Алдиярханның бала кездегі арманы – каскадер болу. Сол өнерімен шытырман киноларға түсіп, көрерменнің көзайымына айналғысы келді. Кішкентайынан соған бейім болды да. Спортпен шұғылданды. Әлі де спортты серік етіп келеді.
Мектепте оқу озаты болды. Шығармашылық кештерге белсене қатысты. Мектебінің мақтанышына айналды. Актер боламын деген арманынан ата-анасы алыстатпайды, жол ашады. Сөйтіп, Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжіне оқуға түсіп, 2020 жылы драма театрының әртісі мамандығы бойынша білім алып шығады.
Жоғары оқу орнына түсіп, білімін жетілдіргісі келеді. Қалада қалып, бала арманын орындағысы да келеді. Бірақ Алдиярхан екеуінен де бас тартады. Өйткені қара шаңырақта қалған ата-анасына қамқорлық керек екенін түсінеді. Онымен қоса жанына қаладан гөрі дала жақын екенін сезінеді. Әбден барлығын ой елегінен өткізген ол бар алған білімін ауыл балаларының бойына дарытайын, өнерге деген махаббатын оятайын деп шешеді.
Осылайша мамандығы бойынша Қарқаралы ауданындағы балалар өнер мектебінің Аппаз аулындағы филиалында театр өнер сыныбына жетекші болып, жұмысына кіріседі.
Ауыл балаларын жинап, таланттарын ашады. Алғашқыда сыныбына 15 бала келіпті. Ауылдан театр ашылғаны үлкен жаңалық болып, баласын жетектеп келгендер көбейеді. Сөйтіп, аз уақыт ішінде балаларды сахнаға шығарады.
Алдиярхан «Jas fund» жобасы арқылы екі мәрте 300 мың теңгеден қаржы алады. Оған театрға қажетті жабдықтар сатып алады.
Алғаш КСРО халық әртісі Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған аудандық «Шолпан» театрлық қойылым сайысында Аппаз балалар театры бас жүлдені иеленеді. Онда «Жусан иісі» қойылымын сәтті орындап шыққан. Келер жылы тағы да «Аңдар әлемі – бауырсақ» атты орыс халқының ертегісін жаңаша сипатта алып шыққаны үшін бас бәйгені олжалады. Сол жолы «Үздік қыз бала» аталымын жеңіп алған шәкірті Сәнім Рымбай болса болашағынан көп үміт күттіреді.
– Менің бала кездегі арманым – театр әртісі болу. Бірақ бұл арманым мектеп бітіргеннен кейін ғана орындалады деп ойладым. Содан ауылға Алдиярхан мұғалім келіп, театр ашты дегенді естіп қатты қуандым. Арманым орындала бастағаны таңғалдырды. Алдиярхан ағай барлығын керемет түсіндіреді. Рөлге қалай кіріп, сомдау керектігін үйретеді. «Аңдар әлемі – бауырсақ» ертегісінде түлкінің рөлін сомдадым. Барынша айлакер, қу болу керек. Ептеп қиын болды. Бірақ жетекшіміздің еңбегінің арқасында жеңіл ойнап шықтым. Сол рөлім үшін аталым жеңімпазы атандым. Мен үшін үлкен жетістік болды. Ата-анам да, ауылдағылар да, бәрі-бәрі жетекшімізге риза. Қаншама баланың арманына қанат бітірді. Біз жанашыр жетекшімізді мақтан тұтамыз, – дейді жас әртіс Сәнім Рымбай.
Бұл театр жетекшісінің ауыл арасындағы ғана жетістігі екен демеңіз. Былтыр жас театр Мемлекеттік қосымша білім беру саласындағы балалар шығармашылығына арналған республикалық «Burabay fest» жаздық ойын-сауық жобасынан бас жүлде алып келіп, ауылды мәре-сәре қылды.
Мұнымен қоса, Аппаз аулының жас актерлері елордадағы М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында өткен «Alash Star» халықаралық байқауында Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» драмасы мен «Арман әлемі» ертегісін заманауи үлгіде ұсынып, Гран-при мен І орын иеленіп қайтты. Түркияда өтетін фестивальға жолдама алды.
Жас театр үш-ақ жылдың ішінде осындай жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Әрине, ол жұмысына үлкен махаббатпен кіріскен Алдиярханның арқасы.
Жас жетекшінің жетістіктері елеусіз емес. Еңбегін ескерген ауыл әкімі театр ашқан жылы «Аппаз жыл үздігі» сыйлығын табыстапты.
– Алдиярхан ауылға келгенде қатты қуанғандардың бірі өзім. Бала кезінен елгезек екенін білеміз. Театр ашамын дегенде тіпті қуандым. Қазір шәкірттері байқауға барса, жүлдесіз қайтпайды. Ауылдың атын шығарып жүрген талантты жастары бар, біз бақыттымыз, – дейді ауыл әкімі Жоламан Тілемісов.
Қарқаралы ауданының әкімдігі «Үздік жас мәдениет қызметкері» деген сыйлықпен де марапаттапты. Жалғыз Аппаздың ғана емес, Қарқаралының өнерін ұлықтап жүрген ұлға әбден лайық құрмет.
Алдиярхан да аулының ымыра-бірлігіне риза. Ауыл тұрғындары «Боламын деген баланың бетін қақпай белін буды». Құшақ жая қарсы алып, қолдау көрсетті. Әр шаруасына демеушілік білдіреді.
«Кіндік қан тамған жерге маңдай тер де таму керек. Біздің шағын театрымыздан ертең үлкен саңлақтар шығады. Солардың сол биікке жеткені – менің де арманым орындалғаны», дейді театрдың жанашыр жетекшісі.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы,
Аппаз ауылы