Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Біріншіден, шет мемлекеттердің барлығында заң жобалары мен басқа да құжаттар тек мемлекеттік тілде әзірленеді. Мәселен, Германияда, Ұлыбританияда, АҚШ-та мемлекеттік тілдің сақталуына қатысты мәселе жоқ. Мысалы, Германия Конституциясында мемлекеттік тілге қатысты норма көрсетілмеген. Бірақ бұдан неміс тілі өз мемлекетінің жалғыз ресми тілі ретіндегі рөлін жоғалтқан емес, өйткені бұл – онсыз да айқын әрі даусыз қағидат. Оның үстіне 90-жылдары Германияға басқа елдерден көшіп келген неміс отбасыларына қойылған талаптың бірі – неміс тілін үйрену еді. Бұл талап әсіресе мемлекеттік органдарға қызметке орналасу кезінде міндетті шарт ретінде қарастырылады. Кейінгі кезде бұл елге мигранттар ағынының артуына байланысты депутаттар Конституцияға мемлекеттік тіл туралы норманы енгізу мәселесін көтерген. Алайда бұрынғы канцлер Ангела Меркель неміс тілі негізгі заңда мәртебені қосымша бекітуді қажет етпейтінін айтып, бұл ұсынысты қолдамады.
Ал Франция француз тілінің мемлекеттік мәртебесін қорғау үшін ғасырлар бойы байыпты шара қабылдап келеді. Кейінгі жарты ғасырда елде ағылшын тілінің қолданыс аясының кеңеюіне байланысты тіл саясатын заңнамалық реттеу күшейтілді. 1972 жылдан бастап француз тілін байыту мақсатында арнайы ұйым жұмыс істейді. Ұйым айына бір рет жалпыға бірдей міндетті қолдану үшін жаңа терминдердің тізімін бекітеді. Француз тілін қорғау туралы бірінші заң 1975 жылы қабылданған, ал қазір осындай екінші заң іске қосылған. Француз тілі мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар, халыққа қызмет көрсету және азаматтықты алуда міндетті болып саналады. Тіл туралы заңның бұзылу фактілері хаттамамен ресімделіп, республика прокурорына жолданады. Жыл сайын Үкімет Парламентке Тіл туралы заңның қолданылуы туралы есеп береді. Француз тілінің мәртебесін сақтау үшін француз тілі бойынша Бас делегация да (DGLF) құрылған. Жақында Францияның Мәдениет министрі азаматтарды тағы да француз тілінде сөйлеуге шақырды.
Ресейде орыс тілі федерация субъектілерінің тілдеріне қатысты басым болып танылады. Орыс тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі Конституцияда бекітілген (68-баптың 1-тармағы), ал оны қолдану ережелері «Мемлекеттік тіл туралы» Федералдық заңда белгіленген. Федерация субъектілерінде республикалардың мемлекеттік тілдерін оқыту мен үйретуде орыс тіліне зиян келтірілмеуі туралы ереже бекітілген («Ресей Федерациясындағы білім туралы» Федералдық заңның 14-бабы). Сонымен қатар орыс тілін мемлекеттік тіл ретінде қолдану кезінде қазіргі орыс әдеби тілінің нормалары мен орыс тілінің емле және тыныс белгілерінің ережелерін сақтау талап етіледі. Осыған қарамастан ресейлік ғалымдар орыс тілін мемлекеттік тіл деп жариялаған Конституция мен заңның 15 жылдан аса уақыт бойы өз нормаларын жүзеге асыру құралдарымен қамтамасыз етілмегені туралы айтып келеді.
Ресейде орыс тілі басым түрде қолданатынына қарамастан, зерттеушілер заңнамада мемлекеттік тіл туралы ережелерді бұзушыларға қарсы санкциялардың жоқтығын, бақылау органдары, олардың өкілеттіктері мен іске асыру тетігі анықталмағанын атап өтті.
Армян тілі Армения Республикасының мемлекеттік тілі болып жарияланды (Конституциясының 20-бабы). Ұлттық жиналыстың депутаттары, судьялар, Үкімет мүшелері, Орталық сайлау комиссияның мүшелері армян тілін білуге міндетті. Кез келген деңгейдегі депутаттар армян тілін білетіндігін растайтын құжаттың көшірмесін немесе Білім және ғылым министрлігі берген анықтаманы ұсынуы қажет.
Грузия да грузин тілін мемлекеттік тіл деп жариялады (Конституциясының 8-бабы), сот ісі тек мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін адам аудармашымен қамтамасыз етіледі. Халық мемлекеттік тілді білмейтін аймақтарда мемлекеттік тілді меңгеру қамтамасыз етіледі (Конституциясының 85-бабының 2-тармағы).
Латвияда басқа ұлттың адамдары мемлекеттік тілде емтихан тапсыру арқылы азаматтық қабылдаудан өтуі керек. Бас тартқан жағдайда мұндай адамдар, мысалы, дауыс беру және басқа құқықтарды иелене алмайды. 2012 жылы Конституцияға орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беру туралы референдум өткен, бірақ халықтың 75 пайызы бұл өзгеріске қарсы дауыс берді. 2019 жылы 1 қыркүйекте «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қабылданып, елдің басты құжатында мемлекеттік тілді қорғау басымдық ретінде қалдырылды.
Эстония Республикасы Конституциясының 6-бабында эстон тілі мемлекеттік тіл деп жариялады. Өзге ұлт өкілдері азаматтық қабылдау үшін эстон тілін білуге міндетті. Эстон тілінің қолданылуын мемлекеттік қадағалауды арнайы орган жүзеге асырады. Мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметкерлері, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғалардың қызметкерлері, нотариустар, сот орындаушылар, аудармашылар эстон тілін білуге және пайдалануға міндетті.
Қырғыз Республикасында 2023 жылы 17 шілдеде «Мемлекеттік тіл туралы» Конституциялық заң қабылданды. Оған сәйкес, мемлекеттік тіл міндетті түрде келесі салаларда қолдануға жатады: мемлекеттік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, барлық меншік нысанындағы кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың қызметінде; сот өндірісінде, Қарулы Күштері, құқық қорғау органдарында; нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуде, іс жүргізуде және құжат айналымын жүргізуде; тауарлар мен қызметтер туралы ақпаратта; нотариаттық қызметте; білім, ғылым, мәдениет, телерадио хабарларын тарату, БАҚ, кітап шығару, компьютерлік бағдарламалар мен веб-сайттардың пайдаланушы интерфейстері, бұқаралық іс-шаралар, жарнама, көлік, тұрмыстық қызмет көрсету салаларында, т.б.
Қазақстаннан айырмашылығы, Қырғыз Республикасында «мемлекеттік тілдегі құжат түпнұсқа болып саналады», яғни қырғыз және орыс тіліндегі мәтіндердің сәйкессіздігі анықталған кезде нормативтік-құқықтық актінің қырғыз тіліндегі мәтіні негізге алынады.
Түрікменстанда түрікмен тілінің мемлекеттік тіл болып жариялануымен тіл саясатына түбегейлі өзгерістер енгізіліп, тек заң тілі емес, сонымен бірге бүкіл білім саласы түрікмен тіліне толығымен аударылды.
Өзбекстанда 1995 жылдан бастап өзбек тілі мемлекеттік тіл болып белгіленді. Мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, сондай-ақ қызметінің сипаты бойынша халыққа қызмет көрсетумен байланысты адамдар үшін өзбек тілін білу – міндетті талап. Мемлекеттік билік пен басқару органдарында барлық ұйымдастырушылық, саяси, ғылыми, қоғамдық жиналыстар, отырыстар, мәжілістер тек өзбек тілінде өткізіледі және ілеспе аудармамен қамтамасыз етіледі.
Тәжікстанда Конституциясының 2-бабында тәжік тілі мемлекеттік тіл болып белгіленіп, «Мемлекеттік тіл туралы» заңында саяси, әлеуметтік, экономикалық, ғылыми және мәдени өмірдің барлық салаларында мемлекеттік тілді міндетті деп танылған; заңнамалар мемлекеттік тілде әзірленеді және қабылданады, ал заңда көзделген жағдайларда басқа тілдерге аударылады (Конституциясының 6-бабы).
Францияда 1995 жылдан бастап Тубон заңының ережелерін сақтамағаны үшін айыппұл енгізілген. Бұл ретте тіл заңнамасын бұзу туралы хаттамаларды тұтынушылардың құқықтарын қорғауға уәкілетті полиция қызметкерлері жасай алады. Осылайша конференцияға қатысушыларға шет тіліндегі материалдарды француз тіліне аудармай тарату 750 еуро көлемінде айыппұл салуға әкеп соққан. 2006 жылы америкалық «Gems» компаниясына француз қызметкерлеріне француз тіліне аударылмаған құжаттары үшін 570 мың еуро төлеуге міндеттеді. «Nextiraone» және «Europ Assistance» ұқсас бұзушылықтары үшін айыппұл төлеген.
1997 жылы Арменияның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 1892-1896 баптармен толықтырылды, онда армян тілін үйретуді немесе оқытуды, іс қағаздарын жүргізуді, белгілерді, бланкілерді, мөрлерді, штамптарды, пломбаларды, халықаралық пошта конверттерін және жарнаманы армян тілінде ресімдемеу, өзге тілдегі сөздердің ілеспе аудармасын қамтамасыз етпеу үшін жауапкершілік көзделген; халықаралық ұйымдарда Армения атынан өкілдік ететін адамдардың өзге тілінде емес, ресми сөздері; қызметтің жекелеген салаларында жұмыс істейтін лауазымды тұлғалар мен азаматтардың армян тілін білмеуі де тиісті жауапкершілікке келтіреді. 2018 жылдың өзінде Армения Білім және ғылым министрі мемлекеттік тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін санкцияларды күшейту мәселесін тағы да көтерген еді.
Эстонияда Тіл инспекциясы жүйелі түрде мемлекеттік тілді білуге тестілеу жүргізіп, әкімшілік шаралар қолданады, ал ұйымдардың басшылығы оны жеткілікті түрде білмейтін қызметкерлерді жұмыстан шығарады. Осылайша, мемлекеттік тілді білмегені үшін айыппұл 70 еуроны құрайды.
Латвияда мемлекеттік тілді жеткіліксіз білмегені немесе қолданбағаны үшін 50-ден 400 долларға дейін айыппұл салынады. Латыш тілін жеткіліксіз меңгергені үшін Даугавпилс қаласының мэрінен де айыппұл өндіріліп, оған тілді үйренуге 6 ай уақыт берілген болатын.
Сара ИДРЫШЕВА,
М.Нәрікбаев университетінің профессоры