Қазақ баласының халықаралық аренада жүріп, аса маңызды қызметтер атқаратыны қазір таңсық емес болғанымен, Еуроодақтың атқарушы органы – Еурокомиссияда экономикалық мәселелер жөніндегі сарапшы болып, елден тысқары жерде жұмыс істейтін қазақ тіпті де көп емес. Соның бірі – Ерғали ДОСМАҒАМБЕТ. Біз онымен шетелдік сапарлардың бірінде кездейсоқ ұшырасып, сыр тартқан едік.
– Ереке, мұхитта жүзген кеме секілді үлкен айдында жүрген маман екенсіз, әлемдік экономикалық дағдарыс туралы айтып берсеңіз... Оның алдын алуға әлемдік ақыл-ойдың өресі неге жетпей жатыр осы?
– Экономикалық дағдарыстар нарықтық экономиканың табиғатына тән құбылыс, сондықтан оған үрке қараудың қажеті жоқ. Дағдарыс болса, оның арты дамуға ұласады. Әрине, оның да өзіндік түрлері мен себептері көп, соның ішінде қаржылық дағдарысты біз алғаш рет 90-шы жылдардың аяғында бастан кешірген едік. Мұны ақшаның ақша табу қабілеті өзінің мүмкіндігінен асып кеткендігінің салдары деп айтуға болады. Қарапайым сөздермен түсіндірер болсақ, банктер ақшаларын үстеме ақша табу үшін несие түрінде шектен тыс таратқан. Бірақ ол ақша экономикадағы түрлі себептердің салдарынан өз уақытында үстемемен шыға алмай, малтығып қалды. Банкрот болған несие алушылардың кесірінен жалпы “қаражат эпидемиясы” (fіnancіal contagіon) туындап, ол барлық салаға жайылады. Банктердің өзі де көбейіп кеткен банкрот клиенттердің кесірінен ақыры қаржылық дағдарысқа ұшырады. 90-шы жылдардың аяғында осындай дағдарыс Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде болғанда біз де оған ұшырастық. Сол эпидемия біздің елдеріміздің экономикасына да теріс әсерін тигізді. Елімізге валюта енгізетін ең негізгі көз – мұнайдың бір баррелінің бағасы 8-9 долларға дейін құлдырап кетті. Көршіміз Ресей экономикасына да бұл қатты тигенін білесіздер. Сол жылдары оның экономикасында да үлкен дағдарыс болды. Жалпы, экспорттың статьялары валюта әкелетін көз ретінде тек ресурстар бағасына тәуелді болғанда қаржы эпидемиясынан құтыла алмайды. Оның үстіне жаһандану жағдайында экономикалар да бір-бірімен тығыз байланысқан ғой. Сондықтан, эпидемиядан аман қалу оңай емес. Сіздің сұрағыңызға байланысты айтатын болсам, қазір ақпараттық-коммуникациялық құралдар (оны қысқа сөзбен “АКТ” деп те атайды, ол – ақпараттық-коммуникациялық технология деген сөз) өте жақсы дамыған. Дағдарыстың алдын алуға әсер ететін құрал ретінде осыларды пайдалануды қазір әлемдік эксперттер қатты қолға алуда. Оның экономиканың қабілеттілігін арттыруға және инновациялық дамуға қосатын рөлі үлкен. Міне, қазір әлемдік мамандар осы төңіректе қатты ойлануда, мен де соған маманданудамын.
– Қазіргі Қазақстан экономикасының даму бағытын маман ретінде қалай бағалайсыз?
– Менің ойымша, экономикалық даму бағдарламасы жан-жақты ғылыми зерттеулермен қамтамасыз етіліп, сараптамалық ортада барынша талқыланып болған соң ғана бекітілгені дұрыс. Қазіргі таңдағы Қазақстанда экономиканы әртараптандыру бағытында жасалып жатқан ұмтылыстар өте дұрыс. Экономиканың дамуы тек шикізатқа байланып қалмау керек. Ондай елдердің экономикасын “ресурстық экономика” деп атайды. Ал ресурсты экономикалы Қазақстанда белсенді қызмет ететін халықтың тек 2,5 пайызы ғана осы секторда жұмыс істейді. Қалған 90 пайызының ресурсқа қатысы жоқ. Оларға қызмет көрсететін секторлардың өнімі экспортқа шыға алмайтыны белгілі. Бізде соңғы кезде осы ішкі сектор қатты дамыды. Соның ішінде құрылыс, оны қаржыландыратын банк институттары, қаржыландыру, несие беру табиғи қалыбынан тыс қатты шырқады. Негізі, осының арты қайда соғатыны экономистерге алдын ала мәлім еді.
Қазақстан соңғы жылдары шикізат бағасына тәуелділікті кемітуге ұмтылып жатыр. Ол үшін экономиканы әртараптандырып, ресурстық емес секторды дамыту қолға алынуда. Мұнай бағасы қазір 65-70 доллар болып тұр. Жорамалға қарасақ бұл баға әлі де көтеріледі. Осыған байланысты біздің ІЖӨ қазір Шығыс Еуропа елдері деңгейіне жетіп қалды. Ал шын мәнінде біздің экономика олардан көп төмен. Өйткені, олар бізге қарағанда ресурстық экономика емес. Мысалға, чех мемлекетінің экономикасын алатын болсақ, оларда көптеген өнім көздері бар, соларды экспортқа шығару арқылы олар экономикасын оңалта алады. Жұмыс орындарын ашып, еңбек өнімділігін арттыра алады.
– Дегенмен, біз секілді ресурстық экономикасы бар кейбір араб елдері, атап айтқанда, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт сияқты елдер қатты дамып отыр ғой...
– Оларда да сервистік экономика өте қатты дамыған. Дегенмен, әр экономиканың дамуында сол елдің өзіне тән ерекшеліктері бар. Мәселен, технологиялық жағынан дамыған елдерге географиялық жағынан жақындылығы, теңізге шыға алуы, адами ресурстарының қабілеттілігі және тағы да басқа факторларға байланысты.
– Экономиканы әртараптандыру бағытын жеделірек, тиімдірек жүргізу үшін қандай шаралар керек деп ойлайсыз?
– Ғылымға үлкен көңіл бөлу керек. Бізде бұл сала ақсап қалғаны жасырын емес. Қазір ғылыммен айналысып жатқандар енді бір 5-10 жылдан кейін зейнет демалысына кететін адамдар. Орта буын дағдарыс кезінде ғылымнан қол үзіп, күнкөрістің қамымен базарға шығып кетті. Сондықтан ғылым саласында осы жерде үлкен ақтаңдақ болайын деп тұр. Соның орнын жастармен жедел толтыру үшін ғылымға қаражат көбірек бөлініп, талантты жастарды осы салаға тарту керек. Ал ғылымсыз жоғары технологияны игеру, ал онсыз экономиканы әртараптандыру мүмкін емес. Біз әзірше өздігімізден жоғары технологиялар жасай алмаймыз, тек дайынды сатып алып, меңгеруіміз керек. Олар негізінен АҚШ, Жапония және Еуроодақ елдерінде. Оларды жұмысқа қоса алатын мамандар мәселесі ендігі жердегі ең үлкен проблема. Жастарды сол елдерге жіберіп, оқытып алудың маңызы осында. Президенттің бастамасымен қолға алынған “Болашақ” бағдарламасының мәні өте зор. Жалпы, қазақ жастарының білімге деген ұмтылысы үлкен, осының өзі үлкен ресурс. Ал мұндай елдің болашағы зор болатыны сөзсіз.
– Қазақстан экономикасын әртараптандыруда Қытай факторының рөлі қандай деп ойлайсыз?
– Қытай факторы Қазақстан экономикасына тікелей әсер етеді десем артық емес. Жалпы, Қытай экономикасы иммитациялы экономика. Бұл сөз көшіріп алу дегенге саяды. Мәселен, бір елде жақсы аппарат, немесе сұранысқа ие өнім, тіпті жоғары технология шықса, Қытай оны сатып алып, дәл сондай қылып көшірмесін көптеп шығара қояды. Бұған оның мүмкіншілігі молынан жетеді және қытайлықтардың өнімі өте арзан болады. Өйткені, өзіндік құны төмен, соның ішінде еңбекақы төмен. Сондықтан ол бәсекелестікте оригиналдың өзін жеңіп шығады. Жалпы, Қытаймен қандайда бір сұранысқа ие өніммен, әсіресе күнделікті қажетті уақ-түйек өнімдерімен бәсекелесу мүмкін емес, олар өздерінің арзан бағасымен кез келген өндірісті банкротқа ұшырата алады. Ол тіпті қазір азуы алты қарыс дейтін АҚШ-пен де бәсекелесіп отыр. Жақында Мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон бастаған АҚШ делегациясы Қытайға юаньның долларға шаққандағы курсын анықтауға барды. Қытай экономикасы жоспарлы реттеліп отырады. Қытайдың ұлттық банкі экспортты ынталандыру үшін юаньның курсын жасанды түрде барынша төмендетіп отыр. Бұл экспортты ынталандырумен бірге импортты тежеуге барынша қолайлы. Сондықтан басқа елдер бұған өздерінің наразылықтарын білдіруде. Біздің экономикамызды әртараптандыруға кедергі жасайтын да осы Қытай факторы. Кеден одағы осыған қарсы жасалып жатқан әрекет деп ойлаймын. Бізге өзіміздің өндірушіні ынталандыра алатын аймақтық рынок керек. Кеден одағы аумағына сырттан келетін тауарлардың тарифтерін көтеру арқылы ішкі тауарөндірушінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға болады. Сондықтан бұл шараның мақсаты дұрыс деп ойлаймын. Сонымен бірге, өндірісті бұрынғы Кеңес Одағы үлгісімен жандандыруға болатын сияқты. Бұрын бізде ауыр индустрия да, жеңіл өнеркәсіп, т.т. бәрі де болды ғой. Кеден одағының шеңберінде жоғары, жаңа технологияларды пайдалана отырып, осындай өндірістерді жандандырса, экономиканы әртараптандыру деген сол болар еді деп ойлаймын. Осы жердегі барлық мәселе жоғары технологияларға тіреледі. Оны біз бәрібір сырттан аламыз. Ал оны меңгеретін мамандарды шетке шығарып оқыту керек және олардың алған білімдерінің қайтарылымы жоғары болу жағын қадағалау керек. Сонда ғана біз көптен айтылып жүрген инновациялы экономикаға көше аламыз. Кейбір ғалымдар біздің де Қытай сияқты иммитациялы экономика кезеңінен өтуіміз қажеттігін айтады. Қазір Қытай кейбір салаларда иммитациялы өндірістен өтіп, инновациялық, аса жоғары технологиялы құрал-жабдықтар да шығарып жатыр, мәселен, медицина саласында.
Бірақ, оны өтпей-ақ инновацияға жетуге болатын сияқты. Оған біздің ел жастарының білімге құштарлық әлеуеті, қабілеті жол ашуға тиіс, тек соны қолдай білу керек. Қазір Үндістан да инновациялы экономика жасап жатыр, олар да иммитация кезеңінен өткен жоқ. Сондай-ақ Кеден одағы шеңберінде өзіміздің дәстүрлі өнімдерімізді, соның ішінде ет өндірісін барынша жандандыруға болады деп ойлаймын.
– Үндістан туралы айтып қалдыңыз, осы ел экономикасының ерекшелігі қандай? Біздің білуімізше, ол экономикалық тұрғыдан барынша мешеу қалған аймақ секілді еді...
– Оныңыз рас, Үндістан кедей ел. Бірақ ол факторы ерекше мемлекет. Үндістан – англофонды қоғам. Олардың білімге құштар жандары ешқандай тілдік немесе басқа да кедергісіз Еуропа мен АҚШ-тың оқу орындарына түсе береді. Олардың мектептерінің бағдарламасы да солардікіне сәйкес жасалған. Қазір білімге ұмтылатын үнді жастарының бәрі сыртта жүр. Олар білім алумен қатар, жоғары технологияны меңгеріп, елдеріне келген соң мемлекет сатып алған оларды емін-еркін іске асырып кете береді. Жас кезінде азаматтар шетелге баруға ұмтылып тұрады. Мұны елден кету деп қорықпау керек. 40-45 жасқа келген соң адамдардың өз отандарына қайту тенденциясы басталатынын миграциямен айналысатын мамандар бақылап отыр. Мұндайды ағылшынша “брейн гейн” (braіn gaіn) дейді екен, мағынасы милы, ақылды адамдардың кейін қайтуы. Ал милардың сыртқа ағылуын ағылшынша “брейн дрейн” (braіn draіn) дейді. Үндістанда қазір “брейн гейн” жақсы дамып келеді. Онда инновациялық экономиканың қатты дамып келе жатқаны осы процестің арқасында болып отыр.
– Өкінішке қарай, біз англофонды қоғам емеспіз, орыстілдес елміз, шет ел дегенде біз Ресей оқу орындарына ғана батыл бара алатын едік. Бірақ қазір олардың үлкен қалаларында өріс алып келе жатқан ұлтшыл, скинхедтік қозғалыстан жасқанып, бару қаупі үлкейіп отыр. Осындай жағдайда біздің жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Дұрыс. Менің кеңесім қазақ жастары француз тілін үйреніп, Франция жоғары оқу орындарына барулары керек. Өйткені, бұл елдегі оқу әлі күнге тегін және онда шетел тілі ретінде ағылшын тілін үйретеді. Сондықтан Францияда оқыған адам маман болумен қатар, ағылшын тілін де меңгеріп шығады. Жалпы, Еуропада көп тіл білгендік үлкен мәдениеттіліктің критерийі. Біздің отбасымыз төрт тілде сөйлей аламыз, ал үлкен ұлым 7-ші тілді үйренуде. Англияның ЖОО-ларындағы оқу ақылы және сырттан келетіндерге оқу бағасы өте жоғары. Ал англофонды елдерге қарағанда Франция білімінің сапасы кем емес және әлдеқайда тиімді. Қазақстанда Францияның “Альянс-Франсез” атты ұйымдары Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында бар, соларға шыққан адам толық мағлұматтар ала алады.
– Енді оқырмандарға өзіңіз туралы да айта кетсеңіз...
– Мен Атырау облысының тумасымын, биыл жасым 50-ге толды. Алматыдағы РФММ-ді қазақша өте жақсы бітіріп, 1977 жылы Мәскеудегі П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінің математика факультетіне түсіп, оны 1983 жылы бітірдім. Сол жылы француз тілінің аудармашысы мамандығын да алып шықтым. Одан Алматы Халық шаруашылығы институтында оқытушы, Ұлттық банкте басқарма бастығы болып істедім. Уақыт талабына сай 1996 жылы Францияның Аверн университетіне мастерлік бағдарламаға оқуға кеттім. Екі жылдан кейін елге келіп, Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметінде болдым. Одан Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде телекоммуникацияны реттеу департаментінің бастығы болдым. Бірақ, маған шенеунік немесе бизнесмен болудан гөрі ғалым болу артық болды да тұрды.
Сол себепті Аверн университетіне 2005 жылдың күзінде докторантураға түсу мақсатымен қайта оралдым. Ғылыми диссертациямды ағылшын тілінде жазып, халықаралық жюри алдында 2008 жылы жоғары бағамен қорғап шықтым. Сөйтіп, Француз Республикасының экономика ғылымдарының докторы ұлттық дипломын алдым. Қазір Париждегі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымында сарапшы болып істеймін. Сонымен бірге, Еурокомиссия сарапшы ретінде жұмысқа тартып тұрады. Мен үшін ең бастысы – экономиканың халықаралық деңгейдегі маманы ретінде танылу. Ғылыми еңбектерім Германия, Франция, Тайвань және Испания мемлекеттерінде болған халықаралық конференцияларда жарияланды. Қазір, жоғарыда айтылған “брейн гейн” қағидатын жеке тұлға ретінде іске асырудамын. Елімізге экономист маман ретінде жұмыс істеп, Қазақстан экономикасының дамуына өз үлесімді қоссам деген мақсатым бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, “Егемен Қазақстан”.