Мереке • 14 Наурыз, 2024

Наурыз 10 күн тойланады

485 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Наурыз – ата-бабадан мирас болып жеткен ұлық мерекенің бірегейі. Көне парсы тілінде «Жаңа күн» мағынасын беретін айтулы мейрам еліміздің ынтымағы мен бірлігінің айғағы іспетті. Ұлыстың ұлы күні биыл жаңаша сипат алып, көкжиегі кеңейіп отыр.

Наурыз 10 күн тойланады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Осыған орай кеше Пре­зидент жанындағы орталық ком­муникациялар қызметінде Наурыз мейрамын атап өтуге қатысты брифинг өтті. Іс-ша­рада сөз алған Мәдениет коми­теті төр­ағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев ақжолтай хабарды жеткізді.

– Биылдан бастап Мемлекет басшысының ұсынысымен еліміздің барлық өңірінде Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізу жоспарланып отыр. Мерекені 14-24 нау­рыз аралығында өткізу ұсы­ныл­ды. Наурыздың бірегей ло­готипі бекітіліп, еліміздің барлық аймағына таралды. Та­рихи тұрғыдан алғанда он күнге жалғасатын бұл іс-шара Нау­рыз­нама деп аталады. Әрине, ұлық мейрам туралы деректер біздің ұлы философтарымыз Махмұд Қашқари, Мәшһүр-Жү­сіп Көпейұлы, Мұхтар Әуе­зовтің еңбектерінде көрсетіліп жазылған. Ал енді Наурызнамаға келетін болсақ, 14 наурыз – Көрісу күні, амал мерекесі деп те аталады. Бұл еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Бүгінгі күні аталған мерекені барлық аймақтарда тойлау ұсынылды. 15 наурыз – Қайы­рымдылық күні деп белгіленді. Қоғамға қайы­рым­дылық мәдениетін сіңіріп, жа­на­шыр­лық пен өзара қол­ұшын беру құндылықтарын қалыптастыруымыз қажет. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аталып өтеді. Мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттауға арналып, респуб­лика бойынша түрлі іс-шара ұйымдастырылады. 17 наурыз – Шаңырақ күні деп белгіленді. Отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, бұл кезде өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отба­сыларға арналған іс-шаралар өтеді. Ақсақалдарымыз жас отбасыларға бата береді. 18 нау­рыз – Ұлттық киім күні. Елі­міздің барлық өңі­рінде ұлтық киімімізді наси­хаттауға ба­ғыт­талған түрлі іс-шара жос­парланған. 19 нау­рыз – Жа­ңару күні көктемгі ағаш егу дәстүрімен жалғасады. 20 наурыз – Ұлттық спорт күні еліміздің барлық аймақтарында түрлі жарыс­тар ұйымдастырылады. 21 нау­рыз – Ынтымақ күні жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттауға арналады. 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйым­­­­дастыры­ла­ды, киіз үй­лер тігіліп, түрлі жәрмеңке ұйым­дастырылып, мәдени шаралар өткізіледі, – деді Сәбит Барлыбаев. Сонымен қатар ол 14-23 наурыз аралы­ғында «Наурыз базарлық» мау­сымы жарияланатынын баян етті. Әртүрлі сауда орнында жаппай сатылымдар, же­ңіл­діктер қарастырылып, ха­лыққа ыңғайлы сауда ісі ұсы­ныл­мақ. Ал Наурызнаманың қо­рытындысы – 24 наурыз күні Тазару күні деп жарияла­нып, еліміздің барлық аймағында жалпыұлттық экологиялық акция өткізілмек.

Сонымен қатар Астана қала­сы Мәдениет басқармасы бас­шы­сының орынбасары Нұран Қамзин елордада өтетін іс-ша­ралар туралы айтып өтті.

– Қала әкімдігі елордада­ Наурыз мейрамының қар­­саңында тұрғындар мен қонақ­тар үшін 200-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. EXPO халықаралық көрме орталығында көшпелі өнер фестивалі өтеді, қазіргі уақытта дайындық жұ­мыстары жүргізіліп отыр, 21-22 наурызда сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін Қаламгер монументі және басқа орындарда эстрада жұлдыздарының қатысуымен негізгі мерекелік концерттер ұйым­дастырылады. Сонымен қатар қаланың бес ауданында 30-дан астам мерекелік концерт өтеді, – деді ол.

Осылайша, еліміздің рухани қуатын, ұлттық танымын кеңейтетін бірегей мерекеміз жаңаша аталып өтпек. Бұл – хал­қымыздың рухани им­му­нитетіне, сан ғасырлық берік ұлт­тық кодына оң әсер етері сөзсіз.