Еңбек • 29 Қаңтар, 2025

Жасты еңбек шыңдайды

204 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Еңбек пен бақыт – егіз» деген қанатты қағида бар. Мейлі малшы, диқан, дәрігер, мұғалім болсын, кім өз жұмысын адал әрі мінсіз атқарса, сол адам қоғамда құрметке бөленеді, табысқа кенеледі, қатарының, әріптестерінің алды болады. Сол тұрғыда сан салалы жұмысшы мамандығын шебер меңгерген, тіпті зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеуден қашпайтын бейнеткеш еңбеккерлер – өзі таңдаған саланың нағыз майталманы, үздігі.

Жасты еңбек шыңдайды

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Жылдар жылжып алға озған сайын қоғам­дық көзқарас, сана, таным-түсінік өзге­ріп, жаңарып отыратыны – қалыпты жағ­дай. Ескіден соң жаңа келеді, үлкеннің ізін кіші басады. Осы сабақтастықтың ізімен жұмыс­шы ма­ман­дық­тарына да дұрыс көзқарас қалыпта­сып келеді. Жастардың бұл салаға құрметі, қызығушылығы арта түсті. Қол еңбегіне амал­дың жоқтығынан емес, ерте жастан құлшынып баратындар салыстырмалы түрде көбейе түсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Аna tili» газетіне берген сұхбатында жұмысшы маман­дықтарының абырой-беделін көтеру жолын­да әлі қыруар жұмыс атқарылатынын айтты. «Тәуелсіздік ұрпақтары қазірдің өзін­де ғылым, спорт, бизнес, креативті индус­трия, мемлекеттік қызмет саласында зор жетістікке жетіп жүр. Көбі өндірісте, ауыл шаруашылығында табысты еңбек етеді. Біз еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, ең­бек­қорлық, кәсібилік сияқты құнды­лық­тарды дәріп­теу үшін әлі талай шаруа ат­қаруы­мыз керек. Экономиканың көптеген сала­сында жұ­мыс қолы жетіспейді. Жұмысшы ма­ман­д­ықтар мол әрі тез табыс табу тұрғысы­нан қы­зық­­тыра қоймауы мүмкін. Бірақ бұл ма­ман­дық­­тардың еңбек нарығында сұраныс­қа ие әрі қоғамдағы мәртебесі жоғары бо­ла­тынына да кепілдік бар. Мен кәсіпорын­дар­­ды аралаған кезде жастарды жиі жолық­тыра­­мын. Олардың арасында жұмысшы әулет­тері­­нің өкіл­дері көп екені көңіл қуантады. Мем­­ле­кет­­тің міндеті – жас мамандарға материал­­­дық, моральдық жағынан көмектесу. Мен бұл ша­­руа­мен үнемі айналысамын», деді Президент.

Экономиканың негізгі сала­ларында еңбек етіп жүрген жұ­мысшы мамандығы иелеріне сый-құрмет көрсетілсе, әлеу­мет­тік жағ­дайы жақсарса, олардың еңбек нарығындағы мәртебесі сөзсіз артады. Демек, жұмысшы еңбек нары­ғын­дағы сұранысқа, тәжірибесіне, білік­тілігіне қа­рай көп жалақы сұраса, онысы – орынды талап. Егер маман­дық­­тың ыстық-суығына төзіп, әбден шың­далған, еңбегі адал азамат­тар­дың жалақы­сы аз болса, еңбек нарығында теңсіздік орын алады. Жұмысқа кеше келіп, енді еңбек тәжірибесін алып жатқан жас­тар орынсыз жоғары жалақы сұра­­майды. Сұрайтындар бар бол­ған күн­нің өзінде, ілуде біреу. «Доссор­мұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы энер­гетика бөлі­мінің басшысы Жұмабай Абду­лов та жұмысшылардың әлеу­мет­тік жағдайы жақсарса, мәр­те­бесі артады деп санайды. Ол былтыр «Еңбек жолы» рес­пуб­ликалық байқауында «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымы бо­йынша жүлдегер болған.

– «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасындағы жұмы­сым өз алдына, Мақат мұнай-газ технологиялық кол­лед­жінде білім алатын бола­шақ электриктерге жәр­дем­десіп жүрген жайым бар. Түлектер диплом қорғайтын кезде, теория­лық, тәжірибелік емтихан тапсырарда комиссия мүшесі боламын. Жас­тарды мамандыққа қызықтыра білу қажет. Ынталы түлектерді арқасынан қағып, қол­дап жіберсек, ертең-ақ өз сала­­­сының нағыз шебері болып шыға келеді. «Колледжге оқымайтын бала түседі» деген қасаң түсінік қалып бара­ды. Жастардың арасын­­да жұмыс істеуге ын­талылар көп. Солар­ды көріп қуа­­на­мыз. Дуалды оқытумен тәжірибе жиып, біздің компанияға жұ­мысқа келіп жатқан түлектер бар. Былтыр осындай түлектердің бірі 60 мың теңге жалақыға 9 ай жұмыс істеді. Қазір жас электрик мұнай компаниясында тұрақты жұ­мысқа қалып, 350 мың жалақы алып жүр. Жас маманның жалақысы білік­тілік санатына қарай өсіп отырады. Дәне­керлеушіге де сұраныс бар. Жеке ком­па­н­иялардың ішінде жастардан еңбек тәжірибесін сұрайтын­дар көп. Кол­леджді кеше бітірген түлекте тәжі­ри­бе қайдан болсын? Бұл ретте жас­тар­ды жұмысқа тартатын мемлекеттік бағ­­дар­­ламалардың шарапаты тиіп жатыр. Еңбек етемін деген жасқа жұмысқа орна­ласудың қайтсе де бір реті табылады, – дейді Ж.Абдулов.

Жұмабай Абдуловтың мұ­най-газ саласында энергетик бо­лып еңбек етіп жүргеніне 40 жылдан асқан. Қарапайым жұ­мысшыдан бастап, электромонтер, шебер, инженер-энергетик қызметін атқарып, бөлім басшылығына дейін көтерілген. Жастардың ортасында жүріп, мамандыққа баулуды екінші жұмысындай көретін сала майталманы жұмыс­шы жастардың мәртебесін арт­ты­ратын, әлеу­меттік жағ­дайын оңалтатын жобалар, бағдар­ла­ма­лар көп болса екен деген тілек білдірді.

Статистикалық деректерге­ көз жүгірт­сек, мемлекеттік бағ­дар­ламалар арқы­лы жұмыс­қа орналасқан жастар көп. Мыса­лы, былтыр жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесудің белсенді іс-шараларына 683,7 мың адам тартылған. 546,9 мың адам жұмыспен қамтылып, оның 358,8 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан. Субсидияланатын жұмыс орындарына 188,2 мың адам барған. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындары арқылы 15,5 мың адам, «Жастар тәжірибесімен» 33,3 мың адам жұмыспен қамтылған. Сол секілді қоғамдық жұмыстарда 110 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 9,6 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жо­­басымен 420 адам, «Күміс жас» жобасы арқылы 19,2 мың адам жұмыс тапқан. Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларға онлайн оқытумен 57,7 мың жұмыссыз қамтылса, оның 52,4 мыңы оқуды аяқтаған. «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 60,3 мың адам қамтылған. Оның ішінде 37,8 мың адам оқуды аяқтап, сертификат алған. Қызмет саласын таңдау мақсатында 214,9 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті. Сондай-ақ былтыр халықтың әлеу­меттік осал санаттарының жаңа бизнес бастамаларды іске асыруына 400 АЕК (1 476 800 теңге) мөлшерінде 8 941 грант берілді.

Қарап отырсақ, осы бағдарла­ма­лардың ішінде жастарды жұ­мысшы мамандықтарға баулу­ға, тартуға жәрдемдесетін қадам­дар жетерлік. Жұмысшы ма­ман­дық иелерін қолдау, мәр­те­бесін арттыру бағытында биыл іске асатын жұмыстың да ауқымы кең. Оларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Әлеу­меттік жағдайына назар аударылады. Маман даярлау ісіне айрықша көңіл бөлінеді. Президент тапсырмасымен зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға қаралған әлеуметік төлемнің орны мүлде бөлек. Былтыр зиян­ды еңбек жағдайында жұмыс істеген азаматтар 55 жастан зейнетке шы­ғып, әлеуметтік төлем ала бас­та­ды. Қазақстан кен-металлургия компания­сында (Казцинк) үздік метал­лург болып жұмыс істе­ген еңбек ардагері Қайратбек Қаш­­кам­баев өзі зейнетте болса да, іні әріп­тес­те­ріне көрсетіліп жатқан қолдау шараларын қуана қабылдады.

– Президент тапсырмасымен Үкі­мет зиянды еңбек жағдайында ұзақ жыл жұмыс істеген азаматтарды әлеу­мет­тік қолдау тетіктерін әзірледі. Әріп­тестерімізге мемлекеттен қолдау көр­се­тіліп жатса, өзімізге тигендей бір жасап қаламыз. Өйткені металлургия саласында еңбек етіп жүрген аза­маттардың барлығы еңбекқор. Бұл салаға жұмыстан қашатындар жуы­майды. Өзім 1986 жылы мырыш ком­би­натындағы электролиз цехында катодшы болып жұмысқа орналастым. Бірінші санатты ыстық цехта жұмыс істедік. Жұмыс ауыр болған соң екінің бірі шыдай бермейтін. Күніне 16 тоннаға дейін мырыш өндірсек, айына шамамен 400 тоннаға дейін мырыш шығару жоспарланатын. Бір мекемеде 29 жыл жұмыс істедім. Тынымсыз, тындырымды еңбегіме басшылар үнемі құрметпен қара­ды, олармен ұдайы ақылдасып, кеңе­сіп тұратынбыз. Еңбегімізге сай жалақы алып, отбасымызды жеткіздік. Төлем­дер туралы айтар болсам, 53 жас­қа толған соң үкіметтен 8 мың түсіп оты­­ра­тын. Зейнетке шыққанша ол жәр­­дем­­ақы 27 мыңға дейін өсті. Қазіргі буын жұ­­мыс­шылардың зейнет жасына дейінгі әлеуметтік төлемі Президент тап­сырмасымен көтеріліп, біршама жақ­сар­ды. Еңбек еткен жылдары 60-қа жуық шәкірт дайындаппыз. Оның алды цех бас­тығы, аға шебер болды. Ізіміз­ден ерген жас­тар еңбекқор, епсек. Одан кейінгі буын да мықты болады деп сенеміз, – дейді сала ардагері ағынан жарылып.

Болжамдарға үңілсек, 2024-2030 жыл­дары ел экономикасында маман­дарға жалпы сұраныс 1,8 млн адамға жетеді. Оның ішінде жоғары білімі барларға сұраныс – 494 мың адам, кәсіби-техника­лық мамандықтарға шамамен 1 млн маман қажет болады. Нақ жұ­мыс­шы мамандығы иелеріне сұраныс – 400 мың адам. Салалар бөлінісінде білім, сауда, медицина мамандарына сұраныс көбейсе, осы қатарда жұмысшы мамандарды аса қажет ететін құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі бар. Құрылыс саласына шамамен – 111 мың, көлік саласына – 69 мың, өңдеу өнеркәсібіне – 58 мың, тау-кен саласына 32 мың жұмысшы маман қажет болады. Бұл ретте құрылыста – сылақшы, дәне­­­кер­леуші, тас қалаушы, бояушы, құ­­р­ы­лыс-монтажшылар сұраныста бол­са, басқа салаларда жүргізуші, техни­ка бас­қаратын машинистер, слесарь, трак­тор­шы, электромонтер, кран маши­нисі, бұрғылау машинисі, металл конструкцияларын дайындаушылар, кен­­­ші­­лер сынды жұмысшылар сұраныстан түспейді.

Жұмысшы мамандық ие­лерін, зиян­ды еңбек жағ­да­йында жұмыс істей­тін ең­бекшілерді мемлекет назар­дан тыс қалдырмайды. Жұмыс­шыны қолдайтын, әлеу­мет­тік жағдайын бір­шама оңал­туға септесетін кешенді іс-шара­­лар қабылданып жатыр. Жұмыс­шы маман­дықтары жылынан кейін де салаға қы­зығатын жас­тар көбе­йіп, алда­ғы уақытта жұмыс­шы мамандығы ие­ле­рінің абы­рой-беделі өзге саладағы жұ­­мыс­­­шы­лармен теңеседі, тіпті артады дегенге үміт зор, сенім мол.

Соңғы жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Шебер дәнекерлеуші

Еңбек • Кеше

Мал баққанға бітеді

Еңбек • Кеше