Диірменнің тасындай шыр айналған дүние. Бүгінгі болмыстың ертеңгі тарих екендігі бұлжымас заңдылық. Уақыт ағыны тоқтаусыз, оның сансыз иірімдері адам алдына қилы-қилы сынақтарын тосып жатады. Жігер танытып, қайрат көрсеткендер ғана оған жұтылмайды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында тұрып, өзек өксітер өткен жолды еріксіз еске түсіресің. Азабы ауыр, күреске толы күре жол, салмағы шойын, тартысқа тұнған түре жол. Бүгінде барлығы да көрген түстей. Кешегі күннен алыс, ертеңгі күннен жақын жоқ деген. Ертең болып көкжиектен ғана мұнартқан егемендіктің жиырма жылдығына да аман-есен жетіппіз. Толайым табыстарға, жалынды жасампаздыққа, сергек сенімге толы кезең бұл.
Егемендіктің елең-алаңы саналатын 90-жылдардың басы тұтас тоқырауға толы еді: ығыры шығып ыдыраған Одақ, сең соққандай дел-сал күйге түскен қоғам, жалақы мен зейнетақыдан қысылған халық. Азық-түлікті тұтыну карточкалық жүйемен реттелетін. Заңнамалық базасы жоқ, саяси жүйесі шатқаяқтаған, экономикасы екпінінен айырылған, бір сөзбен айтқанда, қоғамнан хал, әлеуметтен әл кетіп тұрған кезең еді ол.
12-ші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес өз қызметін осындай жағдайда бастауға мәжбүр болды. Бұл тұңғыш рет демократиялық жолмен баламалы негізде сайланған, ел сенімін арқалаған депутаттардан құралған Парламент болатын. Егемен елдің бірінші басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оның әрбір отырысын қалт жібермей қадағалап, қатысып отырды.
Жасыратыны жоқ, ол кезде ертеңгі күнге сенімі селдір, болашаққа құрған болжамы бұлыңғыр уайымшылдар жетіп артылатын. Дегенмен де олардың қай-қайсысының да ой түкпірінде өнбойы жалынды жігерге толы, ісі мығым, ұстанымы нық Нұрсұлтан Әбішұлына деген сенім жататын.
12-ші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес екі дәуірдің тоғысында қалған еді. Ол қызметін Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі ретінде бастап, Қазақстан Республикасының Парламенті санатында тәмамдады (1990 жылдың сәуірі – 1993 жылдың желтоқсаны). Алайда ол нағыз тарихи міндетті мойнына артты және алып шықты. Менің ойымша, оның айшықты бағасы әлі берілген жоқ. Десе де ол кезеңнің шындығын әділ шежірелеу келер ұрпақтың еншісінде. Жоғарғы Кеңес “Қазақстан Республикасының Егемендігі туралы Декларация”, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы” Заң, дербес мемлекеттің тұңғыш Конституциясы сынды тарихи құжаттарды қабылдап, бүгінгі қолданыстағы мемлекеттік рәміздер: Елтаңба, Ту және алғашқы мәтіндегі Әнұранды бекітті. Ең бастысы жас мемлекет жаңа даму жолын – Президенттік басқару жүйесін таңдады. Бұл жүйенің қаншалықты дұрыстығына бүгінгі бейбіт өмір, бақуатты тұрмыс дәлел.
Дегенмен ол кезеңді еске алсақ, арқа терің еріксіз тітіркенеді. Инфляцияның қарқыны қымбатқа түсті. Қандай да бір қабылданған шешімнің қолданысқа енуіне мүмкіндік бермеді. Айлық жалақы бір күндік қарапайым тұрмыс қажеттілігінен-ақ аспады. Қайран қылуға мемлекеттің қазынасы бос, қауқары аз еді.
Әдетте тағылымды төзім мен ұстанымға тәрбиелейтін ұстаздар қауымының да дегбірі кетті. Сол кездегі Жоғарғы Кеңес ғимараты алдына жаппай шеруге де шығатын. Қаражат табудың қамымен білім беру қызметтерін де ауыстыра бастады.
Осындай жағдайда мен бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы депутаттық сауал жолдадым. Бұл сол кездегі қоғамдағы жағдайды сәл де болса тыныштандыруға сеп болатын аса қажетті шешім еді. Депутаттық корпус (ол кезде 360 адам) бірауыздан ұсынысты қолдап, дауыс бердік.
Сауалдың жолдануы жолданды, депутаттар тарапынан қолдануы қолданды-ау. Уәде берілді, бірақ ары қарай не істеу керектігін ешкім білмеді. Қаржы жоқ, қазына бос. Көңілді уайым басты, дегбір қашты. Бірақ екі күннен кейін Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың аталған мәселе бойынша арнайы комиссия құру туралы тапсырма бергендігін білдім. Оны көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, сол кездегі Жоғарғы Кеңестің ұлттық саясат, мәдениет және тілдерді дамыту мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Әбіш Кекілбаев басқарды. Сөйтіп, апталық мерзім ішінде ел басшылығы бюджет қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға көтеру туралы шешімді қабылдады.
Парламент қабылдап, ел Президенті қол қойған “Білім беру туралы” Заң қолданысқа енген 1992 жыл жұрт жадында. Бұл да дер кезінде қабылданған маңызды құжаттардың бірі болды. Себебі, жаңа қабылданған заң бойынша мұғалімдердің апталық жүктемесі 18 сағаттан 14 сағатқа қысқартылды. Жылдың 13-ші жалақысы деп аталатын қосымша айлық белгіленді. Оқытушылардың баспанасы жеке меншікке берілетін болды және басқа да жеңілдіктер жасалды.
Ары қарай, әрине, бірқатар нормалар сақталды, біршамасы өзгертілді. Дегенмен сол кездегі бюджет тапшылығына қарамастан, аталған заңдардың қабылдануы батыл шешім болды. Бұл Ел басшысы үшін білім беру ісінің, ұстаздар тағдыры мен оқушы тағылымының қаншалықты маңызды екендігін дәлелдеді. Дәл осы шешімдер білім беру жүйесінің негізін сақтап, жаңа мемлекеттік саясатты түзуге көп септігін тигізді. Мектептер мен балабақшалардың, кәсіптік-техникалық училищелердің түпкілікті құрдымға кетуіне жол бермеді.
Экономикалық қиындықтар болса да, жаңа мемлекеттегі жаңа леп сезілді, үзілуге шақ қалған үміттер жалғанды. Ұстаздар жағдайы жасалып, жаңашылдық орнықты. Ұтымды ұсыныстар, озық ойлар, жаңашыл көзқарастар қолдауға ие болды. Білім беру мекемелері жаңа қалыпқа түсті. Егемен елде пайда болған ең бірінші гимназия мен лицейлер, тұңғыш мемлекеттік емес мектептер де осы кезеңнің еншісінде. Бұл 1993-1994 жылдар болатын. Білім беру тәсіліне де тың тәжірибелер, жасампаз жаңалықтар енгізілді. Бір сөзбен айтқанда, барлық жерден нарықтық экономиканың ерекшеліктері сезілді, меншіктің тың түрінің тиянақтылығы аңғарылды. Қоғам тұтас алғанда жаңа мемлекетте жаңа ережелермен өмір сүруді үйрене бастаған еді.
Бұдан ары тәуелсіз Қазақстанның жаңа кезеңі басталды. Елбасының кеңесімен бұрынғы депутаттар қоғамдық өмірдің белгілі салаларына тікелей араласа бастады. Олардың интеллектуалды әлеуеті, ұйымдастыру қабілеттері, азаматтық ұстанымдары нақты істе аса қажет еді. Себебі, жаңа қоғамдық құрылымға аяқ басқан жас мемлекет білімі кемел, білігі жоғары, әр істі болжай алатын, “Отан” сөзін кие тұта білер зиялы басшыларға зәру еді.
Ал мені бұрынғы ұстаздық және осы Жоғарғы Кеңестегі білім және ғылым комитеті төрағасының орынбасары қызметіндегі тәжірибемді ескере отырып, тәуелсіздіктің бесігі – Алматы қаласына білім басқармасына басшылыққа жіберді. Мен бұл орында 14 жыл бойына табан аудармай қызмет жасаппын. Бұл тәуелсіздік тұғырын нығайтып, Елбасы белгілеген мемлекеттік саясаттағы білім беру жүйесін жаңаша жолға қойған жылдар еді.
Барлығын басынан, қарапайым мәселелерден бастауға тура келді. Әрине, мектеп деңгейін көтеру, мұғалімдерді қызметіне қайтару, білім берудің сапасын ұстап тұру оңай болмады. Мектептердегі жарық пен жылудың жеткіліксіздігінен туындайтын жанжалдар, келіспеушіліктер, қолайсыздықтар ұмытылған жоқ. Осындай жағдайда тұрып ұстаздардан білім сапасын талап ету қиын еді. Дегенмен де қиындықтарға қарамастан, мұғалімдер қауымы табандылық пен төзімділік таныта білді. Ұрпақ алдындағы парықты парыздарына адалдықтарын дәлелдеді. Нәтижесінде ұстаздардың ұтымды ұсыныстары мен тың идеялары “Алматы қаласындағы білім беру ісін дамыту бағдарламасына” енгізілді. Қалалық педагогтар мәжілісінен соң әкімдіктің арнайы шешімі қабылданды. Ол мұғалімдерді қосымша жалақымен қамтамасыз етіп, мектептерге арнайы есепшот ашуға мүмкіндік берді. Үздік мектептер ұжымын сыйақымен көтермелеу жүйесі енгізілді. Бір сөзбен айтқанда, білім беру мекемелерін ескі құндылықтармен ұстап тұру мүмкін еместігі айқын еді.
Дәл осы кезеңде (1995 жылы) мемлекет қамқорсыз балаларға арналған “Үміт үйін” құрды. Балаларға жан-жақты қолдау көрсететін, баламасы жоқ аталмыш ұйымға еліміздің бірінші ханымы, “Бөбек” қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаева жетекшілік етті.
“Бөбек” қорының қызметі отандық білім беру тарихындағы ең жасампаз жобалардың бірі болды.
Жаңа мектептер ашылып, мұғалімдер мен оқушыларға қолайлы жағдайлар жасалатын болды. Өзара әділ бәсеке жолына түскен мектептер құлашын жазып, рухтарын көтере бастағаны байқалды. Білім жарыстары, беделді конкурстар жүзден жүйрік шыққандарды марапаттап жатты. Жеңіс тұғырынан көрінгендер “Жылдың ең үздік мұғалімі” атануға мүмкіндік алды.
XXІ ғасыр – бұл жаңа технологиялық байланыстың серпінді дәуірі. Бүгінде әрбір мектеп оқушысы компьютер тілін жетік меңгеріп алды. Бұл қазір біз үшін осылай болуы тиіс қалыпты жағдайға айналды. Ал уақытында Мемлекет басшысының 1997 жылғы 22 қыркүйектегі “Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасындағы орта білім беру жүйесін ақпараттандырудың мемлекеттік бағдарламасы туралы” Өкімі шыққан кезде бұл бағдарламаның өміршеңдігі мен іске асатындығына сенген адам кемде-кем еді.
Он үш жыл бұрын ең бесаспап мамандардың өзі республикада бірыңғай ақпараттық білім беру кеңістігін құру мүмкіндігіне сенімсіздікпен қарады. Орындалмас арман, қол жетпес қиялға балады. Дегенмен жылдар жылжып, уақыт жалғаса берді. Күндер өте аңыз деп болжанған жаңашыл ұсыныстар ақиқатқа айналды. Бүгінде еліміздің қала мектептері де, ауыл мектептері де компьютермен ғана емес, мультимедиалық кабинеттермен, интерактивті тақталармен жабдықталған. Ақпараттық технология, интернет – бүгінгі қоғамның ажырамас құрамдас бөлігіне айналды. Мұның барлығы да Елбасының сарабдал саясаты мен болжампаз білігінің, көрнекті қайраткерлігінің бүгінгі талассыз дәлелі бола алады.
Бала – қай қоғамның да басты байлығы. Кемел келешектің кепілі ұрпаққа көрсетілер бүгінгі қамқорлықта жатыр. Бұл ақиқат. Осы кезеңде ел Президенті тағы бір жасампаз жобаны жария етті. Ол – “Қазақстан 2030” Стратегиясы. Өз Жолдауында Елбасы барлық балаларға бірдей білім беру жайын, жеткіншектер арасындағы темекі шегу мен алкогольді, нашақорлықты тыю мәселесін көтерді. Бұл жалпы қоғам болып күресетін міндет ретінде бекітіліп, саламатты өмір салтын қалыптастыру ісі мемлекеттік деңгейде қолға алынды.
Жаңа Қазақстанның мемлекеттік нышандарын жаңаша қабылдау ұстанымы жолға қойылды. Бұл ретте Алматы қаласы республикада бірінші болып әрбір балабақшада, әрбір мектепте, білім беру мекемелерінде күнделікті таңмен таласа Әнұран шырқау дәстүрін енгізді. Негізгі мақсат ұрпақ зердесіне қай мемлекетте тұратыны, Президенттің тұлғасы, мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның маңызын, Әнұранның әсерлі ерекшелігін ұғынуды сіңіру еді.
2-3 жас пен 17-18 жас аралығындағы барлық бала сабақ алдында мемлекеттік тілде Әнұран айтатын. Жасыратыны жоқ, Әнұранның алғашқы нұсқасының мәтіні де, әуені де тым күрделі болды. Бала түгілі ересектердің өзіне оны түсіну, орындау қиынға түсетін. Кейіннен жаңадан қабылданған авторлары Ш. Қалдыаяқов, Ж.Нәжімеденов, Н. Назарбаев болып табылатын жаңа Әнұран ел көңілінен толық шықты. Оны қазір тілі енді шыққан балдырған да зор мақтанышпен шырқай алады. Әнұранның ерекшелігі де осында жатыр.
Ел Президентінің қойған талабы бойынша Алматы қаласы мектеп түлектерінің мектеп бітіру емтихандарының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудің жаңа тәсілін енгізді. Ол бойынша лототрон көмегімен шығарма тақырыбын анықтайтын болды. Лототрон алдын ала жарияланған оннан аса тақырыптардың ішінен бес-алтауын таңдайтын. Мұның барлығы “Рахат”, “Оңтүстік астана” телеарналарынан тікелей эфир арқылы көрсетілетін. Ол үшін барлық мектептерге теледидарлар қойылды. Емтихан тапсырған түлек, сонымен қатар бүкіл қала халқы бір уақытта шығарма тақырыптарын біліп отыруға мүмкіндік алды.
Ел экономикасы қарқын ала бастады. Жағдай жақсарып, білім беру саласын қаржыландыру көлемі ұлғая берді. Осылайша бір кезеңде ел орталығын Алматыдан Астанаға ауыстыру туралы тарихи тағылымды жоба іске асты.
“Жақсыдан шарапат” деген. Заңғар тұлғамен замандас болудың өзі бақыт. Ал онымен бетпе-бет кездесіп, жүзбе-жүз тілдесудің әсері тіптен бөлек. 1997 жылдың күзі мен үшін мәңгі есте қалды. Еліміздің жаңа елордасы Астана қаласы болып жарияланған соң, Нұрсұлтан Әбішұлы Алматы қаласы активі мәжілісіне қатысып, “Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы” құжатқа қол қойды. Осылай ол бірінші кезекте алматылықтарға рухани қолдау көрсетті. Мәжіліс барысында мен мәлімдеген жағдаят Елбасы тарапынан қолдауға ие болды. 1997 жылдың желтоқсанында Алматы қаласы өзінің елорда мәртебесін Арқа төсіндегі шаһарға ресми табыстады. Әуежайға жиылған қала халқы, облыс тұрғындары ақ жол тілеп, Елбасыны шығарып салып тұрды. Президент жиылған қауымның әрқайсысына жекелеп тоқталып, қол алысып есендік тілесті. Менің де қолымды қысып, кезегімен жүре берген ол кенет кілт тоқтап, қайта бұрылып: “Балаларымызды жақсылап оқыт” деді қамқор үнмен. Менің көңілім бұзылып, көзіме жас іркілді. Қимас, тілекші сезімнің толқынысы еді бұл. Қасымдағылар жапа-тармағай оның не айтқанын сұрап жатты. Елбасының осынау сөздері менің бұдан арғы қызметімнің басты ұстанымына айналды. Оның болашаққа, жастарға деген үлкен сенімін, өскелең ұрпақтың бүгінгі білім алуы ертеңгі тағдыры үшін қаншалықты маңызды екендігін біліп, қатты алаңдайтындығын сезіндім. Барлығы да оның есінде екен, Жоғарғы Кеңес, 1993 жылдың желтоқсаны, қала активіндегі менің баяндамам.
Білім беру саласы үздіксіз жаңаруды үнемі талап етіп отырады. Бұл орайда, білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеу және қабылдау жүйелі жүргізілетін болды. Жоспарлы түрде, кезең-кезеңімен. 2000 жылғы мемлекеттік бағдарлама әлеуметтік сипатта қабылданды. Ол мектеп жасындағы барлық балалардың білім алуын қамтыды, педагогтардың қызметі мен оқушылар білімінің бағамды негізгі өлшемдері енгізілді. Мұғалімдер мен оқушылардың денсаулықтарын қорғау қамтамасыз етілді. Алғашқы рет ауыл мектебіне арналған арнайы бағдарлама қабылданды.
2005-2010 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы басты мақсаттар мен басымдықтарды белгіледі: яғни, қызмет сапасын көтеру мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, білім берудің мазмұнын жаңарту, оқытудың жаңа технологияларын қолданысқа енгізу. Қазақстанның бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылу бағдарламасы бойынша – дамудың жаңа кезеңіне өтудегі мүмкіндіктер мен ұмтылысымыздың оң нәтижесін көріп отырмыз.
Кадрларды оқыту мен тәрбиелеу – қашанда Елбасының басты назарындағы дүние. Мейірім тұнған ата-ананың өз баласына барлық жақсылықты жасағысы келетіні тәрізді, Президент те қазақстандық жеткіншектердің әлемнің ең озық жетістіктерін меңгеруі үшін барын салып келеді. Осы мақсатта осыдан он бес жыл бұрын “Болашақ” бағдарламасы қабылданған болатын. Бұл отандық білікті кадрларды шет елдерде даярлап шығаруға бірден бір мүмкіндік беретін жоба.
“Болашақ” стипендиаттары бүгінде экономиканың барлық салаларында үздік әлемдік тәжірибелерді нәтижелі түрде енгізіп келеді. Әлемнің бірде-бір елі мұндай баламалы бағдарламамен мақтана алмасы анық. Ұрпақ қамы дегенде Елбасының әкелік қамқорлығы үнемі осындай.
Бірінші басшының балалармен, ұстаздармен кездесулері үнемі ерекше әсерге толы. Әрбір кездесу Елбасының толағай тұлғасын әр қырынан тануға мүмкіндік береді. Жастармен, балалармен ол өте қарапайым араласып, шынайы мейірімін байқатып тұрады. Басымдығын, ресми лауазымын сезіндірмеу – бұл екінің бірінде бола бермейтін үлкен қасиет.
2000 жылдың 25 мамырында Нұрсұлтан Әбішұлы мектеп бітіруші түлектердің дәстүрлі “Ақ жол” фестиваліне қатысты. Бұл ұзын саны 30 мыңға жуық мектеп бітірушілер, ата-аналар, мұғалімдер жиналған үлкен шара еді. Кейін осы кездесуден алған әсерлері туралы балалар көпке дейін айтып жүрді. Әсіресе Президенттің қай мамандықты таңдасаң да түптеп келгенде өз ісіңнің шынайы шебері болудың қаншалықты маңызды екендігі туралы ойы түлектер үшін өмірі ұмытылмас аталы өсиетке айналды. Мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні мен әсері қашанда ерекше болмақ.
Елбасы әр Жолдауында білім беру сапасын арттырудың, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудың, кәсіби жұмысшы мамандарды даярлаудың барынша қажетті және жаңа міндеттерін жүктеп келеді. Атап айтқанда, 500 білім беру мекемелерінің құрылысын жүргізу жөніндегі нақты тапсырмасы барлық талаптарға сай келетін, заманауи жабдықталған мектептердің, балабақшалардың, кәсіптік-техникалық мекемелердің пайда болуына бірден бір әсер етті. Бұл үрдіс тек қалаларда ғана емес, ауылды жерлерде бірдей жүргізіліп келеді. Тек соңғы бес жыл ішінде жүзден артық білім беру мекемелері пайдалануға берілді.
Дегенмен де Мемлекет басшысының ең басты тапсырмасы – ол әрбір азаматқа деген қамқорлықты қамтамасыз ету. Жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны көтеру, бюджет қызметкерлеріне сауықтыру төлемдерін енгізу – осының айқын дәлелі. Бүгінде барлық өңірлердің басты міндеті ретінде педагогтар еңбегінің маңыздылығын, әлеуметтік мәртебесін көтеру, рухани және тұрмыстық мәселелерін шешу ісі кешенді түрде қолға алынып келеді.
Мысал ретінде Алматы қаласындағы тәжірибені атауға болады. Мұнда 2005 жылдан бастап “Жыл мұғалімі” конкурсы өткізіліп келеді. Үздік атанғандар 50 пайыздық үстеме ақыға ие болады. Байқаудың финалына шыққандар ауқымды материалдық сыйлықтарға, пәтерге, автокөлікке ие болып жатады. Мұғалімдердің әдеп кодексін әзірлеу, бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру, экологиялық таза ауыз сумен қамтамасыз ету, мектеп формасын енгізу, сабақ күні басталар алдында мемлекеттік Әнұранды шырқау... Экологиялық патрульге қатыстыру – оқушыларды әлеуметтендірудегі ең озық тәжірибелердің бірі болды. Бүгінде “Жыл мұғалімі” клубы жұмыс жасап тұр. Қаладағы білім беру жүйесі республика бойынша ең жетекші орынға шыққан еді...
Бұл тәжірибе бүгінде басқа өңірлер үшін үлгіге айналып, олар да байқаулар ұйымдастырып, баспанамен қамтамасыз етіп, сыйақымен көтермелеу істерін жаппай қолдана бастады. Мұғалім мәртебесін көтерудегі құрметтің ең үлкен үлгісін Елбасы көрсетті. Атап айтқанда, 2008 жылы 15 желтоқсанда алғашқы “Еңбек Ері” атағын Алматы қаласындағы № 159 мектептің директоры, ұстаз Миразова Аягүл Төреқызына табыстады.
Білім беру саласындағы әрбір жаңашылдық, өнегелі өзгерістердің барлығы – Елбасының бастамасы мен үлкен қамқорлығының жемісі. 2008 жылдың 13 сәуірінде Мемлекет басшысы бір топ Мәжіліс депутаттарын қабылдаған еді. Оның құрамында білім беру саласының өкілі ретінде мен де болдым. Нұрсұлтан Әбішұлы біз көтерген, әсіресе әлеуметтік саладағы әрбір мәселені үлкен ыждаһатпен қабылдады.
Мемлекет басшысының жолдауларын іске асыру, тапсырмаларын орындау, белгіленген саяси ұстанымнан ауытқымау – бұлардың барлығы да Қазақстанның өркендеуінің кепілі ретінде көңілге нық сенім ұялатады.
Елбасымен әр кездесу барысы сайын мен оның ресми тұлғасы үшін таңырқай қараудан жалыққан емеспін. Өте қарапайым, мінезі жайдары ол кез келген тақырыпта ашық әңгімелесе алатындығымен тартымды. Алматы қаласының ұстаздары мен директорлар қауымы 2005 жылдың 5 қыркүйегін естерінде сақтап қалды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлымен болған керемет кездесулердің бірі еді. Әсіресе 9 сынып оқушылары үшін. Олардың тарих сабағына Президенттің өзі қатысқан еді.
Елбасының кездесу барысында, “Біз осынау он төрт жыл ішінде жаңа мемлекет қалыптастырдық. Қиыншылықтарды көрдік, кездескен ауыртпалықтарды қайыспай көтере білдік. Бұл орайда мен еліміздің барлық ұстаздар қауымына шексіз алғысымды айтамын. Сіздер елімізді аман-есен дағдарыстан алып шығу ісінде темір төзімділік таныттыңыздар. Үміттеріңіз бен сенімдеріңізді сақтай алдыңыздар” деген сөздері кездесуге жиылған қауымды ерекше күйге бөледі.
Олар Елбасының жүрекжарды тілегін, мейірімін, өздеріне деген сенімін сезінді. Сондықтан да олардың әрқайсысы “Бұл менің Президентім” дегенді үлкен мақтанышпен айта алады.
Гүлмира ИСІМБАЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
* * *
ЕЛБАСЫ АНТЫ
Елім,
Ерім деп маған
Төріңді бүгін бұйырттың,
Түндігін түріп, тұманын серпіп тұйықтың.
Тұнжырап жатқан
Далаңа тыныс бердің де,
Бойыңды билеп, көңліңді демдеп, ұйыттың.
Көзімді қадап көсілген шалқар бейнеңе,
Қазақпын деген мақтаныш қонар кеудеме.
Бабадан қалған тектілік тұрпат тіріліп,
Дарияда талмай ілесті көшке дәу кеме.
Елім, егемен болдық, елдіктің күйін шертетін,
Бұрауы келіп тұрғандай сазды перненің.
Алдыңда сенің мың мәрте тұрып бас ием,
Егемен елім,
Кеше мен Бүгін,
Ертеңім!
Жерім,
Бабадан қалған баянды байлық-мұрамсың,
(Қиястық қылсам,
Аталар, жауап сұрарсың).
Тулақтай жердің аялап ырыс-нәсібін,
Болмағым парыз тым аршыл.
Жаныңа сенің келтірмей мүлде кінәрат,
Алармын шара іс қылмау үшін бір ағат.
Барыңды базар етуге барды салармын,
Өмірде керек, әрине, сабыр, қанағат.
Қасиет сіңген,
Қара жер, сенің құлыңмын,
Қайқайған қылыш секілді қайсар ұлыңмын.
Қанына тартып жаралған қазақ баласы,
Қадірін білмек сыйлаған халқы тұғырдың.
Халқым, бұл үшін мың-мың өзіңе айтар алғыс-сыр,
Аялай берсін жүзіңді жарқын таңғы нұр.
Атағың сенің алысқа кетсе деп едім,
Жер-жаһан танып мәңгі бір.
Қайнарым сенсің, тұп-тұнық мөлдір бұлағым,
Шынарым да өзің, ұраным да өзің, шырағым.
Халқымның даңқы ғасырдан асып ғасырға,
Қазақтар десе бар әлем түрсе құлағын.
Өмірлік мақсат, нақ осы арман көксеген,
Болашақ ғұмыр боларға баян бек сенем.
Бұйырған бақ-тақ:
Еліме,
Жеріме,
Халқыма
Ақ адал қызмет етумен дәйім өтсе екен!!!
Ғалым ӘРІП, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Маңғыстау облысы.