03 Шілде, 2010

ЕЛІМЕН ЕТЕНЕ ЕЛБАСЫ

566 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

ҚАЗАҚТЫҢ БАҒЫНА ТУҒАН

Өткен жылдың мамыр айында Аста­наның Салтанат сарайында 80 жылдық мерейтойымды атап өттім. Осы жердегі тойыма Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі келіп, жылы рәуішті сөздермен құттықтауы, дастарханымнан дәм татуы менің мерейімді қаншалықты асырғанын айтып жату артық болар. Сонымен бірге мұның өзі “Ұлық болсаң, кішік бол” дейтін бабаларымыздың дана дәстүріне Қазақ елі Президентінің адал­дығын және бір айғақтап тұрғандай еді. Нұрсұлтан Әбішұлының өзіме деген осындай ерекше ілтипаты мені осынау дара тұлғалы қайраткер туралы толға­нысты ойларға жетеледі. Ол кісіні қыз­мет бабында біле бастағаныма отыз жыл­дың жүзі болыпты. Әсіресе, соңғы ширек ға­сыр­дай уақытта өмір жолдары­мыз тығыз тоғысып, бір мақсат, бір мүдде жолында үнемі үзеңгі жолдас болып, қанаттас, қатарлас қалыпта еңбек етіп келдік. Кеңес заманында Нұрекең Ми­нистр­лер Ке­ңесінің төрағасы, мен Жо­ғарғы Ке­ңестің төрағасы болып респуб­ликаны се­рік­тесіп, қолдасып бірге басқардық. Одан тәуелсіздікке біртіндеп өтудің қиын кезе­ңінен бастап еліміздің Тұңғыш Прези­ден­тінің командасынан аумай, ауыт­қы­май келе жатқан, көненің көзіндей сыйлас әрі пікірлес, кәусар көңілдің кіршіксіз тұнығымен шынайы ұғынысқан тілектес ағаларының бірімін. Әлбетте, мемлекетіміздің мерейі, ұл­ты­мыздың мұраты, көпұлтты Қазақстан халқының бақыты жолындағы сындарлы кезеңдерде дәйім ұлы міндет пен ұшан парыз арқалаған ардақты Елбасымыздың қасынан табылуымды тағдырдың маған бұйыртқан ерекше сыйы деп білемін. Осы ретте әркез Нұрсұлтан Әбішұлы та­ра­пынан мейірлі қамқорлық пен ыстық ықыласты, ізетті қолдауды сезініп отыр­ғанымды атап айтсам, артық болмас. “Жақсыдан – шарапат” дегендей, ол кезде Көкшетау облыстық партия коми­тетінің бірінші хатшысы болып жүрген маған Жоғарғы Кеңес төрағалығы ұсы­ныл­ғанда, көңілдегі күмән, дүдәма­лым­ды сейілтіп, осы өкілетті билік ба­сындағы биік лауазымды қызметке нық сеніммен бекініп баруыма Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей шарапаты тиіп еді. Осы арада айтпай кетуге болмас тағы бір жағдай, 1989 жылдың 12 мамырында, алпысқа толған күнімде берілгелі тұрған орденді Колбин бергіздірмей, мерей жастағы тиесілі ресімді марапаттан қа­ғып, Мәскеудің ауруханасында жалғыз­сырай мұңайып, ұнжырғам түсіңкіреп жатқанымда Алматыдан ұшып Нұрсұлтан Әбішұлының келуі мен үшін ұмытыл­майтын бір ғажайып жақсылық болып еді. Жаймашуақ лебізімен, риясыз құт­тық­тауымен жанымды жадыратқан сол бір демеуді, қиын кездегі азаматтық сергектік бейілді қазірге дейін әрдайым алғыспен еске алып отырамын. Көп ұзамай Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Н.Ә.Назарбаевтың еңбекті бағалап, сенім көрсетіп, ілтипат білдіріп отыруы мерейді өсіріп, жігер­лендіре түсетін. Ол кісі еліміздің күрделі мәселелерін шешуде ынтымақтастықпен бірлесіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың қажеттілігін өз үлгісімен ұқтыра білді. Осы абзал қасиеттерден тараған шуақ біздің бойымызға да күш-қуат болып құйылатын. 1990 жылдың наурызында Мәскеудегі сияқты, Алматыда да заман талабына сәйкес билікті шоғырландыру шаралары іске асырылды. Осы орайда өзіміздің Орталық комитеттің Бюросы өткізіліп, аталмыш мәселе қаралғанда мен бірінші сөз алып, Қазақстан Компартиясы Ор­талық комитетінің бірінші хатшысы мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметтерін біріктіру жөнінде айта келіп, осы екі қызметті қосып атқаруға Нұр­сұлтан Назарбаевты ұсындым. Себебі, Қазақстанда сол кезде қалыптасқан ахуал, Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен саясаткерлік және қайраткерлік тұлғасы, халық алдындағы, Одақтағы зор беделі, толып жатқан басқа да жақсы қасиет-қабілеттері осындай бірден-бір дұрыс шешім қабылдауға сұранып тұрды. Сөй­тіп ол ертеңіне шақырылған сессияда Жо­ғарғы Кеңестің төрағалығына бір­ауыздан сайланған еді. Нұрсұлтан Әбішұлымен жолымыз бұдан соң да ажырамады. Мамыр ай­ында мен Қазақстан Президентінің мем­ле­кеттік кеңесшісі болып тағайы­н­далдым, сондай-ақ Президенттік кеңес құрамына енгізілдім. Ал 1991 жылдың қараша айында менің қоғамдық қызме­тімнің жаңа кезеңі басталды. Елбасы осы тұста шақырып, республиканың арда­гер­лер ұйымын басқаруға ұсыныс жасады. Осы қызметті жиырма жылға жуық абырой­мен атқарып, тек өткен жылдың жазын­да ғана денсаулығым сыр беруіне байланысты өз өтінішіммен демалысқа шыққандығым жұртшылыққа белгілі болар деймін. 75 жылдығым тұ­сын­да қадірменді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның: “Мақа, енді жағыңыз саудырап түсіп қалғанша осы отырған орныңыздан тапжылмай, ардагерлерімізді басқарып, ел-жұртымыздың бас ақсақалы болып отыра беріңіз” деп әзіл-шыны аралас күлімсірей қалжыңдағанын да маған деген құрмет деп білдім. Осы жылдар ішінде екі Президент сай­лауында өз қалауы бойынша Нұр­сұлтан Әбішұлының сенімді өкілі бол­дым. 1999 жылдың қаңтарындағы Пре­зидент сайлауында Нұрсұлтан Әбішұлын ел Президенттігіне Қазақстанның ардагерлер ұйымы ұсынды. Бұл біз үшін зор мәртебе еді. Сол тұста халқымыздың дұрыс тарихи таңдау жасай біліп, ел тізгінін Нұрекеңдей тұлғаға ұстатқанына шексіз қуанамын. Әлбетте, Тұңғыш Пре­зидентіміздің адам, азамат ретіндегі жеке басының тамаша қасиеттері, ал­ғырлығы, қабілет-дарыны, жан дүние­сінің кемел мәдениеті, ұшан-теңіз білім­дарлығы, өмірлік бай тәжірибесі, қандай да болсын тығырық жағдайда жол табатын тапқырлығы, шешімтал­дығы әр кездегі үлкен ұлағатты әңгіменің алтын өзегі болуға лайықты. Бүгінгі биіктен қарар болсақ, Тәуел­сіздікке қол жеткізіп, дербес мемлекет ретінде қаз басып қалыптасудың ең сын­дарлы, ауыр да алмағайып шақта­рын­да соның бүкіл тауқыметін қайыс­пай көтерген, қиындығына төзген, ыстығына күйіп, суығына тоңған, не көрсе де халқымен бірге көріп келе жатқан бірден-бір адам да Нұрсұлтан Әбішұлы деп батыл айта аламын. Тәу­елсіз Қазақ­стан мемлекетінің әлем­дік айдынға шық­қан өркенді жолында, өрнекті оқи­ғаларының барлығында оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айшықты қолтаңбасы, ерен еңбегі жатыр. Салалық құрылым­дары құлаған Одақпен бірге құлдыраған, өзі тауарды мүлде мардымсыз көлемде ғана шыға­ратын егеменді жас мем­ле­кетке оңай бол­ған жоқ. Сол қиындық­тан Елбасы­мыз­дың көрегендігі мен сарабдалдығы алып шықты. Өткен жыл­дарда нарықтық экономиканың негіздері қаланып, тұрақтылыққа қол жетті. Қа­зақстанға миллиардтаған шетел инвес­ти­циялары құйылды, әлемдік жаңа тех­нологиялар тартылды. Нұрсұлтан На­зарбаевтың “Қазақстан-2030” аталатын нысаналы бағдарламасында елдің эко­номикалық және әлеуметтік дамуының темірқазық бағыттары, нақты жолдары айқын белгіленіп берілді. Президенттің шапағатты шабытының Туындай желбіреп, халықты қуанышқа бөлеген, көзінің сүйінішіне айналған жаңа Астана қазіргі дәулетті де сәулетті еліміздің айбынындай мерейімізді тасытуда. Елбасымыздың сарабдал саясаты елдегі азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз еткендігіне, ғала­мат қажыр-қайратының ғажайып же­міс­тері мен өркенді өзгерістеріне бә­ріміз куәміз. Еуропа төрінде тө­бебише билік айтуымыз сол ғажаптың бірі емес пе. Ха­лықаралық абырой-беделіміз асқақ­тап, қазақтың ғасырлар бойғы арма­ны­ның іске асуы тікелей Елбасы есімімен байланысты. Сәулетті Аста­намыз ғана емес, болашағы жарқын, бүгінгі Қазақ­стан ғажайыбы да Нұр­сұлтан Назар­баевтың толағай еңбегінің мәуелі жемісі. Олай болса, Қазақ елінің бағына туған тұлға жасай берсін деп ақсақалдық ақ тілеуімді әманда айта бермекпін. Мақтай САҒДИЕВ.

________________________________________

“Рухы еркін халық қана  ұлы істерді атқара алады” Нұрсұлтан Назарбаев.

РУХТЫ ҮШ ҰҒЫМ

Қазақстан... Елбасы... Астана... Бұл үш ұғымсыз бүкіл елімізді елес­тету мүмкін емес. Ойы жүйрік, зер­десі сарай кім болмасын, осы үш-ақ ұғым­­ға ұлан-байтақ Қазақстан Респуб­ли­касы, оның әлем танып, түркі дүниесі бас иіп, құр­меттеген Елбасымен қатар Отанымыздың жүрегі Ақордалы Астана сыйып тұрғанын бірден түсінері хақ. Осы үш-ақ ауыз сөз бүгіндері бүкіл бір елдің, тұтас бір ұлыстың ру­хы мен зор мақтаныш-беделіне ай­налды. Бұл үш сөз бүкіл қазақ­стандықтармен қатар, мынау жалпақ дүниенің төрт бұрышында жүрген иісі қазақ бала­сының жүректеріне ең қымбат, ең асыл мұраттары боп сіңді. Олай дейтінім, өзіміз түгілі, сонау алыста, алты қырдың астында ұзақ көшіп, шет қонып жүрген бауыр етіміз-қандас­тарымыз да осы үш сөзбен мақтанып, осы үш ұғыммен рухтанып жүреді. Олар да еңселерін тіктеп, қастерлі де әспетті үш сөздің бүгін мәңгілік бақ пен бақыт құсы болып алыстағы Ата­жұртына қонғанына және ұлтына Нұрсұлтандай Ұлы перзентін сый­лаған Жаратқанға рахмет, дейді. ...1991 жылы Қазақстан Тәуелсіз ел екендігін жер-жаһанға жария­лады. Сөйтіп, арада төрт сағат өтпей-ақ, азулы елдердің өзі тәуелсіз­ді­гімізді бірден мойындап жатты. Өз­де­рінің шынайы да ақжолтай құт­тықтау­ла­рында шаңырағы­мыздың биік, тұғырымыздың берік болу­ын тілеген ізгі тілектерін арнады. Бұл мой­ындау олардың ықылым заман­нан бері қазақ ел екенін және жас тәу­елсіз елін ұлтының тумасы Нұр­сұл­тандай ірі де биік тұлғаның нұр­лы жолға бастай­тын­дығына бірден сенген нық сенім­де­рінен туса керек. Елбасымыз Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы Қазақстан халқына Жолдауында: “Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты”, – деп Тәуелсіздік құнын тереңнен толғай келіп, айрық­ша тұжырымдаған-ды. Ежелден бері дүниежүзілік өркениеттің көшінен қалмаған Қазақ елі осынау ғасырлар тоғысында өңірі гүлді, заңғар Алатау­дың баурайындағы әсем Алматыда Тәуел­сіздіктің көк Туын осылайша мәңгіге желбіреткен еді. Әлем картасында “Қазақстан” деген ірі сөз жазылып, айбарлы Аме­риканың, маңғаз Нью-Йорктің Ұлт­тар Ұйы­мының зеңгір көгінде ілкіден бергі аңсар арма­нымыздай қасиетті көк Туымыз әлем елдерінің тула­рымен қатар асқақтай желбіреді! Мінеки, бүгін ХХІ ғасырдағы әлем бедеріндегі су жаңа қала – Отан жүрегі – елордамыз Астана атты алып шаһар шаңырақ көтеріп, сағат сайын құлпыруда. Ел рухын оятып, Орталық Азиядан айна­ласына нұрын шашқан Астанамыз Елба­сы­мыздың батыл да бекем, көреген де терең идеясынан туған туынды-тын. Оны жалпақ жаһан біледі. Біліп қана қоймай, аса бір ыждаһат­ты­лық­тарын танытады. Ризашы­лық­тарын білдіреді. Иә, Астана – аңыз қала! Құба жо­нында киік жортып, ақселеуі алып мұхит­тай толқыған аңыз да абыз дала – Сары­арқаның апайтөс кеудесінде небәрі онбес-ақ жылда сән түзеп, бүгінде көрген жан­ның көз жауын алар жауһарына ай­нал­­ды. Әркім-ақ қиялына қанат байлап, осы­нау аңыз қалаға келуді, көруді арман­дай­ды. Көріп қайтқаны көр­мегеніне аңыз етіп айтып, тамсандырады. Астана – сәулетті қала! Осынау таңдай қақтырған таңғажайып, тең­дессіз ірі сәулеттер тоғысы елорданы баршаға етене ете түседі. Уақыт өткен сайын күмбездері көк тіреген тәкап­пар да маңғаз, алып та айбын­ды, төбе­лері көкке таласқан әсем ғимараттар қаланың ажарына айшығын қосып, хас сұлудың келбетін елестетеді. Астананы салу үшін әлемге әй­гілі сәулетшілер адам нанғысыз небір ғажайып жобаларын жасады. Деген­мен, бәрі де Елбасының ті­келей өз жетегінде, өз қадағалауын­да екеніне, сондай-ақ бас сәулет­шісі, әрине, Елбасының өзі екеніне ешкім еш уәж айта алмайды. Бұл әлем өрке­ниеті тарихына Қазақ елі­нің және оның Елбасының қосқан қайта­ланбас алтын парақтарының бірі. Бір ғана мысал, атақты сәулетші Норман Фостердің ірі жобаларының бірі – “Хан Шатыр” мәдени ойын-сау­ық орталығы. Ол жұмыр жер бе­тін­де тек Астанаға ғана тән. Биіктігі 150 метр. ... Ақорда, Бәйтерек, Тәуелсіздік сарайы, “Нұр-Астана” мешіті, 30 мың адам­дық жабық стадион, “Ду­ман” океа­на­риумы, Пирамида, Хан Шатыр, Астана-Тауэр... Министр­лік­тер мен әкімшілік ны­сандары. Күмбездері “аспан шаңыра­ғы­на” шан­шылған басқа да небір әлеу­мет­тік және сон­дай-ақ тұрғын үй ке­шен­дері, әлем­дік білім стан­дарт­тарына сай білім ордалары... Астана – ару, арман қала! Қа­зақ­стан­ның кіндігі – Ұлы даланың жон арқа­сынан “күндіз күміс, түнде алтын” болып ағатын, шәрбат Есіл­дің жаға­сында лағыл-інжудей түр­леніп, “өзіне өлердей ғашық етер, тал бой­ында бір міні жоқ сылаң­да­ған сұлу­дай” бой түзеген шаһарға келу мен қызықтауды кім арман­да­майды дей­сіз?! “Астанаға бардым!”, “Астанадан келдім!” деп, барғаны­мыз­да, келгені­міз­д­е сондай бір айрықша қуаныш сезіммен айтсақ, астаналықтар: “Мен – астана­лық­пын!” деп, мақтанышпен айтады. Уа­қытпен қатар ажарланып, айшы­ғы­на өрнегі жарасқан әсем де жас қа­ланы аралап, Бәйтерекке бір кө­теріліп қайтуға еліміздің түкпір-түкпі­рінен еңкейген кәріден еңбек­теген жасқа дейін толассыз ағылып, келіп жатады. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келіп-кетіп жата­тын шет­елдік саяхат­шы­лардың өзі қаншама! Иә, гүлдене бер, Астана! Астана – елордамыз! Дүние-ға­ламға танылды. Бүгінде ресми Ас­та­нада әлемнің талай мемлекет­те­рінің көш­басшылары мен бетке ұстар сер­келері бас қосып, пікір ал­мас­тырып, жа­һандық деңгейдегі ма­ңызды-ма­ңызды шешімдер қабыл­дай­ды. Жұмыр жердің ірі-ірі дін­басылары дөңгелене отырып, ашық үн қатысып, дидар­ла­судың нәти­же­сінде халық­ара­лық бей­бітшілікке қол жеткізетін құт­ты орны мен қасиетті төріне айналды. Ресми Ас­тана, міне, Еуропадағы қау­іп­сіздік және ынтымақтастық Ұйы­мы­на төра­ғалық етіп отыр. Келер жылы Ислам Конферен­ция­сы Ұйымына төрағалық етпек. Шанхай ынтымақ­тастық ұйы­мының 10 жылдық мерей­тойы да осында өтпек. Мұның бәрі де уақыт тізбесіне алтын әріп­термен жазылып жатыр. Иә, бастай бер, Астана! Қазақстан, Елбасы, Астана – әс­пе­тіміз! Қазір жұмыр жердің қай бұ­рышына барып, кездескен ада­мыңа “Мен қа­зақ­стан­дық­пын” де­сең, ол: “Назарбаев!.. Астана!..” деп бармағын шошайта тұрып, жоғары ілтипат көр­сете аса бір риза­шы­лық сезіммен қа­рай­ды. Осындай сәтте ме­рейіміз үстем болып, мәртебеміз асқақ­тап кете бара­ды. Әлбетте, рухты үш сөздің даңқы төрткүл дүниеге жайылып кеткеніне іштей шаттана тұрып, бойыңды асқақ  бір сезім билейді. Сөйтіп тұ­рып, өзді-өзіңнен “Елімді, жерімді бұ­дан да әрі гүлдендіріп, 2030 жыл де­ген­де дамыған 50 елдің қатарынан ойып орнымызды аламыз” деген се­нім-аңсарың­мен жігерлене шабыт­та­нып, осы ұлы мақсатқа мысқалдай болса да өз үлесіңді қосуға тырыса­сың, талпынасың! Бердіхан ЖӘҢІШҰЛЫ, Моңғолия Журналистер одағының мүшесі. Алматы облысы, Көксу ауданы, Балпық би кенті. ________________________________________

ҰЛЫ ЖОЛДЫҢ БАСТАУЫ

Бәріміз де – тарихтың субъектісіміз, Қазақстанның жаңа тарихында барша қа­­зақстандықтардың үлесі бар. Алайда, олардың арасында осы тарихты жасап келе жатқан, оған ақыл-ойы мен ерік-жігерінің және қам-қарекетінің айшықты таңбасын салған тұлға бар. Ол – Елба­сымыз Нұ­р­сұл­тан Назарбаев. Нұрсұлтан Әбішұлы ау­малы-төкпелі өтпелі кезеңнен Қазақстанды сүріндірмей алып шығып, өркениетті даму жолына бағыттай білді. Егемендіктің елең-алаң кезеңінде өз ерекшелігі бар, бүгінде бүкіл әлемге мәлім қазақстандық жолды таңдап, оны ойдағыдай іске асырып келеді. Қытайлықтар айтады екен: аумалы-төкпелі заманда өмір сүруді Құдай басқа бермесін деп. Өмір сүру өз алдына, мұндай заманда ең қиыны ел басқару, оны өрке­ниетті елдердің қатарына қосу, атын әлемге жаю емес пе?  Осындай тарихи міндеттерді ойдағыдай іске асыру – Нұрсұлтан Назар­баевтың басына түскен бақыт, абырой. “Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын, – деп ағынан жарылады Елбасы. – Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халық­қа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ ба­ла­сының бірде-бірінің пешенесіне бұй­ырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қа­бі­летімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын”. Тәуелсіздік аларда Қазақстан, сөз жоқ, артта қалған, экономикалық тұрғыдан ал­ған­да бірыңғай шикізат өндіру сатысын­дағы елдер қатарында болатын. Осындай шақта З.Бжезинский, В.Жириновский се­кілді саясаткерлер  Қазақстанның өз ал­дына дербес ел болып дами алатынына кү­мән келтірді. Көп уақыт өткен жоқ – Қа­зақстан тез арада дамушы елдер қатарына қо­сылды. Мұнымен де тынбай, қазір бәсекелестікке қабілетті, озық елдердің қатарына кіруге қадам жасауда. Қазір қай-қайсымыздың да алға қойған мақсаттарға жететінімізге шүбәміз жоқ. Біз тіпті елімізде, өз өмірімізде болып жатқан оңды өзгерістерді үйрен­шікті нәрседей қабылдауға да дағдыланып кеттік. Солай болатыны белгілі сияқты. Елдегі эконо­ми­калық, әлеуметтік, саяси жағдайдың өріс­теуі өздігінен, оп-оңай болып жатқандай көрінеді. Әсте де олай емес. Ешнәрсе тегіннен тегін келмейді. Тәуелсіздіктің де, нарықтың да, демокра­тияның да біз үшін қалыптасқан сара жолы болған жоқ. Бәрін де жаңадан бас­тауға тура келді. Оның ар­тында халқымыз бен барша қазақ­стан­дық­тардың қажырлы еңбегі, бірлігі, татулығы мен төзімділігі тұр. Бәрінің артында Ел­басының сарабдал саясаты, көрегендігі, ерік-жігері мен табандылығы, салқынқан­дылығы бар. Еліміз жүріп келе жатқан, Елбасы бел­гілеп берген қазақстандық жолдың айтар­­лықтай ерекшелігі – экономикалық, әлеу­меттік, саяси және индустриялық-инно­вациялық реформалардың кезең-кезеңімен, рет-ретімен іске асырылуында. Бәрін бір­ден бастау, бәрін қатар алып жүру мүмкін болмады. Экономиканы жолға қойып ал­май, халыққа әлеуметтік жеңілдіктер жасау, зейнетақы мен жалақыны өсіру мүмкін емес еді. Сол сияқты экономика жанда­нып, өндіріс іске қосылмаса, индустрия­лық-инновациялық реформалар да жүзеге аспайды. Саясат деген, демократия деген, маркс­­­тік тілмен айтсақ, қондырма. Қондырма ойдағыдай жұмыс істеуі үшін ең алдымен оның экономикалық, әлеуметтік іргетасы, базисі қалануы керек. Елбасының әріден әрі терең ойлайтынына оның дамуға қажетті реформаларды алға шығара біліп, оларды тиянақты және дәйекті түрде іске асыруы дәлел бола алады. Кейбіреулер елімізде саяси реформа, атап айтқанда, демократияландыру ке­ше­уіл­деп қалды деп билік басына кінә артпақ болады. Дұрыс емес. Қай нәрсенің де кезегі болады. Демократия деген тарихи әрі нақ­ты құбылыс. Әр жерде ол елдің ерек­ше­лігіне, халықтың діліне қарай әртүрлі күйде орнығады. Егер демократия бетімен кетсе, онда көр­шілес Қырғызстандағыдай бейбастақ­тыққа, анархияға ұласуы мүмкін. Осы ма бізге керегі? Біз, қазақстандықтар, еліміз­дегі ынтымақ, татулық, тұрақтылық үшін, балаларымыз тыныштық жағдайында аман-есен білім алып, еңбек етіп, бақытты өмір сүріп жатқаны үшін ең  алдымен Елбасына қарыздар екенімізді естен шығармауымыз керек. Еліміздің тәуелсіздік тұсындағы же­тістіктерін біз орынды түрде Елбасының еңбегімен байланысты қарастырамыз. Қай жерде де – іште де, сыртта да – Қаза­қ­стан туралы әңгіме бола қалса, алдымен еске түсетін есім – Нұрсұлтан Назарбаев. Еліне еңбегі сіңген ерді бағалау – ата салтымызға тән қасиет. “Жақсының жақ­сылығын айт, нұры тасысын” дейді халқымыз. Соңғы қабылданған конституциялық заңға жасалған өзгерістер мен толық­ты­руларға сәйкес Н.Ә.Назарбаевқа Ұлт Көш­басшысы деген мәртебе берілді. Сөйтіп, Президент Ұлт Көшбасшысы деп танылды. Мұнда әңгіме жеке тұлға туралы ғана емес,  сонымен бірге ұлт, ел туралы да болып отыр­ғанын түсіну керек. Нұр­сұлтан Назар­баев өзін ғана емес, ұлтын, халқын, Қа­зақстанды бүкіл әлемге таныт­ты. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етуі – осының айқын көрінісі. Ұлт Көшбасшысы туралы мәселеде сондай ұлды, көшбасшыны баптап өсірген халықтың, қазақстандықтардың абыройы туралы да сөз болып отыр. “Ұлым дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін ұл қайдан шығады” дейді Ахмет Байтұрсынов. Біз бүгін ұлым дейтін жұртымыз бар, жұртым дейтін ұлымыз бар деп ауыз толтырып айта аламыз. Кейбір басылымдар мен адамдар арасындағы ауызекі әңгімелерде Елбасы да сынға ілініп жатады. Бұл да түсінікті. Жұрттың бәріне жағу қиын. Осыған орай, Конфуцийдің бір әңгімесін келтірейін. Бірде Конфуцийден шәкірттері сұрайды: – Әміршіні жұрттың бәрі жақсы көрсе не болады? – деп. – Жақсы болмайды, – деп жауап береді қытай ғұламасы. – Әміршіні жұрттың бәрі жек көрсе ше? – Әрине, жақсы емес. Сосын Конфуцийдің өзі: – Әміршіні жақсы адамдар жақсы көріп, жаман адамдар жек көрсе дұрыс болады, – дейді. Ел билеген адамдардың абыройы ту­ралы сөз болғанда Ыбырай Алтынса­риннің мына шумағы еске түседі: Жақсыны көзден салмаңыздар. Жақсыдан қапыл қалмаңыздар. Өзі болған ерлердің Аяғынан алмаңыздар. “Өзі болған ерлердің” қателіктері де өз­деріндей ірі болып, көзге бірден шалынуы мүмкін. Сонымен бірге олардың қателіктері де басқаларға сабақ болады. Тұлғаның тарихтағы рөлін түсіну үшін әркім өзінің субъективтік көзқарасымен шектеліп қалмай, тұлғаға тарихи тұрғы­дан, сол тұстағы кезең тұрғысынан қарауы ке­рек. Сонда ол сыңаржақтылыққа ұрын­бай­ды. Тарихқа да, тарихи  тұлғаларға да ұқыпты көзқарас керек. Ошақ басындағы түсінікпен біз тарихи тұлғаларға дұрыс баға бере алмаймыз. Мен жұмыс істейтін Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Жәңгір ханның есімімен аталады. Жәңгір хан туралы кеңес дәуіріндегі көзқарас бел­гілі: халқын қанап, наразылық білдіргені үшін әскер шығарып қырып салған жыртқыш, қатыгез, “қасқыр”. Қазір біздің Жәңгір хан туралы пікіріміз мүлдем өзгерді. Біз енді оның ел басқарудағы жаңашылдығына, реформаторлығына, ағартушылығына, елін, халқын бейбіт, берекелі тұрмысқа жеткізбек болған әрекетіне басымдық беріп отырмыз. Әрі мұны өте орынды деп санаймыз. Уақыт өзгерді. Жәңгір хан туралы біздің пікіріміз де өзгерді. Бұдан Жәңгір ханды сынаған, оған қарсы тұрған  ақиық ақын Махамбеттің  беделі кеміп қалған жоқ. Ма­хам­бет – тұлға. Сол сияқты Жәңгір хан да – қайталанбас тұлға. Бұлардай ке­сек, дара тұлғалардың мүдделері, ойлары сәйкес келе бермейді. Қазақтың даналық сөзі бар: “Екі қошқардың басы бір қа­занға сыймайды” – деген. Махамбет пен Жәңгір ханға заман да, олар өмір сүрген қоғам да тарлық етті. Сөйтіп, тағдыр екеуін бір-біріне қарсы қойды. Қазіргі нарықтық, ашықтық, демо­кра­тия­лық қоғамда “культ” дегеннен қорқу­дың қажеті жоқ. Біз ол кезеңнен өтіп кет­кенбіз. Жақсыны – жақсы, жаманды – жа­ман деп айта алатын жағдайға жеттік. Абай айтады: “Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүй­інерге жарар ол” деп. Бүгінде Елба­сымызды шетелдіктер мен барша әлем жұртшылығы мойындап, оны феномен деп тануда. Міне мұндай Елбасымен, мұндай көшбасшымен қалай мақтансақ та артық­тық етпейді деп ойлаймын. Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы. ОРАЛ.