Сенат • 15 Мамыр, 2024

Сенат Төрағасының орынбасары Азия әйелдері форумына қатысты

96 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина «Әйелдердің экономикалық, әлеуметтік және саяси құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріндегі өңірлік тәсіл» атты Азия форумына қатысты. Іс-шараға қатысушылар Бейжің іс-қимыл тұғырнамасын іске асыру, сондай-ақ әйелдердің қазіргі жаһандық экономика жағдайындағы экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылады. Сенат Төрағасының орынбасары форумда сөйлеген сөзінде еліміздің Президенті жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтардың бірі – гендерлік теңдік, әйелдердің қоғамдық-саяси және экономикалық өмірге қатысу деңгейін арттыру екенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат Төрағасының орынбасары Азия әйелдері форумына қатысты

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

«Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту кез келген мемлекеттің дамуындағы негізгі мәселе және орнықты болашақ қалыптастырудың кілті болып табылады. Тұрақты экономикалық өсуді жеделдету және қоғамдық әл-ауқатты барлық деңгейде жақсарту үшін әйелдердің экономикалық мәртебесін көтеру аса маңызды. Сондықтан Қазақстан әйелдер кәсіпкерлігін қолдауды күшейтуде белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің 47%-ын әйелдер басқарады. Олардың әлеуетін сапалы тұрғыда күшейту үшін Азия Даму Банкімен және БҰҰ Даму бағдарламасымен ынтымақтаса отырып еліміздің барлық өңірлерінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары іске қосылды», деді Ольга Перепечина.

Сонымен қатар Сенат Төрағасының орынбасары Пекин тұғырнамасы үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың және азаматтық қоғамның күш-жігерін жұмылдыру арқылы жыныстық кемсітудің барлық түрін жоюға бағытталған қуатты тетікке айналғанын атап өтті. Күш-жігерді біріктіру мен елдер арасындағы әрекеттерді үйлестіру гендерлік теңдік бағдарламасын одан әрі ілгерілетуге елеулі түрде және ұзақ мерзімге оң ықпал ете алады.

Сенат Төрағасының орынбасары сонымен қоса Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту, өнеркәсіп кооперациясы, көлік байланысы саласындағы байланыстарды нығайту, инфрақұрылымдық және сауда кедергілерін жою мәселелерін талқылады.

Ольга Перепечина сондай-ақ Қатар Шура Кеңесі Төрағасының орынбасары Хамда бинт Хасан Аль Сулайтимен кездесті. Кездесуге қатысушылар екі елдің парламенттері арасындағы өзара іс-қимылдың келешегін, сондай-ақ әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін жоюдағы өңірлік мәселелерді талқылады.