Пікір • 21 Тамыз, 2024

Мен де қызықпын...

523 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткенде жаңа бір фильмнің тұсау­кесеріне бардық. Авторы – жас режис­сер. Киноны көрдік, кей сәттеріне тебі­рендік, «әттеген-айларын» да түртіп отырдық. Дегенмен салыс­тырмалы түрде айтар ойы бар, актерлердің шеберлігі де жаман емес. Әйтеуір жеңіл-желпі комедиядан ада, эмоциялық тол­қынысы бар ауыр тақырыпты көрсе­туге талпынған. Тәуір-ақ дестік.

Мен де қызықпын...

Иә, киноны көріп болып, режиссермен сөйлескенше бәрі жақсы болды. Фильмнен кейінгі тулаған ойды айтуға, сандаған сұрақты қоюға асығып, режиссермен сондай бір шынайы шығармашыл әңгімеге оқталғаным сол еді... Кенет... Кенет біз күткен шынайылық біртіндеп шытынай бастады.

Ең алдымен, орысша жауап берсем деді. Осы тұста іштегі буырқан­­ған тол­қын сәл кідірді. Бірақ киноөндіріс­тегі маман­дардың, жалпы бүгінгі қоғамда ­ана тілін білмейтін замандастарымыздың ­көп екені қалыпты жағдайға айналған жоқ па? Бұған неге іркілемін? «Бастысы, ұлт мәдениетінің дамуына үлес қосып жатыр» деп кідірген ойымды жұбатқандай болып, келесі сұрағымды қойдым. Нанымды жауап жоқ. Киноның көтерген әлеуметтік тақырыбынан қоғамның бейнесін іздеген мен сөзді солай қарай бұрдым. Осы тұста ақтарылар дедім. Тіпті айтар жауабын да ойша елестетіп, тебірене тыңдауға дайын тұрмын. Тағы да суда жүзген балықтай қолымнан сусып шыға берді. Кинокартинаға себеп болған ешқандай бір оқиға, яки бір ой, буырқану, тағдыр жоқ екен. Барлық сюжет өз қиялында ғана дамып, ешқандай әлеуметтік мақсатсыз аз ғана уақытта дүниеге келген. Аз ғана уақытта түсірілген. «Бүгінгі қазақ киносына қандай баға бересіз? Қай деңгейде? Не керек? Не жетпейді?» дедім бір сәтте енді қайтер екен деп. Сыпайы жымиды. Бұл туралы ештеңе айта алмайтынын айтты. Ештеңені байқамайды, ешкімді мақтамайды, ешкімді жамандамайды, жалпы, жан-жағына, қоғамға, өз саласына бағамдап қарамайтын, ештеңеде шаруасы жоқ кісінің кейпі... Тіпті жаңа киносы­ның прокатынан да үміті жоқ. «Мұндай ­фильмдер касса жинамайды», деді кесіп. Иә, ол өзі айтқандай, киноны халық үшін немесе қандай да бір мақсатта, бір мәсе­лені көтеру үшін, ұлттық өнерді дамытайын деп түсірмейді екен. Тек өзі үшін, қия­лын таспаға түсіру үшін...

Қандай да бір трагедиялық жауап күткен менің еңсем шындап түсейін деді. Алғашқыдай көзімде от жоқ, фильмнен кейінгі әсер де суыған. Өнерге, эстетикалық талғамға, классикаға деген құштарлы­ғым да санамның бір бұрышында тығы­лып қалды. Енді тәуір ой айтылмас деп әңгі­менің соңы жаттанды сұрақтарға ауды. Ол да жаттанды жауап берді. Мен күткен шынайылық жоқ. Сондай атүсті, салғырт, бұлғақтаған жауаптар. Өзі тіпті әртіс пе дерсің. Бергі жағы сондай сыпайы. Ал арғы жағында ұлт мәдениеті деген ұғым мүлде жоқ сияқты...

Көпке белгілі кейінгі уақытта мем­ле­­кеттің қолдауымен көптеген жаңа фильм жарыққа шығып жатыр. Бір фильм­­ге бөлінетін қаржы аз емес. Ал ол қаржы, әрине, ең алдымен, ұлттық киноны дамыту, қазақ мәдениетін ілгерілету мақсатында беріледі. Жүрекке салмақ түсірер сұрақ: жылда шығып жатқан он­даған фильм мемлекеттік бюджеттен бө­лінген қаржыны ақтап жатыр ма? Бұл кинолардың берері не? Ұлттық мәсе­лені қаузай ма? Ұлттық құндылықты көздей ­ме? «Тек өз қалауы мен қиялы үшін түсіре­­тін» менің режиссерімнің туындылары қазақ­­­қа қаншалықты жақын?

Әрине, өз қаржысына қалағанын түсіріп, халыққа ұсыну бұл бір бөлек. Ал мемлекеттің қазынасынан бөлін­ген қаражатқа тек ұлттық мақсатты көздей­тін көркем дүниелер жасалса керек-ті. Әлқисса.

Бұл менің азды-көпті журналистік жолымдағы ең сәтсіз сұхбат болды. Десе де осы сәтсіз сұхбатымдағы сәтті сұрағым «Газет оқымайтын шығарсыз?» дегенім екен. Ол да еш абыржымай, әу бастан бергі мен күткен сөзді айтты. Өзі қазақша сөйлемейтін адам, әрине, газет оқымайды. Мен де қызықпын...