Егер әңгіменің ашығын айтар болсақ, бүгінде азық-түлік бағасы адымдап бара жатқан сыңайлы. Сөзіміз дәлелді болуы үшін азық-түлік базарына атбасын бұрып, бағаның бүгінгі жай-күйімен танысқан едік. Жаз мезгілі болған соң ба, сиыр еті 50 теңгеге, ал қой еті 100 теңгеге, жылқы еті 20, құс еті 10 теңгеге өсіп тұр екен. Өкініштісі сол, картоп пен жуа бұрынғыдан екі есеге өсіп, яғни 100 теңгеге маңайлап тұр. Сондай-ақ тұтынушылар жыл басындағыдан сәбізге – 45, ал алмаға 26 пайызға үстеме ақша төлеуге мәжбүр болуда.
Бағаны бақылап отыратын “Қазагромаркетинг” АҚ-тың бізге берген мәліметіне жүгінер болсақ, Сыр аймағындағы сиыр еті республикалық деңгейден – 25, қой еті – 7, картоп –34, пияз 24 теңгеге қымбаттаған. Оны айтасыз, Сыр аймағының Арал өңірінде өндірілетін ас тұзының бағасы республикалық көрсеткіштен 5 теңгеге қымбат болып тұр.
Сонымен Сыр аймағында азық-түлік бағасының күрт көтерілуінің сыры неде? Аймақта жылыжай шаруашылығы өркен жая алмай отыр. Жалпы көлемі 0,6 гектарды құрайтын 13 қана жылыжай бар екен. Бұл – бір. Екіншіден, көкөністер сақтайтын қоймалар да жоқтың қасы. Содан да егіс басынан өнімді қолма-қол ақшаға алғандар тұтынушыларға жеткізгендері үшін үстеме баға қоюды әдетке, яғни “кәсіпке” айналдырған. Сондай-ақ маусымдық кезеңде сырттан тасымалданатын өнімдерді тұтынушыларға тікелей жеткізу жүйесі де қалыпқа түспей отыр. Уақытында азық-түлік бағасын төмендету мақсатында салынған коммуналдық базарлардан көпшілік күткен үміт те ақталмаған сыңайлы. Бәзбір аудандандарда азық-түлік базарларының жұмысы тоқтап қалса, “Арзан базар” ЖШС қаражат жетіспеушілігінен өз міндетін толығымен атқара алмауда.
Жоғарыдағы осы бір жағымсыз жайларды басты назарына алған облыс әкімі Болатбек Қуандықов, аймақтағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында кеңейтілген кеңес өткізді. Оған тиесілі басқарма басшылары, көтерме сауда орындары мен ірі сауда орталықтарының өкілдері қатысып, азық-түлік бағаларын басты бақылауға алуды тілдеріне тиек етті.
Егер нақты деректерге жүгінер болсақ, облыс тұрғындары өздерін-өздері азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етулеріне толық мүмкіндіктері бар. Атап айтқанда, Сыр диқандары ала жаздай маржандай төккен маңдай терлерінің арқасында қызанақты – 5,1, қиярды – 4,3, картопты – 2,2, бақша дақылдарын 8,2 есеге артық өндіреді. Сондай-ақ, соңғы жылдары облыс әкімінің тікелей бастамасымен азық-түлік жәрмеңкесін өткізу жақсы дәстүрге айналған.
Жоғарыдағы осы жағдаяттарды егжей-тегжейлі баян еткен облыс әкімі облыстық штаб жұмысын жандандырып, бағаның негізсіз өсімін болдырмау үшін көтерме жабдықтаушылармен ынтымақтастықта жұмыс жасауға қатаң тапсырма берді. Коммуналдық базарлар жұмысын жандандыру мен “Арзан базар” ЖШС-ның сақтау қоймаларын пайдалану, жылыжай шаруашылығының аясын кеңейтуді де міндеттеді.
Еркін ӘБІЛ.
ҚЫЗЫЛОРДА.