Жемқорлық • 13 Тамыз, 2024

Мемлекетке қайтарылған қаржы

62 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару үдерісі басталғалы бері көптің назарын аударған қылмыстық істердің бірі – Қайрат Сатыбалдының ісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, ол өз кінәсін мойындап, келтірілген залалды толық көлемде өтеген. Сонымен мемлекетке қанша қаржы қайтарылды?

Мемлекетке қайтарылған қаржы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі Қ.Саты­балдыұлына қатысты «Қазақтеле­ком» АҚ, «Көлік сервис орталығы» АҚ қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату), сондай-ақ өз бақылауын­да­ғы компанияның кедендік бажын төлеуден жалтаруы секілді фактілер бойынша қылмыстық істерді тергеді.

Агенттіктің мәліметінше, 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қ.Сатыбалдыұлы және оны­мен байланысты адамдардан мемлекетке заңсыз иемденілген 732,8 млрд теңге немесе 1,6 млрд доллардан астам сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылған. Оның ішінде 661,5 млн доллар шетелден қысқа мерзімде елге жеткізілді. Атап айтқанда, оның заңсыз активтерді Аустрия, Лихтенштейн, БАӘ, Түркия  т.б. елдерге жымқыр­ғаны анықталған.

Мемлекет меншігіне өткен активтер ішінде әкімшілік ғи­мараттар, эксклюзивті зергер­лік бұйымдар, люкс үйлер, пәтер­лер мен автокөліктер, акциялар мен­ компаниялардың үлестері, теміржол мен ақша қа­ра­жаттары бар. Нақтырақ айт­сақ, олар – «Қазақтелеком» АҚ акцияларының 28,8% (93,8 млрд тг), «КСО» АҚ (30,2 млрд тг), 4 компаниядағы қатысу үлесі (10,3 млрд тг), еліміздегі мүліктік активтер (158,5 млрд тг), эксклюзивті зергерлік бұйымдар (105,39 млрд тг), қазақстандық шоттардағы ақша (36,8 млрд тг), Аустриядан келген ақша (36,8 млрд тг), Лихтенштейннен түскен ақша (116,7 млрд тг), БАӘ-ден келген ақша (6,3 млрд тг), Түркиядан келген ақша (2,2 млрд тг), бағалы қағаздарды сатудан түскен қаржы (135,8 млрд тг).

Мәселен, құны 158 млрд теңгеден асатын елдегі 115 мүлік­тік­ активтердің ішінде 73 жылжымайтын мүлік (13 үй, 10 ғимарат, 13 жер учаскесі, 4 пәтер, 3 ғимарат, қосымша салынған 2 медресе ғимараты, 2 тұрақ орны, 25 үй-жай, 1 аяқталмаған құрылыс нысаны), 37 жылжымалы мүлік (29 автокөлік, 5 арнайы техника, 3 квадроцикл) және өзге де активтер бар. Олардың бір бөлігі жақын туыс­тарына, үлестес адамдарға және бақылаудағы компаниялар­ға ресімделген.

Астана мен Алматы қалала­рын­да мемлекетке берілген әкім­шілік ғимараттардың жалпы ауда­ны 180 мың шаршы метр­ден асады. Бұрын бұл активтер жалға беріліп, жыл сайын мен­шік иесіне миллиардтаған табыс әкелген. Люкс нысандарының бірі – Ақмола облысының Ба­рап аулындағы 135 гектар жер учас­кесінде орналасқан, жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метрді құрайтын Қ.Сатыбалдыұлының бұрынғы резиденциясы Астана қаласының Білім басқармасына берілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің соңғы мәліметіне қарағанда, 2022 жылдан бері мемлекетке 1 трлн теңгеден астам заңсыз иемденілген актив қайтарылған. Көріп отыр­ғанымыздай, бұл соманың басым бөлігін Қ.Сатыбалдының активтері құрайды.

Айта кетейік, қайтарылған активтердің бәрі мемлекет мен­шігіне өтіп, алдағы уақытта әлеу­меттік мақсаттарда пайдала­нылмақ.