Инфрақұрылымдық әлеуетті дамытуда Болат Өтемұратов қорының қолдауымен ақпан айында құны 15 млрд теңге болатын Қорқыт ата әуежайы терминалының құрылысы басталды. Жалпы аумағы 7,5 мың шаршы метр болатын нысанның бас мердігері – «Elite Insaat» компаниясы мен «Ava Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қала әкімі Асылбек Шәменовтің айтуынша, облыстың экономикалық және инвестициялық әлеуетін көтеруге сеп болады деген нысан соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталады.
– Сағатына 250 жолаушыны қабылдай алатын терминалдың қасбеті әйнекпен, темір панелдермен қапталады. Келесі айдың ортасында темір қаңқаны толық құрастырып бітеміз. Барлық құрал-жабдықты Еуропа елдерінен әкеліп орнатамыз, – дейді тапсырыс беруші компания өкілі Онур Теджмер.
Биыл қалада көше құрылысы мен жөндеуге баса мән беріліп отыр. Облыс орталығын күре жолмен байланыстыратын Бейбарыс сұлтан даңғылын абаттандыруға республикалық бюджеттен 1 млрд 741 млн теңге бөлініпті. Қазір «ТехоснасткаРемсервис» ЖШС мамандары «ПрофЭксперт и К» ЖШС жобасы бойынша облыс әкімдігі алдындағы бір шақырымдық аумаққа субұрқақтар салып, жұрт серуендейтін алаңдар жасауға кірісіп кетті. Биыл наурыз айында басталған жұмыс қараша айында тиянақталып, қолданысқа берілуге тиіс. Келешекте мұнда жарық шамдар орнатылып, ойын, спорт алаңдары пайда болады.
Жұмыс басталғанда осы маңайдан алынған тал-дарақтың жағдайына алаңдағандар көп болған еді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаевтың айтуынша, талдар сол күйінде мектептер аулаларына апарып отырғызылыпты. Облыс әкімдігі ғимаратының алынған темір шарбақтары бірқатар білім ұйымдары нысандарын қоршауға жұмсалып, пайдаға асқан.
Даңғылдың «Қызылорда – Құмкөл» күре жолына дейінгі 4,2 шақырымын жаңғыртуға республикалық, облыстық бюджеттерден 2 млрд 349 млн теңге бөлініп, осы саладағы тәжірибелі мекеме «УАД» ЖШС қазан айына дейін тар жолды кеңейтеді. Қаладағы жылу жүйесін жөндеуге биыл республикалық бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінсе, соның ауқымды бөлігі осы даңғылдағы жылу құбырын жерастына түсіруге жұмсалады екен. Осы жылы қалада жол құрылысы мен жөндеуге 12 млрд теңге қаралып отыр.
– Бұл ретте біз қаланың шет аймақтары тұрғындарының тілегін ескеріп отырмыз. Ұзын саны 244 көшені қамтитын жоба аясында «Шанхай» бөлігінде 26 көше асфальтталып, 39 көшеге тас төселеді. Жаңадан қалыптасып келе жатқан Бәйтерек шағын ауданында 12 шақырымдық 7 көше салынды. Жоба шеңберінде облыс орталығындағы 21 аула абаттандырылады, – дейді қала әкімі А.Шәменов.
Қазір шаһар халқының саны қалаға қарасты ауылдық округ тұрғындарын қосқанда 350 мыңнан асады. Іргедегі елді мекендегілердің көбі қалада жұмыс істейтіндіктен таңертең және кешке Батыс шағын ауданындағы көпір мен Қорқыт ата көшесі бойындағы теміржол астындағы өткел маңында кәдімгідей кептеліс пайда болатыны байқалып жүр. Осыны болдырмаудың амалы қолға алыныпты. Пойыздың өткенін күтуге тағаты жетпей «әп-сәтте арғы бетке шыға салам» деген талайлар ажал құшқан «Шұғыла» шағын ауданы тұсынан жаяулар үшін теміржолды асып өтетін өткел түседі. Ескі өткел тұсында 6 млрд теңгеге жерасты жолы салынбақ.
Қаладағы Абай даңғылының бойындағы үйлердің қасбеті биыл да әрленіп жатыр. Кәсіпкерлер мұрындық болған бастама аясында бұған осы жылы сырлағаның Сырдың желі мен аптабына шыдас бермей, алты айдан кейін ажары кете бастайтын бояу емес, арнаулы темір қаптама қолданылмақ. Әр компанияның шығыны шамамен 15-30 млн теңгедей болады. Тіпті 94 млн теңгеге үлкен бір тұрғын үйді қаптап жатқан кәсіпкер де бар.
– Бұрын бір үйді бояуға 5-6 млн теңге жұмсайтынбыз. Бірақ жылға жетпей өңі кетіп қалатын. Ал темірмен қапталған үй 20-30 жылға дейін сыр бермек емес. Негізгі жұмысты бітіргесін үй айналасын жарықтандыруға кірісеміз, – дейді «Орион ЛТД» ЖШС директорының орынбасары Асхат Жаңабергенов.
Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлының айтуынша, қазір бұл аумақта «Алтай металл», «Металл профиль» және «Орион ЛТД» серіктестіктері жұмыс істеп жатыр. Жалпы, жыл сайын кәсіпкерлер облыс орталығын сәулеттендіруге 10-12 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсайды.
Қазір Қызылорда тазалығы жағынан еліміздегі біраз облыс орталықтарының алдында тұрғаны анық. Бұл – ең алдымен талапқа сай жұмыс істеп отырған «Қызылорда тазалығы» мекемесі жұмысшыларының еңбегі. Осы жылы шаһардың шырайын кетірмей ұстап отырған мекемеге 759 млн теңге бөлініп, оған 20 арнаулы техника алынды. Былтыр да 11 көлік алған мекеменің мүмкіндігі осылайша арта түсті. Қоғамдық көліктерде тегін жүретін мекеме жұмысшыларының жағдайы – әрдайым билік өкілдерінің назарында. Оларға еңбек демалысына шыққанда демалыс орындарына тегін жолдама беріледі.
Қызылорда