытай атынан сынға түсетін этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанды ұтты. Осыған дейін Нұрбек Ресей, Иордания, Түркия мен Әзербайжаннан келген боксшылардан басым түскен.
Финалдың алғашқы күні Ұлттық құрамадағы ең жеңіл спортшы Санжар Ташкенбай топ жарып, чемпион атанған ең жас қазақ боксшысына айналды. Ал одан кейін шаршы алаңға шыққан Дулат Бекбауов (67 кг) қарсыласына жол беріп, күміс медальға қол жеткізді. Өзбекстандағы додаға Ұлттық құрама барлық 13 салмақта спортшы апарды. Бұл қатардағы Сәкен Бибосынов (51 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Талғат Сырымбетов (60 кг), Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Сағындық Тоғамбай (86 кг), Айбек Оралбай (92 кг) мен Қамшыбек Қонқабаев (+92 кг) жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.
Қазақстан құрамасы Ташкентте 4 алтын, 1 күміс медальді қоржынға салып, жалпы есепте 2-орын алды. Көш басында жарыс қожайыны Өзбекстан қалды. Жалпы Қазақстан 1993 жылдан бері егемен ел ретінде осымен 16 рет әлем чемпионатына былғары қолғап шеберлерін жіберді. Қазір еншімізде 18 алтын, 16 күміс, 22 қола жүлде бар. Осының арқасында жалпы ӘЧ тарихындағы медаль есебінде Қазақстан АҚШ-ты басып озып, 3-орынға көтерілді. Бірінші орынға - Куба, екінші орынға Ресей мемлекеттері жайғасқан. Ұлттық құрама осыған дейін тек 2013 жылы Алматыда өткен дүниежүзі бәсекесінде 4 алтынға ие болған.
«Құрметті Қазақ елі, бәріңізді шын жүректен құттықтаймын! Бұл – бүкіл елдің жеңісі! Ташкенттегі осы әлем чемпионаты құрамамыз үшін ерекше нәтижемен есте қалды. Боксшыларға қолдау көрсету үшін Қазақстаннан көп жанкүйер келгенін алғашқы күннен байқадым. Федерация мен команданың атынан оларға рақмет айтамын», деді Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев финалдардан кейін берген сұхбатында.
Тағы айта кетейік, әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) 200 мың АҚШ долларынан алды. Күміс жүлдегерлерге 100 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 мың АҚШ доллары берілді. Биылғы доданың жалпы жүлде қоры – 5,2 млн АҚШ доллары.
Сондай-ақ Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев осы нәтижеге үлес қосқан Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер қосынын, боксшыларды, дәрігерлерді, ғылыми топтың мамандарын өз есебінен марапаттайды. Бұл ретте чемпион атанған Ұлттық құрама боксшыларына сыйақы ретінде 100 мың АҚШ долларынан табыстайды.