Абай • 10 Тамыз, 2024

Рухани құбыланама

272 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Абай хакімдігімен, ойшылдығымен, ел билеу өнегесімен, ақындық, ком­пози­тор­лық, аудармашылық, шешендік-тапқырлық өнерімен айрықшаланады. Абай құбылысы дегеніміз – рухтар әлемі («Рух – Раббымның құпиясы»), сырлар дүниесі, көркем ойлар ғажапстаны.

Рухани құбыланама

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Хакімнің ғылыми дүниетанымы жеткіншек шағында Ахмет Риза медресесінде оқыған 1857–1860 жылдары қалыптасқан деуге болады. Мұнда шәкірттердің ой-өрісін, көзқарасын, таным-білігін тереңдететін пәндер болған. Атап айтқанда, түрік, Еуропа, араб-парсы, орыс тілдері, исламтану, Құран ілімі, әдебиет, тарих, көркем жазу мен мақамдап оқу, география, астрономия, медицина, жаратылыс­тану. Мұндай оқу бағдарламалары Шығыс­­тың клас­сикалық медреселерінде және Қа­зан қаласындағы «Мұхаммадия», «Каси­­мия», Уфадағы «Ғалия», Троиц­кі­дегі «Расулия» медреселерінде оқу жос­пары мейлінше әрта­рапты қамтылған («Ға­лия» медре­се­сінде ғұн, угро-фин, моң­­ғол, Еділ татарлары мен Сібір тарихы, заңтану, алгебра, геометрия, физика, пси­­­хология, химия, педагогика пәндері оқы­тылған).

Абай рухы – мәңгілік! Ұлт суреткері Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопея­сында ұлы ақын жалғаннан өткенде: «Алтын терек, аршыға құлаш ұрған ардақты азамат, сен өлмейсің!» дегенінде беймәлім өлшеусіз сыр, ғарыштық таным бар. Құранның «Әл-Буруж» сүресінің 15-аятында Алла «Ұлы Аршының иесі» дейтін қасиетті ұғым-сөз бар. Аршыны сегіз періште жоғары ұстап тұрады («Ал-Хаққа» сүресі, 17-аят). Алла «Бүкіл Аршының жоғары дәрежелі Билеушісі» («Ғафир» сүресі, 15-аят). Ұлы Аршы жеті қат жерден де үлкен Жаратушының ғаламаты және оның ұлылығын мәлімдейді («Қасиетті Құран: мағынасы мен түсініктемелері. Е.Оңғаров, Н.Мұратәлі. – Нұр-Сұлтан: 2020, 943-бет).

Осы бір терең мағыналы бейнелі оралымда («Аршыға құлаш ұрған»), Мәшһүр Жүсіпше айтқанда, Құран қағидаттарының рухын болмысына дарытқан хакім Абайдың асыл сөздеріне «өлім жоқ, тозу жоқ, ескіру жоқ, бір асыл жауһар. Абайдың бұрынғы сөздері ем дәрі­дей көзге тоти еді» деп, бажай­лап баян етеді (Мәшһүр Жүсіп. Шығар­ма­лары. ­8-том. Павлодар, 2006, 98-бет.).

Америкалық журналист-жиһангез Джордж Кеннан «Сибирь и ссылка» дейтін кітабында (Лондон, 1891) 1885–1886 жылдарда Семей, Өскемен қалаларында, Алтай, Катонқарағай, Марқакөл, Шың­ғыс­тау өңірлерінде болғанын және Абай­дың білімі, адамгершілігі жайындағы мәліметтерін келтіреді.

Дж.Кеннан Семей қоғамдық кітап­хана­сының бастығы, заңгер А.Леонтьевтің Абай тура­сындағы пікірін былайша жеткізеді:

«Керек десеңіз, бұл кітапханадан қа­зақ­тарға дейін пайдаланады. Мен Ибра­һим Құнанбаев деген қарт оқымысты қ­азақ­ты білемін. Ол кітапханаға тұрақты оқырман болумен тынбай, тіпті Милль, Бокль, Дрэпер сияқты авторлардың кітаптарын оқиды. Онымен кездескен алғашқы күннің өзінде-ақ ол өзінің білім, парасатымен таңғалдырды. Ол менен индукция мен дедукцияның ара­сындағы айыр­машылықты айтып беруді сұра­ды. Содан бері мен оның ағыл­шын фило­софтарының еңбегін түбе­гейлі оқып, үйреніп жүргендігіне және мен ата­ған авторлардың барлығын түгел оқыған­дығына толық көзім жетті. «Еуропа­дағылардың ой-өрісінің дамуы» атты Дрэпердің кітабы туралы мен одан екі түн қатарынан емтихан алдым» (Джордж Кеннан. Сибирь и ссылка. Спб., 1906. с.62-63).

Сондай-ақ қызғылықты бір дерек Д.М.Львовичтің «По киргизской степи» (Петроград, 1914, с.46) дейтін еңбегінде бар екен. Ол Торғай уезінде Қарасу аулының әншісі Нұрғожа Ыбырай Алтынсариннің табиғат лирикасы жайында және Нұр­пейістің үйінде қарт жыршы Абылай Қарабатыровты тыңдағанда мынадай ой жібін сабақтайды:

«...Домбыра тартып, өлең айтқанына айран-асыр қалғанымды айттым Абы­лайға. Содан соң тағы да бір ән салып беріңіз, көңілдірек біреуін айтыңыз деп қолқаладым... Ол көп бәлсінген жоқ. Домбырасының құлақ күйін келтіріп ап, ескектете қағып-қағып жіберді де, шыр­қап ала жөнелді. Алғашқы ән сияқты мынаның да әуені шерлі екен. Ал сөзі ше... Сөзі қандай тамаша еді, шіркін... Расымды айтайын, алғашқыда өз құла­ғыма сенбедім... Кәрі қазақ өзге бірдеңе емес, Татьянаның Онегинге арнаған хатын әндетіп айтқанын көз алдарыңызға елестетіп көріңізші...»

Абай М.Лермонтовтың «Исповедь» атты жырын «Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда?» дейтін тақырыппен аударған. Түпнұсқада 84 жол, Абайда 64 жол. Абай орыс ақынының көркемдік-философиялық дүниетанымын, сурет­кер­лік қолтаңбасын, интуициясын, рухани болмысын әрі орыс тілінің рухын, сырын, бояуын, экспрессия­сын түбегейлі түсініп, сұңғылалықпен, үздік шеберлікпен аударған.

Алғашқы шумақтың өзінде лири­калық қаһарман жар жағасында тұрса да, алпыс батпан азап шексе де зілмен сөйлейді. Пырақ мініп іздесең де, тағдыр талқысына, тіршілік тартысына түскен бейкүнә бекзат уыздай уылжыған оғылан не деген жүрек жұтқан қайсар ер дерсің!

«Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда?

Хүкімші шалдар мәз боп отыр ма онда?

Антұрғандық қылығын Алла ісі деп,

Нандырар қандай сопы, қандай молда?

 

Мені өлтірді-ақ, не пайда осыларға?

Менің өмірім оларға қосылар ма?

Ол шалдар қыршын жасты қиғанменен,

Өз бойына жапсырып тұшынар ма?»

Абай мұнда қазақ қара өлеңінің құді­ретін танытқан. Жыр бастан-аяқ әсерлі, күйінішті. Оқырманды ұстараның жүзінде, иненің ұшында ұстайды. Құдды өлі мен тірінің айтысындай. Күндей күркіретіп, күйдей күмбірлетіп айтады, дауылша үдеп бұрқайды.

Сопы, молда, хүкімші шалдар мен еркін­дік аңсаған жастың текетіресі. «Ан­тұр­­ғандық қылығын Алла ісі» деп ойла­­ған­ ант атқандар жасқа өлім бұйы­рулы. Жас жайнақты жер жастандырса да, «қайнап тұрған қанын» ұрттаса да көгермейді.

«Сопысынсын, «Хақ» десін, «Хақты» ұмыт­­сын,

Әділетсіз бір жастың басын жұтсын.

Қайнап тұрған қанымды ішкенменен,

Қаңсыған, қайтқан ішін не жылытсын?»

Қаныпезерлер өлімге қияр, қара жерге көмер, мола қыла алмас, құрдымға жібере алмас, сонда да «жер томпайтпай» қоймас, молаға келгенде қалтырап-дірілдеп селкілдеген шалдарды «Басқыш болып аспанға шығара алмас» дейді. Өйткені олар абыройдан ада болғандар, қарғысқа ұшырағандар, ардан безгендер, безбүйрек мұндарлар.

«Өлтірер, жерге тығар, мола қылмас,

Сүйтсе де жер томпайтпай қойып бол­мас,

Дірілдеп сол молаға шықса шалдар,

Басқыш болып аспанға шығара алмас».

Бас кейіпкер шырмауықша шырмаған түйдек-түйдек қасіретті ойларды бір заматта серпіп тастап, бұлттан шыққан күндей жарқырап, салтанатты сарынға көшеді. Жаратылыстың жайнаған нұрлы дидарын, көркем салтанатын былайша мөлдірете суреттейді.

«Ай, жұлдыз, ағарған таң, жарық күн бар,

Жазғы құс, жапырақта қандай мін бар?

Күндізгі харекеттен босағанда,

Өзіңе өзің тиген тәтті түн бар».

Таңғажайып табиғаттың сәулеті. Өмірдің қимас сәттері, тіршілік қызық­тары. Қазақы оралымдар, қызықты суреттеулер. Жас батырдың дүниеден татар қызығын іші тар шіркіндер көп көргендей. Құлашын кең дүниеге еркін жаймаған соң, көркем істер тындыруға мүмкіндік болмаған соң, артыңда із қалдырмаған соң, «құр кеудеге өмірдің несі дәрі?» деп түңіледі. Келместің кеме­сіне мінуге, о дүниеге сапар шегуге, құр­дымға жоғалуға ыңғайланады.

«Мен – сен емес, жас күнім жайнап тұр­ған,­­

Жүректе түрлі талап қайнап тұрған.

Сендер сүрдің, мен де өмір сүрмес пе едім?

Бір шырақ сөнер, кетер саулап тұрған».

Озбырлардың мақсаты мағынасыз, бей­мәлім, ал менің ішкі сырларымды біл­с­­еңдер деп шынайы тілегін, жүрегінің тап-таза сырын жеткізеді. Расында, көңіл деген – бейнебір түпсіз теңіз, шегі жоқ әлем. Хакім бабаларымыздың «ақ көңіл­мен істелген іс аспаннан да кең» деген нақылын еске түсіргендей. Көңіл деген бір бекзат. Поэзияның көркемдік қуаты, тілі – ақынның дарқан көңіліне де қа­тысты. Естінің білгені, оқып-тоқығаны, сыр­ды сақтауы (даналықтың белгісі) яки бар­ша­сы ішкі дүниенің қазынасы, құт-берекесі:

«Менің кеудем сендерге сандықпен тең,

Мүмкін болса, қақ жарып ашып көрсең.

Ішін түгел көрген соң өз көзіңмен,

Тахқиқ мені күнәкар, қу демес ең».

Сонда менің жан тазалығымды, пәктігімді көріп иланасың, райыңнан қайтарсыз дегенді қадап айтады.

Жаратушы мен адам баласының арасындағы гуманистік қарым-қатынас, мораль, этика, илаһи заң, ақыл-есі, қол-аяғы бүтін жанның өз қалауымен жақсылыққа, мұратқа, имандылыққа жетуі – Ислам дінінің құндылықтары. «Иман – жақсы істердің өніп шығатын дәні». Ендеше, ары да, жаны да, қолы да таза жас жолбарыс сен монастырь «Алла ісі» деп жауырды жаба тоқып іс істесең де, қайырсыз деп біл дейді.

«Мейлі өзің, монастыр қылған істі

Алла ісі деп көңліңде көрсең күшті.

Хақ салған жол кеудемде бір закон бар,

Оны Құдай өзгеңнен кем демес-ті.

Ақтығымды біледі сол көкірек,

Сол законге билеткен біздің жүрек.

Алла берген хауіпті осы сырым

Көрге бірге өзіммен барса керек».

Хақтың жолы – адамшылықтың жолы. Рух, сыр – Раббыңның құпиясы. «Хақ салған жол – кеудемде бір закон бар» – осынау ғажайып жырдың бой­­­тұмары, жүрегі. Бас қаһарманның мәң­гі­лік ұстанымы, ұраны, оның көкірегі тола ақ нұр, мөлдір сыр. Осы үзіндідегі «монастырь» ұғымы Абай­дың эрудициясын аңғартады. Орыстарда
«В чужой монастырь со своим уставом не ходят» дейтін мәтел бар. Әрбір монас­тырьдің өзіндік ережесі болған.

Адамзат тарихындағы әйгілі данышпан тұлғалар тағдырынан ой түйген ойшыл Абайдың «хикмет сөздерінің» ішінде «Сократка у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» дейтін тарихи деректер бар. Мінеки, адамзат тарихы, тұлғалар тағдыры – трагедия. Демек «босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда?» өлеңінің соңғы шумақтары ер өлімімен (қыран бүркіттің тасқа соғылып өлетініндей) аяқталады:

«Қазір тірі, дүниеге мен де ортақпын,

Осы күн батпай, батып жоғалмақпын.

Алдыңдағы асау жас қайнап тұрған,

Мен болмаспын – бір уыс топырақпын». Бұл – трагедиялық жырдың түйіндемесі.

Дана М.Әуезовтің: «Тегінде, Абай­дың Лермонтовтан жасаған аудармалары әлі сан рет нақтылап, тереңдеп тексеруді талап етеді» деп жазғаны ХХІ ғасырда да көкейкесті. Поэзиясының мәні, сипаты, құндылығы өлшеусіз. Демек Абайдың аталы ой-пікірлері, ұлы­лыққа тұнған жалпыадамзаттық теңдессіз құндылықтары мен қағидаттары – халықтың рухани өркендеуінің құбыла­намасы.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор 

Соңғы жаңалықтар

Жас буын туралы зерттеу

Жастар • Бүгін, 08:45

Есірткі қылмысымен күрес

Қоғам • Бүгін, 08:40

Тағы гран-при әкелді

Қоғам • Бүгін, 08:25

Өнертабысқа өріс кең

Аймақтар • Бүгін, 08:15

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:05

Қайыспас қайыңдай қайсарлық

Әдебиет • Бүгін, 08:03

Ең құнды жәдігер

Жәдігер • Бүгін, 08:00

Алғашқы өлең

Әдебиет • Кеше

Жас ақындар жинағы

Аймақтар • Кеше

Қыс мінезін көрсетті

Аймақтар • Кеше

«Көрім» көз (Монолог)

Сатира • Кеше