Үкімет • 03 Сәуір, 2025

Кибералаяқтықпен күресті күшейтетін кез келді

54 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Атап айтсақ, депутаттар инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша түзетулерді, сондай-ақ күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қос заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Кибералаяқтықпен күресті күшейтетін кез келді

Инновациялық жобалар біріктіріледі

Алдымен «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының кейбір заңнама­лық актілеріне инновация­лық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев таныстырды. Министр заң жобасы «Инновациялық технологиялар паркі» қорын қайта ұйымдастыру туралы шешімді іске асыруға бағытталғанын және Азаматтық, Кәсіпкерлік кодекстеріне және сегіз бейіндік заңға өзгерістер енгізуді көздей­тінін жеткізді. Сондай-ақ барлық бастама төрт негізгі бағыт бойынша жүйеленген.

– Бірінші блок – «Astana Hub» және «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының функцияларын бір жерде шоғырландыруға бағытталған. Мемлекеттік қол­даудың шараларын «Astana Hub» инновациялық кластерлік қорына беру ұсынылады, бұл эко­жүйенің тиімділігін күшей­теді. Заң жобасының мақсаты – IT-салада жоғары нәтиже көр­сеткен «Astana Hub» үздік тәжі­рибелерін біріктіру ғана емес, сонымен қатар масштабтау. Мықты команда және жаһандық брендтермен серіктестік есебінен біз толыққанды IT-экожүйені құрдық, – деді Ж.Мәдиев.

Жалпы, мемлекеттік қолдау құралдарын оңтайландыру үшін «Инновациялық технология­лар паркі» мен «Astana Hub» біріктірілетін болды. Яғни заң жобасы бірыңғай инновация­лық клас­тер құру және оған қа­­тысу­­шыларды қолдауды кеңей­­ту арқылы инновациялық қызмет жағда­йын жақсарту үшін әзірленген. Бұл ретте олардың қатысушылары үшін бірыңғай құқықтық база мен ортақ преференциялар жасалады. Мысалы, бүгінде жер қойнауын пайдаланушылар өндірістік шығындары­ның 1 пайызын «Инновациялық технологиялар паркі» инновация­лық клас­теріне қатысушылардың жобаларын бағыттауға құқылы.

Бүгінгі таңда 1,5 мыңнан аса IT-компания – «Astana Hub» технопаркінің қатысушысы. Бұлар Қазақстан бойынша 28 мыңнан аса жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, Playrix, Mytona, NetCracker және басқа да құны 1 млрд доллардан асатын жетекші жаһандық технологиялық компаниялар, сондай-ақ табысты отандық стартаптар – Alaqan биометриялық төлем жүйесі (100 мың пайдаланушы), EdTech CodiPlay стартапы (бүкіл әлем бойынша 600 мектепті қамтиды), блокчейнмен басқарылатын смарт тақталарды әзірлеуші Citix (Түркия мен Таяу Шығыс нарығына шықты) және басқалар. 2019–2024 жылдар аралығында технопарк қатысу­шылары бюджетке 5,5 млрд теңге салық төлеген.

 

Тиімді «бірыңғай терезе»

Заң жобасының өзге де нормалары ұлттық инновациялық жүйенің «бірыңғай терезе» арқылы инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ету рәсімдерінің ашық­тығын арттыруға бағыттал­ған. Қолданыстағы «Ақпараттан­дыру туралы» заңда тиісті тұжы­рымдама қарастырылған. Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесі жер қойнауын пайдаланушылар мен инноваторларға Ғылыми зерттеу және тәжіри­бе­лік-конструкторлық жұмыс жобаларын және стартаптарды қар­­жы­ландырудың басқа да бағ­­дар­­ламаларын іске асыруға мүм­кіндік береді. «Бірыңғай терезе» жер қойнауын пайдалану­шы­­лардың қаражатын бөлу мен игеру­­дің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Заң жобасын талқылау кезін­де кей депутат негізгі тақы­рып­­тан ауытқып, бүгінде азамат­тар­дың әбден мазасын алып, талай қаржысын қолды қылған кибер­а­лаяқтар туралы да атап өтті. Деген­мен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов кибералаяқтықтың да мәселесін майшаммен бөлек қарау керектігін жеткізіп, еліміз­де жүргізіліп жатқан шараларға қарамастан киберқылмыстар әлі де толастамай тұрғанына назар аударды.

– Кибералаяқтықпен күрес­ті күшейтіп, қылмыстық жауап­кершілікті барынша қатаң­датуымыз керек. Сондықтан заңды күшейтпей халыққа қолай­сыздық туғызып отырған алаяқтардың әрекетін тоқтату мүмкін емес. Оны біз дұрыс түсінуіміз керек. Біздің тиісті комитетке шұғыл түрде тиісті заңның жобасын дайындауды тапсырамын. Ол жұмысқа жаңа ғана бастама көтерген депутаттар да атсалысады деп ойлаймын, – деді Е.Қошанов.

 

Күзет компанияларына – қатаң талап

Сондай-ақ бұдан былай күзет компаниялары өз қызметін тоқтатқан соң иелігіндегі қаруды ішкі істер органына сақтауға тапсыруға міндеттелмек. Бұл туралы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған депутат, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жарқынбек Амантайұлы мәлімдеді.

Баяндамашы заң жобасы күзет қызметтерін көрсететін және қызметтері қарудың көмегі­мен жүзеге асырылатын субъек­тілерді мемлекеттік бақылау мәселелерін жетілдіру мақ­сатынд­а әзірленгенін атап өтті. Сон­дай-ақ бұл құжат күзет қыз­мет­терін көрсету сапасын арт­тыруға және күзет қызметін кәсіп­керлік қызмет түрі ретінде одан әрі дамытуға ықпал етпек.

Ж.Амантайұлы түзетулердің екінші блогі қару иелері мен күзет қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталғанын жеткізді.

– Енді қару иелері – заңды тұл­ғалар өз қызметін тоқтата тұр­ған жағдайда 15 жұмыс күннің ішінде қару мен оның патрондарын ішкі істер органдарына сақтауға тапсыруға міндетті болады. Жеке күзет ұйымдары қызметтік қару мен арнаулы құралдарды сатып алуға құқығы бар. Сонымен қатар азаматтық және қызметтік қаруды пайдаланушыларға атыс даярлығы бойынша практика­лық сабақтар жүргізетін мамандан­дырылған оқу орталықтарының да атыс қаруын, оның ішінде ойық ұңғылы қару сатып алуға құқығы бар. Осылайша, бұл норма қаруды қылмыстық мақсатта пайда­ланбау және ұлттық қауіп­сіз­дікке төнетін қатерді болғызбау үшін енгізіледі, – деді депутат.

 

Қарулы пранк қоғамды мезі қылды

Мәжіліс депутаты Елнұр Бей­сенбаев құқық қорғау орган­дарының арнайы киімін киіп алған адамдардың пранк ұйым­дас­­тырып, ойына келгенін істей­тін еркеліктері үшін жауап­кер­шілікті күшейту туралы мәселе көтерді.

– Әлеуметтік желіде құқық қорғау органдарының формасын киген, қаруланған бейтаныс азаматтар тосыннан туған күн кешіне, мерейтойларға кіріп барып, сондағылардың қолдарын қайырып жатады. Соңынан барып мұның бәрі пранк екенін айтады. Бұл әрекеттер расында біздің қоғамда тәртіптің жоқтығын көрсетеді. Оған қоса олар соттың, прокуратураның, антикордың әлдебір санкциясын оқып, психологиялық соққы беріп, жұрттың зәресін алып жүр. Бізде мұндай әзіл пранктың артында күзет компаниялары тұр деген де ақпарат бар. Яғни олар қосымша табыс тауып жүр. Қоғам қазір әлеуметтік желіде бұлардың әрекетіне наразылық білдіріп, қызу талқылап жатыр. Себебі олар қару қолдануға, осындай операцияларға әбден машықтанған кәнігі кәсіби қызметкерлер екені көрініп тұр. Қысқасы, олар арнайы форманы қалай алған? Оларға қандай жауап­кершілік жүктелген? Мұн­дай пранктер бойынша заң ая­сында қандай да бір шаралар жүр­гізіліп жатыр ма? – деп депутат сұрағын Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепехаға қойды.

Дегенмен министрлік өкілі олардың әрекетін аса бір кәсіби деңгейде деп айтуға келмей­тінін атап өтті. Екіншіден, полицейлердің арнайы формасы кез келген әскери киімдер сататын дүкендерде еркін сатылып жатқанын айтты.

– Рас, кезінде біз қызметкер­лерді формамен қамтамасыз ете алмаған жылдары дүкендерден сатып алатынбыз. Ал қазір бізде ондай проблема жоқ. Бірақ дүкен­дерде әлі сатылып жатыр. Егер формаларды пайда табу мақ­­сатында қолданса, онда жауап­­кершілікке тарта аламыз. Әрине, сіз айтып отыр­ған мәсе­леде құқықтық нем­құрай­ды­­лық бар екені рас. Біз осы бағыт­та мәселені бірлесе талқылау­ға дайынбыз. Егер де пранк кезінде қандай да бір бұзақы­лық әрекеттер тіркелсе, біз шара қол­дануға әзірміз, – деді И.Лепеха.

 

Сақтансаң – сақтайды

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек елімізде күннен-күнге өр­шіп келе жатқан цифр­­лық алаяқ­тық мәселесіне назар

аударып, еліміздің Бас проку­роры Б.Асылов пен Қаржы нары­ғын рет­теу агенттігінің төр­аға­сы Мәдина Әбілқасымоваға депутат­тық сауалын жолдады.

– Бүгінгі таңда жалпы қылмыс құрылымында алаяқтық жетек­ші орынға шықты. Оның үстіне барлық жағдайдың жартысы интернетте болып жатыр. Кейінгі 5 жылда алаяқтық әрекет­тер саны 1,5 есеге өскен. 2024 жылы интернет-алаяқтықтың 22 мыңнан аса оқиғасы тіркеліп, одан келген шығын шамамен 45 млрд теңгені құрады. Бұл ретте онлайн-алаяқтықты анықтау көрсеткіші небәрі 36%-ды құрайды, – деген депутат адамдардың құжаттарын қолды қылып, түрлі алаяқтық жолмен несие алу жағдайларының көбеюі ерекше алаңдаушылық тудырып отырғанын жеткізді.

Ал Еділ Жаңбыршин еліміздің ішкі саясатына тікелей аралас­қан сыртқы күштердің жұмысы­на қатысты мәселені Премьер-министр Олжас Бектеновтің қаперіне салды. Оның айтуынша, кейінгі он жылдықта Қазақстанның ішкі саясатына ықпал ету үшін USAID-тен 150 млн доллардан аса қаражат бөлініпті.

– Бізде шетелдік грант «емізігіне» отырып алған кей­бір үкіметтік емес ұйымдар көбі­несе түймедейді түйедей қылып, негативті теріп-жинап, кура­торларына өтірік есеп беріп, «ойбай бұл елде адам құ­қығы тапталған», «сөз бостан­дығы шектелген», «сіздер араласпа­саңыз­дар құр­дымға кетудің алдында тұрмыз» деп байбалам салады. Оларға Қазақ­станның жақсарғаны емес, шай­қалғаны пайдалы. Себебі жеке басының пайдасына, яғни «гуманитарлық бизнес­теріне» қаржы керек, – деген Е.Жаңбыр­шин Үкімет тез арада қолға алуға тиіс шараларды тізіп берді.

Депутат Жанарбек Әшім­жанов Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ха­лықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар көптеген елдің ішкі ісіне негізсіз араласқанын атап өткенін жеткізіп, өзекті мәселеге тоқталды.

– Расында да, кейінгі жылдары әлеуметтік желілерде ұлт­тық құндылықтарымызға жат құбылыстарды, ЛГБТ-ны насихаттайтын ұйымдардың белсенді әрекеті иманымызды үйіріп, жанымызды шүберек­ке түюде. Әсіресе олар TikTok, өзге де платформалар арқылы өскелең ұрпақты азғындыққа үгіттеп жатыр, – деген ол сауалын Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдады.

Сондай-ақ депутат Ермұрат Бапи «Мемлекеттік туды қорлау – бүкіл халықты, тұтас мемле­кет­ті қорлау!» деп қор бол­ған мемлекеттік рәміз мәселесін көтерді. Жуырда ғана Атырауда бет-аузын тұмша­лап, қара жамылған төрт қыз мұзай­дынында өткен спорттық жарыс кезінде еліміздің көк туын ұстап түскен сурет әлеуметтік желілерге кеңінен тарап кетті. Олардың қолындағы мемлекеттік тудың бетіне араб жазуы мен араби қылыштың сұлба-суреті салынған. Атырауда болған осы оғаш оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып, азаматтардың ашу-ызасын тудырғанын айтқан депутат Бас прокурор Берік Асыловқа сауалын жолдап, оны ұйымдастырушыларға қатаң жаза қолданылуға тиіс екенін жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар

Тазылар тартысқа түсті

Аймақтар • Кеше