Әйел әлемі • 08 Наурыз, 2024

Хан қызындай Ханбибі

234 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сонау-сонау жылдарда, өткен ғасырдың орта белінен асқанда ақын-жазушылар санатына жаңа есім қосылды. Ә, дегеннен адуындылығы аңғарылған көрікті ару көргеннің көңілін тойдырып, ортаға танылды. Көк түріктің азулы ақыны Темірхан Медетбек ажарына ақылы сай ақын хақында «Ханбибі – бал мен удың, қайғы мен қуаныштың, жамандық пен жақсылықтың, биік пен төменнің, жасық пен батырдың бір-бірімен ұстасатын, қилы кезеңдердің қатерлі сәтіндегі құбылыстарды ұстап алатын мұз бен шуақтың ортасында жүретін, бір жағы мұп-мұздай, бір жағы жып-жылы болып тұратын қуатты ақын» деп ризалық ілтипатын себеді.

Хан қызындай Ханбибі

Бойына ұлттық рух дарыған, елім деген ерен күші бар ақын әйел көп ұзамай жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулаған отты жырымен оқырман жүрегіне жетеді. Бірде Тұмар ханымдай ұлт намысымен асқақтаса, енді бірде кемелдік жайлы көсіліп сыр толғайды. Нені айтса да жан сарайының қақпасын айқара ашып, жүрегін нөсерлете салады.

«Шашырады, ой кетті,

Шабыт тақтан құлады!

Сиқыр сезім сөйлетті,

Соқыр көзім – жылады!

Жуаспын ба, затымнан,

Жұрт дегенін істеді...

Мен аунадым атымнан,

Өлең ерден түспеді!»

Мазмұндық ерекшелігі бар бұл жыр қалам иесінің тегеурінді рухынан, қайсар болмысынан хабар береді. Сафо, Эмили Дикинсон, Анна Ахматова секілді үлкен көкжиекке құ­лаш ұрған ақын әйелдерше қалам сілтеуі сондықтан болар. Ханбибі Есенқарақызы болмысын тап бас­қан, дөп айғақтаған пікірлер легі же­терлік. Соның бірегейі – шайыр Серік Тұрғынбекұлының жыры.

«Хан қызындай Ханбибі,

Таң жұлдыздай Ханбибі.

Гүл біткеннің ішінде,

Алқызылдай Ханбибі.

Жағалаудың жалқы өскен,

Жалбызындай Ханбибі».

Керексе, кескекті ердің сойындай кесіп айтар ақын мінезі көзі қарақты оқырманға таныс. Әсіресе текті тұрпатты мінез ұшқыны Хан апамызың «Эсселер» жинағынан кеңірек көрініс табады. Біртуар Бауыржан Момышұлы, қаһарман Қасым Қайсенов, абыз Әбіш Кекілбаев жайлы толғаған алуан сарынды туындылар автордың жан алқабын, құм даладағы сексеуілдей тумы­сын, ақындық тегіне айқын дәлел бола алады. Кітаптың алғысөзінде профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Ханбибі­­нің өзін сөйлетсек: «Ақын көңілі ешқа­шан қалыпқа сыйған емес, бірде алай, бірде дүлей». Оның естеліктерінен, ақындығын ғана емес, қарасөзді қатар алып жүретін прозашы еке­нін аңғардым» деген-тін. Жинақтың бір ғана детальға назар салып қара­лық­шы. «Айбарлы атам еді» атты эсседегі Бауыржан Момышұлымен диа­логте ақынның жас та болса жа­лын­ды келбеті байқалады. «Өзімнің ақталуымнан өзім қорқа тіл қаттым.

– Әкең бар ма?

– Бар.

– Көзі ашық адам ба? Жасы қан­шада?

– Иә, мұғалім. Жасы Сізден жа­сырақ.

Бауыржан ата мырс етіп күліп жіберді. Теңеуімнің орынсыз шық­қанына өзім де ыңғайсызданып қалдым. Онымды жуып шаймақ ниет­пен:

– Әкем Сіздің аяғыңызды алып келе жатқан кісі. Өлеңді жақсы көреді. Бірақ маған Мағжан туралы айтқаны есімде жоқ».

Хас батырдың қабағына қарап, қарсы алдында шешіле сөйлеген қызды таныған Бауыржан атамыз кейінгі жылдарда да ақынға сәулесін төгіп, ағалық ақылын айтқан екен.

Жаздың жаймашуық күні еді. Бала күннен атына қанық апамызбен жолығудың сәті түсті. Ақынның үйінде болып, мол дастарқанынан дәм татып, бай кітапханасына куә болдым. Арғы-бергі жылдардан сыр суыртпақтаған тұлғаның азаматтық көзқарасы, кісілік келбеті көңілімде біразға дейін қалып қойды. Сол күннен түйгенім, жан көйлегін таза сақтай алған адамдар ғана асқақ бола алады екен. Ал жүрегін кірлетіп, арсыздық­қа қолын былғаған жандар қалай паң, мәрт болсын? Хан апаның бо­йынан тазалықтан, арлылықтан туған асқақтық, паңдық сезіледі. Дара мінез ақынның ажарын ашып, одан сайын ерекше ете түседі.

Хан апамыздың ел арасына кеңі­нен таралған «Алтынай», «Нүрикамал», «Қадиша», «Дос іздедім», «Көңілгүл», «Махаббат өмірлері» атты сөзіне жа­зылған әндері жұртшылыққа мәлім. «Нүрикамал» әнінің шығу тарихын атап айтсақ та, ақын болмысын тануға жетіп артылар еді.

– Біз көктемде бала-шағамызды ертіп, достармен табиғат аясына шықтық. Үш қызыммен гүл теріп жүргенде жұбайыма көзім түсті. Бір төбешікте темекіні бұрқыратып тұр екен. «Мынаған не болды?» деп ойладым. Көп өтпей самаурын да қай­нады. Тұрдыекең шайдың алдында Нурикамалды биге шақырды. Ол бас тартты.  «Менің күйеуім шақырғанда биге шықпайтын бұл қандай әйел?» деп таңырқадым. Сосын жұбайымның ғашық болғанын аңғардым. Сол күні табиғат аясына бірге барғанымызбен, қайтуымыз бөлек болды. Үйге келген соң жатын бөлмеде балалармен жаттым. Кенет пианиноның дауысын естідім. Бір ерекше әннің өмірге келгенін сездім. Жұбайым оны қайта-қайта ойнады. Әні бар, бірақ сөз жоқ. Тек ыңыл ғана. Сосын жұбайымның бөлмесіне барып, одан қалам мен қағаз сұрадым. Тұншығып, жарыққа шыға алмай жатқан сөзін жазбақ болдым.

«Аспандағы ай ма дедім,

Жастық шағым қайда менің?

Жүрегімді елжіреткен,

Жаным, қандай жайдары едің»,

деген өлең жолдары ойыма келді. Қағаз­ға түсірдім. «Осы ма айтқың келгені?» дедім. Ол «осы» деп қысқа қайырды»,– дейді ақын өз сөзінде. Міне – мінез, даралық, еректік! Психологиялық еңбек­терде адамның таным қуаты арт­қанда жанындағылардың ойын оқитын, сезім қылын түсінер деңгейге жететінін баян етеді. Бұл – жұмсақ жүрек дәрежесі, таза ақыл деңгейі. Тіпті «ақынмын» деп қопаңдап жүр­гендің көбінде де мұндай сырбаз сезімталдық сыры кезіге бермейді.

Жаужүрек түркі даласы батыр қыз­дарға кенде болмаған. Ал ақындық пен батырлық жолды түйістіріп, орасан үлгі шашқан хан қызындай Ханбибі апамыз қандай жоғары құрметке де лайық екені даусыз.