19 Маусым, 2010

БІРЛІГІ ЖАРАСТЫНЫҢ ТІРЛІГІ ДЕ ЖАРАСЫМ ТАБАДЫ

815 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
1. Біздің жақта тісі ауырғандардың да ... көңілін сұрайды Халықта “тісі ауырғанның көңілін сұрамай­ды” дегенге саятын бір қисынсыздау түсінік қа­лып­тасқан. Оу, адам ағзасының бар “ісі” ең әуелі тіске байланысты емес пе?!. Ендеше, тісі ауырған адамның көңілін сұрап, неге жағдайын жасамасқа! “Бірлігіміз жарасқан!” акциясы аясында Қа­зақ­стан ұлттық стоматологтар қауымдасты­ғы­ның об­лыстық филиалы ұйымдастырған қала тұр­ғын­дарының тісіне тегін ем-дом жасау ша­ра­сы, міне, осы шетін мәселені де естен шы­ғармады. Өйткені, тісі сау адамның ісі де өнімді, өзі де көңілді. Акцияға атсалысқан облыс орталығындағы 5 емхананың дәрігерлері мен медбикелері тісін емдетуге келген қала тұрғындарына сол күні тік тұ­рып қызмет жасады. Ақыл-кеңестері мен ауруды анықтағандарына, тіс жұлғандарына да ақы-пұл талап еткен жоқ. Акцияға дейін тіс күтімі туралы кеңес алуға келгендер әжептәуір ақша жұмсаушы еді. Тіс емдеумен шұғылданатын “Дантист”, “Сто­матолог”, “Аманжолов”, “Стэп”, тағы бас­қа емханаларға жағын басып, жабырқап кір­ген­дер жайраңдап шығып жатты. Олар тіс жұлдыру, емдеу және жаңалау мүмкіндігіне қол жеткіз­гендер болатын. Ең бастысы – бұл игі іс Тараз қаласында ғана емес, сонымен бірге облыстың барлық тіс емдеу мекемелерінде қолға алынды. “Бірлігіміз жарасқан!” акциясының мәні мен мағынасы да осы – ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолды бірігіп іздеу емес пе! Акция аясында облыс бойынша 9287 адам тісін тегін қаратты. Сөзіміздің басындағы “біздің жақта тісі ауырғандардың да ...көңілін сұрайды”, деп әзілдеп жатқанымыздың бір сыры осы еді. 2. Аула мен аура үйлесім тапқанда... “Жасыл ел” жастар еңбек отряды елдегі таза­лықты әр ауладан бастауды қолға алыпты. Осыған орай “Жасыл ел” жастар еңбек отряды, Азаматтық Альянс облыстық филиалы және “Қазақстан ауыл жастары” қоғамдық қауым­дас­ты­ғы облыс әкімдігінің қолдауымен Тараз қала­сы, Қойгелді көшесіндегі №209 үйдің ауласын тәртіпке келтірді. – Егер театр киімілгіштен, пәтер кіребе­ріс­тен басталса, қаламыздың мәдениеті мен тәртібі әрбір ауладан басталады, – дейді облыстық “Жасыл ел” жастар еңбек отрядының жетекшісі Ихтияр Мырзахметов. Айтса айтқандай, бүгінде Тараз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары тазалық жөнінен бәсекеге түскендей. Оған облыстық, қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен қаражаты мол кәсіпкерлер де атсалысуда. Қойгелді көшесіндегі №209 үйдің ауласын тазалауға жүзден астам адам қатысты. Жас­тардың іс-қимылын көріп, көпқабатты үйдің тұрғындары да көмекке келді. Олар аула аумағын қоқыстан тазартып, ағаштар мен жол жиектерін әктеп-сөктеді. Балалар алаңдары мен орындықтарды сырлады. Бұл көмекке осы тұрғын үйдің ауласы ішін­дегі жолдарға асфальт төсеп жатқан “Құрылыс-2050” ЖШС-нің жұмысшылары да риза. Құ­рылысшылардың айтуынша, бұл үйдің ауласы енді Еуропадағы өркениетті үйлердің аула­сын­дай таза әрі көркем болмақшы. Олардың жоба­ла­ры бой­ынша, аулаға жаңа орындықтар, қоқыс тастайтын жәшіктер қойылып, балалар ойнай­тын түрлі сырғанақтар, әткеншектер кешені орнатылмақ. Іс-шара барысында аула балалары салған суреттер мен олардың болашақ ұрпақтарға ар­нал­ған ізгі тілектері жазылған хаттар капсулаға салынып, үйдің алдынан жасалатын мемо­риал­ды тақта астына жасырылды. Іс-шараны ұйым­дас­тырушылар балаларға түрлі сыйлықтар тапсырды. “Бірлігіміз жарасқан!” акциясы кейбіреулер үшін қыздырманың қызыл сөзі сияқты көрінуі бек мүмкін. Ал, шын мәнінде, осы акция басталғалы бері елде көп тірлік тындырылды. Оған ел-жұрт куә. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы. МАГНИТКА ОТТАРЫ ЖАРҚЫРАП ТҰР Бұл күнде тұңғыш қазақстандық шойын алынуының 50 жылдық мерекесі алдында Теміртау көркі одан сайын құлпырып, жайнап-жарқырап тұр. Сан ұлт өкілдерінің қоян-қол­тық­таса еңбек етіп, бірлігі нығаюы арқасында атағы алысқа танылған мұндағы әйгілі метал­лургиялық комбинат ұжымы ынтымақтастықты, тұтастықты берік ұстануымен аян. Аға толқын металлургтер қалыптастырған тамаша үрдіс бүгінгі ізбасарларына өшпес үлгі. Алып өндіріс тірегі – қашанғыдай жастар. Жа­лын жүрек орта жасампаз істерге, баянды бас­тамаларға әрдайым ұйытқы. “Біз – бір ко­ман­дамыз, бірлігіміз жарасса, бәрін де жеңеміз”, деген сөздер бүгінде барлық жұрттың аузында. Оны іспен айғақтауға әр буын, әркім құштар. Комбинаттың 3 қаңылтыр қақтау цехына экс­­курсия жасаған қаладағы 31 кәсіптік мекте­бі­нің оқушыларының ересектер тобы, сон­дай-ақ жоғары сынып шәкірттері мен сту­дент­тер бұған көзбе-көз куә болды. Олар жұп-жұқа ақ қаңылтырдың дайындалу үдерісін көрді. Мамандар бұл жөнінде жан-жақты түсінік берді. Цехтағы озат өндірістік буындар қатарында Виктор Соловьев жетекшілік ететін бригада алдымен аталады. Құрамы 12 жұмысшыдан тұратын ұжым шағын болғанымен, атқарып отырған істері ірі. Биылғы бес айда вальцовщик жігіттер 70 мың тоннадан астам қаңылтыр қақтаған. Жұмыстарын қызықтаушыларға “Бұрынғы уақыттарға қарағанда, еңбегіміз анағұрлым жеңілдеді. Жұмыс толықтай автоматтандырылған, компьютерлік жүйемен басқаруға көшіріліп келеді. Бізде орыс, неміс, украин, қазақ жастары иық тірестіріп еңбек етеді. Мақсат тоғысқан, тілек ұштасқан бір команда санаймыз өзімізді”, деді ол. Мұндай цехқа экскурсияны бір күнде аяқтап шығу мүмкін емес. Оған қатысушылар тағы да аралауға көңілдері соғатындығын айтқанда тілек қабыл алынды. Ал кәсіптік мектеп пен жоғары оқу орындарының болашақ түлектері ішінен металлургтер қатарын толықтыруды армандау­шылар аңдалмай қалмады. Теміртаулықтар Қазақстан Магниткасы деп мақ­тана атайтын осынау өндіріс ошағы құлашы сер­пінді, келешегі кең, шебер әрі білікті маман­дар­ды қажетсінеді. Оларды іріктеп алуға мүмкіндік бар. Құрыш қала қашанғыдай достық пен бірлікке тұғыр. Ол биіктеген сайын қуат-күші, абырой-беделі асқақтай түсуде. Магнитка оттары алысқа жарқырайды. Айқын НЕСІПБАЙ. ТЕМІРТАУ.