Пікір • 11 Қыркүйек, 2024

Азаматтар қауіпсіздігі – басты мәселе

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында сөз басын депутаттардың өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізгенінен бастады. Айталық, Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданып, оның ішінде қоғамдық бақы­лауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдарды айрықша атап өтті.

Азаматтар қауіпсіздігі – басты мәселе

Осы ретте қоғамдық бақы­лау­ға қатысты ой қоса кетсем деймін. Жалпы, әлемдік тәжірибеге сүйен­сек, кейбір елдерде қыл­мыс көрсеткіштері жоғары, кейбірінде төмен. Ол енді бірінші кезекте қабылданған заңдарға, екіншіден, сол заңна­малардың жұмыс істеуін қада­ғалайтын тиісті органдарға да тіке­лей байланысты.

Елімізде қылмыс түбе­гейлі жойылды деп те айта ал­маймыз. Адам өміріне қол сұғу, жеке бас қауіпсіздігіне әсер ету фактілері бар. Сол себепті Мемлекет басшысы Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру Президент ретіндегі басты міндетінің бірі екенін атап өтіп, құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуді жүктеді. Ішкі істер министрлігі ұсақ бұза­қы­лық пен вандализмнен бас­тап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қыл­мыс­тарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті екенін нақтылап айтты. Яғни министрлікке бағытталған бұл тапсырманың астарында мем­ле­кет­тегі қылмыс әлемін құртып, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажеттігі тұр.

Егер бұл мәселеде құқықтық жағы­нан өзгерістер қажет болып, заң­намаларды қатайту керектігі туындаса, біз, депутаттар оған дайынбыз. Мәселен, есірт­кіге қатысты заңнама бо­йын­ша оны таратушыларға ғана емес, өндірушілерге де барынша қатаң жаза тағайындауды ұсынып отыр­мыз. Қазір таратушы да, жасаушы да бірдей баппен жазаланады. Шын мәнінде, негізгі мәселе оны дайындауда болып тұр. Міне, алдымен сол дайындаушыларды қатаң жазалау керек. Ал сол дайын өнімді таратып, діттеген жеріне жеткізіп жүрген – жастар. Көбіне солар ұрынады.

Тағы бір мәселе ретінде ауыр жазаны кейбір азаматтарға жеңіл­дету жайын айта кетуге болады. Яғни қателікпен, жастықпен, қысыл­ғаннан қылмысқа барып, ауыр жаза, ұзақ мерзім арқа­лап кетіп жатқандар да жоқ емес. Ал керісінше, қылмыстық әрекет­тер­мен үнемі әрі жүйелі түрде айналысып жүргендерге өте қатаң жаза қарастырылуы керек-ақ. Шешім әділ болуға тиіс.

Әскердегі өлім-жітім де алаң­да­тып отырғаны белгілі. Жалпы, біздің әскерде, кез келген күштік құрылымның әскери бөлімдерінде тәрбие мәселесі дұрыс жолға қойылу қажет. Оның үстіне қазіргі заңнама бойынша ата-ана өзі­нің баласы әскери міндетін өтеп жатқан бөлімге барып, оның тыныс-тіршілігімен, хал-жағдайымен таныса алады. Мұндай өзгеріске Үкіметтің қарсы болғанына қарамастан, де­путаттар өткен сессияда бұл нор­маны қабылдады.

Біз, расында, офицерлердің сар­баздарға деген көзқарасын өзгер­туіміз керек. Олар әскерге енді келген жас жігіттерді өзінің баласындай, інісіндей, жақын туысындай көргені жөн. Егер біз ол көзқарасты өзгерте алмасақ, жағдай осылай жалғаса бермек. Әрине, әскери жарғы, тәртіптің бұзылуына жол берілмеуі керек. Дегенмен ешбір ата-ана баласын әскерге ауру арқалап, мүгедек болып келсін деп жібермейді. Ел алдындағы азаматтық борышын өтеу арқылы отансүйгіштік тәрбиемен сусындап, үлкен мектептен өтіп, азамат ретінде қалыптасып келсін деп әскерге аттандырады. Сондықтан ол жақтағы оның ата-анасы, ағасы, ұстазы, тәлімгері офицер бол­мақ. Ал олар осыны түбегейлі түсін­бейін­ше біз ешнәрсе өзгерте алмай­мыз.

Министрден бастап, қор­ғаныс саласындағы барлық деңгей­дегі, әсіресе, тәрбиеге жауапты басшылар, командирлер осыны офи­церлердің санасына құюы керек. Заңмен бәрін түзей алмай­мыз. Ол мүмкін емес. Санаға, көз­­қарасқа өзгеріс қажет. Ендігі жерде тиісті органдар, мекемелер осы мәселе төңірегіндегі насихатты қолға алуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары да әскердегі әлімжеттік ісіне, офицерлердің сарбазға деген көзқарасының дұрысталуына кө­бірек қалам тербегені жөн. Қоғам­дағы белсенді азаматтар да бұл елдік деңгейдегі істен шет қал­ма­ғаны жөн.

 

Еділ ЖАҢБЫРШИН,

Мәжіліс депутаты