Digital • 29 Қаңтар, 2025

Жасанды интеллект: заң жобасының маңызы қандай?

155 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жасанды интеллект – технологиялық төңкерістің бастауы. Ол экономика, денсаулық сақтау, білім салаларын түбегейлі өзгертіп, адамның күнделікті өмірін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Бірақ технологияның қарқынды дамуы оның этикалық және құқықтық реттелуін де талап етеді.

Жасанды интеллект: заң жобасының маңызы қандай?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

ЖИ-дің мүмкіндігі көп болғанымен, одан қауіп-қатер де жоқ емес. Жасанды интеллект саласының реттелмеуі  жеке деректердің ұрлануы, алаяқтықтың көбеюі секілді күрделі мәселелерге алып келуі мүмкін. Осы қатерлерді сейілтуге, сонымен қатар жасанды интеллектіні дұрыс бағытта дамыту мақсатында ЖИ туралы заң жобасы қажет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында атап өтті.

Дүниежүзінде жасанды интеллектіні реттеу мәселесі күн тәртібіне шықты. Қазіргі таңда көптеген ел ЖИ-дің қоғамға тигізер әсерін жан-жақты зерттеп, оны дамыту мен реттеу арасындағы тепе-теңдікті табуға тырысып жатыр. Осы бағытта еліміз де қалыс қалмай, Жасанды интеллект туралы заң әзірлеуді қолға алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні реттеу мәселесін еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы басты міндеттердің бірі ретінде қарастыратынын айтқан. Президенттің пікірінше, ЖИ-ді шектеп қана қоймай, оның даму мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газе­тіне берген сұхбатында: «Нейро­жүйе­лердің пайдасы ұшан-теңіз бол­ғаны­мен, одан туындайтын қатерлер де бар. Мысалы, алаяқтар фотобей­не­жазбалар жасап, адамның даусын келтіру үшін де соны пайдаланады. Сондық­тан көптеген мемлекет жасанды интел­лект технологияларының қолданылу аясын заңмен реттеуге кірісті. Біздің депу­таттарымыз да жасанды интеллект туралы заң әзірлеу керек деп бастама көтерді. Осы маңызды жұмыспен тиянақты түрде, мұқият айналысу қажет. Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаларын жасап, оның этикалық мәселелерін жан-жақты ойластыру керек. Бірақ осы саланы реттегенде жасанды интеллектіні шектеуге емес, керісінше, оны дамыту жағына мән берілуге тиіс. Бұл технологияларды кеңінен қолданысқа енгізу орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады. Оны қалт жібермей, игілікке жарату қажет», деді.

Жасанды интеллект саласын реттемесе, ол қауіпті де болуы мүмкін. Сон­дықтан ЖИ туралы заң қабылдау өте ма­ңызды. Біріншіден, ЖИ жеке дерек­термен жұмыс істейді. Егер деректер дұрыс қорғалмаса, адамдардың жеке өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төнеді. Екіншіден, ЖИ-дің жұмысында қателіктер болуы мүмкін. Кейбір алгоритмдер әділетсіз шешімдер қабылдап, адамдарға зия­нын тигізуі ықтимал. Заң арқылы алго­ритмдердің әділдігі мен ашықтығын қам­тамасыз ету керек. Үшіншіден, заң технологияларды тежеуге емес, дамытуға көмектесуге тиіс. ЖИ технологиялары күн сайын дамып жатыр, сон­дықтан заң икемді болып, жаңа өзгерістерге бейімделуі қажет.

Әлем елдері – АҚШ, Еуро­одақ, Қытай – ЖИ сала­сын заң­мен реттеп, оның қауіп­сіз­дігіне ерекше мән беріп отыр. Олар ЖИ-ді дамытып қана қой­май, оны жауапкершілікпен пай­далану жолдарын да зерттеп жа­тыр. Америка жасанды ин­тел­лект саласында жаһандық көш­бас­шыға айналды. Бұл елде ЖИ-ді да­мытуға әрі қолдануға көп мүм­кіндік қарастырылған. АҚШ-та жасанды ин­теллектіні реттеу нақты салаларға ба­ғытталған. Атап айтсақ, деректерді қор­ғау, этикалық стандарт­тарды сақ­тау, алгоритмдердің ашық­тығы туралы заңдар қабылданған. Фе­де­­рал­дық деңгейде ЖИ-дің қауіпті істер­ге қол­данылуына тосқауыл қою­ға жауап­кершілік шаралары қарас­ты­рылып, жеке сектордың технологияны дамытуды жалғастыруына жағдай жасалып жатыр. АҚШ заңнамасы ЖИ-ді ин­новацияға қол жеткізудің негізгі тетігі ре­тінде қарастырып, оның дамуын­дағы жеке компаниялардың рөлін арттыру­ға ден қойып отыр. Ал Еуроодақ 2021 жылы «Жасанды интеллект актісін» ұсынды. Онда ЖИ технологияларын қолд­ану қауіпсіздік деңгейіне қарай топ­тастырылған. Қауіпсіз технологиялар еркін қолданысқа енгізілсе, қауіпті деп есептелетін бағдарламаларға қатаң шектеулер қойылады. Заңда ЖИ-дің адамның негізгі құқықтарын бұзбауын, деректердің құпиялылығын сақтауды, алгоритмдердің әділдігін қамтамасыз ету міндеттелген. Бұл тәсіл ЖИ технологияларын реттеуде адам құқық­та­ры мен қауіпсіздігіне басымдық бере­ді. Қытай болса, жасан­ды интеллекті­ні да­мытуда мем­лекеттік ба­қылауды күшейтуге мән береді. Бұл елде ЖИ қол­дану саласын нақ­ты рет­тейтін бір­неше заңнамалық акт қабылданған. Қытай үкіметі ЖИ-ді ұлттық қауіпсіздікті ны­ғайту, қоғамдық тәртіпті қорғау, экономиканы цифр­ландыру құралы ретінде қарастырады. Сонымен қатар Қытайда алгоритмдердің адам құқықтарына зиян келтірмеуі, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қатаң талаптар енгізілген. ЖИ-дің мемлекеттік және әскери салада қолданылуы да ерекше назарға алынған.

Шетел тәжірибесі көрсеткендей, ЖИ-ді заңмен реттеу кезінде әр ел өзіне тән басымдықтарға сүйенеді. АҚШ ин­но­вацияға мүмкіндік беретін икемді заң­дарды қолдаса, Еуроодақ ЖИ-дің қауіп­сіздігі мен адам құқықтарын қор­ғау­ға ерекше назар аударады. Ал Қытай технологияны ұлттық мүдделерді қорғауға пайдаланады.

Елімізде «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мә­диевтің айтуынша, заң жобасы үздік әлем­дік тәжірибелерге негізделген. Онда ЖИ технологияларының этика­лық қолданылуы, мемлекеттік реттеу, ЖИ нысандарының жіктелуі, стандарттау және мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Қазіргі уақытта заң жобасы мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісілген. Бұл заң ЖИ-ді жауап­кершілікпен қолдануды қамтамасыз етіп, оның әлеуетін дамытуға бағытталған. Заң қабылданған соң, ЖИ саласындағы стартаптар мен компанияларға қолайлы жағдай жасалып, отандық технология мүмкіндігі артады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл заңның маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ЖИ-ді шектеудің орнына оны дамытуға басымдық беру керек. Заңға 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында қол қойылады деп жоспарланып отыр.

«Жасанды интеллект мәселелері бо­йынша заң жобасы бір топ депутаттар­дың бастамасымен әзірленді. Оның бас­ты мақсаты – осы саланы реттеу, қол­дау және дамыту үшін заңнама­лық негізде­ме беру. Бұл саланың күн сайын өзгеруін ескере отырып, заң жобасындағы нормаларды жұмсақ әрі икемді болып әзірледік. Әлемнің алпауыт мемлекеттері жасанды интеллектіні дамытуды басты басымдықтар ретінде көріп, барлық күшін оны дамытуға салып отыр. Бірнеше апта бұрын Еуропалық одақ та осы саланы рет­теу үшін арнайы заң­ды қа­былдады. Бас­қа мемлекеттер де тиісті жұмыс жүр­гізуде. Мемле­кет бас­шысы жасан­ды интеллектіні да­мы­туды тікелей өз ба­қылауына ал­ғаны да, бұл мә­селенің еліміздің бә­секеге қа­бі­лет­т­ілігі үшін қан­ша­лықты ма­ңыз­­ды екенін көр­­­сетеді. Жа­сан­ды интеллект әлемді өз­гертеді», деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағам­бетов. 

Соңғы жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Шебер дәнекерлеуші

Еңбек • Кеше

Мал баққанға бітеді

Еңбек • Кеше