Өнер адамдарының көбі мен саясатпен айналыспаймын деп жатады. Өзім де музыкант, сазгер болғаныммен, олардың бұл ұстанымымен келісе қоймаймын. Өйткені, біріншіден, сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады деген ұғым бар. Екіншіден, сен кім бол, қоғамнан тыс өмір сүремін деу қателік. Сондықтан өз басым елімізде болып жатқан елеулі оқиғалардан сырт қалған емеспін.
Соған орай, соңғы кездегі депутаттар бастамасымен көтерілген мәселеге байланысты елдің тарапынан айтылған пікірлерге құлақ түре жүргенім рас. Енді қалай болар екен деп күткенде Елбасымыз бұл мәселеге басқа қырынан келіп, кішілік танытты. Сонда көбіміздің басталған бастаманың жеріне жетпегені ме деп көңіліміздің қоңылтақсып қалғаны да шындық. Сондықтан республика Парламенті Сенаты мен Мәжілісі төрағалары және республика Үкіметінің басшысы бар жауапкершілікті өз мойындарына ала отырып, халықтың көңіліндегі ойды дөп басқандарына риза болдық. Сөйтіп, біршама талқыланған бұл мәселе ақыры дұрыс тиянақталды деп білемін.
Бұған дейін де Елбасы құрметіне түрлі мазмұнда ұсыныстар айтылған болатын. Бірақ Тұңғыш Президентіміз соның бәрінде кішілік танытып, қарапайымдылық қағидасынан аспаған-ды. Ал бұл жолғы ортақ тілек еліміздің құзырлы мемлекеттік билігі тарапынан қолдау тауып отырса, ол елдігіміздің, бірлігіміздің көрінісі деп білу керек. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңындағы бұл шешім – дұрыс шешім.
Ақынды бағалайық тірісінде демекші, кімнің болсын бағасын көзі тірісінде айта білейік, ағайын! Халқымыз да жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын деп жатады ғой. Ал осындай береке, бірлік бір тудың астында одан әрі топтаса түсуімізге септесетініне кәміл сенімдімін.
Қадыр ДОСЫМЖАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
СЕМЕЙ.
ХАЛЫҚ ҚАЛАУЫ МЕН БЕДЕЛ БИІГІНІҢ ҮЙЛЕСІМІ
Үстіміздегі 2010 жылдың 3 маусымындағы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың “Қазақстан Республикасы азаматтарына, Қазақстан Республикасының Парламентіне, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Саяси бюросына” арнауында айтылған ұсыныстар мен ой-тұжырымдарын оқып, саралай келіп, Елбасымыздың тек саяси көреген басшы, үлкен тұлғалы ұйымдастырушы, озық қайраткер ғана емес, парасат пен қарапайымдылықтың биік үлгісі де екендігіне шүбәсіз көз жеткізген едік. Өйткені, баршамыз теледидар мен баспасөз материалдарынан қанық болғандай, Елбасының алдына еліміздің Парламенті қабылдаған Тұңғыш Президент, Ел Басы туралы заңнамаға қол қою жөніндегі аса маңызды құжат жолданған болатын.
Аталған заңмен Елбасының ресми мәртебесін белгілеген Парламент пен осы бастаманы қолдау жөніндегі ондаған мың отандастарымызға – көп этносты Қазақстан халқына өзінің шынайы алғысын жеткізе отырып, Президент заңнамаға қол қоюдан бас тарту себептерін егжей-тегжейлі түсіндірген болатын.
Алайда, бұл заңнаманың ел ертеңі, халық болашағы үшін қажеттігін ескерген мемлекетіміздің Елбасынан кейінгі жоғары лауазым иелері – Қ.Тоқаев, О.Мұхамеджанов және К.Мәсімов өздерінің қолдарын қойып, тиянақтап, Конституциялық заң мен Заңның құқықтық әдептілігін және оның заңдылығына жауапкершілігін айғақтады. Сөйтіп, көп тілеуі қабыл болды. Осылай болуы тиіс те еді. Өйткені, тарих үшін қас-қағым сәт болып есептелетін өте қысқа мерзімде мызғымас шекарасы белгіленіп, әсем де көркем Астанасы бой көтеріп, әкімшілік жүйені тұтастай өзгертіп, әлемдік тәжірибеге сүйене, нарықтық экономиканың қазақстандық тамаша үлгісін қалыптастыра, тұрақтылықты сақтай, ұлтаралық татулық және дінаралық келісімді нығайта отырып, саяси-экономикалық реформаларды мүлтіксіз жүргізу кез келген елдің еншісіне тие бермейтін жетістік. Осындай жасампаз жаңғырулар нәтижесінде еліміз әлемдік қоғамдастық арасында өзінің лайықты әрі беделді орнын алып үлгерді. Әлбетте, мұның бәрі сарабдал көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесінде жүзеге асты.
Осы орайда еліміз ізгілікке, бейбітшілікке табандылықпен, бірізділікпен құлшына қадам басып, жаппай қарусыздануға үндеген бастамалары барлық елдер, Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қызу қолдау тауып, бұл үдерістер әлем жұртшылығы арасында жаңа серпіліс туындатты.
Ел үшін өте күрделі кезеңдердің өзінде жаңа, тың үлгідегі мемлекет құрып, экономиканы жаңа рельстерге бұру арқылы өзінің сара басшылығымен елді тұйықтан шығара білген Елбасы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде де тың идеялар мен жоспарлар жасап, ел көшін көрегенділікпен бастап келеді.
Қазір еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде, сондай-ақ бірқатар өңірлік ұйымдарға басшылық жасауда. Бұл істерде де Елбасы Н.Назарбаевтың беделі мен әлемдік деңгейде атқарған қызметі үлкен рөл ойнағаны күмәнсіз.
С. ОМАРОВ, Сарыағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
ТЕҢДЕССІЗ ШЕШІМ
Игі жақсыларын құрметтемеген елдің егемен болуы екіталай. Саясатын еліміздің мүддесін тұрақты қорғау тұрғысынан жүргізіп, толайым табыстарға жеткізіп келе жатқан Елбасын ардақтау тәуелсіздігімізді тұғырлы етудің бірден-бір жолы деп санаймын.
Еліміздегі жоғары лауазым иелері қол қойған заңнамаларды үлкен толқыныспен оқып шықтым. Орынды тиянақталған заңдар екеніне көзім жетті. Себебі, бұған толық негіз бар әрі Елбасының еңбегі орасан екені белгілі. Мәселен, ұлтымыздың арғы-бергі тарихында бізде бүгінгідей шекарасы шегенделген мемлекет болған емес. Қысқа уақыттың ішінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігі мен дана басшылығы арқасында Қазақстан әлемдік қоғамдастық санасатын зайырлы мемлекетке айналып үлгерді. Үлкен форумдар мен саммиттерде Елбасы алпауыт елдердің басшыларымен өзін әрдайым терезесін тең ұстайтыны біз үшін мақтаныш. Елбасын мұндай дәрежеге жеткізген құнарын тереңнен алған жеке басының тұлғалық алыптығы, өресі биік парасаты, дара кемеңгерлігі.
Саяси жүйесі әртүрлі мемлекеттердің басшылары арасында Нұрсұлтан Әбішұлын өзіне үлгі-өнеге тұтатындар көптеп саналады. Қай халық болса да осындай мәртебелі перзентке зәру десек, қателеспейміз. Қарапайым Қазақстан азаматы ретінде өз басым Елбасын адамзат тарихына әсер еткен ұлт көшбасшыларының жұлдызды шоғырына жатқызамын.
Нұрсұлтан Әбішұлының Парламент қабылдаған Тұңғыш Президент, Ел Басы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңнамаға қол қоюдан бас тартуы, әрине, парасатты шешім болған еді. Екінші жағынан, еліміздің ертеңі, болашағы үшін дәл осы заңнаманың қабылданғанын, жоғарыда да айтқанымдай, өте орынды, дұрыс шешім санаймын.
Қали ОМАРОВ, география ғылымдарының кандидаты, доцент, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ғылыми зерттеулерді үйлестіру бөлімінің бастығы.